Жасыл алаң үстінде жылдан жылға небір футбол жұлдыздары дүниеге келіп жатады. Бұрынғыны кейінгілер ысырады. Толқынды толқын басады. Бірақ соған қарамастан, жанкүйерлер ешқашан есінен шығармайтын, ешкімге, ештеңеге айырбастамайтын футболшылар болады. Міне, Зидан осы спортшылар қатарынан. Ала допты аяғына ілестіріп, алаңның о шетінен бұ шетіне атылған оқтай зымырайтын Зиданның жұлдыздай жарқыраған сәттерін бұл күні халық сағына еске алады. Оның әлемдегі теңдессіз футболшы екенін айтып, француздар мақтанады. «Реал» тарихындағы ең үздік ойыншы екенін айтып, испандықтар мақтанады. Ал біз, мұсылмандар Зинедин Зиданның Еуропаның үздік футболшысына беретін «Алтын доп» жүлдесін иеленген, Әлем және Еуропа чемпионы атанған тұңғыш мұсылман екендігімен мақтанамыз. Сондықтан, мұсылман футболшылар туралы жазу ниетіміз пайда болғанда, қос әлем – Батыс пен мұсылман жұртшылығының «сүйіктісі» Зиданды айналып кетуіміз мүмкін емес еді...
Бала Язид алғашқы келісімшартына 14 жасында қол қойды
Франция құрамасының атақты жартылай қорғаушысы Зинедин Язид Зидан 1972 жылы 23 маусымда Францияның Марсель қаласында дүниеге келген. Әкесі Исмаил 1953 жылы Алжирден Францияға қоныс аударған кәбил ұлтының өкілі. Кейін Мәлика атты қызға үйлеген Исмаилдың отбасында Ләйлә атты қыз, Жамил, Фариддин, Нұраддин деген ұлдардан кейін өмір есігін ашқан Зинединнің футбол жұлдызына айналатынын әрине, кішкентай кезінде ешкім ойлаған жоқ. Пластикалық бөтелкені доп етіп ойнаған бала Зинединнің анасы Мәлика ұлының футболға қызығушылығы туралы: «Жеті жасар Язид сабақтан келе сала, сөмкесін қалдырып, футбол ойнауға далаға жүгіретін. Үйдің жанындағы шағын алаңқайда ойнап жүрген ұлымды үйге кіргізу мүмкін емес болатын. Даладағы футбол үйде де жалғасын табушы еді. Яздың добы тиіп сынған люстраның санынан жаңылдым», – дейді. Нәтижесінде жасөспірім Зинедин «Канн» клубының жаттықтырушысы Жан Вероның көзіне түсіп, алғашқы келісімшартына 14 жасында қол қояды. Солай болашақ әлем чемпионының алдында үлкен футболға жол ашылған болатын. 1989 жылы 20 мамырда әлі 17-ге де толмаған Зизу Франция чемпионатына қатысып, ойынға 78-ші минутта қосылғанына қарамастан, жеңіліс алдындағы командасын алға сүйреп, таразы басын теңестіріп кетеді. Ол туралы өзі: «Мені алаңға ойын бітуге 15 минут қалғанда ғана жіберді. Аяғым допқа үш-ақ рет тигеніне қарамастан, мен дәл сол ойындағыдай бақытты ешқашан сезінген емеспін. Оған нағыз футбол жұлдыздарымен бірге ойнағаным ғана емес, жарты сағатқа жетпейтін уақытта 5000 франк тапқаным да себеп болды. Өйткені, ол менің айлық жалақымнан алты есе көп ақша еді», – деп еске алады. Жүрегін ерекше мақтаныш кернеген Зидан алғашқы табысына отбасына сыйлық апарып, қуантқан екен.
