Төле бидің афоризмдері
Төле бидің афоризмдері
4 жыл бұрын 10130 oilar.kz/; bilim-all.kz/

Шешендіктен не пайда,
Артында сөзі қалмаса?
Батырлықтан не пайда,
Халқына қайран қылмаса?
Хандықтан не пайда,
Қарашасын жалмаса?
Молдалықтан не пайда,
Шариғатты өзгертіп,
Нашарларды алдаса?

***

Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Өзіне келер ұятын,
Өзі біліп тұрса игі.
Жаудан бұққан немені,
Ортасына қуса игі!

*** 

Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы,
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қызың жақсы болса,
Жайқалып өскен құрағы.
Әйелің жақсы болса,
Бірінші - иманың,
Екінші - жиғаның,
Үшінші - ырысыңның тұрағы.

***

Тұзаққа түскен бұлбұлдан еркін жүрген торғай артық.

***

Қарап отырма, бiр нәрсеге жарап отыр; кәсiп болмай, нәсiп болмас.

***

Өгiздi өрге салма — қанатың талар,
Наданға көзiңдi салма — сағың сынар.
Досыңа өтiрiк айтпа — сенiмiң кетер.
Дұшпанға сырыңды айтпа — түбiңе жетер.

***

Арғымақ баптап не керек – жабы қуып жеткен соң,
Ағайын-туған не керек – аңдысып күні өткен соң,
Бес күн дәурен өтеді – ажал қуып жеткен соң.

***

Адамның басшысы - ақыл, шолушысы - ой, жетекшісі - талап, қорғаушысы - сабыр, сынаушысы - халық, таусылмайтыны - арман, ең қымбаттысы - ар сақтау, бәрінен ардақтысы - өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі - сыйластық.

***

Жас адамға басты кесір– еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір –тілазарлық, кежірлік.

***

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді.

***

Жаңа жайлауға қоныстанған бір бай екі кедей жігітке құдық қаздырады. Құдық қазылып біткен соң жігіттер байдан ақысын сұрайды. Бай олардың біреуіне - саулық, екіншісіне қозы береді. Екінші жігіт оған наразы болады. Төлеге келіп шағым айтады. Төле байға құдық қазған екі адамның еңбегі бірдей екенін айтады. Бірақ құдық иесі өз дегенінен қайтпайды.

- Адамның екі көзінің, екі қолының қайсысы кем? - дейді байға.

- Ешқайсысының кемдігі жоқ. Екеуі де бірдей. Сөзіңізге жығылдым, биеке! Өкпелі жігітке қой берейін, - депті амалы құрыған бай.

0 пікір