Иә, кәдімгі «осынша әдептілікті қайдан үйрендің?» дегенде «әдепсіздерден үйрендім. Олардың өзін-өзі ұстауына қарап, қайсысы көңіліме жақпаса, сол әдеттен бездім» дейтұғын Хакім Лұқпан туралы осылай сұрайтындар аз емес.
Жалпы, «Лұқпан айтыпты» дейтін даналық сөздер аз емес. Соның бірі былай дейді: «Екі нәрсені ұмытпа: бірінші, Алланың біреу екенін, екінші, ажалдың барлығын. Екі нәрсені ұмыт: бірінші, біреуге жасаған жақсылығыңды, екінші, кісіге тиген шарапатыңды» деп келеді. Бірнеше ауыз ғана сөз, бірақ өмір бойына темірқазық етуге тұратындай тәмсіл.
Тағы да сол Лұқпан айтыпты: «Төрт нәрседен сақ бол: тіл мен көз, ауыз бен ұятты жер. Себебі тілден бал да тамады, у да тарайды. Мәселен, тауып айтқан сөз адамды төніп келген ажалдан да құтқаруы мүмкін. Айталық, патша алдына жазалануға келген Шаһризада мың бір түнге жетерлік әңгіме айтып, оның қаһарын өмір бойғы сүйіспеншілікке айналдырды. Керісінше, аңдамай сөйлеген бір-ақ ауыз сөзі өзін өлімге душар еткендер де жетерлік» дейді. Ал «көзден сақ бол» деген себебін Хакім «Құдай ынсап бермеген бейбақ тек көзіне топырақ құйылғанда барып, дүниенің жалған екенін бір-ақ біледі» деп түсіндірген.
Бір күні біреу Лұқпаннан «дүниеде ең ауыр нәрсе не?» - деп сұрапты. Сонда Хакім: «Ауыр тасты да көтердім, темірді де, бірақ жаман көршіден ауыр нәрсе көрмедім» десе керек. Бұл жайлы асыл дінімізде де: «Көршіңмен тату бол, көрші қақысы деген бар. Бірақ егер тіпті болмай бара жатқанда, жаман көршіден тек қана көшіп құтыласың» дейді.
Бұл Лұқпан жайлы кездесетін аңыздардың бір пұшпағы ғана. Жалпы, осы бір ғұлама есімі жалғыз қазақта ғана емес, қазақ, өзбек, түркімен т.б. Шығыс халықтарының ауыз әдебиетінде кездеседі. Бұған бір дәлел ретінде Шығыс шайыры Рудакидің:
Ол – Платон, Сократтай данышпан,
Дарқан ойды дарақ еткен бағбаны.
Шариғатқа жетіктігін сұрасаң,
Шафи, Суфьян, Әбу Ханиф ол дағы
Лұқпандай өнер шашып өмірге
Білім нәрі – шәрбет етіп қанғаны, - деген жолдарын келтіруге болады.
Ал түркі халықтарының ертедегі аңыздарында Лұқпан Хакім Ескендір Зұлқарнайынның кеңесшісі ретінде суреттеледі.
Қысқасы, бастапқы сұраққа қайта оралсақ, орта ғасырлардағы араб оқымыстыларының еңбектерінде: «Лұқпан Хакім Айубтің немересі, Абиссинияда туып, Мысырда құлшылықта болған ақын» дейді. Ал мұсылман баласы үшін қандай сұрақтың болсын бұлтартпас жауабы тек Құранда десек, онда сол қасиетті Құран Кәрімнің 31-сүресі «Лұқман сүресі» деп аталады. Онда Лұқпан Хакімге шүкіршілік ету үшін даналықтың берілгендігі айтылады. Сондай-ақ оның әулие де емес, дәрігер екенін сол сүреден білуге болады. Сондай-ақ ол сүреде Хакімнің ұлына айтқан өсиеті баяндалады.
«Ей ұлым, - дейді ол, - Тәңірге шек келтірме. (Оған) басқаны теңеу – шынында да зор күнә. Ей, ұлым! Қылмысың қышаның дәніндей болсын, оны (тіпті) жартастың ішіне, көктің қабатына, жердің астына жасыр (бәрібір) Алла оны тауып, алдыңа жайып салады. Анығында, Алла ең сақ күзетші, барлығын біліп тұрады. Ей ұлым! Намазыңды (уағында мұқият) оқы, (адамдарды) жақсылыққа үнде, жамандықтан тый, басыңа түскен тауқыметке сабыр ет (ақиқатқа жақ болған адамның басына қиындық түспей қоймайды)», - дейді.
Лұқпан жайлы қызығып, зерттегендер аз болмаған. Солардың бірі Насреддин Рабғузи. Өзінің 1310 жылы жазған «Рабғузи қиссаларында» ғалым: «Хазрет Лұқпан хазрет Дәуіт (ғ.с.) заманында тірі еді. Бір ағаш ұстасының құлы еді... Құдай Тағала екі періштені жіберіп: «Ей, Лұқпан, қаласаң Пайғамбар бол, қаласаң даналықты берейін» деген аян жіберсе керек. Сонда Лұқпан: «Пайғамбарлық ұлық жол. Даналық ғылымынан көп кісінің қажеті табылады», - деп хакімдікті таңдаса керек», - деп жазып қалдырыпты.