Расулаллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм ешқашан көтеріңкі дауыспен сөйлемеген. Адамдардың қасынан ақырын әрі жайдары жүзбен өтетін. Бір адамнан дөрекі, тұрпайы сөз естісе де оның бетіне еш нәрсе айтпайтын. Оның келбетіндегі өзгерістер ішкі жан дүниесінің бейнесі болғандықтан, төңірегіндегілер іс-пиғылдарына тым абай, ықтиятты болатынды. Ар-ұятының күштілігінен тарқылдап күлген емес. Тек қана күлімдейтін еді. Сахабалардың айтуынша, Әзіреті Пайғамбар (с.а.у.) орамал жамылған жас қыздан да инабатты еді. Ол:
«Инабаттылық – иманнан. Инабатты адам жәннатқа барады. Ал арсыздық – жүректің қаттылығынан. Жүрегі қатты адам тозаққа түседі», - деген. (Бұхари, Иман. 16).
Тағы бір хадис-шәрифтерінде:
«Инабат пен иман екеуі бір жерде болады. Біреуі жоғалса, екіншісі де құрыды!». (Табарани, Әусат, 8, 174; Бәйһақи, Шуъаб, 6, 140.).
«Дөрекілік жаралаудан басқа нәрсе бермейді, ал ұят пен әдептілік барған жерінің сәнін келтіреді», - деп, инабаттылықтың аса маңызды екендігіне назар аудартқан. (Мүслім, Бирр, 78; Дәуід, Жиһәд, 1).
Алланың елшісі (с.а.у.) ешкімнің бетіне тіке назар салып қарамайтын. Оның жерге қарағаны аспанға қарағанынан көп еді. Инабаттылығы мен ұлы тұлға екендігі себепті ешкімнің қателігін бетіне басып айтпайтын.
Әзіреті Айша анамыздың айтуы бойынша біреуден ұнамсыз бір сөз естіп қалса:
«Пәленшеге не болған сонша, олай-былай сөйлепті?!» - демей: «Біреулерге не болған, анадай-мынадай сөздер айтуда?!» - деп әдеппен жеткізетін. (Әбу Дәуіт, Әдеп, 5/4788).
Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейде адамдардың қатесін:
«Маған не болып қалды сонша, сендерді бұлай көріп тұрғаным не?!» - деп, олардың қателіктерін өзі жаңылысып көргендей етіп жеткізетін.
Ол, ардақты Пайғамбар, алдындағы адамына насихат айтып жатқанның өзінде, оның ренжіп қалмауы үшін барынша сақтық жасайтын «мейрімділік ескерткіші» еді...
Расулаллаһ (с.а.у.) адамзаттың ең мүләйімі жұмсағы еді. (Мүслім, Хаж, 137). Айша анамыз Ол (с.а.у.) жайында:
«Әдептілік жөнінен Әзіреті Пайғамбардан жақсы ешкім жоқ. Асхабының бірі немесе отбасындағылар Оны шақырса, дереу «Ләббәй!» деп үн қататын. Оның көркем тәрбиесіне қатысты Алла Тағала:
«Күмәнсіз, Сен ұлы ахлақ (әдеп) иесісің!» - деп бағалаған. («Қалам» сүресі, 4).
Алла елшісі (с.а.у.) еш уақытта өз нәпсісі үшін кек алған емес. Оның жұмсақтығын және рахым мен мейірімге толы руханиятын Әзіреті Айша анамыз былай тілге алады:
«Ол ешкімді айыптамайтын, жамандықты жамандықпен қайтармайтын. Кешірім және түсіністікпен қарайтын, қастандықтан бойын аулақ ұстайтын. Өз басы үшін ешкімнен кек алып көрген емес. Ешбір құлына немесе қызметшісіне, тіпті жануарларға да орынсыз қол жұмсаған емес...» - деп сипаттаған.
Бір күні бір Бәдәуи (шөлде көшіп-қонып жүретін көшпенді арабтар) Нәбәуи мешітте кіші дәрет сындырған еді. Сахабалар дереу оған ұрса жөнелді. Сонда Расулалла (с.а.у.):
«Оны жайына қалдырыңдар. Дәретін сындырған жерге бір шелек су төгіңдер. Сендер жеңілдік көрсету үшін жіберілдіңдер, қиындық тудыру үшін емес», - деді. Сосын, әлгі кісіге мешіттің қандай жер екендігін және әдептілік жайында жақсылап, жұмсақ тілмен түсіндіріп берді. (Бұхари, Әдеп, 80).
Сахаба Әнәс (радияллаһу анһу) айтады:
«Алла елшісімен (с.а.у.) бірге кетіп бара жатқан едік. Үстіне Нәжран матасынан тігілген, жиектері қаттылау, қалың шапан киген болатын. Бір бәдәуи араб Пайғамбарымызға жақындап келіп, шапанынан күшпен тартып қалды. Шапанның мойын жағын қарасам, бәдәуидің қатты тартқанынан мойнына із түсіпті. Сосын әлгі бәдәуи: «Ей, Мұхаммед! Қолыңдағы Аллаға тиесілі мал-мүліктен маған да берілуін әмір ет!» - деді. Фәһру Каинат Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлгі бәдәуиге қарап күлімдеді. Сосын оған бір нәрсе беруді бұйырды».
«Теңдесіз үлгілі тұлға».