Маңдайынан сәжде іздері кетпеген Ата ибн Рабах
Маңдайынан сәжде іздері кетпеген Ата ибн Рабах
9 жыл бұрын 4417
Бақ БЕР

Ата ибн Рабах – табиғиндер дәуіріндегі танымал ғалымдардың бірі. Көбіне фиқһ пен хадис саласында танылған. 27 (м.647) мерзімінде туылып, 114 (м. 732) жылы өмірден озған. Әкесінің есімі Әслам немесе Салим. Анасының аты Береке болған деседі.

Ата ибн Рабах Меккеде туылып, Меккеде өмірден озған. Өз дәуірінде Меккенің мүфтиі әрі ең үлкен хадис ғалымы еді. Ибн Аббас, Ибн Омар, Ибн Амр, Ибн Зүбейір, Мұғауия, Үсама ибн Зәйжд, Жабир ибн Абдуллаһ, Зәйд ибн Арқам, Aбдуллаһ ибн Саиб әл-Mahзуми, Aқил ибн Әби Талип, Омар ибн Әби Талип секілді айтулы тұлғалардан (Алла бәріне разы болсын) хадис риуаят етті. Ал өзінен ұлы Яқұб, Әбу Исһақ Сабии, Mүжаһид, Зүһри, Әйюб Сахтияни, Әбу Зүбейір, Хакам ибн Үтайба, Ағмаш, Әузағи мен басқа да ғалымдар хадис риуаят етті.

Ғалымдар Ата ибн Рабах жайлы мынандай сөздер айтқан:

Ибни Сағыд: «Меккеліктер пәтуа алу үшін Ата ибн Рабах пен Мүжахидқа баратын. Бірақ Ата ибн Рабахқа баратындар анағұрлым көп болатын. Фиқһ ілімінде терең, көп хадис риуаят еткен, сиқа (риуаяттары сенімді, сенуге болатын) ғалым еді».

Халид ибн Әби Науф: «Ата ибн Рабахтың өз аузынан былай дегенін естідім: «Ардақты сахабалардан екі жүз кісімен жүздестім. Ибн Аббастың (радиаллаһу анһу): «Әй, меккеліктер, араларыңдағы Ата ибн Рабахтың қадірін біліңдер» дегенін естідім».

Әбу Асым Сақафи: Әбу Жағфардың «Ата ибн Әби Рабахтың етегіне жақсылап жармасыңдар. Одан үйренетіндерің көп» дегенін жеткізді.

Ибни Жүрайж: «Ата ибн Әби Рабах баппен, талаптарын мүлтіксіз сақтап, намазды руку, сәждесімен өте бір әдемілеп оқитын».

Абдуллаһ ибн Ибрахим ибн Омар ибн Қайсан әкесінен мына жайтты жеткізген: «Әмауилер уақытында еді. Әлдекім «Мұсылмандарға тек Ата ибн Рабах секілді ғалымдар ғана пәтуа бере алады» деп жатты.

Абдулазиз ибн Рафи: Ата ибн Әби Рабахқа бір мәселе жайлы сұрақ қойылып еді «Білмеймін» деді. «Өз пікіріңізше жауап айтып көрсеңіз болмас па еді?» дегендерге, «Долбарлап айта салуға Алла Тағаладан ұяламын» деді.

Ибн Хиббан: «Ол кісі табиғиннің айтулы тұлғаларының бірі әрі уәра (күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстайтын) иесі, адами қасиеттерімен де, ілімімен де артық тұрған жан».

Сәләма ибн Күһайыл: «Мына үш кісінің өздеріне ілімді Алла Тағаланың разылығы үшін сұрағанын көрдім. Олар: Ата, Mүжахид және Тауыс (Алла оларға разы болсын).

Әбу Мұғауия Мағриби: «Ата ибн Әби Рабахтың маңдайынан сәжде іздері анық байқалатын» деді.

 

Ата ибн Әби Рабахтың риуаят еткен хадистері

Зәйд ибн Халид әл-Жүхани риуаят етуде: Расулалла (с.а.у.) былай деген: «Алла жолында күрес үшін бір әскерді сайлаған немесе ол қайтып келгенше өзін жоқтатпай бала-шағасына қарайласқан адамға Алла жолында күреске кеткен адамның сауабындай сауап беріледі. Бірақ соғысқа кеткеннің сауабынан еш нәрсе кемімейді. Қажылыққа кеткен адамның қажеттіліктерін қамтамасыз еткен немесе ол қайтқанға дейін бала-шағасына өзін іздетпей бас-көз болған адам да қажылыққа барған адамның сауабындай сауап алады, бірақ қажылыққа барған адамның сауабынан ешнәрсе кемімейді».

Әбу Дардадан риуаят етті: Мен Әбу Бәкірдің (р.а.) алдында жүріп бара жатқанымда, Расулалла (с.а.у.) мені көріп: «Әбу Бәкірдің алдына түсіп алғансың ба?! Расулдар мен нәбилерден кейін Әбу Бәкірден артық ешкім жоқ» деген.

