Арамза өлі туды. Енесі оның үстіндегі жылбысқы шайырды мекірене жалап, құрғатып әлек. Оған тіріле қоятын қозы бар ма... өлі төлді иістенбей тұрғанда аулаққа апарып көміп тастадық. Көзінен таса болған төлін қайдан іздерін білмей, көпке дейін не жайылмай, не су ішпей, енесі маңырап есті шығарған. Бұл – бір жылдары болған оқиға.
Сақман уақыты. Мектеп оқушыларын жұмысшы қолы жетіспейді деп, бір ай мерзімге қой төлдетуге босатты. Ауылдан ең қашық шалғайдағы қыстауға баратындардың тізіміне мені де қосыпты. Елдің көбі ат-тонын ала қашып, ит өлген жаққа барудан ада-күде бас тартқандары да болды. Себебі, ауылға қатынау қиын әрі қыстауды торуылдайтын ит-құсы да көп... барғысы келмей кежегесі кейін тартқандар үшін таптырмас сылтау. Сонан болар, ол жаққа аяқ басқан адам қарасы аз. Елден алабөтен қуанған жалғыз мен... себебі, анам жеті жасымда қайтыс болып, ағамның қолына қарап қалдым. Ағам жиі ішетін. Мас болып келген күндері түні бойы ұйқы бермейтін... жан төзгісіз азаптан уақытша құтылғаныма іштей қуанып жүрдім. Шыдамай ағамнан қашып, көршілердің үйіне барып, түнеген кездерім де болды.
...Қыстауға келе іске кірістік. Мойын бұруға мұрша жоқ. Әсіресе, түн баласы ұйқы көрмейміз. Неге екені белгісіз, төрт түліктің ішінде қой ғана түнде көп төлдейді. Бауырынан сыз өтпес үшін жаңа туған шарана қозының астына сабанды қалыңдап төсеп, оны ауыздандырып болғанша талай уақыт. Уызына жарымаған қозының ертең ет алуы қиын. Сондықтан, қайтсек те аяғынан қаз басып тұрып кеткенше жаңа туған төлдің қасынан кетпейміз. Бірде жаңа туған шарана қозыны енесі иісінбей алмай қойды. Аяғынан бас алмай тәлтіректеген төлді ауыздандырмақ болып, бауырына апарсақ, енесі тепкіленіп, тіпті, жеңімізден тістелеп, маңына жолатар болмады. Төлді қозысы өлген басқа саулыққа теліп едік, ол әрекетімізден де түк өнбеді. Тастанды қозыға «91» деп ат қойдық. Өйткені, шатастырып алмай қозыларды бір-бірінен ажыратып, енелеріне жіберу үшін санмен осылайша таңбалап тастаймыз. Төлдеп жатқан қой көп, «91» таңбалы қозыны ұмыт қалдырыппын. Қораның бір түкпірінде аштықтан бұратылып, тұра алмай жатыр екен. Шалажансар, кірпігі әзер қимылдайды. Аш өзегіне түсіп кетпес үшін там-тұмдап сүт беріп, әупірімдеп тірілтіп алдым. Сонан мені көрсе аяғыма оратылып, қасымнан кетпей, әбден бауыр басып алды. Қарам анадайдан шалынса, қозылардан бөлініп, маған қарай жүгіреді. Әсіресе, қарны ашқанда баяғы мені іздеп табады. Қолым қалт еткенде сонымен ойнаймын. Өзі ашқарақ, қанша сүт берсең де тоймайды. Шөлмектегі сүт таусылса, қолымды, бетімді қытықтай жалап, маза бермейді. Басқа төлдерге қарағанда бойы баяу өсті. Қарны ғана шермигені болмаса, өзі ап-арық. Уызға жарымағаннан солай...
Моншаға түсіп келу үшін бір-екі күнге сұранып, қойшының атын ерттеп, ауылға аттандым. «91» нөмірлі қозыны біреуге тапсырып кету тарс есімнен шығып кетіпті, ауылдан келе сала соны іздедім, көзіме шалынбады. Басқа сақманшылардан сұрап едім, олар білмейміз дегендей иықтарын қусырды. Оны іздемеген жерім жоқ, қалтарыс-бұлтарыс, бұта-қараған атаулыны түгел сүзіп шықтым, ұшты-күйлі. Таптырмаған соң күдерімді үзіп, іздеуді доғардым. Іштей оны қыстаудан көз таса жерден қасқыр тартып кеткен шығар деп қоям. Енді тізе бүккенім сол еді, әлсіз маңыраған қозының үні құлағыма шалынғандай болды. Іздеуімді қайта жалғастырдым. Үн шыққан жаққа қараймын, ақыры құлап тынған қамыс шиттен басқа ешнәрсе көзге шалынбады... «91» қозыны соның астынан таптым. Бастырылып қалыпты. Мойны қылқиып, әбден сықпыты қашып, үстін қамыс үгінділері көміп тастапты. Қайта еш жеріне зақым келмеген. Соған қуандым. Көзімнен қалай жас ыршып кеткенін байқамай қалдым. Өлім аузынан арашалап, оны екінші рет қайта тудырып алғандай болдым.
Қар алағат кете бастаған көктем мезгілі болатын. Еріген қардан ой-шұңқырларға қақ тұрып, күннің жайма-шуақ нұрына емініп, көк қылтия бастаған кез. Мал төлдеп болған. Енелерімен бірге жайылатын шираған қозылардың ойнақ салған ерке қылықтары тым тәтті-ақ. Монтиып ап өздері сүйкімді. Жұнттай. «91» қозының жағалайтыны баяғы мен. Соңымнан қалмайды. Үйге кірсем, мен шыққанша есік аузында күтіп жатады. Ауылға қайтатын уақыт та таяды. Сақманшылардың көбі қайтып та кеткен. Сабақтан да кешіктім. Бірақ, ауылға жолағым жоқ. Осы еркіндігімді қимаймын. Қойшы да менің кеткенімді қаламайтын сияқты. Салиқалы да сабырлы отағасы жер ортасына кеп қалған біртоға кісі болатын. Менің жағдайымды жақсы біледі. Үндемейді. Не ойласа да ішінде. Мені алып кетуге ағамның өзі келді. Сергей деген тракторист досымен келіпті. Қойшының қуырдағын жәукемдеп, Сергеймен бір жартыны қақ бөліп ішіп алды. Қойшының өзі қолқаласа да арақтан татып алған жоқ. Үйге бір кіріп, бір шығып жүргенімнен мазасызданғанымды сезген сыңайлы. Тым сабырлы көрінсе де келгендерге аса шырай танытпады. Біз кешқұрым жолға шықтық. Ағам кабинаның ішінде отыр. Мен сыймайтын болған соң тіркемеге отырдым. Қыстаудан таяқ тастам жерден жер ұзаған кезде «91» қозы трактордың соңынан қалмай маңырап еріп отырды. Қонақтарын шығарып салғанмен байқамай қалды ма, қора айналып кеткен қойшыға дауыстап едім, естімеді. Қыстаудан әудем жер ұзап барамыз, қозы қалар емес. Төңірек қараңғыланып үлгерді. Трактор мен қозының арасы алыстап барады. Адасып ит-құсқа жем бола ма деп алаңдасам да, трактористі тоқтатуға ағамнан жасқанамын. Батылым барып айғайлап едім, олар естімеді...
басып қалған -ау.