Колбиннің алдында жастарды қорғап сөйлеген жалғыз ақын - Жұбан Молдағалиев
Колбиннің алдында жастарды қорғап сөйлеген жалғыз ақын - Жұбан Молдағалиев
7 жыл бұрын 17948
Марфуға ШАПИЯН

Тарихта ештеңе ұмытылмайды. Барлығы да халықтың есінде. Ұлт азаттығы жолындағы ерліктер де, ел алдындағы сатқындықтар да...

1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы талай ел алдында жүрген ұлт зиялыларының сыналған тұсы болды. Сын сағатта ұлттың сөзінен гөрі қарақан бастың қамын ойлап, бұғып қалғандар да кездесті. Іш қайнап жатқанымен күресуге дәрмен таныта алмай, үнсіз қалғандар да болды. Қуантарлығы, аз да болса «Тұрысатын жеріңді айт» деп, позициясын ісімен де, сөзімен де ашық танытқандар бар еді. Міне, сондай жалынды ақынның бірі, Желтоқсанның қанды қырғынында Колбиннің алдында жастарды қорғап сөйлеп қана қоймай, «Мен – қазақпын!» деп ұран тастап, қаймықпай жыр жазған қазақ Жұбан Молдағалиев болатын.

 

Бұл туралы ақынның жары София Молдағалиева маған мынандай әңгіме айтқан еді:

– Жұбан қай шығармасын жазса да, қалай жазылып жатқаны жайлы біздермен онша көп ой бөлісе бермейтін. Тек шығарма түгел жазылып, дайын болғанда ғана оқып беруші еді. Бір нәрсені жазуға отырардың алдында жеке қыдырып, ұзақ уақыт ой үстінде жүретін. «Мен – Қазақпын» да оның қарапайым кезекті туындыларының бірі болды. Ол уақытта мұндай тақырыптағы поэманы жазу оңай емес еді. Бірақ соның алдында «Хатшыға хат» деген өлеңі жарияланып, оның соңы да біраз шуға ұласқан еді. Димаш Ахметұлы ол өлең жайлы: «Жұбан – ақын. Ақынның ойы ерікті болады. Сондықтан артық әңгімені тоқтатыңдар» – депті. Содан кейін ғана «Хатшыға хат» жайындағы шу басылған болатын. «Мен – қазақпын» – халықтың атынан сөйлеп тұрған ақынның туындысы. Әлі есімде, Жұбан «Мен – қазақпын» поэмасын жазып бітірген соң, алдымен Зейнолла Қабдолов пен Мүсілім Базарбаевқа оқытты. Ол кісілер: «Жәке, мына еңбегіңді ұлтшылдыққа балайды ғой» деп пікірлерін айтып жатты. Шынында да, ол өзіміздің қазақ бола тұра «қазақпын» деп айтатын кезіміз еді ғой. Сонда Жұбан «Ешқандай да ұлтшылдық емес, бұл – халық атынан сөйлеп тұрған Алаш азаматының сөзі. Мұны ешқандай да өзгерте алмаймын» деп жауап берді.

         – 1986 жылғы дүрбелеңде Колбиннің алдында жастарды қорғап сөйлегендердің бірі – Жұбан ағамыз еді. Өткен күнге шегініс жасап, ағаның сол кездегі көңіл-күйін еске алып көріңізші...

