Жапон профессоры Ацуши Окуда мұсылман дінін қабылдады. Оған түрткі болған Құранның бір аяты болған.
Жапон профессоры Ацуши Окуда мұсылман дінін қабылдады. Оған түрткі болған Құранның бір аяты болған.
11 ай бұрын 4461
islam.kz

Доктор Ацуши Камал Окуда (Dr. Atsushi Kamal Okuda) - 1960 жылы туылған, Жапон елінің азаматы. Токия қаласындағы Кейо университетінің профессоры. Ұзақ ізденістен кейін және діндер аралық байланыстарды зерттей келе, Ислам дінін қабыл етіп, мұсылман болған.

«Исламмен таныспай тұрып, тұрпайы өмір кешетінмін. Ақиқатты білмедім» дейді доктор Камал Окуда. Тағы бір сөзінде Ол былай дейді:

«Бізде - Жапонияда көркем мінез нормалары бары рас, бірақ толық емес, ал оларды толықтыратын құндылықтарды мен, Исламнан таптым» - 

- деп ағынан жарылады.

Исламмен таныспай тұрып, діндердің бәрін догма санап, оларға деген негативті көзқараста болған ұқсайды. Ислам дінімен ол алтыншы курста танысқан, аз-маз хабары болғанымен, көп көңіл аудара қоймаған. Алайда, күндердің бірінде ол бір зерттеу жұмысын оқиды, жазбаның арасында Құранның бір аятын көзі шалып қалып, содан кейін барып өмірі күрт өзгерген екен. Ол аят - Құранның мына бір аяты: 

وَلَقَدْ خَلَقْنَا ٱلْإِنسَـٰنَ مِن صَلْصَـٰلٍۢ مِّنْ حَمَإٍۢ مَّسْنُونٍۢ

 «Біз адамды өзгертілген қара балшықтың сыңғырлаған құрғағынан жараттық».(Құран, «Хижр» сүресі, 26 аят).

 «Сол аятта адам баласының бәрі топырақтан жаратылғаны айтылып тұрған еді. Ол аятты оқымай тұрып адамдармен қарым-қатынасым онша емес тұғын. Осы аяттан кейін өз өзіме: «Бәріміз бір нәрседен жаратылған болсақ та, неге менің адамдармен қарым-қатынасым жаман?» деген сұрақ қойдым. Ойлана келе, кінә өзімде екенін ұқтым, себебі, мен шіли өркөкірек, даңдайсыған адам екенмін. Аталмыш аятты оқығаннан кейін менің жүрегімде тыныштық пайда болды...» - деп еске алады.

 

Және сөзін жалғап профессор былай дейді:

«Аятта: «Оның сендерді топырақтан жаратып, артынан адамзат болып, жер бетіне жайылғандарың - Алланың белгілерінен» делінеді («Рум» сүресі, 20 аят). Біз - Адамнан тарадық. Адам ата топырақтан пайда болды. Олай болса, неге бір-бірімізге сонша тәкәппарланамыз?! Ол аятты оқығанға дейін өте эгоист едім. Ал аталмыш аятты оқығаннан соң менің адамдарға деген көзқарасым да, өмірім де түбегейлі өзгерді және жүрегімде тыныштық орнады..» -

- деп естелігімен бөліседі доктор Окуда.

 
(en.nagoyamosque.com)

Кейін Ислам дінін, соның ішінде Исламның құқықтық нормативін зерттей жүріп, Сирия еліне, Алеппо қаласына қоңыс аударуға шешім қабылдайды. Ол онда жүріп, Исламды тереңірек оқып, араб тілін меңгереді.

Бірақ, Алеппо қаласында оқып жүріп те, мұсылман болуға асықпаған. Өйткені, «мен жапон ұлтымын, мен неге мұсылман болуым керек» деген ой тұратын. Бірақ Сирияда жүріп ұстазы әсер еткен екен. Және де бір күні өзінің академиялық жұмысын аяқтау үшін, бір мұсылман кісімен мешітте жолықпақшы болады. Мешітте жолығып, әңгімені бастаған сәтте, намаз уақыты келіп, мешітте азан айтылады. Сол кезде ол өз-өзіне: «Мен мешіттен шығуым керек шығар, өйткені мен мұсылман емеспін ғой» деп, мешіттен шыққан. Ыстық күнде терлеп-тепшіп Алеппо көшелерінің бірінде келе жатып тағы да өз-өзіне:

«Мен неге мұсылман емеспін? Қызық екен. Маған Ислам діні ұнайды. Мен Исламды оқып жатырмын. Және мен сондамын. Әрідесе, болашақтың кілті - Исламда! Олай болса неге мұсылман болмаймын?» деп сұрақ қояды. Осылай көп ойланып, толғанып, ақыры Ислам дінін қабылдап, мұсылман болуға шешім қабылдайды.

 «Сол кезде Исламды қабылдадым. Исламды қабылдауым Алланың маған берген ең үлкен сыйы екендігіне сенімдімін» -

- дейді ол.


(en.nagoyamosque com)

Қазіргі таңда Камал Окуда жапониядағы мұсылман ғалымдарының бірі. Жапонияда Алланың дінін жаюға ат салысып жатқан жайы бар. Оған қосымша «Кейо» университетінің «саяси менеджмент» факультетінде «Ислам құқығы» және араб тілі саласы бойынша жұмыс жасап жатқан жайы бар. Сондай-ақ, ол «Кейо» зерттеу институна қарасты «Ислам зерттеу» бөлімінің директоры қызметін атқарады екен. Одан сабақ алған шәкірттері доктор Камалды - өте қарапайым, байсалды, шәкірттерінің көңілін таба білетін әрі олардың білімдік қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз ете алатын жақсы педагог ретінде таныстырады. Оның себепкерлігімен ондаған студенттер мұсылман дінін таңдаған. Алла разы болсын! 

Алла Тағала һидаят таба алмай жүргендерге һидаят беріп, ал һидаят тапқандарды һидаяттан айырмасын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Дайындаған А. Қасым


Пайдаланылған дереккөздер: 

  • islamtics com 
  • jesus-is-muslim net
  • ady6922445 wixsite com
  • en nagoyamosque com

 

 

0 пікір