Эвелин Кобболд – Меккеге қажылық жасаған алғашқы ағылшын әйел
Эвелин Кобболд – Меккеге қажылық жасаған алғашқы ағылшын әйел
8 жыл бұрын 3768
Марфуға ШАПИЯН

Өмірде Алла тағала ақиқатқа жүрегін ашқан, өзге дін өкілдерінің отбасында тәрбиеленсе де ақиқатты жүрегімен іздеп тауып, Исламға келген мұсылмандар, атақты адамдар аз емес. Алайда, сонау ХХ ғасырдың басында әйелдер қауымы арасында мұндай қадамға барып, Исламға деген іңкәрлікпен Ұлыбританиядан Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтеген, сосын осы тақырыпта кітап жазып, Рим папасы алдында “мен мұсылманмын” деп қасқайып тұрған нәзік жандылар сирек болар. Бүгінгі кейіпкеріміз Эвелин Кобболд дәл сондай жан.

         Эвелин Кобболд 1867 жылы Эдинбургте саксондық аксүйектерден тарайтын текті, бай отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Чарльз Адольфус Мюррей атақты саяхатшы болатын. Ол әлемнің түкпір-түкпірінде болып, кей сапарында жанына қызы Эвелинді де ертіп жүрген. Анасы Гертруда да білімді, ақылды әйел еді. Ал діни ізденістері жөнінде Эвелин: “Мені Исламның дәл қай кезден баурап алғанын білмеймін. Кейде өзімді туғаннан мұсылман секілді сезінемін”, - деп жазды. Эвелиннің араб әлеміне қызығушылығы бала кезінен басталды. Каирде оның әкесінің вилласы бар болатын. Эвелин отбасымен қысты сонда өткізетін. “Мен онда араб тілін үйрендім. Және тәрбиешілерімнен қашып, мысырлық достарыммен мешітке барғанды қатты жақсы көретінмін. Жан дүниемде сөзсіз, мұсылман едім”, - деп еске алады, Эвелиннің өзі.

         Ол 1891 жылы Джон Кобболдқа тұрмысқа шығады. Ал 1911 жылы Ливия шөліне өзінің алғашқы саяхатын жасап, “Ливия шөліндегі жазбалар” атты кітабын жарыққа шығарады. Эвелин 1922 жылы күйеуімен ажырасып кетеді.

         Оның сыртқы келбетіне қарап, мұсылман немесе мұсылман еместігін ажырату қиын болатын. Ол француз үлгісінде сәнді киінетін, тіпті саяхат кезінің өзінде оның үстінде Парижден арнайы алдырған соңғы үлгідегі сәнді киімдер болатын еді. Сонымен қатар, Эвелиннің спортшы әрі бұғы аулаушы ретінде де аты шыққан. 

         Ол өзінің Ислам алдындағы жауапкершілігін қалай сезінгені жөнінде былай еске алады: “Бірде мен итальян достарыммен Римде демалып жаттым. Біз аялдаған қонақүйдің иесі бізден “Рима папасын көргілерің келе ме?” – деп сұрады. “Әрине”, - деп қуана жауап бердім. Қабылдауда қасиетті әкей маған бұрылып: “Католиксің бе?” деп сұрады. Бір сәтке тосылып қалдым да, “Жоқ, мұсылманмын”, - деп жауап бердім. Дәл сол уақытта неге олай жауап бергенімді өзім де түсінбеймін. Өйткені, мен Исламды арнайы қабылдаған емеспін, тіпті ол туралы ұзақ жылдардан бері ойланбаған да болатынмын. Бірақ дәл осы жағдайдан кейін дінімді зерттей бастадым, қалған өмірімді Исламға арнау керектігімді ұқтым”.

         Эвелин мұсылмандықты ресми түрде 1930 жылы қабылдады. Оның Исламды тереңірек тануына Құранды ағылшын тіліне аударған Мармадьюк Пиктхолл елеулі ықпал еткен деседі.

 

         Эвелин 1933 жылы, 65 жасында өзінің Исламды қабылдағанын, қажылыққа барғысы келетінін айналасына мәлімдеді. Осы ниетін айтып, Сауд Арабия королінің кеңесшісі Абдуләзиз Хафизге хат жазады. Тіпті жауап күтпей кемемен Жиддаға келіп, мұсылман болғаннан кейін “Абдуллаһ” есімін иеленген ағылшындық Гарри Филбидің қабылдауында болады. Филби екі күн жүгірістен кейін оған губернатордан Меккеге баруға рұқсат алып береді. Солай Мекке-Мәдинаға аттанған Эвелинге өзінің көлігі мен шопырын да қосып береді.

