Ірі имам Ахмед ибн Ханбәл (780-855)
Ірі имам Ахмед ибн Ханбәл (780-855)
9 жыл бұрын 3503
Бақ БЕР

Ханбали мәзһабының имамы, хадисші әрі толық мүжтахид ретінде танылған тұлғаның шын аты – Әбу Абдуллаһ Ахмед ибн Мұхаммед ибн Ханбәл ибн әш-Шайбани әл-Маруази. Әкесі ерте қайтыс болып, оны анасы Сафия бинт Мәмуна өсірген. Ұлты араб, Шайбан руына қарайды, тегі Низар руында Пайғамбарымыздың тегімен қосылады. Ахмедтің атасы Ханбәл Омаядтар кезеңінде Серахста әкімдік атқарған. Алғашқы білімін ғылым мен мәдениет орталығы әрі Аббасидтердің астанасы Бағдатта алғаннан кейін діни ілімдерге бет бұрған Ахмед исламды толықтай ұстануды ұйғарды. Осындай қалаумен Пайғамбарымыздың хадистеріне көңіл бөле бастады. Бала кезінің өзінде Құран кәрімді жаттады. Басқа да діни ілімдерді оқып, арабша мен тіл білімін жетілдіргеннен кейін бүкіл уақытын хадистерге арнады. Парысшаны да жақсы меңгергені айтылады. Хадис жинау, жаттау әрі жазуға қатты құмартып, Басра, Хижаз, Куфа мен Йемен секілді ілім орталықтарына көптеген саяхаттар жасап, сол жерлердегі ғалымдар мен мұхаддистермен жүздесті. Рауилерді тауып, олардан хадис алды. Үшеуінде қаражаты болмай жаяу бес рет қажылыққа барғаны, Имам Шафиғимен алғаш рет Хижазда танысқаны, сапарларында кедей болғандықтан үлкен қиындықтарға кезіккені, Йемендегі мұхаддис Абдурразақ ибн Хаммамнан хадис алу үшін Йеменге бара жатқанда, жолда ақшасы таусылып, жүк тасып ақша тапқаны айтылады. Рауилерден хадистермен қатар сахаба мен табиғинге дейін жеткен бүкіл риуаяттарды алған. Фықһи білімі мен усули фиқһты Әбу Юсуф пен Имам Шафиғидан алған дәрістерімен қуаттап, жинап, жинақтаған хадис пен сахаба пәтуаларын фиқһына негіз еткен. Қырық жастан кейін бес мыңға жақын шәкірттеріне дәріс берген.

Тарихта ірі мүжтахид ғалымдардың көбі зұлымдыққа тап болған. Имам Ахмед те одан шет қалмады. Аббаситтер дәуірінде «Құран – жаратылған (мақұлық)» деген көзқарас тарап, халифа Мәмун (813-833) бұны қинап ғұламаларға мойындатқысы келді. Мұғтазилиттердің ел ішіне іріткі салуымен басталған зұлымдық мемлекеттен қолдау тауып, биліктегілердің деспоттығымен ғылыми орталарға да күштеп қабылдатуға әрекеттер жасалды. Ғұламалардың көбі бұл көзқарасты еріксіз мойындаған. Алайда Ахмед ибн Ханбәл, әл-Қауарири, Мұхаммед ибн Нұх, Сүжада секілді бір топ ғалым «Құран жаратылған» деген пікірге қосылмағандығы үшін шынжырмен бұғауланып, абақтыға жабылып, қорлық көрген. Осы уақыттарда Қауарири мен Сүжада да ресми көзқарасты мойындағандықтарын айтып, түрмеден босайды. Халифа Мәмун енді Ахмед ибн Ханбәл мен Мұхаммед ибн Нұхпен жеке көріскісі келеді. Алайда халифа қайтыс болып, Мұхаммед ибн Нұх жолда өмірден өтеді. Осыдан кейін Ахмед ибн Ханбәл Бағдатта қайтадан түрмеге қамалады. Мұғтасым (833-842) дәуірінде би (қазы) Ибн Әбу Дуадтың итермелеуімен тағы да қорлық көрген. Екі жарым жылдай абақтыда жатқан Ахмед ибн Ханбәл босап шыққаннан кейін билікке келген әл-Уасық (қ.ж. 847) дәуірінде де әуелгі көзқарасынан айнымағандықтан, үнемі бақылауда болып, бес жыл хадистен дәріс бере алмаған. Соңында әл-Мүтауаккил (қ.ж. 861) дәуірінде «Құран жаратылмаған» дегендерді қудалау тоқтатылып, содан кейін барып хадиспен қайтадан шұғылдана бастаған. Оның осындай қиындықтарға тола өмірі он төрт жылды құраған. Халифа әл-Мүтауаккил өзінің көңілін аулау үшін сый-сияпат пен айлық бергісі келгенінде, оны қабылдамаған. Тіпті халифаның көмегін қабылдаған ұлдарына ренжіген. Өзі ешқашан ешкімнен қайтарымға ештеңе алмаған.

