Құнанбаймен Меккеде қонақүй салдырған, қажылыққа үш рет барған Досжан хазірет
Құнанбаймен Меккеде қонақүй салдырған, қажылыққа үш рет барған Досжан хазірет
7 жыл бұрын 10065
Мұхтар ШАЙХЫ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері

Тарихы терең, тағлымы танымды ежелгі Тұран, Иран және Араб сахараларында адамзаттың рухани әдебиеті мен мәнді мәдениетін дамыту жолында елеулі еңбек еткен тұғырлы тарихи тұлғалар баршылық. Ислам дініндегі «Хазірет» сөзінің негізі  мағынасы – Ислам әлеміндегі жоғары дәрежелі дін иесіне берілетін діни лауазым болып табылады. Қасиетті ислам әлемінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) дәуірінен басталған бұхара халықты діншілдікке баулып, тәрбиелеу жолында адамзаттың асыл пайғамбарының сахабалары мен мүриттері, соның ішінде Хазірет Әбу бәкір, Хазірет Әли, Хазірет Айша Әбубәкірқызы секілді иманды ізбасарлары исламның хақиқат жолын жалғастырып жүйелі жұмыстар жасады. Солардың тақуалық, діни-сопылық жолын қасиетті Тұран даласында Хазірет Сұлтан (Қ.Йассауи), Хазірет Мүсірәлі сопы (Үш Жүздің пірі), Науан Хазірет, Нұрпейіс Хазірет, Хазірет Досжан ишан секілді діни қайраткерлер жалғастырды.

Солардың біре­гейі – ХІХ ғасырда Қазақстанның батыс аймағында өмір сүрген Хазірет Дос­жан ишан (Досмұхаммед) Қашақұлы еді. Ол – (1815-1890) жылдары өмір сүрген діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық, елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, Досжан ишан 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық ауылы маңайында (Солтүстік Үстірт жазығындағы оған көршілес жатқан Сам құмын, Ембі шөлін) қоныстанған Табын руының Шөмішті тармағынан шыққан. Оның әкесі Қашақ та ескіше хат таныған молда кісі болған деседі. Сондықтан, Досжан хазірет діни сауатын әкесінің көмегімен ашады. Зерт­теуші Cәбит Салқынұлының пайымдауынша, Досжан Орынбордан 18 шақырым жерде орналасқан Қарғалы слабодасының (слабода деп қала тектес селоларды атаған) медреселерінің (мұнда 9 медресе болған) бірінде 12 жыл білім алған. Оқудан кейін еліне келіп, мешітте имам қызметін атқарған шағында Досжан Қашақұлы небәрі 16-17 жас­та болған екен. Өкінішке орай, оның өмірі мен қызметін айғақтайтын деректер бүгінде өте сирек. Алайда, халық оның игі істерінің жарқын іздерін бүгін де көріп отыр. 

2006 жылы «Алаш» тарихи-зерттеу орта­лығы бастамасымен «Қазақ ру-тайпа­ларының тарихы» атты ғылыми-зерттеу жобасы аясында жарық көрген «Табын» атты еңбектің ІІ кітабының 177-178-беттеріндегі ру кестелеріне үңілсек, Кіші Жүз-Жетіруден-Табын, одан-Бозым (Шөмішті аталғы) одан-Асан, Тоқсиық (Үсен) деп көрсетеді. Досжан ишанның бүгінгі ұрпақтары – қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы өңірінде тұрады. Сол өлкедегі Шұбарқұдық ауылынан үш шақырымдай жерде Досжан ишан тұрғызған мешіт-медресенің бүгінде жұқанасы әлі күнге сақталған.

Шежірелі Шұбарқұдық маңындағы ме­шітті ол он саусағынан өнер тамған белгілі Бірман ұстаға салдырған. Мешіт ішінде жүз адам еркін тұрып намаз оқи алатын болған. Жалпы, мешіттің жобасы Қазандағы Юнусов мешітіне қарап жасалған деген пікір де бар. Біреулер алты күмбезді, ал, кейбіреулер тоғыз күмбезді болған деген болжам айтады. «Алты күмбезді» деген пікір шындыққа жанасымды деп білеміз. Байқап қарасақ, екі түсті кірпіш пайдаланылған. Құрылыстың негізгі жұмысына халық көмектеседі. Мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленіп, сырттан түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Аят, хадистер қызыл бояумен бояп жазылған. Бүгінге дейін жеткен деректерге қарағанда, мешіт жанында 150 орындық балаларға білім беретін медресесі, қонақ сыйлайтын орны да болған. Күмбездері Кеңес  өкіметі тұсында құлатылған.  Кердері Әубәкірдің жырларында Досжан ишанның мешітінде мыңдаған шәкірт білім алды деп көрсетеді. Ақынның «Қазағым» жинағында: «Ме­шітті таңғажайып салды оңдап, Ұс­таны Бірман атты алды таңдап, Ойы мен зейіні артық шеберлерді, Қасына жүз шамалы қосты жалдап. Бір жылда салып болды керегесін, Қондырып кісі бойы терезесін. Төбесі бөлме – бөлме іші бұрау, Бағана асты – үстіне жоқты тіреу. Қиық жоқ, белдігі жоқ үстін басқан, Төбесін күмбез қылып бұрып қосқан. Ғажайып нақыштары әрбір түрмен, Жазулы аят, хадис қызыл сырмен. Көргенде сүйек еріп, тәнің балқып, Толғандай мұсылманның көңілі нұрмен» – деп суреттелген. Кеңес үкіметі ке­зінде мешіт алғашқыда дүкен, кейін ат қора ретінде пайдаланылған. 1980-жылдары мешіттің күмбезі жартылай сақталып тұрған деседі. Бүгінде төбесі құлап түскен. Өткен ғасырдың 1990-жылдары Шұбарқұдықта тұ­ратын ұрпақтары мен ағайын-туыстары бірігіп, мешіттің қасынан тағзым ететін орын салдырған. Бүгінде, Хазіретті құрмет тұтып, зиярат ететіндер үзілмейді деседі.

