Европа сапары - 2
Европа сапары - 2
10 жыл бұрын 11975
Қайрат Жолдыбайұлы

Еврейлердің білгір ғұламасы Абдуллаһ ибн Сәлам Алла елшісін (с.а.у.) алғаш көрген сәтте: "Аллаға ант етейін, мына жүзде еш жалғандық жоқ. Бұл кісі шынайы пайғамбар!" - деп иман келтірген еді. Абдуллаһ ибн Сәламның парасаты мен әділеті оны шынайы иманға жетеледі. Әйтпесе, кітап иелері, олардың ішінде әсіресе ғұламалары соңғы пайғамбардың нышандары мен белгілерін жақсы білетін. Тіпті Құранда "өз балаларындай жақсы танитын еді" - делінген. Бірде мүміндердің әмірі Омар ибн Хаттаб Абдуллаһ ибн Сәламға: "Уа, Абдуллаһ, сен шынымен де Құран айтқандай  өз балаңды қалай танысаң, Алла елшісі Мұхаммедтің (с.а.у.) шынайы пайғамбар екенін де сондай дәрежеде таный алдың ба?" - деп сауал тастайды. Сонда Абдуллаһ ибн Сәлам тарихқа алтын әріппен жазылған мына бір жауабын қалдырған еді: "Иә. Мен оны өз баламдай таныдым. Жоқ. Тіпті өз баламнан да артық тани алдым. Себебі баламның шешесі мені алдаған болуы мүмкін. Ал Мұхаммедтің (с.а.у.) бойындағы пайғамбарлық нышандардарда зәредей де күмән жоқ!". Еврей ұлтынан шыққан Абдуллаһ ибн Сәламды неге айтып отырмын дейсіздер ғой. Менімен бірге европаға барған екі досымның біреуі Дмитридің ұлты еврей. Бүгінде әкесі Израилде тұрады. Ал Дима ислам дінін шынайы қабылдаған, бес уақыт намазы түгел тақуа жан. Өз жұмысына ұқыпты, мінезі жібектей биязы Дмитриді көргенде сол әз сахаба Абдуллаһ ибн Сәлам еріксіз ойға оралады. Ал мұсылман отбасында дүниеге келсе де өз дінінен бізіп жүрген кейбір ағайындар жайлы не деуге болады? Жарайды, тақырыптан ауытқып барам. 

Европаның рухани азғындап, отбасылық құндылықтардың құлдырап, тығырыққа тірелгенін бәріміз білеміз. Бір жыныстылардың ресми түрде үйленіп жатқандығы, тіпті олардың бала асырау құқығына ие болғандығы азғындаудың шегіне жетуі емес пе? Туысқандық қатынастардың барынша әлсірегендігі де белгілі. Ата-тектерінің шатасып, еркексіз-ақ қолдан ұрықтандыру арқылы бала тауып алып жатқандары да аз емес. Жалпы Европа ұрпақсыз қалудың аз алдында тұр. Бала мен немере орнына ит-мысық асырап кеткені де мәлім. Бір ғана Германияның өзінде 43 000 000 ит-мысық асырайды екен. Адамдардың көбі депрессияға жиі ұшырағандықтан ең көп сұранысқа ие мамандардың бірі психологтар көрінеді. Бұл жайлы ұзыннан ұзақ жазуға болады. Бірақ осыған қарамастан қоғамда құқық үстемдік етіп отыр. Заң жұмыс істейді. Демократия салтанат құрған. Адамдар уәделеріне берік. Уақыттарын бос нәрселерге ысырап етпейді. Жұмыстарын тиянақты, жауапкершілікпен атқарады. Үнемшіл, тағысын тағы. Ендеше мен Европаның теріскей жағын емес, күнгей жағын аз-кем айтайын.