Зидан – мұсылман
Көп ұзамай-ақ француз футболының көшбасшысына айналған Зиданның мұсылмандығы басылым беттерінде ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Салмақты, сабырлы Зинединнің өзі мұсылмандығын немесе намаз оқитынын айтып, жарияға жар салған емес. Жасыл алаңда да өзін өте қарапайым ұстайтын футболшы журналистер дініне қатысты сұрағанда ғана: «Иә, мен – мұсылманмын. Бүкіл жаратылысты жаратқан бір Құдайға сенемін. Жан дүниемдегі сенімімді жоғары бағалаймын», – деп жауап берген болатын.
Франция көшелерінде кедей мұсылмандар үшін ауызашар береді
Бапкерлері ол туралы: «Зидан көп сөзді жақсы көрмейді. Ақылыңды тыңдайды, сосын оны іспен көрсетеді», – дейді екен. Маған Зиданның мұсылмандығы да солай секілді көрінеді. Ол: «Мынаны істедім», - деп ешқашан айтпайды. Бірақ халық оның нағыз мұсылманға сай өмір сүретінін іс-қимылынан біліп отырады. Ол жарлы-жақыбайға көмек ретінде табысының көп бөлігін садақа етеді. Туған қаласындағы жас футболшыларға қамқорлық танытып, олардың қаржылық жағдайының барлығын өзі көтереді. Алжирдегі балалар емханасына көмектеседі. Түскен қаржысы Африкадағы аштықтан зардап шеккен жандарға кететін жолдастық кездесулерді ұйымдастырып, өзі де соған қатысады. Және ең кереметі, соңғы бірнеше жылда Рамазан айы келгенде Францияның түкпір-түкпірінде кедей мұсылмандар үшін ауызашар өткізуді әдетке айналдырыпты.
«Ешқашан ішімдік ішпеген, темекі атаулыға да жоламаған»
Футболсүйер жастардың кумиріне айналған Зиданның ішімдікке көзқарасы туралы батыс басылымдарында түрлі қауесет бар. «Бір рет есінен айрылғанша ішіп көрген Зидан қатты ауырып, содан кейін қайтадан алкоголь атаулыға жоламаған екен», - деп жазады олар негізінен. Футболшының немере ағасы Рабах болса: «Маған Зизудың жеке өмірінен көп нәрсе мәлім. Бірақ оның барлығын сіздердің алдарыңызға жайып тастай алмаймын. Бір айтарым, ол ешқашан ішімдік ішпеген, темекі атаулыға да жоламаған», – дейді басылым беттеріне берген сұхбатында. Соңғы сөз дәлелді, әрі ақиқат сынды. Расымен, мұсылман отбасында дүниеге келіп, мұсылманша тәрбие алған адамның ішімдікке жолауы мүмкін бе?
Футболшы үшін отбасы бірінші орында
Барлық мұсылмандардағыдай Зидан үшін де отбасы құндылығы алғашқы орында. Футболшының әйелі Вероника – испан қызы. Екеуі төрт ұл тәрбиелеп отыр. Зидан: «Жақсы мұсылмандығымның көрсеткіші көп оқылған намаз немесе оразамен өлшенбес. Егер ұлдарыма жақсы әке бола алсам, онда менің жақсы мұсылман болғандығым», – дейді. Отбасын алдыңғы орынға қоятыны әсіресе, 1998 жылы Әлем чемпионатында Франция құрамасы чемпион болғанда көрінді. Футболшылар жеңісті жақсылап тойлауға кірісіп жатқанда, Зидан үйінде, балаларының жанында еді. Рас, жеңісті кешке қатысты, бірақ ұзақ болған жоқ. Футболшының өзі бір сұхбатында: «Әйелім мен төрт балам мен үшін дүниедегі ең асыл жандар. Әйелім тамаша жан, екеуміздің бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқанымызға 20 жылға жуық уақыт болды. Енді ата-анам бойыма сіңірген тәрбиені балаларыма аманат етіп тапсыруым керек» дейді. Зиданның төрт ұлы да футболға жақын. Үлкен екеуі жарыстарға қатысып үлгерді. «Әкелерінің атақты адам екені балаларыма алғашқыда қатты әсер ететін. Есейе келе бәрін түсіне бастады. Мен оларға адамдарға құрметпен қарауды үйретемін», – дейді футболшы.
