Мысыр перғауынының түсі және Израильдіктерді қыруы
Мысыр перғауынының түсі және Израильдіктерді қыруы
1 жыл бұрын 6005

Мұса пайғамбар Исрайыл ұрпағына кітаппен жіберілген елші болатын. Сол кезде Жақып пайғамбардың он екі баласынан тараған ұрпағы Мысырда өз алдына бір ел құрап отырды. Мысыр елін ол уақытта патшалар емес перғауындар басқаратын. Жүсіп пайғамбардан кейін Мысыр халқының жергілікті ұлтынан шыққан перғауын отбасы көтеріліс жасап, «амаликалық» арабтарды қуып шығып, қайта таққа отырған еді. Олар билікке келген соң, көп ұзамай өздерін «тәңір» деп жариялады. Сондай-ақ Ніл өзені жағасында жер жыртып, егін егіп, сонымен күн көріп жүрді. Жылдар өте келе, соқаға жеккен өгіздерді «тәңірге» теліп, соған да табынатын болды1.

Исрайыл халқы өздері Мысырда өмір сүргенмен, бұрынғыдай беделдері болмады. Перғауындар оларды ұлдарын құл, қыздарын күң етіп езіп-қанап ең ауыр жұмыстарға салды. Олар сол жерден қашып шығып, бұрынғы қасиетті жерлеріне баруға қаншама рет талпыныс жасаса да, ойлағандары іске аспады. Сөйте тұра, олар дүниеге әбден құнығып, хазірет Жақыптың әкелген дініне аса көңіл бөлмеді. Олар мысырлықтар сияқты өгізге табынып кетпесе де, солардың сенімдері саналарына әсер ете бастады.

Бір күні перғауын түс көрді. Түсінде Құдыс жақтан лапылдап келген бір от мысырлықтарды өртеп күлге айналдырса да, Исрайыл (Израиль) халқына титтей де әсер етпейді. Ол түсінен шошып оянып, сәуегейлерін шақырып істің мәнісін сұрайды. Олар: «Жақында Исрайыл ұрпағынан бір ұл бала дүниеге келеді. Ол сенің патшалығыңды күл-талқан етеді», – деп жориды.

Перғауын осыдан кейін дереу әр бір Исрайыл отбасында туылған ұл балаларды өлтіруге бұйрық шығарды. Исрайыл елі бұл қатігездікке қарсы тұрар ешбір амал таба алмай қиналды.

Перғауын осылай жаңа туылған ұл балаларды өлтіртіп жатқанда, Имран деген бір кісінің шаңырағында ұл бала дүниеге келді. Ол Мұса пайғамбар еді. Хақ тағала нәсіп етіп, оның анасының жүкті болғанын, артынша босанып, ұл бала тапқанын ешкім білген жоқ. Хазірет Мұсаның анасы «біреу-міреу көріп қояр ма екен» деп күні-түні мазасы қашты. Осы кезде Хақ тағала оған:

«Бір нәрсе болады деп қорықсаң, оны еміз де дарияға тастап жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында, оны саған қайтарамыз да пайғамбар қыламыз»2,деп аян береді.

Оның анасы осы аяннан соң, баласын құндақтап, сандыққа салып, Ніл өзеніне қоя береді. Сандық судың бетімен аққан бойы перғауынның сарайының алдынан өтіп бара жатқанда, оның адамдары көріп қалып, сандықты сарайға алып барады. Перғауын оны өлтірмек болғанда, араға өзінің әйелі Әсия түсіп:

«Менің де, сенің де көз қарашығымыз, оны өлтірмеңдер! Бәлкім, бізге пайдасы тиер. Немесе бала қып аламыз»деп, баланы аман алып қалады. Алайда сәби сүт іздеп шырылдап жылай берді. Әсия сүт аналарды алып келсе де, ешбірін ембеді. Сүт аналардың арасында хазірет Мұсаның әпкесі Мәриям да бар еді. Ол:

«Сендерге оны сендер үшін бағатын, оған қомқор бір отбасы көрсетейін бе?»– деп Мұсаның туған анасына ертіп келіп, соған емізгенде, сәби Мұса емірене еміп, тәтті ұйқыға кетеді...

Хазірет Мұса Мәдиян еліне қашқанға дейін, сол перғауын сарайында ер жетті. Оған перғауынның жары – Әсия жақсылап қарап, тәрбиелеп өсірді...

«Пайғамбарлар тарихы» атты
кітабынан үзінді,
Қалқаман Сейтұлы


Сабуни, Нубууә, 247-235 беттер
«Қасас» сүресі, 7
«Қасас» сүресі, 9
«Қасас» сүресі, 12

0 пікір