Сансыз мадақ Раббыма!!!
Сансыз мадақ Раббыма!!!
10 жыл бұрын 4787
Ерлан Садуақасұлы

Ажалдың сәті бар ма қалатын айқындалмай?

Өлім – хақ, орын алар Құранда айтылғандай.

Бар амал есептеліп, таразда өлшенгенде,

Болмайық, қу ібіліс тозаққа сай қылғандай.

 

Мүмін болсаң, боларсың, Жаратқанды  сүйетін!

Күнәң үшін өкініштен жан жүрегің күйетін.

Құлшылықты танытып, Бір Алланы мадақтап,

Бағытталар туралыққа амалың мен ниетің!

 

Мәңгі емес, бұл өмір өтер-кетер, қас-қағым.

Мінәжатқа негізделген ұқсаң пәни астарын!

Адам мен жын негізі құлшылыққа жаралған,

Сол үшін де бауырларым, ақиқаттан қашпағын!   

  

Қиял менен сағым қуып босқа өтсе заманың,         

Азғындыққа бет алар әрбір басқан қадамың.

Бір күндері кетерсің бұл пәниден әп сәтте-ақ,

Жер жаһанға жайылып, зор болса да атағың!

 

Елу жылда ел жаңарар, заман өтер судайын,

Иман – Ұлы нығымет, болмағаны бұл уайым.

Тәубеге кел, егер де білместікпен сүрінсең,

Кешіреді Мейірімді, Ғафур, Рахман Құдайым!

 

Алла Ұлы Құдіретті, Жалғыз ғана Хакім Ол.

Иманыңмен Раббыңа ғибадат қыл, жақын бол.

Қияметтің азабынан сақтап Аллам біздерді,

Баршамызға Сені ұмытпас иман менен ақыл бер!

 

Өмір деген қиындықсыз, сынақтарсыз өтпейді,

Шыншыл мүмін, тақуа, дүниелік азап шекпейді.

Бұл пәнидің бал татыған бар рақатын қоссаң да,

Таңғы сүннет намазда алған ләззатыма жетпейді.

 

Деп өсиет қалдырған Ұлағатты Әзіз пайғамбар,

Үшеу  болсаң араңнан бірді басшы сайлаңдар.

Мәңгі өлместей әрекетті қамданыңдар жасаңдар,

Бірақ ертең өлетіндей ақыретті ойлаңдар!

 

Шүкіршілік діни басшы арамызда бар бүгін!

Жұртқа үндейді үнемі пәтуасын, жарлығың!

Бірлік туы желбіреп, иман жолы кеңейер,

Құлақ ассаң басшыға бірауыздан барлығың!

 

Ойланайық ақыретке қамданайық.

Азғын, арсыз сайтанға алданбайық.

Мына алдамшы пәниде кері кетпей,

Шын бақытқа апарар жол таңдайық.

 

Парызын өтеген құл  оразаның,

Қабірінде тартпас дейді көр азабын.

Біз үшін бәрі де кеш болады екен,

Намазы оқылғанда жаназаның.       

2 пікір
  • Ассалямуалейкум Ереке. АЛЛАh тағала сіздің мына жазған жыр дастаныңыздан разы болсын, аз болсада асыл Дініміз Исламға деген жәрдеміңіз хасыл болсын, жастарымызға тура жол көрсетеріңіз мол болсын! Амин.
    10 жыл бұрын
  • Уа алейкум уссалам Сакен бауырым. Алла разы болсын. Мусылманнын негизги максаты Алланын ризалыгын алу оны алмак ушин ниеттенип арекет ету керек. Осы жырларымнын окырманга аз да болса ой салары болса мен ушин Алла ризалыгына жетудин бир болшеги деп санаймын. Алла Улык дуга тилектер мен иги ниеттер орындала берсин.
    10 жыл бұрын