– Ол – өте қиын уақыт еді. Сол уақытта екі баламыз да студент болатын. Бірнеше күн түнде ұйықтай алмай, балконда ары-бері жүрді де қойды. Балаларына да: «Жеке жүрмеңдер, топталып жүріңдер. Қолдарыңа таяқ ұстамаңдар. Ешкімді ұрушы болмаңдар» деп кеңесін беріп отырды. Әрине, қатты қиналды. Сосын Жұбақаңнан кейін Жазушылар одағын басқарған Олжас хабарласып, Колбиннің алдында сөйлеуін өтінді. Айтатын сөздерін жазуға кешке отырған ол түнгі екі-үштің кезінде жазып бітірді. Болған соң маған оқып берді. «Қаттырақ кеткен сияқтысың» деген менің сөзіме: «Бәрі дұрыс. Мен ішімдегі өз ойымды, қазақтың ойын айтып тұрмын» деп жауап берді. Солай Колбиннің алдында бірінші болып сөйлеп шықты. Қазір Жұбанның өзі жоқ болғаннан кейін бе, оның айтқанын ауызға алмайтындар, өңін теріс айналдыратындар да бар. Бірақ халық бәрібір барлығын біледі ғой. 1986 жылдың оқиғасы денсаулығына әсер етпей қоймады. Жағдайы да күрт төмендеп кеткен ол 1988 жылдың қыркүйек айында ескі жарасы сыр беріп, ауруханаға түсті.

         Ал Жұбан Молдағалиевтің досы, ақын Сейфолла Оспан ол туралы төмендегідей дерек айтады:

1986 жылы желтоқсан айында,үстемдік құрған қызыл империя жалаң қылыштай жаланып, тағы да ойына келгенін істеуге айналғанда, жастарымыздың алқымына кесек мұздай тығылып қалған қанды өксіктің, яғни, ең соңғы ар-намыстың оянып тұяқ серпілісіндей мінез көрсетуіне тура келгенін көзімізбен көрдік. Сол тұста елге тірек болып, өзінің аталы сөздерін айтатын азаматтардың алдыңғы шебінде Жұбан ақынның оқты да отты өздері сол замат елге аңыз болып тарап кеткені ақиқат. Ол Жазушылар одағында алғаш рет жиын өткізуге келген Колбиннің тура алдында яғни бетпе-бет тұрып, өз сөзін қаймықпай айтып, төнген қара бұлттың үрей түнегін найзағайдай тілгіледі. Мінберден «Мынандай сұмдық көргенімше, кешегі қырғын соғыста неге өліп кетпедім екен» деді.                                                                                                                 

Жұбанның «сары аяз, көк мұзда» өз ұлтының тапталған ар-намысын қорғауға шыққан ұл-қыздарын қорғау жолында бас тігіп, өзінің аталы сөзін айтып өткендігі – нағыз ерлік. Кешегі бейбіт заманның өзінде, біз «ұлы халық» деп есептейтін орыс ағайындардың ортасында жүріп те өз еңсесін бастыртпаған Жұбақаңның істері жеткілікті. Бірде Жұбақаң Қазақстандағы орыс азаматтары басқарған облыстардың біріне барғанда олар қазақ жазушыларын менсінбей қабылдағысы келмепті. Сонда ақын: «Бұлардың бізге мән бермегені ғой. Онда біз де қабылдауына таңсық болмай-ақ қояйық. Жазушысын осылай күттірген хатшыдан еш жақсылық күтуге болмайды» деп қолды бір сілтеп жүре берсе керек. Кейін олардың өзі кешірім сұрауға мәжбүр болыпты. Сонда Жұбақаң көшелі сөзін айтып оларды қатты ұялтқан екен.

Ал енді бір жиналыста «Ау, ағайындар, осы отырған біздер орыс жазушыларының бозөкпе жасына дейін келгенде жанымыз қалмай жапа-тармағай шауып, сыйлағанда алдымызға жан салмаймыз, ал керісінше оларға біз барғанда сыйластық ниет білдірмек түгіл, тіпті кертиіп кердең қағып кекірейетінін көрсең ғой. Сондайда біз өзімізді тоқалдан туып, оларды бәйбішеден туған ба деп қаламыз. Жоқ, біз терезесі тең екі халықтың өкіліміз, ендігі жерде құр босқа жалбақтамай, еңкейсе еңкейіп, шалқайса шалқаяйық. Әркім сыйласқанның құлы», – деп ширыға сөйлегені бар еді. Міне, нағыз азаматтық намыс, міне, нағыз ұлттық намыс. Бірақ оның үдесіне барып жүрген біз жоқ. Әлі сол қалпы, өзімізге келгенде етегінен сүйгендей жалбақтайтын әдетіміз қалған жоқ. Бұл да тек Жұбақаңдай азаматтың бойынан көрініс беретін өнеге демеске қақымыз жоқ.

