Сыбайлас жемқорлық мәселесі - тек біздің елдің емес, басқа де елдер үшін өзекті тақырып. Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасының мәліметінше, әлем бойынша бір жылдағы сыбайлас жемқорлықтың көлемі 1 трлн АҚШ долларын құрайды деп есептелген. Оған қоса, жемқорлық мәселесі әлемдік экономикаға 2,6 трлн АҚШ доллары көлеміндегі шығын келтіреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Руханият пен адамгершілік сыбайлас жемқорлыққа жаппай төзбеушілікті қалыптастыруда» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Әлем экономикасы коррупциядан жылына қанша шығынға батады
|
Жиынды ҚР Мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Дін істері және азаматық қоғам министрлігі, сонымен қатар, Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы ұйымдастырды. Шараға діни конфессия басшылары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұйым басышылары қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты - руханият пен адамгершілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда зор әлеуетке ие екенін негізге ала отырып, қоғамды моральдық құндылықтарға шақыру.
«Біздің еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері Елбасының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын, әлемдік стандарттар мен механизмдерге сәйкес келетін тиімді институттарды құру арқылы мақсатты түрде жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесі қоғамда бірінші орынға шығады. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттың дамуына кедергі келтіретін, кертартпа тұстардан бас тарту керек деп атап өткен болатын. Сыбайлас жемқорлық – адамның бәсекеге қабілетті болуына жол бермейді. Сонымен қатар, сана ашықтығы мен прогматизмнің дамуына кедергі келтіретін қоғамдық және әлеуметтік проблема», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман.
Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру саласында қабылданып отырған істерді атап өтті. Ал, діни бірлестіктердің өкілдері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта 300-ден астам семинардың ұйымдастырылғанын, осылайша еліміздің барлық аймағында дінбасылардың 1500-ден астам мүшесі қамтылғаны айтылды.