Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр-сипаты мен дене бітімі
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр-сипаты мен дене бітімі
4 жыл бұрын 8042

Барлық пайғамбарлар жаратылыс жағынан адамзат атаулының ең сүйкімдісі, әрі ең кемелдісі. Біздің Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да бүкіл адамзаттың, әрі пайғамбарлардың ең кемелдісі. Аллаһ Тағала оған теңдесі жоқ рухани ерекшелік беруімен бірге, теңдесіз құдіретті де, әсем етіп жаратқан. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұны былай түсіндіреді: 

«Алла Тағала жіберген бүкіл пайғамбарларына жағымды дауыс пен ажарлы келбет берген». Сендердің пайғамбарларыңды да жағымды дауысты, әрі әдемі келбетті етіп жіберген.(1)

Аллаһ Елшісінің жаратылысы мен мінез-құлқын айтып түсіндіретін жазбаларды «Хилия» немесе «Шәмайл» дейді. Оның мінезі мен жаратылысын баяндайтын шығармалар "бақытты дәуірден" (Хазіреті Пайғамбар өмір сүрген кезең) бастап, күні бүгінге дейін маңызы зор құнды деректер болып табылады. Сахабаларының айтқандарына қарағанда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дене бітімі мен түр-сипаты мынадай еді: 

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бойы, дене ағзалары, бітімі бір-бірімен үйлескен өте жарасымды еді. Ол ұзынға жақын, орта бойлы еді. Көпшілік арасында еңсегей бойлы көрінетін еді.

Маңдайы ашық әрі кең еді. Қастары жаңа туған айдай және бір-біріне жақын тұғын. Қабағы ашық болатын. Көздері мөлдір, кірпіктері қара және ұзын еді. Терлеген кезде нұрлы жүзінен аққан тері маржан моншақтарындай мөлтілдеп төгілетін және ерекше бір хош иіс шығатын.

Қыр мұрынды, дөңгелек жүзді, беті сопақтау келген, мойыны ұзындау еді. Тістері маржандай тізілген. Сөйлегенде алдыңғы тістері жылтырап тұратын(2). 

Иықтары кең, қолы мен балтыры жуан, қолы ұзын, саусақтары салалы еді. Кең кеуделі, қарны мен кеудесі оқтай тартылған, шымыр еді (қарны жоқ). Аяқтары жалпақ табан емес, шұңқырлау еді. Сүйегі ірі, денелі, күшті және бұлшық еті тығыз еді. Жауырынында пайғамбарлық мөрі бар еді. Бұл мөр көгершін жұмыртқасының үлкендігіндей, түсі қызыл және жұмырлау болатын. 

Денесі жұмсақ, ал тәнінің түсі не аппақ емес, не қоңырқай емес, раушан гүліндей қызғылттау, әрі нұрлы, ажарлы еді. 

Шашы толқындалған. Сақалы қалың, бір тұтам еді. Шашын өсірген кезде құлағының ұшынан асып тұратын.  

Қайтыс болар кезде шашы мен сақалы ағара бастаған. Шаштарында біраз ғана, ал сақалында саусақпен санарлықтай ақ бар еді. Денесі таза, хош иісті еді. Үстінен үнемі жағымды иіс шығатын. Біреу онымен қол алысса, оның хош иісі сол адамнын, мұрнынан күні бойы кетпейтін.(3).

Кіндігі кесілген және сүндеттелген қалпында туылған еді. Сезім мүшелері өте күшті еді. Алыстағыны да көріп, еститін.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айбынды пішіні бүкіл құрметті сахабалары мен Оны көрген басқа адамдарға да үлкен әсер ететін. Ол адамзат атаулының ең көріктісі және ең нұрлы жүздісі еді. Оны сипаттағандар жарқырап көрініп тұрған «толған айдай әдемі» деп сипаттайтын(4). 

Ардақты сахабалардан Жәбир (радиаллаһу анһу) былай дейді: 

«Мен бұлтсыз бір түні айдың толық кезінде алдымен Мұхаммедке (саллаллаһу әлейһи уәсәлләм) одан кейін айға қарадым. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көркі айдан да нұрлы екен»(5).  

Тағы да ардақты сахабалардан Бәра (радиаллаһу анһу): 

«Пайғамбарымыздың жүзі өте көркем, әрі сүйкімді еді»- деп еске алады(6).

Пайғамбардың сөйлеуі мен күлуі

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдармен сөйлесуі балдай тәтті, әрі әсерлі еді. Қаз дауысты еді, сөздерді анық айтатын, тіпті, тыңдаушылары сөздерін тез жаттап алатын. Айтқандарын, көбінесе, үш рет қайталайтын, сөйлеп тұрған кезінде басын жоғары ұстайтын. Ешкімге жаман сөз айтпайтын және ешкімнің сөзін бөлмейтін. Мылжың сөз бен құрғақ сөзге әсте жоқ еді. 

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алғашқы жұбайы Хазіреті Хадиша (радиаллаһу анһә) анамыздың бірінші күйеуінен Хинд деген бір ұлы бар еді. Хинд (радиаллаһу анһу) сөзге мықты, шешен еді. Хазіреті Хасан (радиаллаһу анһу) бір күні Хиндтен (Хадишаның баласы): 

- Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөйлеу мәнері қандай еді? - деп сұраған еді.  Сонда Хинд:

- Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһтың ұлылығы және (адамзаттың хал-ахуалы жайында) өте терең ойланып, үнсіз отыратын. Қажетсіз жерде сөйлемейтін. Сөйлегенде әр сөзді түсінікті, әрі айқын айтатын. Әлденені нұсқағанда, қолын толық көтеретін. Бір нәрсеге таң қалғанда қолын бүгіп қалатын. Кейде бір нәрсені айтып жатқанда екі алақанын бір-біріне соғатын. Әзілдеген кезде алдына тіке қарап, кірпігін төмен түсіретін. Сирек күлетін, көбінесе күлімсірейтін» - деп жауап берді(7).

Кейбір риуаяттарға (нақыл сөздер) қарағанда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ешқашан қарқылдап күлмеген. Пайғамбарымыз ашулы кезінде де, жайбарақат кезінде де әрқашан хақты (шындықты) айтатын. Жақсы сөйлейтін және сөзі шашырап жатқандарға ілтипат көрсетпейтін. Айтпақ ойын және түсіндіретін кейбір мәселелерді астарлап айтатын. Ол үнсіз қалғанда ғана сахабалары сөз алатын.

"Пайғамбарымыз (с.а.у.) және Оның күнделікті іс-әрекеттері". 
Проф. Др. Хасан Камил Йылмаз

1. Ибн Сағд, Табақат, 1-том, 376) 
2. Мүслим, Фадайл, 109/2344. Тирмизи, Әбу Иса Мұхаммед: «Шәмайлул-Мухамәдииә»; Мұхаммед Акиф Әз-Зәби. Жиддә 1983, 22-24)
3. Мүслим,Фадайл, 2331, 2332; Ахмет бин Ханбәл, ІІІ, 107, 200, 222

4. Ахмет бин Ханбәл, III, 25. 28
5. Дарими, Муқаддимә, I, 30
6. Мүслим, Фадайл, 92-93
7. Шәмәйлул-Мухаммәдииә, 166

1 пікір