Жабирден (р.а.) риуаят етті: Расулалла (с.а.у.) былай деді: «Кім әлдебіреудің басына (мейлі ол кәпір болса да) өлтірмеймін деп кепілдік беріп, артынан оны өлтірсе, өлтірген адамның тозаққа түсуі уәжіп болады».

«Сәресі асын ішіңіздер. Өйткені сәресі асында береке бар».

Ибн Зүбейір бізге хұтба оқып тұрып Расулалланың (с.а.у.) былай дегенін білдірді: «Менің осы мешітімде оқылған бір намаз Харам мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық».

Абдулла ибн Омар (р.а.): «Расулаллаға (с.а.у.): «Уа, расулалла, ілімді сақтауға бола ма?» деген сұрақ қойылғанда: «Иә» деді. «Оны қалай сақтауға болады?» деп сұрадым. Сонда: «Жазумен», - деп түсіндірді.

Абдулла ибн Амр риуаят етті. Расулалла (с.а.у.) былай деді:

«Ерлерге ұқсаған әйелдер, әйелдерге ұқсаған ерлер бізден емес».

Ибн Омардан риуаят етті: Эфиопиялық біреу келіп әлдене сұрауға оқталды. Өзіне келген кісіге Расулалла (с.а.у.): «Сұрағыңды сұра» деді. Әлгі кісі: «Уа, расулалла, сіз ажарымен, реңімен әдемі болып, пайғамбарлығыңызбен де бәрімізден жоғары тұрсыз. Егер мен де өзіңіз айтқандай етіп иман етсем, өзіңіз айтқандай істер істесем, сізбен бірге жұмаққа бара аламын ба?» - деп сұрады. Сонда «Иә» деген жауап естіді. Расулалла (с.а.у.) тағы былай деді: «Кімде кім "лә иләһи иллааллаһ" десе, осы асыл сөз үшін Алла Тағаланың есебінде соны айтқан адамға уәде бар. Кімде кім «субханаллахи уә бихамдихи» десе, оған жүз жиырма төрт мың жақсылық жазылады».

Ибни Омар риуаят етті: Расулалла (с.а.у.) былай деді: «Қиямет күні хош иісті бір төбеде үш кісі тұрады. Олар жұрт қорыққанда, қорықпайды. Біреуі Құран кәрімді үйреніп, тек Алланың разылығы мен өзіне сол үшін беретін марапатты ойлап жамағатқа имам болған кісі. Енді бірі: күн сайын бес уақыт намаз үшін бес рет Алла разылығы үшін азан шақырушы, үшіншісі біреудің басыбайлы құлы болса да Жаратушы иеге деген ғибадатын жасап өткен жан».

«Бір мұсылман ағаш егіп, сол ағаштың жемісінен желінген кезде бұл оған садақа болып жазылады. Сол ағаштың ұрланған жемісі де оған садақа болып жазылады. Жабайы аңдардың жегендері де оған садақа болып жазылады. Құстардың жегені де садақаға жатады. Еккен адам үшін сол ағаштың жемісінен кім жесе де, бәрі садақа болып жазылады».

«Жанында күйеуі не бас-көз болар жақыны (махрам) жоқ әйел кісі жолаушылап шықпасын!»

Ибни Аббастан риуаят етті. Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Кімнің қырағаты анағұрлым жақсы?» деп сұралғанда: «Құран оқыған кезінде Алла Тағаладан қорыққаны байқалған адамның қырағаты», - деп жауап қатты.

«Егер Адам баласының екі сай тола алтыны болса, тағы да үшіншісін дәметер еді. Адам баласының көзін топырақ қана тойғызады. Алла Тағала тәубе етушілердің тәубесін қабыл етеді».

Хазірет Ата ибн Әби Рабах былай деген:

«Кім Алла Тағаланы еске алатын мәжілісте болса, Алла Тағала осы мәжіліс арқылы оның бұрынғы он нашар мәжісін жабады. Егер әлдекім Алла Тағаланың разылығы соңында болса, осы әрекеті өз қатысқан жеті жүз жаман бас қосуларына кәффарат болады».

Ата ибн Әби Рабахтан: «Зікір мәжілісі деген не?» деп сұрадым. «Намаз қалай оқылады, ораза қалай ұсталады, неке қалай қиылады, сауда-саттық қалай жасалады, дәрет пен ғұсыл қалай алынады, адал мен арам секілді мәселелер сөз болатын мәжіліс» деп түсіндірді.

Хазірет Атаға сұрақ қойылды: «Құлдарға берілген ең бағалы нәрсе не?» Сонда ол кісі: «Дінді білу», - деп жауап берді.

Ата ибн Әби Рабах: «Әй, бауырымның баласы! Сендерден бұрынғылар дүниеге және ақыретке пайдасы жоқ бос сөздерді ұнатпайтын. Құран кәрімді, Алла Тағаланың бұйрықтары мен тыйымдарын Расулының сүннетін оқып, үйренетін. Қажеттіліктен тыс әңгімелерді бос сөз, басы артық әрекет деп қабылдайтын» деді.

