Студент әулие
Студент әулие
9 жыл бұрын 18249
Қайрат Жолдыбайұлы

Бірнеше күн бұрын Астанадағы "Мұмтаз" мейрамханасында жүздері таныс екі жігіт күлімдеп келіп, ерекше ықыласпен амандасты. Бірден тани кеттім. Дастан мен Манас. Дастарханға шақырып едім, бірден келісе кетті. Әңгімеміз жарасып, осыдан дәл 8 жыл бұрын болған оқиғаны еске түсірдік. Бұл екі жігіт менің көзімде жер бетіндегі тірі жүрген әулие. Неге дейсіздер ғой. Айтып берейін.

Алматыда діни басқармада бөлім меңгерушісі болып жүрген кезім. Бір топ жігіт менен өмірлеріндегі маңызды бір мәселенің фәтуасын сұрай келіпті. Мұхият тыңдадым. Екеуі де «QuestNet» желілік маркетингінің Қазақстандағы басты лидерлерінен. Екеуі де студент болғандықтарына қарамастан осы істі Қазақстанда дөңгелетіп, айына емес, күніне қыруар табысқа кенеліп, қалталары майланып жүрген көрінеді. Мінгендері қымбат машина. Күнделікті асты тек қымбат мейрамханалардан ғана ішеді. Жұмыстарының дөңгелегені соншалық аз ғана уақыттың ішінде бір ғана Алматыда 27 офис ашып үлгерген. Қанаттарының астына тоғыз мыңға жуық адам тіркелген. Осындай пайдаға кенеле тұра жүректеріндегі иман үні оларды менің алдымнан бірақ шығарады. «QuestNet» желілік маркетингі "адал" ма, "арам" ба? Сұрақ күрделі. Ал "арам" болса ше? Күнделікті құйылып жатқан пайданы алақанның сыртымен ысырып тастап, баяғы таз қалпына, студенттік қарапайым өмірге қайта түсуге күш-жігер қайраттары, жүректеріндегі иман қуаты жетеді ме? Күмәнді!

Мен істің мән-жайын, аталмыш маркетингтің жұмыс істеу тәртібін тыңдағаннан  кейін оларға: "Екеуіңізден естіген мәліметтерге ғана сүйеніп, мұндай күрделі мәселенің үкімін дәл қазір табан асты шығарып бере алмаймын. Маған ертең арнайы келіп, бейнебір жаңа клиенттеріңе түсіндіріп жатқандай осы маркетингті егжей-тегжейлі таныстырыңыздар. Қосымша кітап, брошюра секілді түсідіру құралдарыңыз бар болса, оны да өздеріңізбен бірге ала келіңіздер. Сонда ғана толыққанды жауабын айта аламын", - деп шығарып салдым.

Ертесі жұмыстан кейін бір топ жігіт болып, кабинетіме кірді. Мен оларға: "Айналайындар! Білемін, сіздер осы сауда түрі арқылы қомақты қаржы тауып жүрсіздер. Сондықтан сіздер "адал болса екен" - деген ниетпен келіп отырсыздар. Басқаша айтсақ, "адал болсын, қайткенде де адал болу керек" - деген көңілде, сондай  психологияда тұрсыздар. Ал, мұндай күйдегі адам көбінесе өздері қаламаған "арам" деген үкімді естігенде, өздерінше түрлі ақтау мен сылтау іздеп, түрлі дәйектерді алға тартып, өздеріне керек "адал" деген үкімді естігенге дейін байыз таппайды. Тепе-теңдік сақтап ойлауды жоғалтып, сыңар езу тартады. Ендеше, сіздер осыған абай болыңыздар. Менің келтірген дәйек-деректерімді ой таразысы мен ождан безбеніне салып, әділ қорытынды жасаңыздар" - дедім. Олар: "Оныңыз рас, сондай күйде отырмыз" - деп, бір күліп алды.

Манас деген жігіт маған аталмыш маркетингті таныстырып жатыр. Талай адамның оп-оңай басын айналдырып алатын өздері әбден машықтанған жүйеменен зуылдатып түсіндіріп жатыр. Мен нақты сұрақтар қойғанда іркіліп қалады да, айналып қашып, басқа жағын түсіндіре бастайды. Осылай бірнеше қисынды сауалдарымды қойдым. Мардымды жауаптан көрі, жалтармалы сөздерді естідім. Түсінікті болды. Бұл сауда түрі күмәнді.

