“Махаббат, қызық мол жылдар” романы ізімен (кешесі мен бүгіні. Фоторепортаж)
“Махаббат, қызық мол жылдар” романы ізімен (кешесі мен бүгіні. Фоторепортаж)
4 жыл бұрын 5185
Таңшолпан Бегалықызы

1970-жылдары жазылып, соғыстан кейінгі студенттер өмірін баян ететін "Махаббат, қызық мол жылдар" кітабы әлі күнге дейін жата-жастана оқылады. Жазушы Әзілхан Нұршайықов кітапта жолдастарының басынан өткен оқиғасын біріктірген. Романда Алматыдағы ғимараттар, көшелер  және басты кейіпкер Ерболдың ауылы, ол жұмыс істеген облыс аталады. Baribar.kz журналистері Алматыны романда баяндалған орындар бойынша аралап шықты.

“Махаббат, қызық мол жылдарды” біріміз мектепте, екіншіміз студент күнімізде оқығанбыз. Фоторепортаж түсіру алдында кітапты қайта бір шолып шығайық деп ойладық. Алайда бұл идеямыз жайына қалды, ә деп ашқаннан бас ала алмадық. Сөйтіп 2 күнде романды тағы бір рет оқып шықтық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Мен оларды жақсы көрдім. Бірақ олар маған қарамады, – деп бастады Ербол әңгімесін. – Жалғыз қыз ғана жанымды ұқты, тек соны айтайын мен сізге. Сонымен, мен 1945 жылдың он төртінші ноябрі күні осы әсем астана Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым”.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Автор сол кездегі Қазақ университеті деп қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін айтып отыр. Бірақ романда сол кездегі Совет көшесіндегі (қазіргі Қазыбек би) корпус сөз болады. Ал біздің суретте әл-Фараби даңғылы мен Тимирязев көшелерінің арасында жатқан ҚазҰУ қалашығы мен бас корпусы.

КазгуФото: Бақдәулет Әбдуалы

“Енді міне, декан екінші курсқа қабылдандың дегенде өзім екі аяғыммен нық басып тұрған деканаттың едені жылжып, қозғала жөнелген сияқтанды. Мен деканат бөлмесінде емес, Алатаудың шың-құздарының үстінде, дүниенің төбесінде қалықтап ұшып бара жатқандай күй кештім”.

Ербол соғыстан аман-есен қайтқанына әрі сол кездегі астананың филология факультетіне оқуға түскеніне жүрегі алып-ұшып тұр. Соғыс аяқталғаннан кейін жолдастарының өз ұясына асыққанын тағы бір еске алады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Көгеннен ағытылған қозыдай жамырап, батыс пен шығыстан елдің түкпіріне қарай тірі қалған солдаттар ағылды. Жолда кездескен жыпырлаған село, көп қаланың біріне тоқтамастан әркім өз ауылына, өз үйіне жетуге ынтықты, өз ұясын көруге асықты. “Менің ұям сенсің – университет, сенсің – отыз үшінші аудитория! Сенен басқа менің ешкімім жоқ!” деп іштей тебірене есіктін тұтқасына қол создым мен”.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұл – университеттің бұрынғы Виноградов көшесі – қазіргі Қарасай батыр көшесіндегі корпусы. Романның басты кейіпкері Меңтай осы корпус артындағы жатақханада тұрған. 1946 жыл жаңа жылды қарсы алар уақта Ерболдың группаластары түгел дерлік ауылына қайтпақшы болады. Ербол мен Меңтай ғана қалада қалуды жөн көреді.

