Биыл Бекасыл Биболатұлының туғанына 200 жыл толады. Оның мерейтойы осы жылдың қыркүйек айының 17 жұлдызында туған жерінде халықаралық қазақ-қырғыз зиялыларының V форумының аясында аталып өтіледі деп күтілуде.
Бекасыл Биболатұлы қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Есім хан ордасының іргесінде 1822 жылы өмірге келіп, 1915 жылы туған жерінде қайтыс болған.
Бекасыл Биболатұлы – Сайрам, Қарнақ, Ташкент, Самарқант, Бұхара, Шам (Сирия) еліндегі білім ордаларын түгел меңгерген данышпан, теолог, астролог, астроном, математик, философ, шипагер, бақ қонған, кие дарыған кісі, Ислам қағидаттарын, өмір салтын терең меңгерген дана, асқан ғұлама, Есім ханның уәзірі Құдайберді бидің тікелей ұрпағы,Төле бидің жақын аталас туысы, «Еңсегей бойлы Ер Есім» мен «Төле бидің тарихы» атты дастандардың авторы Қазанғап Байболовтың ұстазы.
Бекасыл Биболатұлы туған жерінде медресе ашып, сол аймақтың балаларын оқытқан, шығармашылықпен айналысып, көптеген кітап жазған. Көзінің тірісіде-ақ Бекасыл әулие атанған.
Бүгінгі ұрпаққа Бекасыл Биболатұлынан әзірге жеткені «Зикзал» атты ғибрат кітабы – халқымыздың тəуелсіздік жылдарында тапқан асыл қазыналарының бірі. Он тоғызыншы ғасырда қағазға түскен бұл құнды қолжазба тәуелсіздік жылдары төрт рет шығарылып, ғылыми айналымға түсті, бірнеше ғылыми конференцияға арқау болды. Тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының бірінен саналатын бұл шығармада Исламның асыл қасиеттері, адамзаттың байтақ тәжірибесі, салт-дәстүрі, замананың ой санасы, ғылымның сан-саласы қамтылған, қазақ топырағында бұрын кездеспеген, өмір тылсымдарының сырлары мен құпияларын ашатын, адамның күнделікті өміріне керекті пайдалы кеңестер, ғылыми мәліметтер мен басқа да тұжырымдар бар.
Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Оңтүстікке сапарын баяндайтын, «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазрет бола ма» деп аталатын мақаласында Бекасыл әулиені аса құрметпен хазрет, ұстаз деп атайды және пір тұтады, ғұламаның қадір-қасиетін айшықты аша түседі, оның «Зикзал» атты еңбегін аса құнды, баға жетпес туынды деп бағалайды.
Отандық ғалымдардың пікірінше, «Зикзал» – кез келген қазақтың төрінде тұратын қасиетті кітап.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі дінтанушы, араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған «Зикзалды» қазақ тіліне аударған Зәріпбай Оразбай бұл еңбекті әлемдік деңгейдегі Ханафи мазһабын дәріптейтін бірден бір ғылыми кітаптардың қатарына жатқызады.
2020 жылы пандемияның ең өршіп тұрған шағында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Зикзалдағы» індетке қарсы қолданылатын қасиетті 7 аятты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтына іліп қойды, бүкіл дүние жүзіндегі мұсылман елдерінің имамдарына үндеу жасап, олармен бір мезгілде Құран оқып, Жаратушыдан адам баласының күнәларын кешіріп, індеттің бетін қайтаруды сұраған болатын. Сонымен қатар биыл Наурызбай қажы Тағанұлы «Зикзалды» еліміз медреселерінің оқу бағдарламасына енгізу туралы ниет білдіріп, Бекасыл Биболатұлының 200 жылдығын атап өту туралы, оның есімін ұлы тұлғалар тізіміне қосып, түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістан мен еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтандағы көшелерге беру жөнінде бастама көтерген еді. Ол бастама жұртшылықтың көңілінен шығып, зиялы қауымның ішінде зор қолдауға ие болды.
Қазақ ұлттық медицина университетінің И.Ә.Құлманбетов, Р.И.Құлманбетов, Д.С.Караскова деген бір топ ғалымы өздерінің 2019 жылғы «Бекасыл Биболатұлының медициналық канондары» деген мақаласында Бекасыл әулиенің «Зикзалын» клиникалық медицина мен фармакология саласындағы медициналық энциклопедиялық ғылыми еңбек деп бағалаған.
Бекасыл Биболатұлының өмірбаяны мен еңбегі туралы деректер Қазақ елінің мұсылман ойшыл-ғұламалары Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Хусамеддин Сығанақи, Мәшһүр Жүсіппен бірге Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған (2016 ж.) жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныбына арналған академик Ғарифолла Есімнің жетекшілігімен дайындалған «Зайырлық және дінтану негіздері» және «Светкость и основы религоведения» атты оқулыққа енгізілген.
Қазіргі кезде Бекасыл Биболатұлының «Зикзалы» қазақ оқырмандарының тарапынан зор сұраныс тудырып отыр.
2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың шешімімен қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың, дала даналары мен ғұламаларының есімі және қасиетті жерлердің атауы қайта жаңғыртылып жатыр. Оның жарқын көрінісі биылғы жылы құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу мен орталығына Д.Қонаевтың аты берілген Алматы облыстары.
Осы орайда жоғарыда айтылған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бекасыл Биболатұлын ұлықтау туралы бастамасы Қазақстан Үкіметінің тарапынан қолдау табады деп сенеміз.
Бүгін еліміздің астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VII съезі өтіп жатыр. Араға бірнеше күн салып қазақ-қырғыз зиялыларының V форумы аясында Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойы қасиетті Түркістан жерінде аталып өтпекші. Менің пікірімше, бұл да кездейсоқ нәрсе емес. Ол ғұлама бабамыздың ұстанымы мен рухы биіктігінің дәлелі.
Дереккөз: egemen.kz/