Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір де Құранды жатқа білген
Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір де Құранды жатқа білген
9 жыл бұрын 19983
Марфуға Шапиян

    Нәзір Төреқұлов – шығыстанушы, саясаткер, кеңестік мемлекет қайраткері, журналист, әдебиетші, ғалым, елші. Ол – Сауд Арабиясында консул болған қазақтан шыққан тұңғыш дипломат. Құранды жатқа білген, бірнеше рет қажылық парызын өтеген, мұсылман мүддесін қорғап талай мақалалар жазған Нәзірді бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

   “Елім” деп өткен ерлерді ұрпаққа таныту – журналистің тағы бір міндеті деп біліп, Нәзір Төреқұлов туралы зерттеуімізді өздеріңізге ұсынып отырмыз.  

 

Жұма күнін демалыс жасап, құрбан айтты мерекеге айналдырған Нәзір

   Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Түркістан өңіріндегі Қандоз ауылында дүниеге келген. Бірақ оның туған жеріне қатысты таласты әңгіме әлі күнге дейін бар. Біреулер оны Қоқанда туған десе, кей ғалымдар қазақ жерінде дүниеге келгенін айтады. Саналы ғұмыры Қоқанда өткен Нәзірдің ұлтын өзбектер “өзбек” деп те жүр. Ал Нәзірдің өзі замандасы Шәріп Байшораға: “Мен де өзбек емеспін, ұлтым – қазақ. Түркістан шаһарының іргесінде дүниеге келіп, Қоқанда өскенмін, яғни өзбекке сіңіскен қазақпын”, - деп айтқан көрінеді. Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов те: “Нәзір – өзбек, тәжік тіліндегі тұңғыш оқулықтардың авторы. Нәзір жөнінде алғашқы мақала ол ақталысымен өзбек тілінде “Шарқ” журналында жарияланды. Бірақ онда Нәзірді өзбек ұлтынан деп көрсетті: “Нәзір Төреқұлов – өзбек халқының ұлы перзенті” деген тақырыппен берілді. Мен Нәзір Төреғұлұлы туралы Ташкент архив деректерінен өзі жазған құжаттарда ұлтын қазақ деп көрсеткенін білуші едім. Ол сауатты, көзі ашық қазақ семьясында заманына лайықты тәлім-тәрбие алды, 1905 жылы Қоқандағы сауда-саттық училищесіне оқуға түсті. Нәзірдің әкесі ескіше, орысша сауаты бар, көбінше заң ісімен айналысқан, заманында көп нәрседен хабары бар білімдар кісі болған, сондықтан баласының орысша білім алуына айырықша көңіл бөлген. Нәзір училищені 1913 жылы бітіріп, Мәскеу институтына түседі. Москвада оқып жүрген Нәзір орыс мәдениетін терең үйренумен бірге неміс, француз, түрік, араб, парсы тілдерін жете меңгеріп алды”, – деп жазды. Осы жолдардан-ақ Нәзір Төреқұлов тәрбиеленген отбасының да көзі ашық, көкірегі ояу болғанын байқаймыз. Заңгер болды, қызмет бабымен көшіп- қонып жүрді делінетін әкесі Төреғұлдың діни білімі терең болса керек. Оны Нәзір өмірін зерттеп жүрген Елеусіз Құлымбетовтің: “Төреғұлдың үміт күткен тұңғышы осы Нәзір болады. Бұдан кейінгі екінші ұлы Әбділқадыр және Фатима атты қызы. Нәзірді жете білетін көзкөрген кісілердің айтуына қарағанда ол сегіз тілді білген. Шешесі тәжік қызы болғандықтан парсы тілі Нәзірдің екінші ана тілі санатында еді”, – деп келтірген дерегіндегі балаларына қойған есімдерден де көреміз.