Күн жұма. Интернеттен Будапешттегі мешіттің адресін тауып алдым да, таксиге отырып тартып кеттім. Әлден уақыттан кейін таксист жігіт "келдік" деді. Айналама қараймын күмбезді, мұнаралы мешіт көрінбейді. Сөйтсем ғимараттың бір бұрышын мешіт деп ашып қойған екен. Оған да шүкір дедім. Бірақ бұлай болмауға тиіс еді. Таксистке жол ақысын төлемек болып доллар ұсынып едім, "жергілікті ақша "форинт" болмаса ала алмаймын" - деп бас тартты. Енді не істемек керек? Намаздың басталуына аз ғана уақыт бар. Жүгіріп барып-келе қоятын жақын жерде ақша айырбастайтын орын да көрінбейді. Сасып қалған маған қарап: "Құлшылығыңыз қашан бітеді", – деді таксист жігіт. "Ары кетсе жарты сағатта тәмам", – дедім. Ол еш ренжіместен: "Оқып шығыңыз, күтемін" - деді. Ал керек болса. Мен мұны таксистен күтпеген едім. Мешітте отырмын. Намазға келгендердің көбі арабтар екен. Бірлі жарым венгриялық мұсылмандар да отыр. Араб имам хұтба оқуға мінберге шықты. Уағыз айтып жатыр. Бірден тани кеттім. Имам сәлафи бағытын ұстанады екен. Сол баяғы өздерінің "Алла Арштың үстінде", "өзіне тән қолы бар" деген сыңайдағы жаттанды ақидаларын тықпалап жатыр. "Салафи и в Европе салафи" екен. Бірақ менің бар ойым сыртта күтіп тұрған таксисте. Мен оған жарты сағатта шығамын деп уәде беріп кеттім. Ал мына имамның қазір бітіретін түрі жоқ. Кешігіп шықсам, мұсылмандар жайлы не ойлайды? Бар уайымым осы. Сапарда жүргендіктен жұма намазын оқу жолаушыға парыз емес. Ал уәдеде тұру парыз. Таксиске бардым да айттым, құлшылығымыздың біраз созылатын түрі бар, мені ақша айырбастайтын жерге апар дедім. Ақшаны айырбастап, таксидің ақысын төледім. Мешітке қайта әкеліп тастады. Келсем, имам уағызын аяқтауға таяп қапты. Аллаға шүкір жұма намазына да үлгердім-ау.

Австрияның Вена қаласында бірер күн болып, Германияның Мюнхен қаласына келдік. Шағын қала. Бұл қалада анау айтарлықтай тарихи ғимараттар жоқ. Бірақ есесіне әлемге танымал "BМW" автокөлігі осында  шығарылады. Заводының жанында арнайы мұражайы орналасқан екен, соны аралап жүрміз. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын шығарған көліктеріне көзім түсті. Тамаша. Ол кезде мұсылмандар не істеп жүрген, тіпті қазір не істеп жатыр? Қазақ даласында шиқылдатып арба жегіп жүргенде олар ғылымда қандай деңгейге жеткен?! Мотоциклдерге көзім түсті. Кеңес өкіметі шығарған соғыс киноларында талай рет көрген сол баяғы үш аяқты неміс мотоциклі. "Мынандай техникаларға иелік еткен немістер неге жеңіліп қалды", – деймін іштей. Тағдыр! Алла солай қалады. Осылай болғаны да дұрыс болды. Бүгінде, Аллаға шүкір, тәуелсіз елміз. Ал керісінше кеңес өкіметі емес, немістер жеңгенде жағдайымыз қалай болар еді. Ол жағы Аллаға мәлім...

Европа елдеріне ортақ ерекшеліктер өте көп. Мен неше күн жүрсем де машинаның бипылдатқан жағымсыз үнін бір рет естіген жоқпын. Олай істеу этикаға жат. Агрессияның, мәдениетсіздіктің белгісі. Ал бізде машинаның орынсыз бипылдатқан үнінен құлақ тұнады. Барлық жерде аяқарбаға арнайы жолдар қарастырылған. Көшелеріндегі тазалыққа тәнті болмау мүмкін емес. Венада мыңдаған адам қатысқан мұз айдын фестивалінің үстінен түстік. Құжынаған адам. Далада шай ішіліп, жеңіл-желпі тамақтар да желініп жатыр. Жерге қарадым бір қоқым жоқ. Демек олардың тазалықтары әкімшіліктің тиянақты тазалауынан емес, әр адамның тазалыққа деген кірпияздығынан. Жеке тазалығын білмеймін, бірақ жалпыға ортақ жерлерде әркім аса жауапкершілікпен қарайды. Европа сапарынан екі апта бұрын Меке-Мәдинаға барып, ұмра құлшылығын жасап қайтқан едім. Арафат аймағындағы қасиетті "Рақым" тауын зиярат жасадық. Ол жердегі шашылып жатқан қоқысқа қарап, жаным құлазыды. Тіпті қасиетті таудың тастары келген мұсылмандардың шимайлап жазып кеткен аттарынан көрінбейді. Осыларға қарап әл-Әзһардың бұрынғы шейхы марқұм Мұхаммед Абдуһтың Европаға барып-қайтқаннан кейінгі әсері жайлы: "Европада исламды көрдім, алайда мұсылмандарды кездестіре алмадым, ал бізде мұсылмандарды көрдім, бірақ исламды таба алмадым", – деген сөзінің қандай орынды екеніне көзім жетті. Бәлкім руханиятқа шөліркеген Европа елдері бір күні топ-тобымен Исламға жүгірер. Бәлкім Пайғамбарымыздың (с.а.у.) "Қияметке жақын қалғанда күн батыстан шығады" дегенінің де бір мағынасы осы болар.

 

0 пікір