Пайғамбарлардың барлығы, әсіресе, Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) берген уәдесіне өте мұқият болушы еді. Мұны төмендегі бірнеше мысалдардан байқауға болады.
Әбу Рафи Құрайыш тарапынан Мединаға жіберілген құл болатын. Мәдинада Расулұллаһты (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көргеннен кейін, Оған жан-тәнімен беріле мұсылман болып, Мәдинада қалдыруын өтінеді. Расулұллаһ (саллаллаһу әлейһи уәсәлләм) оған:
«Елшілерді алып қалу дұрыс емес. Меккеге орал. Ол жерге барған соң қайтып келемін десең, келуіңе болады», - деп, ұсынысын қабылдамаған еді1.
Ал, ол Меккеге оралды. Бірақ кейін келіп, мұсылмандар қатарына қосылған еді. Ол кездегі Мекке мүшріктерімен жасасқан Хұдайбия келісім-шартындағы талаптың бірі - Меккеден Мәдинаға баратын әрбір Меккелік азаматты Құрайышқа кері қайтару тиіс болған.
Дәл осы шарт қабылданған сәтте Меккеде мүшріктер тарапынан «мұсылман болыпты» деп кісенделген Әбу Жәндал (радиаллаһу анһу) бір жолын тауып, қашып мұсылмандарға келіп қосылған болатын. Бүкіл мұсылмандар осы көріністен үрейленіп, Әбу Жәндалды (радиаллаһу анһу) кері қайтарып бергілері келмеген еді. Алайда, Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол кездің өзінде Әбу Жәндалға (радиаллаһу анһу) келісім-шартты бұзбау керектігі жазылған үлгіні көрсетіп:
«Сабыр ет! Біз берген сөзімізден айнымаймыз. Аллаһ Тағала саған шығар жолды көрсетеді», - деді2.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығынан бұрын Абдуллаһ бин Әбу Әмсамен (радиаллаһу анһу) сауда-саттық жасаған еді. Бір күні Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) есептесу үшін сол адаммен бір жерде кездесуге келіседі. Ал, Абдуллаһ (радиаллаһу анһу) бұл сөзді ұмытып кетеді. Тек үш күннен кейін ғана берген сөзі есіне түсіп келгенде, Расулұллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзін әлі күтіп тұрғанын көреді. Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Абдуллаһты (радиаллаһу анһу) көріп:
«Абдуллаһ, үш күннен бері сені күтіп отырмын»,- деп қана қоя салған3.
Бәдір соғысы кезінде Расулұллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қосылу үшін келген Хұзайфа мен оның бір жолдасы мүшріктермен соғыспайтындығына сөз берген еді. Олар Расулұллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кіріп, оқиғаны айтып, дін үшін соғысатындар қатарына қосылғылары келетіндіктерін де айтып өтеді. Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға:
«Жоқ, біз берген сөзімізге берік болуымыз керек. Біз тек Аллаһтан ғана көмек сұраймыз. Оның көмегі біз үшін жеткілікті», - дейді4.
1) Асры Сағадат, ІІ, 104.
2) Бұхари, Сулх, 7.
3) Әбу Дәуіт, 88.
4) Мүслим, Жиһад, 35