   Жастайынан білімге құмартқан Нәзір 1916 жылғы 25 шілдедегі патша жарлығынан кейін оқудан қол үзіп, майдан тылындағы жұмысқа аттанады. Онда да тыныш жүрмей тылда жүрген түркістандық жерлестерінің басын біріктіріп “Еркін дала” ұйымын құрады. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Қоқанға қайтып келіп, 1918 жылы большевиктер қатарына өтеді. Онда “Халық газетін” ұйымдастырып, қоғамдық-саяси істерге белсене араласып кетеді. Міне, осыдан былай қарайғы 20 жылында Кеңес үкіметіне қызмет ете жүріп қазақтың, діннің мүддесін талай қорғады. Оған ҚРҰҒА академигі Рахманқұл Бердібайдың мына жазғандары дәлел: “Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басшылық қызметті иеленгендердің көбі дін мәселелеріне теріс қарағаны белгілі. Ал Н.Төреғұлұлы діннің адам баласы тарихындағы өзгеше мәнін әуел бастан-ақ анық түсінген, сондықтан да белсенділердің дүрмегіне қосылмаған, діннің қасиетін жоғары бағалаған. Мұны ол өзінің көптеген мақалалары мен баяндамаларында қадай айтып, ұғындырып отырады. “Ислам және коммунизм” деген мақаласында (“Қызыл байрақ”, 16.12.1921) Нәзір исламның пайда болу тарихын айта келіп, оның көптеген ұлттар мен ұлыстарды бірлестірудегі пайдалы қызметін көрсетеді, адамның ождан, наным-сенім бостандығына шек қойылмайтынын мәлімдейді”.

   Нәзір Төреқұловтың тағы бір таңғаларлық әрекеті Түркістан республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеген жылдарында дін мәселесінде үлкен мемлекеттік қайраткерлер ғана бара алатын қадамдар жасағандығы шығар. Рахманқұл Бердібайша айтсақ, оның барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға көшіру туралы үкімет қаулысына (7.12.1921) қол қоюы одан кейінгі ондаған жылдарда Орта Азия халықтарынан шыққан бірде-бір биік лауазымдының түсіне де кірмеген шара. Сонымен қатар, жиырмасыншы жылдардың бас кезінде-ақ мұсылмандардың кәделі мейрамы – Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жарлық шығарған да Нәзір болатын. “Бұл да оның “нұсқаудан” қия баспайтын кейінгі дәуірдегі толып жатқан қуыршақ басшылардан көш ілгері тұрғанын сипаттайды”.

“Мәскеуде тақуа болып күн кешірмектің жолын таппай” қиналған Нәзір

   Нәзір Төреқұлов – басшылық істермен қатар ХХ ғасыр басындағы қазақ журналистикасының дамуына да елеулі үлес қосқан адам. Ол сол кездері жарық көрген қазақ, өзбек, орыс басылымдарының барлығында да өзекті мәселелерді қозғап, маңызды тақырыптарды көтеріп, мақала жазып отырған. Сол жазбаларында ғалым Ислам дініне қатысты ойларын да іркіп қалмай жиі жария етіп отырады. Мысалы, 1919 жылы өзбектің “Дәруіш” басылымында жарияланған “Бірінші дәуірдің үшінші жылы” атты мақаласында Нәзір: “Сәті түсіп “Сараның” отырысында болдым. Мұнан кейін “Бір сағаттық қатын” атты сахналық қойылым көруіме тура келді. Ағузу биллаһ! Бұған не дейін, театр сахнасында фарс қойып, балаган ойнағаннан не шықты? Тамашаға келген әскерилеріміз, яки жас балаларымыз не үйренді, қандай тағлым алды?” – деп, ұяттан, ардан ажырап бара жатқанымызды қатал сынға алады. Ал 1919 жылы 6-желтоқсанда “Дәруіште” жарияланған “Йажуж-Мажуж һәм Шығыс” атты мақаласында: “Ей, Шығыс халқы, тек мынаны біле жүр: Йажуж-Мажуж кейпінде Англия шықты, ол исламияға тізе батырмақшы. Әзірейіл революция Мәскеуден сырнай шалды: Калькутта, Қаһира, Теһран бірлесіп Мысыр, Иран, Үндістан бір майдан болсын. Ресей, Түркия, Ауғанстан болса оларға қол созып, қалқан болар”, - деп діни терминдерді пайдала отырып, әлемдегі саяси жағдайға сауатты талдау жасайды.

