Құрандағы «Улуль-әзъм» пайғамбарлар
Құрандағы «Улуль-әзъм» пайғамбарлар
2 жыл бұрын 3309
Қалмахан Сейтұлы

Араб тіліндегі «Улу» сөзі «ие» деген мағынаны берсе, «Әъзм» – «табандылық, қайсарлық, қандай да бір іске бел буып, нық сеніммен кірісу» дегенді білдіреді. Сонда, «Улул-әъзм» деп Алла тағаланың әмірлері мен тыйымдарын ең көркем бейнеде іске асыруда табандылық әрі сенімділік танытқан пайғамбарларға айтылады[1].

«Әъзм» сөзі Құранда «сабыр» мағынасында да қолданылады[2]. Құранда:

«Олай болса, (Уа, расулым) табандылық танытқан елшілер қалай сабыр еткен болса, сен де солай сабыр ет...»[3], – дейді. Бұл аяттағы «әъзм» сөзінің мағынасы «табандылық және төзімділікпен ізгі амалын жалғастыру» дегенге саяды[4].

Яғни, пайғамбарға «Алланың уахиын жеткізу барысында табандылықпен сабыр танытқан және Алла тағаланың әмірі мен тыйымдарын ең көркем орындаудың үдесінен шыққан пайғамбарлар сияқты төзімді бол» делінген. Демек, ұлық пайғамбарлар ақиқатты жаю жолында қаншама қиыншылықтарға төтеп беріп, сабыр етті, сондықтан оларға «улул-әъзм» пайғамбарлары делінген[5].

Улул-әъзм пайғамбарлардың кімдер екендігі туралы түрлі көзқарастар да жоқ емес. Сонымен қатар, Құранда:

«Есіңе ал, бір кездері пайғамбарлардан уәде алған едік: сенен, Нұхтан, Ибраһимнен, Мұсадан және Мәриямұлы Исадан... Олардан айнымас серт алдық»[6] - деп, «Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), Нұх (ғ.с.), Ибраһим (ғ.с.), Мұса (ғ.с.) және Мәриям ұлы Иса (ғ.с.) пайғамбарлардың есімдері аталып, олардың улул-әъзм екендігі баян етіледі.

Бұл пайғамбарлар ғұмыр бойы табандылық, төзімділік қасиеттерімен танылды. Мәселен, Нұх пайғамбар ғасырлар бойы қауымының иманға келуі үшін небір жәбір-жапаға шыдап, сабырлылық танытты. Ибраһим пайғамбардың қол-аяғы байланып, лаулаған отқа тасталарда және бауыр еті баласы Исмаилды құрбандыққа шалу бұйрығы келгенде, бар етіңді сылып, жан теріңді сығып алатын сынаққа төтеп, асқан төзімділік танытты. Мұса (ғ.с.) қауымының небір зұлмат зұлымдықтарына, ал Иса (ғ.с.) бұл дүние тіршілігіне алданбай, көрген қиындықтарының бәріне қасқайып сабыр етті.

Пайғамбарлардың барлығы – Алла тағаланың таңдаулы елшілері. Адам мен жын атаулының арасында пайғамбарлардан абзал ешкім жоқ. Дегенмен Құранда айтылғандай дәрежесі өзгелерден жоғары болғандары бір бөлек. Күллі пайғамбарға Алла тағаладан уахи келгенімен, олардың кейбірі ғана ұлы саналған. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 253 аятында былай делінген:

«Осыған дейін саған айтқан елшілердің кейбірін кейбірінен үстем еттік. Алла олардың кейбірімен тілдесті. Кейбірінің дәрежесін басқалардан биіктетті».

Алла тағала кей пайғамбарларға иләһи кітаптар мен парақтар түсірсе, аятта айтылғандай кейбірімен тікелей тілдескен. Енді бір пайғамбарлар нақты бір қауымға жіберілсе, кейбіреулері олардың көмекшісі ретінде танылды. Солардың ішінде соңғы пайғамбар Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) орны бөлек.

Адамзаттың асылына баланған соңғы елші күллі адамзат баласына жіберілгендігімен ерекшеленген. Сол себепті де ол «пайғамбарлардың мөрі» саналған.

«Шура» сүресінің 13-аятында:

«Дін үкімдерін мықты орындаңдар және дінде бөлінбеңдер деп Нұхқа нұсқау еткен дінді және саған уахи еткенімізді, сондай-ақ Ибраһим, Мұсажәне Исаға нұсқаған хақ дінді сендер үшін де Алла дін ретінде әмір етті», – дейді.

Бұл аятта ұлық пайғамбарлардың есімі бір жерде аталған және бүкіл пайғамбарлардың міндеті бір ақиқатты адамдарға жеткізу екендігі білдірілуде.

Барлық пайғамбардың ғұмыры ауыр сынақ ішінде өтсе де, Жаратушыға деген сенімінен зәредей ауытқымаған. Ал өз кезегінде Хақ тағала өзінің тәуекелге бел байлап, қиындықты тайсалмай қарсы алған адал құлдарына көмек жіберді.

"Пайғамбарлар тарихы".


[1] Ибн Манзур, Лисанул Араб, «азм» бабы.
[2] «Таһа», 20/115.
[3] «Ахқаф», 46/35.
[4] Алуси, Рухул мәани, Бейрут, 1985, 36-т., 34-б.
[5] Е.Хамди Языр, Хақ дини Куран дили. Стамбул. 1979. VІ/4363-4364.
[6] «Ахзаб», 33/7.

0 пікір