Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көп әйелмен үйленуіндегі негізгі хикметтер мен себептер
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көп әйелмен үйленуіндегі негізгі хикметтер мен себептер
2 жыл бұрын 4313

Алла Тағала тарапынан елші ретінде жіберілген ерекше тұлғаның көп әйелмен некелесуі алғаш қарағанда ерсі көрініп, көңілге (Құдай өзі кешірсін) кейбір күмәнді сұрақтардың оралуы табиғи нәрсе. Алайда Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) өмірбаянын зерттеп, Оны жақыннан танығанда ғана күдікті ойлардан арылып мәселенің астарындағы ақиқатты аңдаймыз.

Исламға қызғанышпен, дұшпан көзімен қарағандар, әсіресе, мунафиқтар Пайғамбарымыздың бірнеше әйелмен некелік одақ құруын сынап, өздерін де, өзгелерді де Ұлы тұлға жайлы кертартпа пікірге итермелеген. Мұндай ойдың астарында күпірлік бар.

Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) көп әйелмен некелесуіндегі негізгі себептерін түсіндірмес бұрын, Оның (с.а.у.) дін дұшпандары айтқандай «әйелқұмар, нәпсіқұмар» емес екендігін дәлелдеп көрелік.

Ең алдымен Оның (с.а.у.) өмір сүрген ортасын, қоғамын жете білу қажет. Ол дәуірде қараңғылық пен надандықтың шегіне жеткендігі соншалық, күштілер әлсіздерді қанап, әйел атаулы қорланып, қыз баласы тірідей көміліп, зинақорлық мақтанға айналған-тын. Зинақорлық ашық жария етілген қоғамда, әрі физиологиясына әсер ететін ыстық климатта туып-өскен, ажарымен, сымбатымен жұртшылықты тамсандырған Пайғамбарымыздың жиырма бес жасына дейін, яғни, Хадиша анамызбен некелескенге дейінгі өмірінде шынайы адамгершіліктің үлгісін көрсетуі, пәк табиғатын сақтауы – Оның асқан жігерлілігін аңғартады.

Пайғамбарымыз жиырма бес жасында өзінен он бес жас үлкен жесір әйел Хазіреті Хадиша анамызбен некелесіп, шаңырақ көтерді. Бұл киелі шаңырақ Хадиша анамыз қайтыс болғанға дейін яғни, тура жиырма үш жыл отбасылық өмірдің өнегелі ошағы болды. Бұдан кейін Пайғамбарымыз бірнеше баласымен қайтадан төрт-бес жыл бойдақ қалды. Бұл кезде Пайғамбарымыз 53 жаста еді. Алла елшісі (с.а.у.) егер бәзбіреулер айтқандай нәпсіқұмар, әйелқұмар болса қалайша төрт-бес жыл үйленбестен, ұятты істердің көлеңкесіне жоламастан өмір кешті?

Пайғамбарымыздың басқа әйелдермен шаңырақ көтеруі үйленуге қажеттіліктің азайған шағында яғни, елу үш жасынан кейін жүзеге асқан. Бұл жастан кейін үйленудің астарынан әйелқұмарлық, нәпсани сезімдер емес, басқа терең мағыналар іздеу ақылға жақынырақ болар.

Бұған қоса Пайғамбарымыздың Айша анамыздан басқа некелескен әйелдерінің бәрі жесір қалған, тіпті көбісі балалы-шағалы екенін ескерсек, Оның барлық некелерінде нәпсәни сезімдер емес, терең хикметті мақсаттардың бар екенін аңғарамыз:

1) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әйелдерге байланысты көптеген ислами үкімдерді оларға тікелей түсіндіруі оның табиғатына теріс болғандықтан ақ некелілері арқылы жеткізуі ең дұрыс жол. Көптеген әйел сахабалар өздеріне байланысты мәселелердің үкімін тікелей Пайғамбарымыздан сұрамай, Оның әйелдері арқылы сұратып білетін-ді.

Мүміндердің аналары саналатын пайғамбарымыздың ақ некелілері барлық өмірлік маңызы бар сұрақтардың жауабын сахаба ханымдарға жеткізіп, ислам дінін насихаттауға үлес қосқан. Ислами қағидалардың біздің заманымызға дейін жеткізілуінде осы аналарымыздың еңбегі орасан. Әсіресе, хадистер және отбасылық өмірдің қыры мен сыры Пайғамбарымыздың әйелдері арқылы жеткен. Мысалы, түнгі намаз және өзге де ғибадаттардың жалпы тәртібін ұлы аналарымыздың риуаяттарынан оқып үйренудеміз.

2) Расулуллаһтың кейбір жұбайлары - құрайш тайпасының, яһудилердің (иудаизм) басшыларының қыздары болған. Ол белгілі қауымның не тайпаның басшысының қызымен некелесу арқылы өзге дін өкілдерінің немесе дінсіздердің исламмен танысуына дәнекер болуды мұрат еткен. Осылайша олардың Исламға, мұсылмандарға деген қастықтарын жойып не жұмсартып, ал егер бұрыннан дос болса, достықты нығайта түсуді көздеген. Мысалы, Жуайрия және Үмму Хабибамен некелесуі осындай ниеттен туған. Сондай-ақ, исламның ата жауы, яһудилердің басшысы Ибн Ахтабтың қызы Хазреті Сафи пайғамбарымызбен үйленген соң өз туыстарын ақиқат жолға насихаттап, олардың мұсылман атануларына себеп болған.

3) Расулаллаһ ислам жолында шейіт болған сахабалардың қорғансыз қалған әйел, бала-шағаларын мүшріктерге қорлатпау үшін оларға иелік ету мақсатымен некелескен. Хазреті Сәуда, Хазреті Хафса, Хазреті Мәймуна аналарымыздың үйленуінің астарында осындай себептер бар.

4) Ең жақын жолдастарымен туыстық қатынас орнатқан. Қиын сәттерде қасынан табылатын адамдармен арадағы рухани жақындықты күшейтіп, оларды «әһли бәйт» қатарына қосып, оларды да дән риза еткен. Хәзіреті Айша анамыз Сыддық досы Хазреті Әбу Бәкірдің, Хазреті Хафса анамыз өжет сахаба Хазреті Омардың қызы еді.

Осынау себептерге мән беріп, ойланар болсақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көп әйелге үйленуінің өзі құдіретті Алланың хикметті ісі екеніне көзіміз жете түседі. Пайғамбарымыздың көп әйелге үйленуі өз қалауымен емес, Алланың әмірімен жүзеге асқандығын ескерсек, мәселені тәптіштей берудің өз артық.


«Имам әліппесі», ҚМДБ, Алматы-2013 ж.

0 пікір