   Нәзір діни тақырыпта жазылған мақала, өлеңдерді де қалт жібермей, түзетулер енгізіп отырған. 1925 жылы жарық көрген орыс тіліндегі “Коммунистическая революция” басылымындағы “Исламды зерттейтін көзқарас қандай болмағы қажет?” мақаласында Е.Федоровтың “Орта Азиядағы діннің болашағы туралы” атты зерттеуіне қарама-қарсы пікір айтады, жан-жақты талдайды, кем-кетігін атап көрсетеді. Сосын: “Өзбек әдебиетінде аты белгілі Неймат Хаким Ташкентте “Мұхаммед Алла жіберген пайғамбар ма, әлде жай данышпан пенде ме?” деген тақырыпта көпшілік алдында лекция оқып, оның пенде екенін дәлелдеуге құлшынған көрінеді. Есіл еңбек-ай, халықтың діннен іргесін аулаққа салу ісі не ұтар еді десеңізші”, - деп, халықты діннен алыстатудың ешқандай пайда бермейтінін қынжыла жеткізеді. Нәзір өзгелерді ғана емес, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын, оның ішінде Сәкен Сейфуллиннің 1914-1922 жылдар аралығында жазған өлеңдеріндегі діни қателіктерді де сынайды. “Асау тұлпар” атты мақаласында Сәкеннің “Айт күні” атты өлеңіндегі:

Бүгін айт, құрметті күні Исламның,

Мейрамы күллі момын мұсылманның.

Есігі сегіз ұжмақ ашылған күн,

Халықтың рахмат нұры шашылған күн.

Тәңіріне шүкірлік қылып, тілек тілеп,

Сәждаға барша момын бас ұрған күн.

Сәулесі түскен күні ақиқаттың,

Қалдырған ізгілігі Мұхаммедтің.

Ортақтық, туысқандық, қайырымдылық

Құшағын ашқан күні махаббаттың, - деген өлең жолдарын “Бірінші: сабаз Исламды білмейді. Ақиқаттың қай күні түскенін, “туысқандықтың” қай күні құшағын ашқанынан хабары жоқ”, - деп талдап, замандастарынан діни сауатты өлең жазуын талап етеді.

   Нәзір Төреқұлов Кеңестік атеизмнің келуімен Қазақстандағы Ислам дінінің тынысы тарылып бара жатқанын сезді әрі жоғалып бара жатқан иманын жоқтады. 1927 жылы “Муштум” басылымында жарияланған “Имандылық” атты жазбасында: “Ислам және коммунизм пәлсапасын һәммеге ұғындырмақта бір ғана өлшем болса керек.  – Имандылық, имандылық һәм имандылық. Мәскеуде тақуа болып күн кешірмектің жолын таппай өзім де қапалымын. Ахуалым әуелгідей емес, терең қиялға шомып, мұның себебін де дөп тапқандаймын, сол сәтте көзіме келеңсіз бір көрініс іліне кеткені. Ол немене деймісіз? Ол – иманнан жұрдай бола бастағанымыз”, - дейді. Көптеген замандастары атеизмді жырлап кеткенде Нәзірдің Мәскеуде жатып, биліктің бір шетін ұстап жүріп, мұндай сөз айтуы – ерлік. 

Жалғыз қызы Әнелмен  

 

“Овты” орысқа қайырып, таза қазақ тілін қолдануға шақырған Нәзір

   Нәзір Төреқұлов дінді жақсы біліп, тақуалықты бойына сіңіргенімен қазақ мүддесіне келген кезде біржақтылыққа бармайды. Білімділігінің нәтижесі болар, ұлтының алыс болашағына көз тігіп, қазақ әліпбиі жасалар тұста араб әріпін емес, латын әліпбиін жақтайды. “Жаңа әліпби неге керек?” атты зерттеу еңбегінде Нәзір ғалым тас дәуіріндегі жазу, басқа да жазуларды айта келе, сол кездері Ахмет Байтұрсынұлы секілді ғалымдар қолдап жүрген араб жазуына кеңірек тоқталады. Онда: “Арабтың түбінде кімнен жазу үйренгенін білу үшін арабтың өзінен сұрауды артық көріп, араб тарихын білгендердің ішіндегі атақтысы Жорж Зейданнан жауап алдық” дей келіп, араб жазуының Ислам дінінің шығуынан жүз жыл бұрын пайда болғанын айтады. Солай түрлі әліпбилерді зерттей келіп “Бізге қандай әліпби керек?” атты бөлімде: “Байтұрсынұлы Ахмет мұнан 10 шақты жыл бұрын қазақ емлесін тілге туралап түзеткенде барлық жұрт керектігін біліп, қабыл алды. Ахметтің емлесі арқасында бүгін “тор” деген сөзді “түр”-ден, “тур”-ды “тұр”-дан айыра аламыз. Бірақ Ахмет емле жағынан жазуды түзетсе де, жазудың негізі болған хәріп мәселесін шеше алған жоқ”, - дейді.  Ары қарай Нәзір еш қорықпастан, қаймықпастан “Бізге алыс латыншаны алғаннан орыс әліпбиін алсақ болмай ма?” деген сұраққа: “Орыс әліпбиінің майданы тар. Орыс, бұлғар секілді елдерден басқа онымен жазбайды. Латын әліпбиінің майданы кең. Мұнымен кеңірек майданға шығамыз”, - деп латынға көшудің артықшылығын айтады. Нәзірге сондай сөзді айтқызған көрегендігі, білімділігі болар, бүгінде орыс әліпбиінен құтылып, латын көшу тәуелсіз Қазақ елінің де басты мәселелерінің біріне айналып отыр.

