Африканың тағы бір елі аштықтан аман қалу үшін екі жүз пілді сойып етін азық етпек
|
Африка құрлығының оңтүстік бқлігінде орын тепкен Зимбабве билігі ұзаққа созылған құрғақшылықтан пайда болған азық-түлік тапшылығына және елде ашаршылық қатеріне байланысты екі жүз пілді сойып, етін азық етуге шешім қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы британиялық The Guardian мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Тағы бір Африка елі дейтініміз, таяуда Намибияда да осыған ұқсас жағдай орын алғанын айта кетпекпіз (қараңыз: https://islam.kz/kk/news/alem/namibiyada-qurgaqshylyq-pen-asharshylyq-saldarynan-et-ushin-700-den-astam-jabaiy-januar-qurban-bolmaq-20691/#gsc.tab=0): «Намибия 700-ден астам жабайы жануарды сойып, етін азық-түлік тапшылығынан зардап шеккен адамдарға таратуды жоспарлап отыр, өйткені, Африка құрлығының оңтүстік-батысында орын тепкен ел 100 жылдағы ең қатты құрғақшылықпен бетпе-бет келіп отыр. Дәлірегі, 83 піл, 30 сусиыр, 60 енеке, 50 қарақұйрық, 100 көгілдір гну елігі және 300 зебра сойылатын болды. Намибия мамыр айында құрғақшылықтың ауыр салдарына байланысты төтенше жағдай жариялаған. Шамамен 1,4 миллион адам - ел халқының жартысына жуығы - азық-түлікпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген». «Біз ZimParks және кейбір қауымдастықтармен пілдерді сойып, әйелдерді етті кептіруге, оны орап, ақуызға мұқтаж жандарға жеткізуге жұмылдыратын жолдарды қарастырып, Намибия барған қадамды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылап жатырмыз». , - деп мәлімдеді Зимбабвенің қоршаған ортаны қорғау министрі Ситембисо Ниони. Зимбабведе мұндай шара соңғы рет 1988 жылы қолданылғанын да атап өткен жөн. Соңғы жылдары піл популяциясын жойылудан құтқару саясатының нәтижесінде Хуанге қорығында алып жануарлар саны қорықтың әлеуетіне шаққанда төрт есеге артқан.