Халифа Абдулмалик қажылық үшін Меккеге барды. Сол кезде Ата ибн Рабах та Меккеде еді. Халифаның келгенін естігенде, онымен жүздескісі келді. Бұл жүздесуді Әсмаи былай деп әңгімелеуде: халифа Абдулмалик елдің алдыңғы қатарлы сыйлы кісілерімен бірге отыр еді. Осы кезде халифаға «Ата ибн Әби Рабах ішке кіруге рұқсат сұрайды» деген хабар берілді. Бұны естігенде, халифа дереу орнынан атып тұрып, хазірет Атаны күтіп алды. Қолынан ұстап, жанына отыртты. Қал-жағдайын сұрап, көңілін аулады. Келу себебін сұрады. Сонда: «Уа, мүминдердің әміршісі, мына қасиетті жерде, Харамда Алладан қорық, мына мәселеге мұқият бол» деп кеңес бергенде, халифа: «Бұл ақыл-кеңесіңізді жерге тастамаймын, барынша орындауға тырысамын» деді. Хазірет Ата қайтадан мына насихатты айтты: «Ардақты сахабалардың балаларына жақсы қара. Оларды ренжітпе. Өйткені сен солардың себепкерлігімен осы деңгейге жеттің. Қол астыңдағылардың жағдайын да бақылап, қажетін сұрап, қарайласып тұр. Оларды ұмытпа. Есікті іштен кілттеп, оларды тыста қалдырма". Ата ибн Рабах (р.а.) насихатын жасап, аяқтағаннан кейін кетуге дайындалғанда, халифа: «Уа, Әбу Абдуррахман, ылғи өзгелердің қажеттілігі туралы сөз еттіңіз, өзіңіз керек еткен еш нәрсе жоқ па?» деп сұрады. Сонда ол кісі: «Мен керектерімді барлық нәрсенің иесі әрі патшасы Аллаға ғана айтып, Алладан ғана сұраймын. Ал саған мұсылман қауымның керек еткендерін айттым» деді. Сонда Абдулмалик: «Сізді биіктетіп тұрған қасиет осы-ау» деп басын шайқады.

Хазірет Ата көп адамдарға, мемлекет басшыларына да дәріс беретін. Әмауи халифаларынан Уәлид пен Сүлеймен ибн Абдулмалик ол кісіден дәріс алған шәкірттерінің арасында еді. Сүлеймен ибн Абдулмалик хазірет Атаның алдына келгенде тізерлеп отыратын. Қажылықтың әдептерін, қалай өтелетінін үйреніп, артынан балаларына барып былай дейтін: «Ілім үйреніңдер, мен білмегенім үшін бір құлдың алдына барып тізерлеп отырамын». Тағы да халифа Уәлид ибн Абдулмалик (86/м.705-96/м.715) риуаят бойынша есік күзетшісіне: «Есікте тұр әрі жолдан өткен алғашқы адамды алдыма алып кел. Онымен сөйлесейік» деді. Күзетшісі біршама күткенде, Ата ибн Әби Рабахтың өтіп бара жатқанын көрді, бірақ танымаушы еді. Оған дауыстап: «Мұсылмандардың әміршісі сізді шақыруда, ішке кірсеңіз» деді. Хазірет Ата ішке бас сұққанда: «Уа, Уәлид, ассалаумағалайкум!» деді. Халифа сәлемді қабыл алып, екеуі әңгімелесті. «Тозақта Хамбаб атты бір сай бар. Озбыр әміршілер сонда отқа өртеледі» дегенде, халифа Уәлид талып қалып, жерге құлады. Сол кездің ғалымдарынан әрі кейін халифа болған Омар ибн Абдулазиз (р.а.) «Әміршіні өлтірдің ғой» дегенде: «Әй, Омар, мен айтып тұрған мәселе өте маңызды. Зұлымдық жақсы нәрсе емес. Оған әзіл жүрмейді» деп, онымен қол алысты. Омар ибн Абдулазиз кейіннен былай деген: «Қолымды қатты қысқаны сонша, бір жыл бойы ауырып жүрді».

Ата ибн Рабах (р.а.) түнде тұрып оқитын намаздарын үзбеді. Түнде намазда екі жүз не одан да көп аят оқитын. Қырық жыл бойы мешітте құлшылық жасады. Жетпіс рет қажылыққа барды. Әлдекімдер өзін зиярат етіп, қалып сұрап келсе: «Заман қалай өзгерген, енді біз сияқтыларды да жұрт зиярат ете бастапты» дейтін.

1) әл-Ағлам, 4 т. 235 б.
2) Tахзибут-тахзиб, 7 т. 199
3) Хилиятул-әулия, 3 т. 310 б.
4) Уафаятул-aғиян, 3 т. 261 б.
5) Taбақаты ибни Сағыд, 2 т. 386 б.
6) Tолық ғылымхал Сағадаты әбадия, 344 б.
7) Taбақатул-кубра, 1 т. 39 б.

1 пікір
  • Қандай керемет адамдар дүниеден өткен!!! Оллаһи, біз оларды жақсы көреміз. Ақыретте Алла тағала сүйгендерімізбен бірге болуды жазсын!
    9 жыл бұрын