Досжан хазіреттің өзі қолданған мүлкі­нен қазірде сақталып қалғаны – жеке мөрі. Мөр қазір Шұбарқұдық мұражайында сақ­таулы. Мөрдің бетінде арабша: «Аллаға құлшылық етуші молла Досмухаммад ибн Қашақ 1248» (хижра жыл санауы бойынша) деп жазылған. Мөр түсті металдан ойылып жасалған, әдемі тұтқасы да бар. Хазірет Досжан ишан өз заманында Алла разылығын алу үшін Меккедегі қасиетті қағбаға тәуап ету мақсатында үш рет қажылыққа барған екен. Сол сапарларының бірінде, Орта жүзден шыққан атақты Тобықты Арғын Құнанбай қажымен бірлесе отырып Меккедегі «Қазақ Такиесі» қонақүйін салдырған. Бұл туралы  Шәкәрім Құдайбердіұлының өзінің «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» дейтін еңбегінде былай деген: «1872 жылы қажыға барғанда қазақ хажылары түсетұғын Меккеде бір тәкия үй салдырып құдайы қылып еді. 1905 жылдан бастап 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім… бұл тәкия осы күні Кіші жүз Досжан хажының атына жазулы екен» деп атап көрсетеді. 
 Ислам діні өмірге келіп, құлаш жайғалы бері Меккенің қасиетті топырағына бару Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) және атақты сахабалардың қаһармандықтарымен танысып, жүрегімізге жаңару, пенде өміріне үлкен серпін әкелетін құбылыс. Мыңдаған қасиетті естеліктердің қазынасы және Ал­ланың сүйікті Елшісінің (с.а.у.) иісі сіңген топырақтың әрбір бұрышында теңдесі жоқ әлемнің нұрлы сыры жатыр. Пайғамбарымыз (с.а.у.) шыққан ол топырақта өлі жүректер тіріліп, жан рахаты мен қуанышына кенеледі.

Қажылық кезінде мұсылмандардың әр құр­лықтан ағылып келуі психологиялық тұрғы­дан адамның дүниетанымын кеңейтіп, оның тағы бір беймәлім қырын аша түседі. Өз дәуірінде осы наным-сенімді адал ұстанып, соның үкімін тақуалықпен атқара білген Хазірет Досжан ишан Қашақұлы деп дөп айтуға болады. Енді, ғұлама ойшыл, ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеуші, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ҚР Ғылым Академиясы жанындағы Орталық ғылыми кітапханасында сақталған 1177 бумасының 258-259 бетте­рін­дегі жазбаларындағы мына бір деректерге тоқ­талалық: «Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ. «Оқуға сенген – ұмытшақ» деп оқуды керек қылмаған, «жазуға сенген – жаңылшақ» деп жазуды керек қылмаған. Оқу, жазу жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жат болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдыраған. Біздің қазақта шежірені басқа жұрттан ақтарып, тентіреп таптырып алғанын кім екенін сөйлейік.

