Ұйқы безі
Ұйқы безі
9 жыл бұрын 23024
Қайрат Жолдыбайұлы

Мәдениетті, көп оқығаны көрініп тұр. Әңгімеңді тыңдай алады. Қандай да бір келіспейтін тұстары болса, оның өзін ешкімнің қытығына тигізбей биязы тілмен жеткізе біледі. Әңгімеме арқау болып отырған азамат – белгілі травматолог, медицина ғылымының докторы, профессор Ерсін Тұрсынханұлы. Ол кісімен талантты өнер иесі Нүркен Өтеуілдің үйінде танысқан едім.  

Дастархан басындағы әңгіме айналып «тілге» келді. «Басқасын білмеймін, бірақ медицина саласын жақсы меңгергісі келген маман ең әуелі ағылшын тілін жақсы білуі керек», – деп әңгімеге араласты Ерекең.  Онысы рас. Сөзінің жаны бар. Дін ғалымы болу үшін араб тілі қаншалықты қажет болса, медицина үшін де ағылшын тілін білу сондай шарт. Себебі, қазіргі таңда ғылымның тілі – ағылшын тілі. Бүгінде біздің медицина саласынан көп кері қалып қойғанымыз жасырын емес. Ал кезінде қалай еді? Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Ей, Алла Тағаланың құлдары, емделіңдер! Құдай түсірген кез-келген дерттің дауасы бар. Тек кәріліктің дауасы жоқ» – деп, емі жоқ аурудың жоқ екенін білдіріп, мұсылмандарды емделуге, ем іздеуге шақырды. Сондықтан исламда дәрігерлік, емхана саласы ерте дамып, басқа адамдарға жол көрсетіп, бағыт берді. Х ғасырдың орталарында бір ғана Кордова қаласында елуден астам емхана болған. Басқаларын айтпағанда, бір ғана Ибн Синаның өзі неге тұрады? Бір көзқарас бойынша "медицина" сөзінің өзі осы Ибн Синамен тікелей байланысты екен. "Медед" араб тілінен аударғанда «көмек» дегенді білдіреді. Сонда "Медедцинаның" мағынасы «Синаның көмегі» дегенге саяды. Ибн Синаның медицина саласы бойынша жазған «Шифа» атты кітабы әлемнің түрлі тілдеріне аударылып, алты ғасырдай дәрігерлердің қолдарынан түспейтін дерек көзіне айналды. Тіпті, әлі күнге дейін батыс сөздіктері Ибн Синаға «дәрігерлердің патшасы» деген түсінік беруде. Кейінгі дәрігерлік сала дамығанға дейін батыста Ибн Сина теңдессіз ұстаз деп қабылданды.

Барлық ғылымның негізін қалаған мұсылмандар екені бүгінде баршаға аян. Көп мысалдан – бір мысал. Қазірде бүкіл әлем "Алгебра" деп жүрген ілімнің атауы оны алғаш ашқан әл-Хорезмидің "әл-Жабр" деген еңбегінің атауынан алынған. "әл-Жабр" сөзіндегі "ж" әрпі "г" әрпіне ойысып, "алгебра" болған. «Жер домалақ па, төрт бұрышты ма, жоқ әлде мидай жазық па? Жер Күнді айнала ма, жоқ Күн Жерді айнала ма?» деп аражігін ажырата алмай, батыс алашапқын болып жатқан  кезде Жердің домалақ екендігін VIII ғасырда-ақ тәпсір ғалымдарымыз анық айтып кеткен болса, ХІІ ғасырда Әл-Бируни сынды ортаазиялық мұсылман ғалымдарымыз ғылыми тұрғыдан дәлелдеген болатын. Ал батыс елі ХІ ғасыр емес, XVI ғасырдың орта шенінде де жердің  домалақ екендігін дәлелдемек болған Коперник, Галилео Галилей сынды ғалымдарын Інжілдің қағидаларына қайшы деген қатігездікпен шіркеудің инквизиция сотына салып, «өртейміз» деп қорқытып, пікірлерінен айнуға мәжбүр етті. Ал Италияның ғалымы Бруноны пікірінен қайтпағаны үшін аяусыз тірідей өртеп жіберді. Мен мұның бәрін батысты жамандау үшін айтып отырған жоқпын. Тек біз кім, олар қандай жағдайда болғандығын салыстыру үшін ғана желіп өттім. Айтпағым батысқа ғылым-білім бізден барды. Алайда, бүгінгі ұрпақ "кеше мұсылмандар осындай еді" деп өз-өзімізді сөзбен жұбатқаннан гөрі нақты іске көшуіміз керек.  Ол үшін ағылшын тілін меңгеру қажет болса, оны да жоғарғы деңгейде білуіміз керек. Тағысын тағы...

Қазақ даласында да дәрігерлік жоғары болмаса төмен болған жоқ. Әңгіме арасында Ерсін Тұрсынханұлы басынан өткен мынандай оқиғаны тілге тиек етті.  2004 жылдың шілде айында емханамызға Англиядан арнайы келген профессор:

- Сіздердің ата-бабаларыңызда өзіндік қалыптасқан медицина, шипагерлік болған ба, жоқ әлде, кейіннен үйрендіңіздер ме? - деп сұрақ қойды.

Осы сәтте бізде істейтін профессор орыс әйелі бірден:

- Қазақтарда медицина болған емес, кейіннен орыстардан үйренген, - деп қойып қалды. Мен орыс әйелдің сөзін аяғына дейін сабырмен тыңдап болдым да, ағылшын дәрігерге былай дедім:

- Сізге мысал ретінде екі мәселені айтайын, сосын біздің ата-бабамызда медицина болып-болмағандығын өзіңіз шешіңіз.  

- Жақсы.

- Сіздерде ас қорытуға қажетті маңызды ферментті бөлетін безге "Pancreas" дейді. Бұл "тасбақаның жотасындағы тасы, яғни, сауыты" - дегенді білдіреді. Яғни сіздер бездің сыртқы ұқсастығына, оның түріне қарап осылай атағансыздар. Ал орыстарда "поджелудочная железа" дейді. Олар да асқазанның астында орналасқандығы үшін осылай атаған. Екеуі де көзбен көргеніне қарап атау берген. Ал біздің ата бабаларымыз "ұйқы безі" дейді. Себебі бұл без жұмысын тоқтатқан жағдайда, адам комаға, яғни ұйқыға кетеді. Егер ата-бабаларымызда медицина болмаған болса, онда аталмыш бездің комаға себеп болатынын қайдан білген? -  дегенімде, ағылшын профессоры үнсіз басын шұлғыды.

- Сосын ген ғылымы дамығаннан кейін ғана ғалымдар түрлі аурулардың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын дәлелдеп отыр. Ал біздің ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз берісіп-алысуға тыйым салған және бұл тыйым әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Қазақтар медицинаны білмеген болса, олар ғылым енді ғана біліп жатқан аурудың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын қалай білген? - дегенімде, әлгі профессордың көзі шарадай болып:

- Шынымен де сіздерде жеті атаға дейін үйленуге болмай ма? Бұл ғажап екен. Ғажап! Мынандай халықта "медицина болмады" деуге әсте болмайды», - деді таңданысын жасыра алмай. Ал ана профессор орыс әйел: "Ерсин Турсынханович, я эти моменты не знал" - деп қайта-қайта кешірім сұрады.

Ойланатын дүние. Мұндай мысалдар өте көп. Ендеше біздер ата-бабамызбен мақтануымыз қажет. Алайда, бұл мақтаныш өз-өзімізді жұбату үшін емес, шабыттандыру үшін керек.

0 пікір