Кешегі Кеңес үкіметі тұсындағы көрер көзге жасалған қиянаттың ең сорақысы – өз ұлтыңның аяусыз қырылғанын және олардың ішіндегі байларымызды бас сауғалатып, еліміздің еңселі тұлғаларын ішқұса еткізген заманда ел еңсесін көтеріп, қанаттанып шыққан жырдың авторына айтар алғысымыз мол. Және барша жиын-концерттеріміздің көркі болған жырдың өзіне ескерткіш қоюға болар еді. Оған Жұбан ақынның «Мен – қазақпыны» әбден лайық.

Ел еңсесін «Мен қазақпын» деп көтерген жыр құдіреті төрге шықты. Әбділда Тәжібаевтың бірде «Осы заманның сөзін сөйлеп жүрген, сөйлеп кеткен қаншама ақын бармыз. Соншамыздың аузымыздан басқа емес, бір ғана «қазақ» деген сөз шығып кетсе болды, «мынау нағыз ұлтшыл» деп қайсыбірімізді түрмеге жауып, қайсыбірімізді енді ауыз ашпастай етіп жазалап жатқанда, мына Жұбан ініміздің «Мен қазақпын!» деп айқайлаған үні өзінің рухани ажарын жоғалтпай, аспанымызда тұрып қалды. Бұған не дерсің! Құдды бір өртенген өлкенің ортасында жанбай жалаулап қалған бір уыс жасыл шөптей желбіреп, жан-жағындағы тіршілікті қайта жандандырғандай болды. Бұл – Жұбан інімнің ырыс-бағы, ар-намысы болар. Қала берді, ол бүкіл қазақтың ырыс-бағы мен ар-намысын сақтап қалғандай болды. Алланың мұнысына да шүкір» деп тебіренгенін өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім.

 Колбиннің алдында сөз сөйлейтіні белгілі болғаннан кейін Жұбан Молдағалиевке Орталық комитет «Сен басқаша сөйле. Ұл-қыздарымыздың әрекеті үшін орыс халқынан кешірім сұраймыз деп айт» деген тапсырма берген екен. Бірақ сол күнгі оның сөзін тыңдаған ақын Ақұштап Бақтыгереева мынандай естелік айтады: «Ол Колбинге тіке қарап тұрып: «Сіз бен біз балаларымызды төбелестіріп, қыздарымның шашын сенің ұрпағың жұлу үшін соғысқа бардық па? Осы Отанды сол үшін қорғадық па? Бұл жағынан сізді қолдай алмаймыз, жақтас бола алмаймын» –деген сөзі әлі құлағымда тұр».

 Ұлттың сөзін сөйлегенде ақынның қолы дірілдеп тұрды дейді...                                                                               

 

Жұбан Молдағалиевтің 1986 жылы желтоқсан айының 31-інде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинмен жазушылардың кездесуінде сөйлеген сөзінен:

«...көзімен көргендердің айтқанындай, 17-18 жастағы қыздардың шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен? Ақырында, сонан кейінгі күндері қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тіл тигізу мен қоқан-лоққы жасау солардан шығып отырған жоқ па... Мен сондай ұят оқиғаға және артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім. Иә, мен кез келген қоғамға қарсы бой көрсетулерді түбірінен қиып отыруды толық жақтаймын, өйткені демократия – анархия емес! Солай болғанмен де, тіпті кінәлілерді де оған деген сенімінен айырмау керек. Біз олардың жасағанына ғана емес, сондай-ақ, олардың азаматтық болашағы үшін жауаптымыз..

 

1 пікір