Хадиша – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) алғашқы жұбайы, исламды алғаш қабылдаған, мүминдердің аналарының бірі. Құрайыш тайпасының сыпайы әрі ақсүйек отбасына тән. Әкесінің аты – Хуайлид, анасының есімі – Фатима. Толық айтқанда, Хадиша бинт Хуайлид ибн Әсад ибн Абдулузза ибн Құсай ибн Килаб ибн Мурра ибн Қағыб ибн Луай ибн Ғалиб. Тегі пайғамбарымызбен әке жағынан Құсай, шеше жағынан Луай болып қосылуда. Жахилия кезеңіндегі лақап есімі «Тахира» болған. Нақты туылған жылы білінбеуде.
Хазірет Хадишаның ілімі, дүниесі, абыройы мен ар ұяттылығы, әдебі кісі қызығарлық болатын. Саудамен айналысқан, сол кезеңнің ірі саудагерлерінің бірі еді. Қызметшілер, жазармандар және құлдар ұстайтын. Сауданы өз адамдары және серіктестері арқылы жүргізетін. Хазірет Хадиша хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) өзгелерден оқ бойы жоғары тұрған адамгершілік қасиеттерін және сенімділігіне сене отырып, оған басқаларға қарағанда көп ақы төлеп, оны Шамға дайындаған керуенге қосты. Хазірет Мұхаммедтің жанына күңі Майсараны қосты. Шамға сауда сапары үш айға созылды. Осы сапар барысында хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) бойынан ерекше жағдайлар байқалды. Сапарда оған көлеңке түсіріп жүрген бұлт пен құс кейпіне енген екі періштенің үнемі бірге болуы, болдырғаннан жолда жүре алмай, керуенге ілесе алмай қалған екі түйенің аяғын қолымен сипағанда, олардың тез тыңайып, шапшаң жүріп кетуі, Бусрадағы монастырға жақын жердегі қурап кеткен ағаштың астына отырғанда, ол ағаштың жан алуы, монах Настураның ант ете отырып, хазірет Мұхаммедтің соңғы пайғамбар болатынын хабарлауы, Бусра базарында иудей мен саудаласу кезінде Майсараның пайғамбарлық қасиеттерін байқаған. Сапардан қайтқанда хазірет Хадишаға хазірет Мұхаммедтің осы ерекшеліктерін туысы Зүбәйір мен күңі Майсара тәптіштеп түсіндіреді. Айтылған жайттар және саудасының хазірет Мұхаммедтің берекесімен жақсы пайдаға кенелуі, бұған қоса, керуенді тосып алған уақытта хазірет Мұхаммедке көлеңке түсіріп келе жатқан екі періштені өз көзімен көруі хазірет Хадишаға қатты әсер етті. Бұрын түсінде аспандағы айдың құшағына еніп, қолтығынан шығып, бүкіл әлемді нұрға бөлегені де есіне түсті. Хазірет Хадиша бұл жағдайларды пұттарға табынбай, христиан болған, Тәурат пен Інжілге қанық, аймаққа жақсы таныс ақын әрі білімпаз көкесінің ұлы Уарақа ибн Науфалға барып айтты. Уарақа ибн Науфал түсті «Ақырзаман пайғамбары қазір арамызда болғаны. Сен оған өмірлік серік боласың. Сенің уақытыңда оған уахи келеді. Оның діні бүкіл әлемге тарайды. Оған алғаш иман ететін сен боласың. Ол пайғамбар Құрайыш тайпасының Хашимұлдарынан шығады...» деп жориды. Ерекше жағдайлар туралы естігенде, былай дейді: «Бұл айтқандарыңнан мынаны байқап тұрмын, еш күмәнің болмасын, Мұхаммед осы үмбетке пайғамбар болады. Мен өзі де осы үмбеттен бір пайғамбар шығатынын білетінмін