Қазақ, қазақ болғанда бұл қазақта хажыға әуелгі бастап барған – Уақ Нұркен бай. Төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жыл да қайтып аман-есен еліне, жұртына келген. Сол Нұркен байдан соң екінші қажыға барушы – Күлік Самай сопы, Баянауылда дуан болып аузы ашылғанда ояз болған. Ноғай Байжан хазірет сол екеуі болған, екеуі де сол жақта өлген. Солардың кеткен жылы қой жылы еді, 1858 жыл болса керек. осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп дәл сол жылы туған бала, осы күнде жетпіс жаста отырмын дейді. Яғни, Хазірет Досжан ХІХ ғасырдың 1831 жылы алғаш рет, 1858 жылы екінші рет, 1870 жылдардан кейін үшінші рет баруы бек мүмкін. Әрі қарай ақын Мәшһүр Жүсіп: «Бұл қазақта үшінші қажыға барушылар – тобықты Құнанбай, айдабол қишыл Қыстаубай, Ақмоладан Аққұм, Қосқопадан Шекшек қажы, Атбасардан Егізек Жанайдар, Есіл бойындағы құлан қыпшақтан Құрман баласы Хасен қажы, Мәмбет тоқадан Өзден Сазан ұрпағы Мұхаммедсәлім қажы, Өр Алтайдан Алдажұман немересі Ешмұхаммед қажы, Ертіс бойындағы афай бөріден Құдияр қажы, көкшетаулық атығайдан Қожахмет қажы, егізек Жанайдармен бірге барған Сұлтанқожа қажы, қишыл Қыстаубаймен бірге барған Жәмек қожа, Байзолда ишан. Бұларды қалдырмай жазып жатқаным тірі қайтып келгендерінің бірсыпырасына аузыба-ауыз сөйлесіп, мән-жайына әбден анық болғандығымды түсіндіру үшін, Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан хазірет бар» – дейді. 

Қазақ бұдан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік һәр таптың қасқа-жайсаңы болғандықтан көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байқұстың салпиған тымағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, аңқиған аузын көрген соң көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой. 

Ноғай өкілі мен сарт өкілі таласыпты. Ноғай өкілі: – «Бұлар мәскүптік, мен мәскүп» деп, сарт өкілі: – «Бұлар Бұқар тіл, мен Бұқар тіл кісісімін» деп. Мекке бастығын – шәриф, Мәдине бастығын – шайқы дейді екен. Екі шәрифтің шәрифтері, шайқылары бас қосып, алдарына алдырып сұрапты: – сіздер мәскүпдіксіздер ме, Бұқар тілсіздер ме? – деп. Сонда, қажыбасы Құнанбай екен. ол кісі сөйлепті:

– Біз мәскүп-сәскүбіңді білмейміз, Бұқар тіл-сүқардікін де білмейміз, тіріміздің билігі алдияр ұранды төре де, өліміздің билігі Алда (Алла) ұранды қожа да, жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз – депті. «Қазақ дегенде жұрт болады екен-ау!» деп аң-таң қалысыпты. Тарихты ақтарып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Көпте не жоқ, бір бурыл бас сөйлепті: – «Бұл тарих табылса, Бағдат шәрифте Имам Ағзам кітапханасы деген бір үй бар, жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған, табылса, сонан табылады» деген соң Бағдат шәрифке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті. Бұлар өз ортасынан Кіші жүзде Досжан хазіретті аттандырыпты.

Барған кісілер: – «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес сақабадан өсіп-өніп, өрбіген екен» деп нұсқа көшіріп алып келіп, сонан кейін бұл жүз жиырма кісі ортасынан расхот шығарып, «Қазақ такиесі» деген қонақжай салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, – «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын», деп сонан былай қазақ та ел-жұрт екендігі, пұсырман екендігі әйгіленген. Кейін, бұл қонақ үйді Құнанбай қажы өлген соң, Меккеге қажылыққа барған Кіші Жүз қазақтары Досжан хазіреттің атынан иемденіпті» – дейді. Ойшыл, ғұлама Мәшһүр Жүсіптің осы айтуына қарағанда, жалпы қазақ шежіресінің нұсқасын ең алғаш Хазірет Досжан ишан жинап әкелгені анықталады. Бұны тарихшы Хамит Маданұлының 1994 жылы шыққан «Кіші Жүз шежіресі» кітабында: Кіші Жүз, Табын руының «Бес Есенбай» аталығындағы «Жамантық» тармағынан шыққан Шоңбай Жұбанұлы жырау өлеңмен жазған  шежіре нұсқасында да растайды. Шындығында, Хазірет Досжан өз дәуірінде діни сауатты, жан-жақты ғибратты ойшыл, халыққа тәлім-тәрбие беруде асқан білімпаздықпен еңбек сіңірген, мұсылмандық пен сопылық жолды насихаттаудың жаршысы бола білген деп ой түйіндейміз. Ал, Ишан - деген әулие сөзінің баламасы, сопылық мектептің жетекшісі деген ұғымды береді. Өз заманында әрі Хазірет, әрі ишан атағын алып,  ұлы Жаратушы Алланың барлығы мен бірлігін растап, хақ дініміз исламның иманды жолын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, насихаттауда Хазірет Досжан ишанның қосқан үлесі ұшан-теңіз деп білеміз. Осы жылдың күзінде, Ақтөбе облысында биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында, Хазірет Досжан ишанның 200 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтпекші. Алашқа аты мәшһүр мұндай тұғырлы, текті тұлғаларды тек, атаулы күндерде ғана еске алмай, күнделікті өмірімізде насихаттап, олардың асыл мұраларын бүгінгі ұрпаққа жеткізе білсек құба-құп болар еді.

 

0 пікір