Құраннан қуат алатын – Месут ӨЗІЛ
Құраннан қуат алатын – Месут ӨЗІЛ
10 жыл бұрын 6484
Марфуға Шапиян

Күллі жер шарының назарын өзіне аударған Әлем чемпионатының аяқталуына да санаулы-ақ күндер қалды. Жан алысып, жан беріскен небір қызық ойындар өтті. Қаншама үміт артқан командалар жарыстан ығысты. Ойламаған жерден ширек финалға дейін жеткен мемлекеттер де болды. Әйтсе де, жанкүйер қауым чемпионат басталар-басталмастан, «болмады дегенде жартылай финалға ілігеді, ал артық айтқанда, чемпион болады» деп болжаған бір команда бар еді. Ол бүгінде «неміс мәшинесі» аталып жүрген Германия ұлттық құрамасы болатын. Жанкүйерлерінің үмітін ақтаған сол құрама бүгін (08.07.2014) алаң иелері – Бразилиямен кездеседі. Оңай ойын болмасы анық. Десек те, Германия өз құрамасына сенеді, жеңістен де үмітті. Бүгінгі сөз сол сенім артқан санаулы үздіктерінің ішіндегі тегі түрік, мұсылман футболшысы Месут Өзіл туралы болмақ.

 

«Ол –мұсылман ғой!»

Месут Өзіл 1988 жылдың 15 қазанында Германияның батысындағы Гельзенкирхен қаласында дүниеге келген. Ата-анасы Түркиядан ауып келген эмигранттар болатын. Футболды өміріне балаған Өзіл ала доппен 7 жасынан бастап дос еді. Баласының футболға деген ерекше ықыласын байқаған әкесі оны түрлі спорт мектептеріне тасып, Месуттың талантының жастайынан дамуына себепші болады. «Ол уақыттары әкем фабрикада үш ауысыммен жұмыс істейтін. Мені мектепке апару үшін достарымен кезек ауыстыруына тура келетін. Жетістікке менің жетуім үшін әкем көрген осы қиындықтар ешқашан жадымнан шыққан емес», - деп еске алады футболшының өзі ол туралы.  Бала кезінен әке сөзін, әке тәрбиесін алдыңғы орынға қойған Өзіл клуб таңдауда да әкесінің сөзінен асқан емес. Ол туралы батыс басылымдары таңданыспен: «Ол мұсылман ғой. Ал мұсылмандар үлкеннің сөзін тыңдауға ерекше мән береді», - деп жазған болатын. Алғаш көңіл аударған спорт маманы Вернер Кик: «Алдымда баға жетпес қазына тұрғанын байқау үшін бес минут жетіп жатыр еді» деген болатын Өзілге қарап. Әке сенімі солай ақталды. Жастайынан көзге түскен Өзіл, 20 жасында әлемге танымал футболшы болып үлгерді.

 

 

«Дініме беріктігім – әкемнен жұққан қасиет»

Бала Месуттің бойына көптеген жақсы қасиеттер әке қанымен келсе керек. «Мен де әкем секілді адалдықты жақсы көретін адаммын. Бала кезімде барлығы еркелетіп, мақтап жатса, әкем ғана шындықты бетіме айтатын. Жас спортшы үшін бұдан маңызды нәрсе жоқ. Әкем өзіме сенуді үйретті. Сонымен қатар, ол – дініне өте берік адам. Маған да әкемнің бұл қасиеті дарыған. Кез келген ойынды құлшылықсыз бастамаймын. Оның жеңістерімде көп көмек көрсеткенін де жасырмақ емеспін», - дейді Өзіл ағынан жарыла.

Месут барлық басқа мұсылмандар секілді отбасы құндылықтарын әр кез алдыңғы орынға қояды. «Өзімнен үлкен ағам, екі қарындасым бар. Олардың менің өмірімнен алар орны үлкен. Әрине, әкем мен анамды да ерекше қадірлеймін. Футболдан бос уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын», - дейді футболшы.

