"Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді..." - Абай бірлік жайында
"Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді..." - Абай бірлік жайында
3 жыл бұрын 5770

Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды -тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

«Ырыс алды - тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. 

Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың - пысық, ішің - нас, Артын ойлап ұялмас, -болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық. Алтыншы қара сөз[1].



[1] Хакім Абай алтыншы қара сөзінде «Өнер алды-бірлік, ырыс алды-тірлік» деген қазақтың мақалы туралы философиялық ой өрбітеді. Ұлы ақын қазақтың «бірлік пен тірлікті» қалай түсінетінін көрсеткен. Абай қазақтың бірлік туралы ойын былай жеткізеді: «Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді». Шындығында осылай ма? Абай осы жерде «бірлік» сөзінің мағынасын өзі ашып береді: «Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес».

Абай түсінігінде бәрін, яғни төрт түлік малды, дәулетті, асты ортаға салу бірлік емес. Абай тұсындағы қазақтар малы, дүниесі бар, дәулетті ағайынды жағалап, соның дүние-мүлкін пайдаланып, маңдай терін төкпей, ағайын-туыстың арқасында күн көруді бірлік деп түсінеді. Бұл еңбек етпейтін қазақтың ойы. Абай өмір сүрген кезде де, қазіргі уақытта да көптеген адамдардың ойында ағайындарымның малы бар, мені аштан өлтірмейді, далада қалдырмайды, солардың арқасында күнімді көремін деген түсінік қалыптасқан. Ондай болса, «Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы», - дейді Абай. Сонда ағайын емес, сырттан келген бөтендер де бірлік қыла береді екен.

Абай осы жерде малға емес, ақылға бірлік болған жерде қазақтар тату, жарасымды, берекелі ел болады дейді: «Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді». Бірлік малға сатылмауы тиіс, егер бірлік малға сатылса, адам өз ырзық-несібесін құдайдан сұрамайды, ағайыннан сұрап, араздасып, жақындарын жаулай бастайды. Бірлігін сатып, құдайын ұмытады. Арызқойлық пен жалақорлық, іштарлық, күншілдік, араздық, жалқаулық секілді жаман қасиеттер бірлікті ыдыратады. Ақылға бірлік қылған, ағайындарым көмектеседі деген ойдан аулақ болып, жалқаулыққа, еріншектікке жол бермей, өзара араз болмай, күнделікті тіршілікте қалайда әрекет жасап, өз еңбегінің жемісін жеген адам тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Абай ел болып, ілгері басып даму үшін, ең алдымен, бірлік керек дейді. Бірлік – ел тұтастығының кепілі. Абай өз заманында халықтың халық болып қалыптасуының бірден-бір шарты бірлікте екенін атап өткен. Абай алтыншы қара сөзінде көтерген бірлік мәселесі бүгінгі күнде де өз маңыздылығын жойған жоқ...

Айгерім Мұхтарқызы, «Абайдың бірлік туралы ойлары»
атты мақаласынан үзінді.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/

0 пікір