   Сонымен қатар, Нәзір бүгінгі күннің өзінде өзекті болып табылатын фамилия мәселесінің қазақша жазылуын сол кезде-ақ тілге тиек етті. “Темірқазық” журналында жарияланған “Ұлы ма? -Ов па?” атты мақаласында автор: “Біздің қазақ хат жазып қол қойса, кісі атын жазса орысшалап кетеді: Жаманбай Аманбайов” деп жазады. Біздің түркі тілінің салты, заңы осы, бұрынғы атақты билер бізге белгілі өздерінің ғана аттарымен: Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Едіге, Мамай, Ноғай, Жәнібек, Әйтеке... Біз өз жұртымыздың тіл заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз, елге жақындасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді. Сөйтіп біздің айтайық дегеніміз “ов”-ты орысқа қайырып, қазақтың таза тілінің салтын қолдану керек. Бұдан былай қол қойғанда, не сөз арасында біреуді атағанда “Байтұрсын ұлы Ахмет, Дулат ұлы Міржақып, Қожан ұлы Сұлтанбек” деп жазу дұрыс дейміз”, - дейді. Осы бір ғана пікірінің өзінен Нәзір Төреқұловтың патриоттығы, елім деген ер екендігі айқын көрініс табады.  

 

Нәзір Алаш зиялыларына да қамқорлық көрсеткен

   Соңғы кездері Алаш зиялыларын көтереміз деп, Кеңестік идеологияға қызмет ете жүріп, ұлттың мүддесін ойлаған Тұрар, Нәзір, Сәкен секілді тұлғаларымызды төмендету де жиі белең алатын болып жүр. Бірақ азамат болғаннан кейін пікір қайшылығы болмай тұрмайды емес пе?! Кейбір теріс әрекеттеріне бола бүкіл еңбекті жоққа шығару дұрыс нәрсе ме?

