Саумалдың емдік қасиеті жайында
Саумалдың емдік қасиеті жайында
2 жыл бұрын 16380 jasgalym.kz/

Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Одан қымыз ашытылады. Кейде суытып, қымыздың қорына қосылған сүтін «саумал» деп те атайды.

Сүтті сауғанда қалайы ыдысқа сауса шипалық қасиетін тез жояды. Саумалды қыш ыдысқа, не болмаса ысталған қауаққа сауады. Тағы бір ескертетін жәйт, саумалды бір ыдыстан келесі ыдысқа қотарып мазалай бермейді. Саумалдың шипалы болуына, қымыздың емдік қасиетіне – жылқының жайылымы, жеген шөбі, ішкен суы мен ауасының да әсері бар.

Саумалдың шипалық қасиеті  қырыққа жуық аурудың алдын алады. Әсіресе асқазан, қырыққатпаршақ, өт, бауыр, тоқішек қабынуының алдын алуда маңызы зор. Қан кеселіне тосқауыл, оны «қанның сүзгісі» деп орынды атайды. Ағзаның ауруға қарсы белсенділігін күшейтеді. Обыр клеткаларына тосқауыл болып, буын ауруларына пайдасы тиеді. Ғалымдардың пайымдауынша, саумал – жеңіл қорытылатын белсенді биологиялық өнім. Ол ағзаға сіңірілуі кезінде асқорыту үдерісіне қатысатын ағзаларға (асқазан, ұйқы безі, бауыр, ішек) үлкен жүктеме жасамайды. Сондықтан, дененің қалыпқа келу үдерісін жылдамдатады. Саумал метаболизмді қалыпқа келтіруге, суық тию мен тұмаудың алдын алуға және қатерлі ісік ауруын емдеу үшін қолданылады. Сондай-ақ, саумалдың көмегімен, иммундық жүйенің қызметін жақсартуға және асқазанның ойық жарасын емдеуге болады. Бие сүтінде көптеген дәрумендер, микроэлементтер және басқа да биологиялық белсенді заттар мол. Айта кетерлігі, мұндағы кейбір микроэлементтер, басқа сүт өнімдерінде кездеспейді. Саумалдың құрамындағы С дәруменінің мөлшері сиыр сүтінен 7 есеге жоғары. Қазірде Еуропа ғалымдарының өзі саумалды емдік және диеталық өнім ретінде пайдалануға кеңес береді. 

Көптеген адамдар бие сүтін қалай қолдану керектігін біле бермейді. Негізінде саумалды күніне 4-5 рет, тамақтанудың алдында 20-30 минут бұрын, 250 милиграммнан ішкен абзал. Ем осылай жалғаса берсе бір аптадан кейін, адамның көңіл-күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, асқа деген тәбеті ашылады. Емделу уақыты – 1 ай. Бие сүті сауылғаннан кейін 3 сағаттың ішінде негізгі қасиеттерін жоғалтады, мұны да біле жүрген жөн. Бірақ саумалды мұздату арқылы «өмірін» ұзартуға болады. Осылай еткенде табиғи өнім барлық биологиялық белсенді компоненттер мен дәрумендерді өз бойында сақтайды. 

Дереккөз: Қазақстан әйелдер журналы. №07-08.2020. (шілде/тамыз). 36 б.

0 пікір