“Егер ешқайда бармасаңыз, – деді қыз маған қайта бұрылып, – ертең біздің бөлмеге келуіңізді сұраймын, ағай. Қасымдағы қыздардың бәрі кетіп қалды. Күні бойы елегізіп бір бөлмеде бір кісінің отыруы қиын сияқты. – Жарайды, – дедім мен әлденеге жүрегім дір ете қалып. – Бірақ мен сіздердің мекендеріңізді білмеймін ғой. – Ә, солай ма еді? Сіз жатақханаға әлі бір рет барып көрген жоқсыз ба? – Жоқ. – Ендеше сізге қалай түсіндірсем екен? – Меңтай ернін тістеп, сәл ойланып алды. Университеттің екі жатақханасы бар: бірі Калинин көшесінде, бірі Виноградов көшесінде. Бірақ екеуі бір жерде, қатар. Виноградов, 62 – біздің жатақхана. Соның 62-бөлмесі. Ұқтыңыз ба? Алпыс екі, алпыс екі, – деді қыз мен ұғып алсын дегендей әр сөзін соза айтып. Екі рет алпыс екі“.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Өзіңіз қайда тұрасыз, ағай? – деп сұрады Меңтай әдіріс жазған қағазды бүктеп, менің қолыма ұстатып жатып. – Дзержинский көшесінде, бір жолдасымның әкесінің үйінде пәтердемін”.

Ербол сол кезде соғыста бірге болған майдандасының туысының үйінде тұрып жатты. “Дзержинский” деп отырғаны – қазіргі Наурызбай батыр көшесі. Меңтайдың жатақханасы орналасқан Виноградов көшесінен алыс емес. Жаяулатып-ақ баруға болады. Ерболдың қайда тұратынын білген соң Меңтай оған жатақханаға қалай жетуге болатынын картада белгілегендей етіп айтып береді:

“Тұрған үйіңіз Виноградов көшесінен төмен бе, жоғары ма? – Төмен. – Онда біздің жатақхананы былай табасыз. Үйден шыққан бетіңізде Дзержинский көшесімен өрлеп, жоғары, Виноградовқа дейін көтерілесіз. Он жақ бұрышта драма театрының үйі тұр, оны білетін шығарсыз. Театрдан оңға қарай бұрылсаңыз, бір он минуттан кейін Никольский базарына жетесіз. Сол жағыңыздан бір үлкен шіркеудің діңкиіп тұрған, – Меңтай “діңкиіп” деген сөзді балаша созып айтты, – сары ала күмбезін көрсеңіз – сол Никольский базары. Базардың қарсысындағы екі этажды жалпақтау сары үй – сіз іздеген жатақхана болады да шығады. Енді табасыз ғой. – Табамын. – Келесіз ғой? – Келемін”.

Ербол Меңтайдың жатақханасын былай іздеп барған:

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дзержинский көшесімен өрлеп, Виноградов көшесіне дейін көтерілгенде оң жақ бұрышта тұратын театр – осы. Бұл – қазіргі Ұйғыр музыкалық комедия театры. Біз барғанда ішіне реконструкция жасалып жатты. Театр қызметкерлері ғимаратты фотоға түсірудегі мақсатымызды білген соң кіруге рұқсат етті. Ол жайлы төменірек әңгімелейміз.

Айтпақшы, кейінірек Меңтайға “ағаңды өз қолыммен жерледім, сені маған аманаттады” дейтін Тұмажан Меңтайды осы театрдан тауып, алып кетеді. Онда да Ербол тауып береді.

Никольск базары. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әріптесім екеуміз Меңтайдың айтуы бойынша келе жатырмыз. Ербол қалай жүрсе, сонда барамыз, қайда бұрылса, біз де сол жаққа бет аламыз. Көшенің сол жақ бетінен Никольск базары шықты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сол кездегі жатақхана студенттері осы базардан азық-түлік тасыған болар. Қазір базардың осы бір ғана беті сақталған. Қалғаны сүріліп тасталған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Базардың сүрілген бетіне қарай аяңдадық. Күзетші оның жекеменшік жер екенін, түсіруге болмайтынын айтты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Күзетшінің айтуынша, базар екі қабатты болып салынып, қайта ашылады екен.

№14 студенттер үйі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қой, Ерболдан қалып қоймайық. “Базардың қарсысындағы екі қабатты жалпақтау сары үй – сіз іздеген жатақхана” деген еді Меңтай. Бұл жерде қазір жалғыз-ақ жатақхана бар, ол – №14 сутденттер үйі.