 

«Алладан жеңіс сұраймын»

Месут Өзіл бес уақыт намазынан бөлек әр ойынның алдында Аллаға құлшылық етіп, өзіне көмек сұрайды. Ол туралы журналистерге берген сұхбатында: «Әр матчтың алдында  намаз оқып, кейбір Құран аяттарын қайталаймын. Сонымен қатар Алладан өзіме жеңіс сұраймын» деген еді. Оның пікірінше де, өзінің  барлық жетістіктерінің сыры намаз бен Құранда жатыр. Құраннан қуат алатынын тілге тиек еткен ол: «Құран менің жан дүниеме тыныштық сыйлайды. Құлшылық жасап жатқан кезде менімен сөйлесуге болмайтынын командамдағы әріптестерім жақсы біледі», - деп достарының оның сеніміне құрметпен қарайтынын көрсеткен.

 

Роналдуға Құран үйретіп жүр

Өткен жылы үздік футболшы әрі алтын доптың иегері атанған, талай жас футболшылардың кумиріне айналған Криштиану Роналдуға Өзіл Құран оқуды үйретіп жүрген көрінеді. Месут: «Роналду Құран оқуды үйретуімді әрдайым өтінеді. Қазір ол араб әліпбиін толықтай болмаса да біршама меңгеріп қалды» дей келіп, португалдық досының Хақты танып, Исламды қабылдауына себепші болсам деген тілегі барын жасырмайды. «Криштиану Құранды тыңдағанды қатты жақсы көреді және дінім туралы айта бастасам, өзгеше ықыласпен тыңдайды. «Фатиха» - Роналдудың сүйікті сүресі» дейді Өзіл. Өзілдің себебінен осы бір тамаша футболшы Исламға келіп жатса, ол – мұсылман әлемі үшін де үлкен қуаныш болар еді.

 

Өзіл – Ислам дінінің қорғаушысы

Испанияның суперкубогына талас кезінде мадридтік «Реал» клубының жартылай қорғаушысы Өзіл барсалық әріптесі Давид Вильямен жасыл алаң үстінде қатты сөзге келіп, тіпті бір-біріне қол көтеруге дейін барды. Маңайындағы өзге ойыншылар дер кезінде ажыратып үлгеріп, екеуі де қызыл карточкамен алаңнан қуылды. Әрине, алаңдағы ойыншылар үшін де, оны сырттай тамашалаушы жанкүйерлері үшін де бұл өте ерсі жағдай еді. Кейін кикілжіңнің себебі сұралғанда Месут: «Вилья Исламға тіл тигізді, қорлады. Дінімді қорғамақ ниетпен осындай қадамға бардым», - деп түсіндірген болатын. Осыдан кейін-ақ Өзілдің мұсылмандар арасындағы абыройы асқақтап жүре берді. Оны жұрт дінінің қорғаушысы санай бастады.

 

Өзілдің жеке өмірі

Месут жеке өмірі туралы жиі айта бермейді. Бар-жоғы 25 жастағы атақты жігітке ынтық қыздардың да аз емес екені анық. Оның әнші Сара Коннордың сіңлісі Анна Мариямен кездескені жөнінде ақпараттар ғаламтор ішін шарлап жүр. Тіпті Анна Месуттің ықпалымен Исламды қабылдап, есімін түрікшеден аударғанда «періште» дегенді білдіретін Мелекке өзгерткен деседі. Қалай болғанда да, осы бір мұсылман футболшысына жақсы жар жолығуына біз де тілекшіміз.

 

Мұсылмандығын мақтан тұтады

Батыс пен қатар Шығыс жастарын да еліктірген Әулие Валентин күні келгенде Өзіл бұл мерекені тойлаймайтынын айтып: «Мен бір Аллаға ғана сенетін мұсылманмын», - деп барлық құттықтаулардан бас тартып, өзінің сенімін бәрінен жоғары қоятынын тағы бір дәлелдеді. 

Кішкентайынан  Зиданды кумир етіп, оның допты басқару тәсіліне тәнті болып өскен Өзіл әлемнің ең үздік үш ойыншысының қатарына кіруді армандайды. Өзін неміс азаматы санай тұра, тамырына нәр берген түрік қаны туралы да ешқашан есінен шығармаған ол бәрінен бұрын өзінің мұсылман екендігін мақтан тұтады және шамасының келгенінше діні үшін күрес жүргізеді. Міне, ол – осысымен бізге үлгі.

1 пікір