Қажылық жасау ниеті бар
Зиданның қажылыққа барған, бармағаны жөнінде көп жазылды, көп айтылды. Анығында, футболшыға әлі қажылыққа жол түспепті. Бірақ ниетінде, ойында бар көрінеді. Және Сауд Арабия Корольдігінің өкілдері де Зиданды өз елдеріне арнайы шақырған болатын.
Зиданның футболмен итальяндық Марконы баспен ұрып қоштасуы
2006 жылғы Әлем чемпионатынан кейін Зинедин Зидан футболшылық карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді. Бірақ Франция мен Италияның финалдық кездесуінде күтпеген жағдай орын алып, итальяндық Марко Матерацциді басымен ұрған Зиданға қызыл карточка көрсетіліп, алаңнан қуылады. Демін ішіне алып, Францияға қолдау көрсетіп отырған жанкүйер жеңіске қол созымдай қалған кезде істің бұлай насырға шапқанына «аһ» ұрды. Халық жеңісті қолдан шығарып алғанына, алаңда сабырлық таныта алмағанына қарамастан Зиданның жағында еді. Бірақ салмақты, біртоға футболшыдан мұндай қылық шығады деп ешкім ойламаған болатын. Оны сондай жағдайға итермелеген дүние не болды екен? Бұл туралы да сан-саққа әңгіме кетті. Біреулер Марко Зиданды «араб террорисі» атапты десе, енді біреулер басқа деп жатты. Зиданның өзі көпке дейін итальяндықтың өзіне не дегенін: «Оны айтуға аузым да бармайды» деп жасырып келсе, кейін оның Зиданның анасы мен әпкесіне тіл тигізгені мәлім болды. Әйел адамның ар-намысын қатаң қорғайтын мұсылмандар үшін бұл ашуланатын-ақ жағдай еді. 2006 жылдың қазанында Марко Матерации: «Мен Зиданға ақиқатында не дедім?» деген кітап шығарды. Ал спортшыға лайық емес тәртібіне қарамастан, Зидан осы чемпионаттың үздік футболшысы атанды.
Ең қызығы, кейін Зиданның Матерацииді басымен ұрып тұрған сәтінің мүсіні жасалды. Алғашында Парижде тұрған бұл мүсінді кейін Катар елі сұратып алып, өз мұражайларына қойды. Ал 2007 жылы Марко халық алдында Зиданнан кешірім сұрады.
Одан жанкүйерлері әлі де үлкен жеңістер күтеді
Зидан – Пеле, Вава, Брайтнерден кейін екі әлем чемпионатында гол соғу бақыты бұйырған төртінші футболшы. 2004 жылы соңғы 50 жылдықтағы Еуропаның ең үздік футболшысы атанды. 2009 жылдың 1 маусымынан Зиданның тренерлік карьерасы басталды. «Реал» президентінің көмекшісі болған Зидан, 2010 жылдың қарашасында клуб президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. 2013 жылдан «Реал Мадрид» клубының бапкерінің көмекшілігіне келген Зидан бапкер ретіндегі алғашқы үлкен жеңісіне де қол жеткізген еді. Ол 2014 жылдың УЕФА Чемпиондар Лигасының кубогы болатын... Одан жанкүйерлері әлі де үлкен жеңістер күтеді.
Сырт келбеті еуропалық, жан дүниесі мұсылман осы бір тамаша футболшыны жақсы көретін, құрметтейтін халық көп. Ал «Зидандай боламын» деген арман отын көкіректерінде жандырып, ала допты аяқтарына ілестіріп, жасыл алаңды үй еткен балалар мен жасөспірімдер одан да көп деседі...