Европа сапары - 1
Европа сапары - 1
10 жыл бұрын 9112
Қайрат Жолдыбайұлы

Аллаға шүкір, мұсылман мемлекеттері мен шығыс елдерін көріп, аралап жүрміз. Алайда батыс елдерінің қал-ахуалын таныстарымыздан естіп, интернеттен оқығаным болмаса, осы уақытқа дейін ол жаққа жолым түсе қоймап еді. Көп естігеннен бір көрген артық демекші, өткен аптада Венгрия, Австрия, Германия, Словакия секілді европа елдеріне арнайы тур жасаудың сәті түсті. Әуелі Венгрияның Будапешт қаласында болдық. Байырғы ғұндардың мекені болған бұл ел ерекше ыстық болды. Әр нәрседен түркіліктің ізін іздеймін. Бірақ, қанша түбі түркі десек те, ұстанған діні бөлек, жырақ жерде орныққаннан кейін болар, тілдеріндегі бірнеше түркі сөздер болмаса, анау айтқандай ұқсастық таба алмадым. Қала тарихи жәдігерлер мен мұраларға толы. Самсаған зәулем де сәулетті көне шіркеулерге қарап кезінде христиан дінінің қоғамда қаншалықты ықпалды болғанын түсіну қиын емес. "Қасиетті соғыс" деген желеумен күллі батыс елінен қол жинап, мұсылмандарға көз аштырмай неше дүркін "Крестілер жорығын" ұйымдастырған осы шіркеулердің ықпалы болатын. Ал бүгін қаңырап бос тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристердің шіркеулердің архитектурасына тамсанып, тамашалағаны болмаса, әу бастағы миссиясынан қол үзіп қалғаны қашан.

Будапештің тұрғындары жылы жүзді, бір-бірімен күлімсіреп амандасады екен. Қандайда бір нәрсені сұрай қалсаңыз, құдды құдасына жауап бергендей аса ықыласпен тәптіштеп тұрып түсіндіріп жатқаны. Жанымдағы жолдасым екеуміз салқын тигізіп алдық. Дәріханаға соғып, суыққа қарсы біздегі "терафлю" сынды ұнтақ дәрі сұрап едік, сатушы әйел бірден соған ұқсас дәріні тауып бере қойды. Дәріні сол жерде ішіп алып, ары қарай жолымызға жалғастыруымыз ләзім.  Бірақ оны араластырып ішер қайнаған ыстық су қайда? Жолдасым сатушыдан өтініп еді, сатушы күлім қағып бір неше минуттан кейін қайнаған су ұсынды. Мен де ыстық су сұрауға ыңғайсызданып тұрмын. Онсыз да шағын дәріханада кезекте тұрған кісілер көп. Аз кідірдім де, ұятты біржаққа жинастырып қойып: "маған да ыстық су қажет" - дедім. Сатушы әйел күлімдеген күйде бұрқыраған ыстық суды маған да ұсынып жатты.  Дәл осы сәтте біздегі дәріхана, банк, тағы басқа көпшілікке қызмет ететін жерлердегі қызметкерлердің іс-әрекеттері санамда көлбеңдей берді.

Ет қосылған тамақтарына күмәнғандықтан, бірнеше күн болды тек балық жеп жүрміз. Сұрастырып жүріп арабтардың "Амир" атты мейрамханасын тауып алдым. Араб аспаздан: "еттеріңіз адал болар" деп ақырын ғана сұрап едім, сұрағаныма өкініп қалдым. Әлгі араб бетін тыжырайтқан күйі: "Саған тамақтың адал, адал емес екені неменесіне керек" - деп салды. Мен не дерімді білмей: "Малды өзіміз соямыз, адал яки адал емес" деп жай ғана жауап бере салу қиын ба? Неге ашуланып тұрсың?!" - дедім де шығып кеттім. Іштей ренжіп тұрмын. Осы сәтте бағанағы дәріханадағы сатушы әйелдің күлімдеген жүзі, ыстық суды қайнатып әкеліп бергені есіме түсті де, ауыр күрсініп, "қайсысы мұсылман еді" - деп күбірлеп кете бардым. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): "Бауырыңның жүзіне күлімдегенің де садақаға жатады", "Танығанға да, танымағанға да күлімдеп амандас", "Адамдар арасында есендік пен бейбітшілікті, сәлем беруді, амандасуды жайыңдар", "Бауырының бір қажетін өтеген адамның Алла ана дүниеде қажеттіліктерін өтейді" - деген асыл хадистері бізден асып, батыстықтардың күнделікті өміріне айналғанына тағы бір рет таң қалдым.

Жалғасы бар.

 

0 пікір