   Ғани Мұратбаев өзінің естелігінде: “Маған екеуі де ұнайды. Тұрар Рысқұлов ұстамды, сөйлескен адамына көп көңіл бөліп, үйіріле қалады. Нәзір тіктеу, бітіспес бірбеткей, сөйлескен кісінің сөз саптауынан не айтатынын білетіндей, оның сөзін өзі жалғастырып, әңгімелеп кетеді. Жұмыс үстіндегі жинақылығы мен батыл қимылы жағынан әскери адамға ұқсайды. Ол қаншама оқымысты бола тұрса да қарапайым адам. Ішінен нұр төгілгендей күлімдегені қандай әсем. Тумысынан шешен Нәзір көбірек сөйлейді. Ол сөйлегенде біресе айтыста тұрғандай екі тарап пікірді таластырып, жалтылдап кетсе, біресе сабырмен әңгіме айтып, тәптіштеп түсіндіріп, кейде митингіде сөйлегендей есіп кетеді. Оның сөзін тыңдағандардың бейтарап қалмайтынын ойласаң, көпшілікпен қалай сөйлесуді осы кісіден үйрену қажеттігін мойындайсың. Халқынан бөлектенбеген Нәзірдің үйіріліп тұрған қаншама игілік, бақ-дәулеттен безгенін ұмытуға болмайды”, - дейді олар туралы. Нәзір большевик болса да Алаш зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған. Сонау 1917 жылдары Әлихан Бөкейханмен хат жазысып, оның тапсырмаларын да орындап тұрған. Тек алаштықтар жеке үкімет құрып, бөлек кеткен тұста Нәзір большевиктер қатарына өтті. Ал кейін Әлихан бастаған топ Кеңес үкіметін амалсыз мойындағанда, олармен бірден байланыс орнатқан да осы Нәзір болды. Мәскеудегі Әлихан Бөкейханның елдегі Ахметке 1925 жылдың 16 мамырында жолдаған хатында: “Біздің Нәзір Шәңгерей, Шоқан, Ыбырайды (Алтынсары) кітап қылып шығарайық деді. Мен жарайды дедім. Өзім Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермекпін. Шоқанды өзің жаз дедім”, - деген жолдар кездеседі. Әлиханның “Біздің Нәзір” деп іштарта айтуының өзі талай нәрсені аңғартса керек. Ал белгілі ғалым Бейсембай Кенжебаев Нәзірдің кабинетінде ұлт көсемі Әлихан Бөкейханды кездестіргенін былай әңгімелейді: “Біз бір барғанда Әлихан Бөкейханов Нәзірдің кабинетінде отыр екен. Таныстырды. Әлекең: “Оқыңдар, оқыңдар, балалар. Заман сендердікі”, - деп отырды. Кейін білсем, Мәскеуде тұратын Әлихан Бөкейхановты Нәзір аударма ісіне тартып жүреді екен. Нәзір кабинетінде біз түркі дүниесінің көптеген азаматтарын көріп, кездесіп жүрдік. Ол өз әңгімесінде түркі тектес халықтардың ауыз әдебиетін жүйелеп шығарғысы келетінін айтар еді”. Академик Рахманқұл Бердібай болса: “Ерекше айтуды керек ететін мәселе – Нәзірдің ХХ ғасырдың 20 жылдарында ұлтшыл атанып, Совет үкіметі басшыларының және жергілікті жандайшап белсенділердің қырына ілініп, шеттетіліп жүрген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды қайраткерлерді қамқорлыққа алып, қызметке тартуы. Бұл – Нәзірдің қазақ халқының тарихын, мәдениетін жетік білетін ұлттық даму көсемдерінің өшпес еңбегін бағалағандығының белгісі. Жасырын тергеу органдары 1937 жылы Нәзірді жазықсыз мерт еткенде оның “Алашорда” жетекшілеріне көрсеткен құрметін кешіре алмаған болса керек деп ойлаймыз”, - деп жазды. Біз де Нәзірдің атылуына осы бір таныс-білістіктің әсері көп болмаса, кем болмады деп ойлаймыз.  

 Фейсал ханзада жан-жақтан келген елшілермен. Арасында Нәзір Төреқұлов та бар. Жидда, 1929 жыл.

Нәзір – Кеңес үкіметінің Сауд Арабиясындағы елшісі

   Н.Төреқұлов өмірінің соңғы жылдарында Сауд Арабиясына бүкіл СССР атынан елші ретінде жіберіліп, бұл қызметті абыроймен атқарды. 1927 жылдың 16 қарашасында Сталинге жолданған құпия хатта Нәзірге қатысты мынандай жолдар бар: “CIXK Алқасы Геджазға (Хижаз) мұсылман әлемі мен дүниетанымының ірі білгірлерінің бірі болып табылатын және біздің Геджаздағы өкілдерімізден талап етілетін күрделі әрі нәзік саясат жүргізуге бейімді Төреқұлов жолдастың кандидатурасын ұсынуды ұйғарып отыр. Төреқұлов жолдастың өзі де Мароккодан Индонезияға дейінгі мұсылман әлемін шолуға мүмкіндік беретін осы қызметті атқаруға бірнеше рет ықылас білдірген”. Нәтижесінде 1928 жылы Нәзір Төреқұлов елшілік қызметке аттандырылды.   