         Эвелин үшін Меккедегі күндер өмірінде ұмытылмастай із қалдырды. Дәл осы жерде Зейнеп атты есімді иеленіп, өзге мұсылмандармен бірге Қағбаға тәуап жасады. “Ондағы жағдайды суреттеуге қай жазушының болса да, шеберлігі жетпес. Құдайларына бар жан-тәндерімен ұмтылған кей қажылардың жүздерін жас жуып, кейбірінің көздері көкке қадалып, дұға тілеуден жалықпады”, - деп жазды Эвелиннің өзі.

1934 жылы Лондонда леди Эвелин Кобболдтың “Меккеге қажылық” атты кітабы жарық көрді. Ол кітабында өзінің қажылық сапары туралы егжей-тегжейлі жазып, Мекке-Мәдинадағы әйелдердің тұрмыс-тіршілігі туралы сыр шертеді. Сол уақыттары жабық саналатын Араб қоғамын суреттегеннен кейін кітап эксклюзивті саналып, қолдан қолға тимей оқылды.

 Ағылшын қоғамы Эвелинді өзге дінді қабылдағаны үшін айыптап, сыни пікірлер айтса да, кітаптары сұранысқа ие болды, оған деген құрмет саябырсымады. Ол өзінің өмірбаяндық кітабында Кобболд: “Менен неліктен мұсылмандыққа өткенім жөнінде жиі сұрайды. Ондайда мен Исламның шынайылығы баурап алғаны жөнінде айтамын. Мен өмірбақи мұсылман болған сияқтымын. Батыс ойшылдары “Ислам – ақылдың діні” деп бекер айтпаса керек. Исламды зерттеген сайын оның адамзатқа пайдалы дін екеніне көзім жете түсуде. Ол - әлемдік проблемалардың шешімін көрсететін әрі адамзатты бақытқа жетелейтін дін. Мен Құдайдың бір екеніне, ал Мұса, Иса, Мұхаммедтердің (с.а.у.) Оның пайғамбарлары екеніне сенемін. Пайғамбарлар бізді жақсылыққа шақыру үшін жіберілді. Құдайдың алдында біздің күнәларымызға Мұхаммед те, Иса да араша түсе алмайды, барлығы үшін өзіміз жауап береміз. “Ислам” сөзі “Аллаға бойсұну” дегенді білдірсе, тағы бір мағынасы “бейбітшілік” деген ұғымда келеді. Мұсылман – Құдайдың бұйырғандарын орындап, мына әлемді бейбітшілік пен мейірімге толтырған жан. Ислам екі негізден тұрады: Құдайдың бір екендігі және адамдардың бауырластығы. Ал қажылықта алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Қасиетті жердегі мұсылмандардың арасында болу – адамға бұйыра бермейтін бақыт. Исламның бастау алған жеріне келу, адасқан адамзатты тура жолға шақырған Пайғамбардың мекенін көру, Мұхаммед пен алғашқы мұсылмандардың көрген қиыншылығын еске түсіру, тек бұл ғана емес, қажылық мұсылмандарды біріктіретін рәсім. Ол – түрлі-түрлі мұсылмандардың басын бір нүктеде қосады. Олар бір-бірімен пікір алмасады, тәжірибелерімен бөліседі. Мұнда ұлт та, теріңнің түсі де маңызды емес”, - деп жазады.

Эвелин әлемнің өзге көптеген елдеріне саяхат жасады, түрлі кітаптар жазды. Оның кітаптарын бүгінде интернет-аукциондардан сатып алуға болады.

Леди Кобболд 1963 жылы, қажылығынан 30 жылдан кейін 96 жасында өмірден өтті. Өлер алдында өз қабіріне “Аспан мен жердің жаратушысы - Алла” деп жазуды өсиет етіпті. Оның сүйегі өз өтінішімен туған жері Гленкарронға қойылды. Эвелинді жерлеу рәсімі өзі өмір сүрген екі әлемнің негізінде өтті. Қабірі басында шотландтық музыкант ұлттық қаралы муызканы ойнап тұрса, мұсылмандар Құран оқып тұрды. Көргендер оның қабірінде “Нұр” сүресінің аяттары жазулы тұр деседі.       

0 пікір