Халифа Омар ибн Әбдуләзиз және оның үш ұстанымы
Халифа Омар ибн Әбдуләзиз және оның үш ұстанымы
8 жыл бұрын 3699
Абдурахман Рафәт әл-Бәшә

Омар ибн Әбдуләзиз мінезі мен дене бітімі сұлу,

 білімді, адам жан сарайына терең үңілгіш,

көп күрсінгіш, тәубешіл жан еді.

(Әз-Зәһаби)

 

Омар ибн Әбдуләзиздің халифа болғанда жасаған әрекеті

 

Бірінші әңгімені ақын Дүкәйн ибн Сағид әд-Дәрими баяндайды:

Омар ибн Әбдуләзиз Мәдинаның әкімі болып жүргенде мақтап өлең жазып едім, маған асыл тұқымды 15 түйе сыйлады. Түйелерді тау арасында жалғыз аяқ жолда жалғыз өзім алып жүруге қорықтым, сатуға да қимадым. Солай не істерімді білмей жүргенде, Нәжід жаққа жол жүретін кісілер таптым. Оларға келіп, жолға бірге шығайық деп қолқа салдым. Олар:

– Қош келдіңіз, әрине, сізді өзімізге қосамыз. Бүгін түнде жолға шығамыз. Бізбен бірге жүруге дайындала беріңіз, – деді.

Омармен қоштасуға бардым. Қасында бейтаныс екі шейх отыр екен. Тұруға ниеттенгенімде, Омар маған қарап:

– Дүкәйн, менің нәпсім жоғарыға көтерілуге құмар. Қазіргі жағдайымнан артық деңгейге көтерілсем, маған кел, саған үлкен жақсылық жасаймын, – деді.

– Осы сөзіңе куә тап, – дедім.

– Алла куә, – деді Омар.

– Оның құлдарынан?

– Мына екі шейх.

         Бір-бірлеп аты-жөндерін сұрап шықтым. Бірі – Сәлим ибн Абдуллаһ ибн Омар, екіншісі – Әбу Яхия, әкімнің қызметшісі болып шықты. Сәлімнің куә болғанына қуанып, әкімге: «Сөзі өтімді куә болды», – дедім. Ал Әбу Яхия, енді ол әкімнің үйінен ғой. Бәрімен қоштасып, түйелерімді алып Нәжідтағы ауылыма жетіп алжым. Жаратқан ием сол түйелерге береке беріп, боталап, көбейіп кетті. Құл сатып алып бақтыратын болдым.

         Осылай күндер өте берді. Бір күні Нәжідте тақыр шөлде келе жатсам, Әмирул-мүмининнің қайтыс болғанын айтып біреу зарлап келеді. Қайғылы хабарды жеткізіп жүргенге барып:

– Орнына кім халифа болды? – деп сұрадым.

– Омар ибн Әбдуләзиз, – деді.

         Осыны естісімен, іле-шала түйеме мініп, Шамға жолға шықтым. Дамашыққа барғанымда халифаның алдына кіріп шығып, қайтып бара жатқан Жәрирді көрдім. Сәлем беріп:

– Қайдан келесің, Әбу Хазра? – дедім.

– Ақындарға – сараң, пақырларға жомар халифадан. Келген жағыңа қайта бер, өзіңе дұрыс болады, – деп жауап берді.

– Менің орным сендердікінен ерекше, – дедім.

– Өзің білесің, – деп кете берді.

         Халифаның сарайына бардым. Ол – сарайдың ауласында жүр екен. Айналасы толған жетім-жесір, шағымданған кісілер. Адамдар көп жиналғандықтан, жолығып сөйлесе алмадым. Бірақ дауыстап тұрып өлеңдетіп жібердім:

Жақсылық пен жомарттықтың Омары,

Мол сыйлық пен сыяпаттың Омары.  

Мен – Даримнен шыққан Қатандық жігітпін,

Күтіп тұр бауырынан алар қарызын.

         Сонда оның баяғы Әбу Яхия деген қызметшісі оған қарап:

– Әмирүл-мүминин! Саған қарсы мен мына кісіге куә болғанмын, – деді.

– Білем, – деп, маған қарап: – Ә, Дүкәйн, жақында, – деді. Алдына келгенімде, маған еңкейіп: «Мәдинада саған айтқаным есіңде ме? Менің нәпсім бір нәрсеге қол жеткізсе болды, одан да жоғарыға ұмтылады деп едім ғой».

– Иә, айтқаның рас, – дедім.

– Мінеки, мен де дүниедегі бір биік шыңға жеттім. Ол – билік. Ал нәпсім ақыреттік мақсатымды көксейді. Ол – жәннат. Нәпсім Алланың ризашылығын алғысы келеді. Патшалар билікті дүниеде абырой алу үшін қолданса, мен міндетті түрде ақыреттік абыройға жету үшін қолданамын. Ә, Дүкәйн, осы мансапты алғалы бері мұсылмандардың қаржысынан бір тиын алған емеспін. Өзімде мың дирхам ғана бар. Жартысын алып, жартысын маған қалдыр.

– Маған бергенді алып, еліме қайттым. Уаллаһи, бұдан артық берекелі ақша көрген жоқпын.

 

Халифаның әділдігі

  Омар ибн Әбдуләзиз бір күні Химс қаласының базарларын аралап, сатушылармен жолығып, нарықтың қалай болғанын сұрастырып жүр екен. Үстіне қатарлық қызыл түсті, сызық-сызық шекпен киген бір кісі жақындап:

– Әмирүл-мүминин, «әділетсіздіктен жапа шеккендер болса, келсін» деген бұйрығың бар екен, – деді.

