Дипломатия
Дипломатия
9 жыл бұрын 8188
Қайрат Жолдыбайұлы

2010 жыл. Діни басқармада аппарат басшысы қызметінде жүрген кезім. Елімізде теріс ағым өкілдерінің қисық уағыздарының нәтижесінде кейбір дінге бет бұрған өнер адамдарының көкірегінде күдік жүр. Музыка арам ба, адал ма? "Дін мен діл" атты кітабымда музыканың дұрысы мен бұрысын ажыратып, хадистермен дәйектеп жазған болатынмын. Алайда фәтуаны әркім іздеп тауып, оқымасы тағы бар. Ендеше, музыканың да естісінің бар екендігін іс жүзінде көрсетудің қажеттілігі сезіліп тұр. Не істемек керек? Діни өлеңдердің мүшәйрасын ұйымдастыратын болып ұйғардық. Ондағы үздік өлеңдерге арнайы әуен жаздыртып, марапаттау кешінде оларды өнер жұлдыздарына орындататын болдық. Жүлде қоры да қомақты. Әрине оның бәрі әркездегідей дін жанашыры - кәсіпкерлердің демеушілігімен болып жатты. Мүшәйра да, марапаттау кеші де ойдағыдан да жақсы деңгейде өтті. Қоржынға түскен үздік өлеңдерді жинақтап "Аллаға мадақ" деген атпен арнайы жинақ етіп шығардық. Елімізде тұңғыш рет өткізілген осынау мүшәйрадан есімде екі жағдай қалып қойды. Мүшәйра аяқталуға таяп қалған уақыт. Бірде бөлмемнің есігін жұлқып ашып, елге танымал ақын ағамыз ішке енді де: - Қайрат деген сенсің бе? - дейді.

 - Иә, - деймін ешнәрсеге түсінбеген мен.

- Менің өлеңімде әкеңнің құны бар ма?! Неге өлеңімді қазылар алқасына өткізбей тастадың?!

- Аға, мүшәйраны ұйымдастырып отырған Діни басқарма болғандықтан, өлең мазмұны шариғатқа томпақ келмеуі керек. Жұрт түсінбей қалады. Аяғы бізге ренжиді.

- Қане, шариғатқа теріс келетіндей мен не жазыппын?! Қай жері?!

- Аға мына жолдарыңызға қараңызшы: "Құдайдан басқа тәңір жоқ. Болса, енесін ұрайын!"

- Айналайын-ау, мұның қай жері шариғатқа қайшы, а? Бұл деген тұнып тұрған поэзия ғой. Маған дереу Әбсаттар қажының телефонын бер" - дейді реніші әлі басыла қоймаған ақын ағамыз күркіреп. Не керек әлгі кісі маған деген ренішін айтып, емханада емделіп жатқан Әбсаттар қажының палатасынан бір-ақ шығады. Іле-шала Әбсаттар қажы маған телефон шалып істің мән-жайын білгеннен кейін: "Мұны ым-дымсыз, айқай-шусыз басқаша шешу керек, басқаша" - дейді. "Бұл кісі қалай шешер екен" - дедім де қойдым. Сөйтсем, Әбсаттар қажы әлгі ақын кісіні арнайы шақырып алып: "Пәленшеке, сіз елге танымал мүйізіңіз қарағайдай, атағыңыздан ат үркетін ұлы ақынсыз. Ал мына мүшәйра енді-енді қалыптасып келе жатқан жас ақындарға арналған екен. Сіз сонда бала-шағаның ортасына шығып, бас бәйгені жеңіп алдым десеңіз, жұрт күлмей ме? Сізге мүшәйраның марапаттау кешінде төрде сыйлы қонақ болып отырғаныңыз жарасады емес пе? - депті. Әлгі ақын ағамыз да бірден уәжге тоқтап, ертесі өзінің том-том өлең жинағын Әбсаттар қажыға тарту етеді. Міне, Әбсаттар қажы ренішті осылай сыйластыққа айналдырып жібереді. Менің тәжірибесіздігім мен тіке шабатын мінезімнен туындаған қателігімді қамырдан қылды суырғандай осылай әп-әдемі дипломатиялық тапқыр жолмен шешіп жіберді. Бұл маған өмірлік үлкен сабақ болды. Екіншісі, мүшәйраның марапаттау кешінде театрға 45 минуттай кешігіп келген кейбір жұрт сыртта қалған болатын. Еліміздегі үнемі көлеңкеден сенсация іздеп жүретін телеарналардың бірі әп-әдемі өткен кешті, оның мазмұнын емес, "Діни басқарма өткізген діни кеште бір орынға бірнеше билет сатылып, жұрт сыртта қалды" - дегізіп беріп жіберді. Әрине, ренжідік. Діннен сенсация іздеудің күнә екенін білсе ғой, кейбір журналист бауырларымыз!

Аталмыш мүшəйрада бас жүлде Жəкен Омаров пен Мұхиддин Исаның "Хикметулла" өлеңіне берілді. Мағынасы терең, әуені ерекше əн  дүниеге келді. 

0 пікір