Шейх Мұхаммед әл-Ғазали жайында қысқаша
Шейх Мұхаммед әл-Ғазали - Мысырлық Ислам ғалымы, ойшыл, уағызшы. 1917-1996 жылдары арасында өмір сүрген діни қайраткер. Ислам дүниетанымын бүгінгі тілмен түсіндіруге тырысқан және "Ислам пікір әлеміне" жаңа серпін берген дін ғұламаларының бірі. Жүзге тарта еңбек жазған ғалым.
Шейх Мұхаммед әл-Ғазали өзінің діндарлығымен, ілімімен және ой-пікірлерімен көптеген мұсылман жастарына өнеге болған кісі. Көптеген жастардың мұсылманшылығын сақтап қалуына септігін тигізді. Әсіресе, шейх Мұхаммед әл-Ғазали «әсіре діншілдікке» және «діни эсктремистік» көз-қарастарға қарсы болуымен белгілі.
Бұнымен қатар, арабша тіл байлығымен әрі әдеби сөйлеуімен ерекшеленді. Тіпті оны замандастары «дағуаттың ділмәры» деген мағынада - «Әдиибу әд-Дәъуә» (أديب الدعوة) деп атайтын.
Шейх Мұхаммед әл-Ғазали 1996 жылы наурыздың 9-ші жұлдызында Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өткен «Ислам және уақыт сыны» атты конференцияда қайтыс болады. Денесі Мәдина қаласындағы «әл-Бәқиъ» мазаратына қойылады. Алла рахымына бөлесін! (Шейх Мұхаммед әл-Ғазали, Имам Әбу Хамид әл-Ғазалимен аттас, бірақ ол емес. Екеуі екі бөлек адам).
Төменде өмірін Исламның құндылықтарын насихаттауға жұмсаған ғалымның еңбектерінен, уағыздарынан алынған бірнеше өнегелі өсиет сөздері берілді.
Шейх Мұхаммед әл-Ғазалидің өнегелі сөздері
«Сырқаттың өзін жоюға мән бергін, сырқат адамды емес».
***
«Мен өмірімде шарап ішетін, намаз оқымайтын және т.б. күнәларды істеп жүрген Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) үмбетінің көптеген ұлдарын көрдім. Бірақ қашан оларға Алланы айтсаңыз, Құдайға деген қорқыныштан көңілдері қасіретке толып, істеп жүрген істеріне өкініп, көздеріне жас үйіріледі. Олардың көпшілігінің жүректерінің кең екенін және жүректері ізгілік дәнін егуге құнарлы екенін көрдім, бірақ өкінішке орай, сол дәнді жүректеріне себетін жақсы егінші табылмаған. Олардың ондай жолға түсулерінің бірден-бір себебі – насихат айтар, мейірбандық танытып, оларды қор көрмейтін әлдебіреудің болмауы. Ендеше оларды емес, олардың істеген күнәларын жеккөріңдер. Егер оларды қолдарынан ұстап Аллаға қарай жетектеп апара алатындықтарыңа сенімді болсаңдар, оларды жалғыз қалдырмаңдар!...»
***
«Менен бір жас жігіт:
- Тақсыр! Намазды тастап кеткеннің үкімі қандай? – деп сұрады.
Мен:
- Оның үкімі – қолынан ұстап, мешітке апаруың! – деп жауап бердім. Соттаушы болудан бұрын, (туралыққа) шақырушы бол!"
***
«Тек діндар, тақуаларға ғана отырып насихат айтатын кісінің мысалы – қарны тоқ адамға ғана ас беретін адамға ұқсайды немесе ол - денсаулығы жақсы, есен-сау адамды ғана қарайтын дәрігер іспетті».
***
«Бір күні арақкеш бір адамға:
- Аллаға тәубе етпейсің бе? – дедім. Ол қажыған күймен маған қарады да, көзіне жас алып:
- Мен үшін Аллаға дұға етіңізші! – деді.
Оның сол кездегі халін ойласам, жүрегім елжірейді, аяп кетемін. Оның көзіне жас алуы, шын мәнісінде – Алладан қаншалықты алыстап кеткендігін сезетіндігінің, Оған қарсы келіп жүргеніне қайғыратынын және Алламен қарым-қатынасын дұрыстағысы келетіндігінің белгісі. Ол, негізінде – шынайы мүмін, бірақ зақымдалған адам (немесе сынаққа мойыған адам).