   Сәрсен бек Сахабат “Төреғұлдың Нәзірі” атты кітабында: “Нәзір кейінгі үйленген жұбайы Нина Александровнамен бірге 1928 жылдың 26-шілдесінде “Ленин” теплоходына мініп Одессадан Стамбулға, әрмен қарай Неаполға жетіп, осында “Франческо Криспи” параходына мініп, 29-қыркүйекте аман-есен Жидда қаласына келіп түседі. Өзін сырт көзге ықыласты қарсы алған араб елінде ол 3-қазан күні Мекке қаласында король ұлы Фейсал бекзадаға сенім грамотасын тапсырады” деп жазса, Низами атындағы Ташкент педагогика институтының профессоры Сейдуәлі Тілеуқұлов: “Нәзір әсіресе, Құран Кәрімді жатқа айтады екен. 1928-1936 жылдар аралығында Сауд Арабиясы жерінде қызмет етеді. Сегіз тілді жете меңгере білуі, сыналған мемлекет қайраткері ретінде танылуы нәтижесінде оған ең жауапты қызметтер жүктеліп отырды. 1928-1932 жылдары Н.Төреқұлов Кеңес Одағының Хижаздағы (Сауд Арабиясы) бас консулы, кейін 1932-1936 жылдары өкілетті елшісі болып істеді. Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Кеңес мемлекетінің сыртқы саясатын жүзеге асыруда екі ел арасында саяси және сауда қарым-қатынасын нығайтуда көп үлес қосты. 1929 жылы Сауд Араб мемлекетінің королі Ибн Саудтың қабылдауында болып, достық байланыстың негізін қалады. Оның елшілік қызметін арабтар әрдайым жоғары бағалап отырды. Ол жердегі халықтардың тарихы, мәдениеті жөнінде еңбектер жазды”, - деген деректі келтіреді.   

   ХХ ғасырдың басында Сауд Арабиясының сол кездегі алпауыт мемлекет Англиямен қарым-қатынасы шиеленісе түседі. Міне, сол кезде араб елі, КСРО-ға арқай сүйейді. Арқа сүйегенмен де, 1929 жылға дейін арадағы саяси келісімшартқа қол қоймай тұрады. Әлемдік талас-тартысқа батыл араласқан Нәзіл екі мемлекет арасындағы келесімге де қол жеткізеді. Қаржы министрі Абдулла Сулайманды КСРО-мен сауда-саттық келісімін жақтауға көндіреді.

   Бұл туралы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Сауд Арабиясында дипломат болған, Н.Төреқұлов жайында зерттеу жүргізіп, ол туралы ғылыми және көркем кітаптардың авторы Тайыр Мансұров былай деп жазады: “1930 жылдың ақпанында Меккеде Н.Төреқұлов ханзада Фейсалға өзінің Өкілетті министр және Төтенше елші ретіндегі (сол уақыттағы жаңадан құрылған мемлекеттерде қолданылатын жоғары дипломатиялық қызмет) сенім грамотасын тапсырды. 1931 жылдың 2 тамызында Н.Төреқұловтың және бекзада Фейсалдың қатысуымен, кредит есебінен 150 мың долларлық Кеңес бензині мен керосинін жеткізу жөніндегі шартқа қол қойылды. Бүгінде әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел саналатын Сауд Арабиясының қалыптасу жылдарында оны ең қажетті нәрсе бензин және керосинмен қамтамасыз етуде біздің отандасымыздың басты рөл атқарғаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатып, Нәзір Төреқұловтың арабия дастанына ерекше ден қойып, тереңірек үңілуге жетелейді. Бұл істегі оның бастамасы мен еңбегі Кеңес үкіметі тарапынан жоғары бағаланды”. Сенім грамотасын қалай тапсырғаны жөнінде Нәзір өз күнделігінде: “26 ақпан, 1930 ж. Тағы да Меккеде. Сағат кешкі 10-да (бұл рамаданға байланысты) корпус бойынша жарияланған тәртіптің барлық талаптарын сақтай отырып, қасыма Түйметов және әмір Халидбейдің адъютантының еруімен Қағбаның қарсы алдындағы “Хамидиеге” келдім. Құрметті қарауыл қойылған. Тамашалап көруге жиналған халық. Ауызғы бөлмесінде 3-4 минут кідірістен кейін сыртқы істер министрлігі шенеуніктері қатысуында әмір Фейсалдың қабылдауында болдым. Екі тараптан сөз сөйленді, сосын грамота тапсырылды. Бізге деген ерекше құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде менің грамотаны тапсыруым “Лялятил-Қадр” (Қадыр түніне) сәйкес орайластырылды. Мұсылмандардың нанымы бойынша бүгінгі түн аса қасиетті түн болып саналады. Тағдыр бізді Меккеде алда не жазып тұрғанын көрерміз”, - деп әңгімелейді. Тағдыр Нәзірге талай сый әзірлеген екен. Ол бірнеше рет қажылық парызын өтейді, талай рет умраға барады. Оның мұсылмандығына тәнті болған араб жағы жіби бастайды. 1933 жылдың ақпанында бес жылға созылған ұзақ келісім- шарттар нәтиже беріп, Нәзірдің пайдасына шешіледі. Ол өкілдік жанынан әйелдерге арналған аурухана аштырып, онда әйелі Нина Левашева қызмет атқарды. Сол жерден смототологиялық кабинет аштырып, тіс дәрігері Мерзонды алдырды. Екі жақтың ынтымақтаса әрекет етуіне барын салып қызмет етіп жүрген Нәзірдің оптимизмге толы хаттарына КСРО-дан тек 1936 жылдары салқын жауап келе бастайды. Ақыры соңында 1936 жылдың қаңтарында оны елге қайтарады. Орнына келген кеңестік өкіл де көп ұзамай, кері шақырылып алып, екі елдің қарым-қатынасы содан  1990 жылға дейін үзілген екен. Ал Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасындағы келесі дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылдың  30 сәуірінде орнатылды.