№14 студенттер үйі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мұнысы екі емес, бес қабатты. Айтпақшы, кейін Ербол да осы студенттер үйі тұрған жатақханаға көшіп алады. Ол Мұхит Әуеновтің “Ақын” романы туралы, оның майданда жауынгерлердің айнымас серігі болғаны жайында очерк жазады. Онысы роман авторына әбден ұнап, дән риза болған профессор Ерболды деканатқа сүйрейді. Деканнан жатақханадан бір бөлме сұрайды. Солайша, Ербол бір күнде Меңтайдың көршісі болып шыға келеді.


Бұрынғы “Алатау кинотеатры”, 2006 жыл. Фото: Ru.wikipedia.org

“Келесі лекцияның оқытушысы жоқ болып шықты. Сөйтіп студенттер “терезе” деп атайтын бос екі сағат сопаң етіп шыға келді. Студенттер “терезеге” қайғырмайды. Бұл екі сағатта бірсыпыра жұмыстар бітіріп алады. Соның негізгілерінің бірі – Совет көшесі мен Карл Маркс көшесінің бұрышындағы “Алатау” кинотеатрына бару.”

Ербол айтып отырған кинотеатр қазіргі Төле би мен Қонаев көшелерінің орнында болған. Бірақ “Алатау” 1960 жылы салынған, ал роман 1945 жылғы өмірді баян етеді. Соған қарағанда бұдан басқа да “Алатау” кинотеатры болған немесе романның 1970 жылы жазылғанына қарап, кинотеатр ойдан қосылған шығар деген шешімге келдік.

McDonald’s. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір “Алатау” кинотеатры жоқ, 2013 жылы жұмыс істеуін тоқтатты. Қоғам қанша қарсылық білдірсе де, кинотеатр 2015 жылы сүріліп тасталды. Орнына қаладағы алғашы McDonald’s тамақтану желісі салынды.

Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Романда Ерболдың бала кезден бірге өскен досы Заман, оның сүйіктісі Тана туралы айтылады. Тана – Ерболдың да жан досы. Заманнан қаралы қағаз келіп, Ербол соғыстан еліне аз уақытқа келгенде, екеуі бір бөлмеде 3 күн ұйықтайды. Сонда Ербол “Заман досым тірі болса Танаға бір де бір адамды жолатпас еді, өзге түгіл, өзіне қимас еді” деп өзін ұстайды. Онысын күнделігіне жазып, досы  Жомартбектің арқасында бүкіл группаласы біліп қояды. Кейін Заман, шынымен де, тірі болып шығады. Тана оқуын сырттай оқуға ауыстырып, ғашығын іздеп кетеді. Ал ол Қыздар педагогикалық институтында оқитын еді.

Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әзілхан Нұршайықов Заман мен Тана прототиптері туралы былай дейді:

“Жігіттің (Заманның прототипі – ред) сүйген қызы артынан оны іздеп барып, қосылып, екеуі балалы-шағалы боп бірнеше жылдан соң елге келген. Бірақ бұл қыз ЖенПИ-де (Қыздар педагогикалық университеті- ред.) оқымаған, орта біліммен ауылда мұғалім боп жүрген еді. Заманның екінші прототипі белгілі халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің жалғыз ұлы, 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жас ақын Маман болатын. Маманның да шын сүйіп, серттескен қызы бар еді. Міне бұл қыз ЖенПИ-де оқыды. Егер Маман жоғарыдағы жігіттің жағдайына ұшырап, аман қалса, бұл қыздың да оны жер түбіне болса да іздеп барары кәміл еді. Бұл кісі де кейін тұрмысқа шыққан, балалы-шағалы, жанды- жақты дегендей, үлкен семья болды. Қазір ерімен екеуі де орта мектепте мұғалім”.