"Бірнеше күннен кейін тағы да кешке келіңіздер. Оған дейін мен сіздер әкелген мына "11 баспалдақ" атты кітапты оқып, толыққанды байламға келіп, нақты үкімін айтамын", - деп шығарып салдым.

Кітапты түгел оқыдым. Бұл сауда түрінің нағыз алаяқтықтың кәсіби түрі екеніне көзім әбден жетті. Не керек бірнеше күннен кейін әлгі жігіттерге бұл сауда түрінің харам екенін егжей-тегжейлі, нақты дәйектермен түсіндірдім. Бірен-сараңы болмаса, көбісі еріксіз әрең бас шұлғып отыр. Көздерінде "енді не істейміз" деген қорқыныш пен қимас қарас байқалады.

Мен оларға: "Өздеріңіз де байқағандай бұл сауда түрі алаяқтықтың кәсіби үлгісі екендігінде сөз жоқ. Әрине, сіздерге мұны тастау оңайға соқпас. Бірақ дүниелік баянсыз арам пайданы емес, ертеңгі болатын махшардағы беретін ауыр есебімізді ойлауымыз керек. Бірақ мен сіздерге мынаны сүйіншілеп айта аламын: "Егер Алла ризалығы үшін осынау арам пайдадан шын ықыластарыңызбен бас тартатын болсаңыздар, екі дүниеде де жаман болмайсыздар. Ерте ме, кеш пе мұның қарымы сөзсіз қайтады. Бастапқы кезде сіздерге ауыр болады. Қайтадан жатақханаға, қарапайым өмірге қайту қиын соғады. Бірақ, Алланың ризалығы үшін бәріне көнесіздер", - деп шығарып салдым.

Айтқанымдай психологиялық Һәм материалдық өте ауыр жағдайды бастарынан кешіпті. Жинаған ақшаларын қанатының астындағы адамдарға таратып береді. Өйткені пирамиданы өздері тоқтатқан жағдайда, у-шусыз кету үшін солай істеуге міндетті. Олар кеткен соң 27 офистің көбі жабылып, қанаттарының астына тіргелген 9000 адам тарыдай шашылып кетеді. "Бір күні қалтамызда ыстық ас ішерге көк тиынымыз жоқ, бөлмеме келіп нанға мойенез жағып жеп отырғандағы аянышты жағдайымды көрген бір студент танысым мені "Қағанат" асханасына апарып, бір тойдырған еді" - деп қаржылай қатты қиыншылық көрген күндерін еске алды Дастан.

Енді естіп отырмын, жұмыстарының кері кеткеніне  ашуланған аталмыш маркетингтегі қыруар табыс тауып жүрген басқа бір лидері: "Осының бәріне себеп болған Қайраттың көзін құртқызамын" - деп ант та ішіпті. Қытайдағы компанияның есеп шотына бұрынғыдай ағыл-тегіл құйылып жатқан ақша азаяды. Көп өтпей шетелден компания басшыларының екі адамы ұшып келіп, Дастанды қайтадан маркетингте жұмыс істеуге көндірмек болады. Тіпті, олар жұмыстарына кедергі болған менің фәтуамнан да хабардар болып: "Қайрат деген кім? Керек болса, басқа үлкен дін ғалымдарынан фәтуа аламыз" - деген де көрінеді. Әртүрлі көзқызартар қымбат дүниелер ұсынады. Бірақ Дастан бауырымыз "жоқ" - деп үзілді-кесілді бас тартады. Міне, ерлік, міне, имандылық. Бір күнде тап-тақыр кедейге айналатынын білсе де, ондағы иман қуаты бес күндік дүние рахатын емес, ақыреттік сауапты таңдатты. Міне, иманның сиқырлы күші, міне, Тірі әулие!

***

Кейіннен Дастан бірнеше жыл әскери мекемеде қызмет атқарса, Манас бір фирмада айлыққа жұмыс істейді. Ал бүгінде екі дос Астанада мейрамхана ашып, адал нәпақаларын тауып жүр.

***

Мынау  «QuestNet» желілік маркетингіне қатысты сол кезде жазған жауабымның сілтемесі:

http://islam.kz/kk/articles/kokeikesti/jalpy-jelilik-setevoi-marketingtin-ukimi-qandai-1424/#gsc.tab=0 

0 пікір