Өзі құрысқан үкімет, өзін өлтірді

   1936 жылдың 3-қаңтарында Таяу Шығысқа қызығушылығы төмендеген КСРО Нәзірді жұмысынан босатады. Париж, Берлин арқылы Мәскеуге қайтып келген Нәзіл бос жүргенше деп Ұлттар кеңесі жанындағы тіл мен жазу институтына жұмысқа тұрады. Түркі-татар тілдері бойынша ғылыми ізденіске кіріседі. Кейін 1937 жылдың шілде айына дейін Шығыс халықтарының тілі мен әдебиеті институтының ғылыми қызметкері, институт проректоры болып қызмет атқарды.  Ал 1937 жылдың 15-шілдесінде ордер шығып, 17-шілдесінде қамауға алынады. Пантүрікшіл Т.Рысқұловпен байланысы болды әрі КСРО-ны құлату үшін Түркияға тыңшылық қызмет атқарды деген айыппен 1937 жылдың 3-қарашасында есіл ер атылып кете барады. Ширек ғасырға жуық уақыт оның да аты аталмады, ұрпағы қуғын көрді. Қызы Әнел өз естелігінде: “Әкем ұсталған соң үйіне арнайы барып көрдім. Түк қалдырмай үптеп кеткен, жап-жалаңаш. Марка жинастыратын альбомымды, әкемнің суретін іздеп келген ем, таба алмай жылап жібердім. Әкем ұсталып кеткен соң қатты қорықтық. Фамилиямды өгей әкемнің атына ауыстырып жіберген, онысы маған ұнамайтын іштей наразы жүрдім. Соғыстан алдын қауіптеніп мені Қоқандағы нағашыларымның үйіне жіберді. Бірер жыл сонда оқыдым. Комсомолға қабылдап жатқанда қитығым ұстап: “Мен Нәзір Төреғұловтың қызымын!” деп айтып салдым. Сөйтсем олар әкемді жақсы біледі екен. Ештеңе демеді, керісінше арқамнан қағып, маңдайымнан сипады”. Ұлты үшін толассыз еңбек еткен есіл ерге туған жерінен топырақ та бұйырмады. Тек ақталып, есімі еліне қайтқанда ақын Мұхтар Шаханов:

Біздің елде заманында ғалам назар аударған,

Өзге түгіл өз ұлтынан шеттетілген Таулар бар.

Ол Тау сенсің – Нәзір аға, қазағымның нар Тауы,

Дәуірінің қасиеті, өр рухты арқауы.

Ортаймапты әлі сенің алғыр, асау дарының,

Талай елге шашсаң-дағы жүрегіңнің жарығын.

Қаншама жыл саған құйған азаматтық арынын,

Туған жерге оралғаның жақсы болған алыбым! – деп жыр арнап жатты. Арада қаншама жылдар өткенде Ресейде тұратын, бір ауыз қазақша білмей, қазақ жерін көрмей өскен қызы, ұрпағы Әнел ұлтының Нәзірді жоқтап жатқанын естіп, өзін әкесінің туған жеріне жерлеуді өсиет етіпті. Тағдырдың талқысына түскен қыздың әке алдындағы міндетін осылай орындағысы келгені ме, кім білсін...

Қоғам қайраткерінің атылар алдындағы соңғы суреті

3 пікір