 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жазғы демалыс басталып, студенттер аулына қайтады. Ербол мен Жомартбек қыздардың жүгін көтерісіп, Алматы-2 вокзалына жол тартады. Біз де сол вокзалға бардық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Вокзал басын кернеген кілең студенттер екен. Біз перронға шығып, бірінші жолда тұрған, қабырғаларында “Алматы – Новосибирск” деген жазулары бар вагондарға жақындадық. Бұл поезбен Меңтай, Майра, Сақила аттанбақ”.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Вокзал радиосы поездың жүруіне бес минут қалғанын хабарлап, перронға “Саржайлау” күйінің екпінді әуенін төкті. Осы кезде гудок беріп, поезд қозғалды. Перроннан поезға, поездан перронға қарай қолдар созылды. Меңтай басын изеп, қыздарға қолын бұлғады. Ол басын маған изеді ме, қыздарға изеді ме, менің не дегенімді естіді ме, естімеді ме – айыра алмадым. Менің көзіме мөлтілдеп жас келді. Оны өзгелерге көрсетпеу үшін жылжып бара жатқан вагондарға қарап қолымды сермей бердім”.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Бұлан, етіп қасымыздан соңғы вагон өтті. …Ән тоқталды. Поездың дүрсілі бірте-бірте алыстай да бәсендей берді. Қалған жұрт үн-түнсіз кері бұрылып, вокзал қашасынан қалаға шығатын қақпаға қарай ағылды. Перрон той өткен, жәрмеңкесі тараған тақыр төбеге ұқсап, құлазып, бос қалды. Сол перрондай болып, поездың қарасынан көз айырмай, қалтиып жалғыз қалған менің көңілім құлазыды”.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

” – Ереке, – деді біреу ақырын дауыстап. Бұл Жомартбектің үні еді. Мен мойнымды бұрсам, мың кісі сыярлық перронда Жомартбек екеуміз ғана қалыппыз. Жомартбек менің Меңтайды құлай сүйетінімді іштей түсінетін еді. Сондықтан болар, ол жақаурата сөйледі. “Екі ай деген не, екі-ақ күндей боп өте шығады әлі. Содан соң тағы да бас қосамыз ғой бәріміз”, – деді ол екі танауы делдендеп. – Жүріңіз, жұртта сіз екеуміз ғана қалдық”.

Метро, Райымбек батыр станциясы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ербол Меңтайды шығарып салған соң жатақханасына барып демалады да, түстен кейін бұрынғы жұмысына қарай аяңдайды.

“…Оған дейін мен жексенбі сайын жатақхана маңында көрінбей, жоқ боп кететінмін. Қайда кетіп, не тындыратынымды бір бөлмеде жататын Жомартбек те, Пернеш те, Төлеубек те білмейтін. Олар білмеген соң қыздар мүлде сезбейді. Жұртқа сездірмей мен жексенбі күні таңертең ерте Фурманов көшесіне түсіп алып, төмен қарай заулаймын. Көше мен темір жолдың түйіскен жерінде сексеуіл базасы бар”.

Автордың Фурманов көшесі деп отырғаны қазіргі Назарбаев көшесі. Ал кітапта айтылған сексеуіл базасының орнына қазір метро салынған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Жексенбі сайын оған (сексеуіл базасына) отын тиеген эшелон келеді. Оны түсіру үшін базаға қосымша жұмыс қолы қажет. Мен база жұмыскерлерімен жалғасып, платформадан жерге сексеуіл құлатысамын. Темір жол жиегіне біз құлатқан сексеуіл тау болып үйіліп қалады. Қала тұрғындары оны бірнеше күн бойы біреу есек арбамен, біреу ат арбамен, қолы ұзындаулар машинамен алып кетіп жатады. Әркімге қолындағы талонына қарай отын беріледі. Кімнің қанша отын алатынында менің шаруам жоқ. Мен кешке еңбегім үшін қолыма тиген 250 килограмм сексеуілдін талонын білемін. Соны сатып, ақшасын стипендияма жалғап, бір апта бойы талшық етемін”.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Меңтайдың ағасы Жүністің Тұмажан деген майдандасы болады. Соғыста Жүніс жараланады. Өлер алдында досына “қарындасыма көз қырыңды сала жүр” дейді. Қу Тұмажан онысын “осы жігітке ти” деп өзгертіп, хат жазып, сосын Жүніске қол қойғызып алады. Сол хатты алып, Меңтайға келеді, уәдесін алады. Меңтей осы серті үшін Ерболдың өзіне деген сезімін сонша уақыт байқамаған болып жүрген екен. Ербол Меңтайға сөз салған күннің ертеңіне Тұмажан қызды іздеп Алматыға келеді. Меңтай оның келетінін біліп, құрбысы Майрамен театрға қашып кетеді. Ол қазіргі Ұйғыр музыкалық комедия театры еді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Шегір көз сары қыздарды көргенде құбылып сала берді. Жымыңдап, жылмиып, маймаңдап басып, бізге қарай ұмтылды. Иіріліп, иіліп, еңкейіп келіп, Меңтайға бас иді. Аяғын сарт еткізіп жіберіп, оның қолын алды да, алдымен ернін тигізді, сонан соң алақанын апарып бетіне басты. Меңтайдың қолын жайлап босатып, тез Майраға қарай бұрылды да, аяғын тағы да сарт еткізіп, жанағы жасағандарын жылмия тұрып қайталауға кірісті. “Апырай, мына Тұмажан бір емес, екі кісі болып шықты-ау, – деп ойладым мен оның мына қылықтарына қарап тұрып. – Жаңа маған соншама сызданып еді. Енді қыз алдында құрдай жорғалауын қарашы”.
– Бикештер, өздерің қашып, ұстататын емессіндер ғой, – деді ол қыздарға қырлана үн қатып.
– Бізді аяғымыздан тұсап, арқандап кеткен ешкім жоқ шығар, – деді Меңтай сабырлы үнмен”.