– Иә, – деді Омар.

– Міне, алыс жерден келген, зұлымдық көрген кісі алдыңда тұр.

– Қайда тұрасың? – деп сұрады.

– Аданда, – деді ол.

– Иә, Омардан алыс тұрады екенсің, – деп атынан түсіп, қасына барды.

– Қандай әділетсіздік көрдің?

– Жерімді ата-тегі жағынан сізге қосылатын бір кісі тартып алды.

         Омар кідірместен қолына қалам мен қағаз алып, Аданның әкімі Уруаһ ибн Мұхаммедке хат жазды. «Уруаһ ибн Мұхаммед, хатымды алысымен мына кісінің шағымын тыңда. Кеткен ақысы болса, қайтарыңдар», – деп жазып хатты әлгі кісінің қолына ұстатты. Кісі кетіп бара жатқанда Омар оған:

– Тоқтаңыз, сіз алыс жерден келдіңіз. Осы сапарға көп қаржы жұмсарған боларсыз. Жол азығыңыз да таусылған шығар. Жолға жаңа киім сатып алу үшін мал сатқан боларсыз, – деп жол қаражаты мен осы жерге келуге кеткен шығындарды есептеп, қолына 11 динар ұстатты.

– Жүрген жеріңде жар салғайсың, «осы күннен бастап, қаншалықты алыста тұрса да, өз шағымын жеткізуге кім болса да тайынбасын», – деп айта жүріңіз, – дейді.

 

Ақыретті есіне салған құлды босатуы

         Ал үшінші әңгімені тақуалығымен танылған Зияд ибн Мәйсәраһ Әл-Махзуми баян етті.

         Абдуллаһ Айчяш деген кісінің қызметшісі болатынмын. Мені Мәдинадан Дамашыққа Омар ибн Әбдуләзизбен кездесіп, бір жұмыстарын бітіруге жіберді. Омар екеуіміздің арамызда Мәдинаға әкім болған кезінен бері келе жатқан қарым-қатынасымыз бар еді. Оның сарайына барып, бөлмесіне кіріп, сәлем беріп:

– Әс-сәләму алейкум! – дедім.

– Уа алейкум әс-сәлам! Зияд, кел, – деп қолын созды. Мен оған жақындап барып «Әмирүл-мүминин» деп амандасу керектігі есіме түсіп, тағы да:

– Әс-сәләму алейкум, Әмирүл-мүминин! Алла тағаланың мейірімі мен берекесі болсын! – деп амандастым.

– Зияд, сенің бірінші берген сәлеміңе жауап бердім ғой. Екіншісіне жол болсын? – деді.

         Қасында хатшысы бар екен. Олар Басрадан түскен арыз-шағымдарды қарап отыр екен. Хатшысы маған қарап:

– Зияд, отыра тұр. Бітейін деп қалдық, – деді. Мен барып есіктің табалдырыға отырдым. Хатшы арыздарды оқыған сайын, Омар күрсініп, мазасызданып отырды. Хатшы қолындағы қағаздардың бәрін оқып біткеннен кейін шығып кетті. Омар орнынан тұрып, маған қарай беттеді, алдыма келіп отырды. Қолын тіземе қойып:

– Қош келдің, Зияд! Мына шапаныңмен келіп, біздің көңілімізді жылыттың, мына қу дүниенің машақаттарынан құтқардың, – деді. Мен қатты жүннен тоқылған шапан ктіп алған едім.

         Кейін менен Мәдинаның салих кісілерінің жағдайын сұрады. Әрбір кісіні, әрбір әйелді егжей-тегжейлі сұрап шықты. Біреуін де қалдырмады. Мұнан соң әкім болып жүрген кезде берген тапсырмаларын сұрады. Барлығына толық жауап бердім. Қатты күрсініп алды да:

– Зияд, Омардың қандай жағдайда екенін көрмейсің бе? – деді.

– Саған жақсылық пен сауап тілеймін, – дедім.

– Жоқ! – деп біраз үнсіз тұрып, еңіреп жылап жіберді. Жаным ашып:

– Әмирүл-мүминин, өзіңе берік бол. Саған тек жақсылық тілеймін, – дедім.

– Сенің тілегің артығмен орындалған сияқты. Біреуді жекісем де, мені ешкім жеки алмайтын болды. Біреуді ұрсам да, маған ешкім қол көтере алмайтын болды. Елдің көңілін қалдырсам да, мені ешкім ренжіте алмады.

         Тағы да жылауын бастады. Менің де көңілім босап кетті. Қожайынымның жұмысын бітіргенше онымен үш күн бірге болдым. Кетерімде маған қожайынымнан мені сатып алатынын жазып хат ұстатты. Төсегінің астынан жиырма динар шығарып:

– Мынаны керегіңе жаратарсың. Қаржы үйінен саған қаржы бөлінгенде ақша беретін боламыз, – деді. Мен ақшаны алмауға тырыстым.

– Жоқ, бұл – қаржы үйінің ақшасы емес, жеке мүлкімнен, – деді. Тағы да алмайтынымды айттым. Сонда да қоймай беріп жіберді.

Мәдинаға келгенімде хатты қожайынымның қолына ұстаттым. Ол маған:

– Саған еркіндік беру үшін сатуды өтініпті. Сені неге босатпасқа?! – деп бостандық берді.  

         

0 пікір