Оған қарап өз-өзіме: «Сенің де жағдайың осы кісі сияқты немесе одан да жаман болуы мүмкін еді ғой» - дедім. Рас, мен шарапты аузыма татып алған емеспін. Және де шарап не екенін білмейтін бір жанұяда өсіп, жетілдім. Дейтұрғанмен, мен де осы кісі сияқты ішімдікке салынып, ғапылдықтан Құдайымды ұмытып, оның ақысын орындамай кетуім мүмкін еді ғой... Ол тым болмағанда, өзінің кемшілігі үшін жылайды. Біз ше? Мен және мен сияқтылар өз кемшіліктерімізге жыламаймыз ғой...
Әлгі менен дұға сұраған арақкеш кісіге қарадым да:
- «Кел, Раббымызға бірге жалбарынайық!» - дедім (де, қолымды жайып, мына кешірім дұғасын оқыдым): «Уа, Раббымыз Алла! Сөзсіз біз, өз-өзімізге зұлымдық жасадық. Егер сен бізді кешіріп, бізге мейіріміңді төкпесең, күмәнсіз біз қасыретке ұшыраушылардан боламыз!»
***
«Қателесушіні емес, қателікті ұнатпа. Күнәні жек көр, ал күнә істеушіні мүсірке. Сөзді сына, ал айтушыны құрметте!"
***
«Егер үйдің иесі қорқақ, ал ұрлықшы батыл болса, ол кезде сөзсіз үй кетеді».
***
«Жас кезде алған білім – өмір бойына жететін азық іспетті».
***
«Қазіргі мәдениеттің мойны жуан, ал әдебі арық. Оған бой алдырып, оның сойқанынан сақтанбаған адамға нендей өкініш!».
***
«Асқазаны бос адамның жүрегін һидаятқа толтыруың қиын. Және денесі жалаңаш адамға тақуалық киімін кигізуің қиын (яғни, аш адамды һидаятқа саламайсың, жалаңаш адамға тақуалықты үйрете алмайсың)».
***
«Дауыл қанша қатты болғанымен тауды қозғалта алмайды, бірақ құм төбешікті қозғалтады».
***
«Қашан бір істің мұсылман емес адамның қолынан өте жақсы әрі сапалы болып шыққанын, ал мұсылманның қолынан ұсқынсыз әрі сапасыз болып шыққанын көрсем, жүзім қараяды».
***
«Ислам – жеңіс тауып тұрған іс, бірақ адвокаттары нашар».
***
«Адамның ғұмыры қалай ұрланатынын білесің бе? Ол ертеңін күтумен, бүгінгісін ұмытады. Осылай дәм-тұзы таусылғанша жалғасады. Соңында қолы – жақсылықтан нөл бос қалады».
***
«Әлікүнге дейін сенімді түрде айта алатын нәрсем: қиыны, ол – халықты өзгерту, ал өкіметтің өзгеруі – халық өзгеруді қалаған кезде, ол өздігінен жүзеге асады».
***
«Бір күні Иса пайғамбар (ғ.с.) Яһудилердің қасынан өтіп бара жатқанда, олар оған жаман сөз айтады. Бұл болса, оларға жауап ретінде жақсы сөз айтады. Мұны көріп тұрған касындағылардың бірі: «Олар сізге жаман сөз айтса да, оларға жақсы сөз айтасыз ба?» - деп сұрайды. Сонда Иса: «Әркім өзіндегі бар нәрсесін жұмсайды ғой!» деген екен».
***
«Адам – ақиқатқа жетелер, тура жолға салар ұлы пікірлерімен ғана құнды болмайды. Сол ұлы пікірлері оның бойынан табылып, оның ісінде көрініс тапса және оның сыртқы өмірі ғана емес, ішкі өмірі де сол ұлы пікірлермен көмкерілсе, сонда ол адам құнды болады».
***
«Діннің міндеті – сүрінген адамды көрген кезде, оған барып, оны одан бетер жаншу емес, оның қайта тұруына жәрдем ету»[1].
[1] Дәйексөздер араб тілді интернет рессурстарынан аударылды.