Имам Ахмедтің өмірі әкесінен қалған бір жалға берген пәтердің табысынан басқа кедейлікпен өткен. Екі некесінен ұлдары Салих пен Абдулла, күңінен үш ұл, бір қызы болған. Ұлы Абдулла бір естелігінде былай деген: «Әкем әр түні Құран кәрімнің жетіден бірін оқып, әр апта хатым жасайтын. Түнгі намазды оқығаннан кейін біраз тынығып, артынан тұрып таңға дейін құлшылыққа берілетін. Ең арзан матадан өзіне киім тіктіретін. Көбіне аз ғана тамақтанып «Өлмелі құлға осының өзі көп» дейтін».

Имам Ахмед ибн Ханбәлды халық жақсы көрген, тақуалығы мен сүннеткен беріктігімен танылған. Жұпыны өмір сүрсе де мемлекеттің қарамағында қызмет атқармаған, ешкімге күн қаратпай сүннетке сай өмір сүрген. Ол жайында «Иудейлер арасынан шықса, пайғамбар болар еді» деген секілді мақтау сөздер айтылған. Ешкімнің оны жамандағаны байқалмаған. Халық көбіне оны мешітте, жаназа намазында я науқастың қалын сұрап барған кездерінде көретін.

Ахмед ибн Ханбәл Құранды маһлұқ дегендерді Жахмиге, ал маһлұқ емес дегендерді бидғатшыға жатқызған. Өзі бұл мәселенің сүннетте жоқ, кейіннен ойша айтылған көзқарас екендігін алға тартады. Өйткені сүннетте бұндай талас жоқ әрі Құран Алланың кәламы әрі түсірген үкімдері ретінде сипатталған. Онсыз да Сүннет әдістемесінде бұндай тақырыптар таласқа түспейді, талас дауласуға, ал дауласу болса ұрыс пен бүлікке бастайды.

Ахмед ибн Ханбәл сенімде, амалда, аһлақта сүннеттен басқа жол ұстанбайды. Талас- тартыстан бойын аулақ ұстады. Сахаба мен табиғиннің жолын көздеді. Сабырлы, кішіпейіл, байыпты, жұмсақмінезді, қанағатшыл, тақуа, ықласты мүжтахид ғұлама еді. Оның сенімі фиқһи насстардан туындайды. Анығырақ айтқанда, ол Құран мен Сүннетте бар шариғаттың негізгі дәлелдерін дәлел ретінде алып, бірқатар үкімге баруда оларды қолданғаннан гөрі насстарды сол күйі алып, сүннеттегі түсіндірмелерді сол күйі жүзеге асырған. Оның ойынша, иман жүрекпен құптау, тілмен мойындау және дене мүшелерімен амал жасалады, артады әрі кемуі мүмкін. Үлкен күнә істегендер діннен шықпайды. Алланың сипаттары насстарда айтылғандай, олар жорамалға салынбайды. Мүташабиһ аяттарды жорамалдағанша, үндемеген абзал. Халифа әділ немесе залым болса да, оған бағынуға болады. Көтеріліс жасауға болмайды.