Халел Досмұхамедов көшесі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тұмажанның қылығын естіп, қандай адам екенін білген соң Ербол Меңтаймен кездескенше асығады.  Бұл уақытта оқуын сырттай оқуға ауыстырып, басқа облыста журналист болып істеп жүрген. Меңтайдың Алматы іргесінде тұратын құрбысы Майраның үйіне кеткенін біліп, оны іздеп барады. Енді Меңтай екеуі айырылмастай болады.

“Сонымен, не керек, нағыз бақытты жан мен болдым. Меңтай екеуміз Мичурин көшесінен оңаша бөлме жалдап алдық”.

Мичурин көшесі – қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы кішкентай ғана көше. Үйлері ескілеу, көшесінің жөнделмегеніне біраз болған.

Халел Досмұхамедов көшесі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Мен Меңтай дегенде, ол мен дегенде ішкен асымызды жерге қоятын болдық. Біріміз жоқта біріміз бір ұрттам су ішпейтінбіз, тамағымыздан өтпейтін. Мен жұмыстан, ол сабақтан босасақ-ақ болды, екеуміз бір-бірімізге қарай ұмтылатынбыз. Жылдам жетіп, жолығысқанша асығатынбыз”.

Халел Досмұхамедов көшесіХалел Досмұхамедов көшесі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

“Біздің кішкентай бөлмеміз бүкіл курс студенттерінің орталығына айналды. Олар, әсіресе, демалыс күндері біздің үйден шықпайтын. Шай ішетін, шарап тататын. Өте-мөте Жомартбек пен Майра біздің үйге жиі келетін”.

Романда Ербол мен Меңтай бір жылдай шәй деспей бақытты күн кешеді. Меңтайдың аяғы ауырлап, әне-міне деп отырған кезде ауруханаға түсіп, қайтыс болады. “Меңтайды өлтірмесе де болар еді ғой” деген оқырмандар хатына жазушы: “Романда Заман мен Тана мақсатына жетіп, бақытты болады. Оның үстіне, Ербол мен Меңтайды бақытты етіп қойсам, тым тәтті болып кетпей ме?” – деп жауап берген. Басты кейіпкер Ерболдың прототипі – жазушының өзі Әзілхан Нұршайықов. Ал Меңтайдың прототипі – ұзақ жыл мұғалім болып істеп, бертінде қайтыс болған Түркістан облысындағы Кентау қаласының тұрғыны. Дегенмен бұған дейін айтқанымыздай роман жазушының жолдастары, таныстары бастан кешірген оқиғаларды біріктірген. Ербол мен Меңтай деген ғашықтар болмаған, тек олардың прототипі бар.

0 пікір