Түркия елінде 11 жастағы қыз "қашықтықтан оқыту" (онлайн) арқылы 6 айда Құранды түгел жаттап шыққан
Түркия елінде 11 жастағы қыз "қашықтықтан оқыту" (онлайн) арқылы 6 айда Құранды түгел жаттап шыққан
3 жыл бұрын 7367

Түркия елінде 11 жастағы қыз қашықтықтан оқыту әдісі (онлайн) арқылы 6 айда Құранды түгел жаттап шыққан - деп хабарлайды жергілікті bayburt.diyanet.gov.tr діни сайты. 

Түркия мемлекеті, Байбұрт облысындағы Дін істер басқармасына қарасты «Danişment» Қарилар дайындайтын Қыздар Құран курсы медресе-интернатының шәкірті, 11 жасар Сузан Шэвваль Түркер қашықтықтан білім алу арқылы бар болғаны 6 ай ішінде Құранды түгел жаттап шыққан.


Фото: bayburt.diyanet.gov.tr

Ковид-19 індетінің кесірінен жергілікті мектептер бетпе-бет білім беруді уақытша тоқтатқан уақыттарда Құран Кәрімді жаттап бастаған 11 жастағы Сузан Шэвваль (Suzan Şevval), қашықтықтан білім алу арқылы Құранды 6 ай ішінде түгел жаттап шығыпты.

Қысқа уақыт ішінде Қари атанған бүлдіршінді құттықтаған жергілікті Дін істер басқармасының өкілі, облыс имамы Хасан Башоғлу құттықтауында:

«Үлкен бір жетістіктің үлгісін паш етіп, қысқа мерзім ішінде Құранды түгел жаттап «Қари» атанып отырған Сузан Шэвваль Түркер қызымызды шын жүректен құттықтаймын. Қаршадай шағында Құранның киелі аяттарын жүрегіне қондырған бұл сұлу қызымызды Құдай Тағала Құран мен Сүннеттің жолынан айырмасын. Осы орайда, перзенттеріне ең тамаша мұра табыстаған Түркер отбасын, ата-анасын құттықтаймын. Сондай-ақ, қызымыздың «Қари» болуына еңбегі сіңген Құран ұстазы – Гүлер Зозик ханымға да алғысым шексіз», - деп ағынан жарылды. 

Әркімге бұйыра бермейтін Қарилық дәрежесіне қолы жеткен Сузанның қуанышында шек жоқ. «Осындай жетістікке жеткізген – Құдайға шүкір, екінші – көп күш сарп еткен қадірлі ұстаздарыма, қолдау білдірген отбасыма көп рақмет» - дейді Сузан.

Расында да, Құран жаттау жолына көп адам түссе де, бәрі бірдей мәреге жете бермейді. Қарилық – шыдамдылық пен табандылықтың нәтижесі. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктері ғана бұл қасиетті атаққа лайық болмақ. Айналып келгенде, Қарилық та «нәсіпке» байланысты.

Алла Тағала елімізде Құран жаттаған «Қарилар» қатарын арттырсын. Сузан Шэвваль секілді біздің де бүлдіршіндеріміз Құран жаттаған Қари болсын деп тілейік!

Аударып, дайындаған: islam.kz

1 пікір