Ахмед ибн Ханбәлдан хадис риуаят етушілер арасында Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Али ибн әл-Мәдини секілді әйгілі мұхаддистерді атап өтуге болады.

Ахмед ибн Ханбалидан кейін келген шәкірттері оның ілімін жинақылауға тырысса, ал кейбір қолдаушылары кей уақыттарда Ханбали мәзһабын қате түсінетіндей жағдайға жол берген. Халық арасында Ханбали мәзһабы дегенде дөрекі, қатал, күшке сүйенетін, таяз ойлы әлдекімдердің елес беруі хижри 323, милади 934 жылы Бағдатта Ханбалилардың арақты төгіп, нашар орындарға тарпа бас салып, музыка аспаптарын сындырып, өнер иелерін ұрып-соғып, Шафиғилер мен Шииттерге соқтығуы секілді әрекеттермен жұртты дүрліктірген тарихи оқиғаға сүйенеді. Ал анығында Имам Ахмед өте беделді ғұлама ретінде ешқашан күш қолдану мен зорлық-зомбылықты жақтамаған, қайта көтеріліс ұйымдастыратындарды қатаң айыптап отырған.

Еңбектеріне келсек, Ахмед ибн Ханбәлдің тіке өзі жазған еңбегі «әл-Мүснад». Бұл кітап оның жүз елу мың хадис арасынан таңдаған отыз мың шамасындағы хадистерден құралған. Имам адамдар хадистерде таласқа түскенде Мүснадқа қарасын деген ниетпен осы еңбегін жазған. Мүснадты әр түрлі қағаздарға жазып, таза қалыпқа келтіре алмай қайтыс болып кеткендіктен, ұлы Абдуллаһ (213-290) өз риуаяттарын да қосып, Мүснадты жинақтап, риуаят еткен. Мүснад баптарға қарай емес, сәнаттарға қарай реттелген, ішінде хасан мен ғариб хадистердің көбін қамтыған. Ал Имамға тән делінген өзге еңбектер Ханбали мәзһабы имамдарына тән деседі.

Имам Ахмед хазіреттің кейінге жеткен кейбір мағыналы сөздері төмендегідей:
«Адамдарға нан мен су қаншалықты қажет болса, ғылым да соншалықты қажет. Ілім риуаят пен құрғақ мәліметтің көптігі емес, ілім пайдалы әрі амал етерлік нәрсе»;
«Пендеге жүрегін дұрыстауы үшін жақсы адамдармен бірге болудан өткен пайдалы іс жоқ, ал пасықтармен бірге болу, солардың қылықтарына көңіл бөлуден өткен зиян жоқ»; «Күнәлар иманды әлсіретеді»; «Бойыңызда жоқ қасиеттерді айтып сізді мақтаған адам бойыңызда жоқ жамандықтарды айтып сізді жамандайтынын ұмытпаңыз»; «Сұрағаны бермеген кезінде ашуланып, өкпелеген немесе ренжіген дос шын дос емес»;
«Тәкаппар бастан ақыл күту қиын»; «Өзін мақтағанға мәз болатындар адамдардың ақымақтары»; «Адамға аз нәрсе жетеді, бірақ көп нәрсе жетпейді»; «Ертелі-кеш мешітте құлшылық жасап, Алладан несібе күту – наданның ісі. Оның исламнан хабары жоқ».

Саналы ғұмырын мұсылман үмбетінің пайдасына жарарлық іске, ілімге арнаған ірі имам Ахмед ибн Ханбәл 855 жылы Бағдатта өмірден озған. Жаназасына мыңдаған кісі қатысқан. Намазы Жұма күні оқылған. Қабірі кейінгі ғасырларда Дижла өзенінің тасуымен суға кетіп жойылған деседі.

0 пікір