"Жүрек - таза, уақыт - жоқ!" - деп ақталдың... (өлең)
"Жүрек - таза, уақыт - жоқ!" - деп ақталдың... (өлең)
3 жыл бұрын 4448
«Намазды толық орындаңдар, әлбетте, намаз мүміндерге белгіленген уақыттарда парыз етілді» ("Ниса" сүресі, 103-аят).

Бар айнала қоңыр күздей сұр біткен,

Шаршағанда рухың кірлеп тірліктен.

Намазбенен жан сарайың тазарып,

Тек намазбен ғұмырыңа нұр біткен.

 

Намазбенен түзу сапта тізіліп,

Мұсылмандар басын қосқан бірлікпен!

Нұрлы намаз арсыздықтан тосады,

Екі дүние бақытына қосады.

 

Бейнамаздан бір кем дүние табылар,

Шырқалғанмен баянсыздың бос әні.

Бес намазда елу намаз сыры бар,

Бар мүміндер жеңілдікпен босады.

 

Намаз-бақыт, рухтың ғажап азығы!

Көк жайлаудың рақым самал, жазығы.

"Көздің нұры-намазым",-деп ескерткен,

Әз Елшінің қарашығы, қазығы!

 

Хақты танып, ғибадат қыл ертерек,

Жүре бермей ғұмыр жасым келте деп.

Иман, намаз, оразаны тәрк етсең,

Жәннат баққа апармайды желкелеп.

 

"Жүрек-таза, уақыт-жоқ",-деп ақталдың,

Егесімін өмірдің деп еркелеп.

Адам деген жолаушы бір жат жерлік,

Ажал, бәлкім, алып кетер ерте кеп...

 

Қашан қымбат адамзатқа ар құны,

Жаратқанға жақын болса бар күні.

Пайғамбарым ықыласпен оқыған,

Ісінгенше әр намазда балтыры.

 

Сәждесінен басын алмай ұзақ түн,

Жалбарынған намаз-көпір арқылы.

Ұлы Рахман құзырынан құйылған,

Намаз нұры хикметтің жарқылы!

 

Пайғамбарым кемелдікте ірі адам,

Сахабалар бір күн одан сұраған.

Есігімнің өзен болса алдында,

Жуынса кеп күнделікті бір адам.

 

Арылар ма бес жуынса күнәдан?!

Бес намазды бар игілік құраған,

Бақыт табар рухы семіп, құлаған.

Сәжде сыры-Алла, пенде арасы,

 

Жауап табар кәміл жүрек жылаған.

Пайғамбарым айтқан екен сол сәтте:

"Бес намазбен арылады күнәдан.

Жамандықтан бар болмысы ағарып,

 

Тазарумен Раббысына ұнаған.

Бұл намаз да кәусар бұлақ секілді,

Барлық кірден болар пенде тұл адам!".

Сыйғызады сұлу сөзге қай ақын?!

 

Пайғамбардың даналыққа сай атын?

Хақ Расулы түн ішінде оянды,

"Мәиданың" да ұзақ оқып аятын.

Үмбеті үшін жалбарынып Аллаға,

 

Бар ғаламға Рахман нұры жаятын.

"Қияметте ең бірінші сұралып,

Намазбенен болар,-дейтін-сая күн".

Құрандағы намаз жайлы аяттар,

 

Хадистегі мағынаға саятын.

Намаз-ғажап-жүректердің кеніші!

Жәннат бақтың мәуеленген жемісі!

Бес намазбен толығады әркімнің,

 

Тірліктегі қателігі, кемісі.

Сәждеменен сәулеленсе саналар,

Бірлікпенен бүтінделер ел іші!

Намаз ғана көркемдейді амалды,

Ұмтылады кешіріммен кек ісі.

Мәңгілік ел болам десең мызғымас,

Алла әмірін қадірлесін тегісі!

Белгілі уақ парыз болған мүмінге,

Бес намазым-екі дүние жеңісі! 

 

Меруерт Мұхамадиева, Семей қаласы

0 пікір