әрі күтуде едім. Осы уақыт соның келетін уақыты» дегенде, хазірет Хадишаның хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) деген сүйіспеншілігі мен сенімі бұрынғыдан да арта түсті. Осы кезде жасы қырыққа келген, жесір еді. Хазірет Мұхаммед болса, жиырма бес жаста болатын. Екі жақтың жақын туыстары екеуін үйлендіруге шешім қабылдады. Неке басқосуы хазірет Хадишаның үйінде өтті. Әбу Талиб пен Уарақа ибн Науфал тарапынан ізгі сөздер айтылды. Некені Уарақа ибн Науфал қиды. Құрайыштың алдыңғы қатарлы адамдары осы некеге куә болысты. Хазірет Хадиша Расулалла екеуі төрт қыз, екі ұл сүйді. Қыздарының есімдері: Зейнеп, Рұқия, Үмму Гүлсім, Фатима, ұлдары: Қасым мен Абдулла еді. Қасым атты ұлы себепті Расулалланы жұрт «Әбулқасым» (Қасымның әкесі) деп те атайтын. Қасым пайғамбарлыққа дейін Меккеде дүниеге келді. Бір жарым жаста шетінеп кетті. Хадиша анамыздан туылған соңғы ұл Абдулла еді. Пайғамбарлықтан кейін туып, емшектегі кезінде шетінеп кетті. Taййиб, Тахир деп те аталды. Абдулла шетінеп кеткенде жаулары «Мұхаммедтің тұқымы құрыды» десті. Осы кезде «Кәусар» сүресі түсіп, оларға жауап айтылды.
Хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) Жәбірейіл періште алғаш уахи әкеліп, пайғамбар екенін білдіргенде, бұл сырды алғаш рет хазірет Хадишаға ашты. Хазірет Хадиша: «Бір білетінім, сен шын сөзді адамсың. Аманатқа қиянат жасамайсың. Мінезің жақсы әрі адамгершілігің де жоғары. Сен сірә осы үмбетке пайғамбар боларсың деп үміт етемін» деді. Мұхаммедтің (с.а.у.) айтқанына еш күмәнданбастан дереу иланғанын айтып, алғаш мұсылмандықты қабылдады. Мүшріктер келеке-мазақ етіп, қоқан-лоққы жасаған уақыттарда үнемі Расулалланы жұбатып, жанына жалау бола білді. Бар дүние-мүлкін ислам жолында сарп етті. Расулаллаға (с.а.у.) жиырма төрт жыл адал қызмет етті. Еш ренжітіп көрген емес. Хазірет Хадиша алпыс бес жаста Хижреттен үш жыл бұрын (миләди 619) Рамазан айының басында Meккеде өмірден озды. Хажун мазарлығына жерленді. Мұхаммед (с.а.у.) хазірет Хадишаның қайтыс болғанына қатты қайғырды. Осы себепті сол жыл қайғыға толы жыл деген мағынада «сәнәтул хүзн» деп аталды.
Сияр, тарих, әңгіме және басқа да жанрда жазылған кітаптардан хазірет Хадиша (р.а.) туралы небір құнды мәліметтер алуға болады. Хазірет Хадиша пайғамбарымызға, балаларына, мұсылмандарға және жұртқа өте жанашыр еді. Үй шаруасын тыңғылықты істейтін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл турасында: «Ол әрі балаларға ана әрі үй іші шаруаларына тындырымды жан еді» деп еске алған. Пайғамбарымызды (с.а.у.) ерекше құрметтейтін. Айтқанын екі етпей орындайтын. Расулалла да (с.а.у.) оны әрдайым мақтап отыратын. Тіпті бір күні тағы да алғашқы аяулы жарын сыртынан мақтап қалған кезінде хазірет Айша шыдамай кетіп: «Алла сізге одан да жақсысын нәсіп етті ғой», - деп қалады. Сонда Расулалла (с.а.у.): «Жоқ, Хадишадан артығын берген емес. Жұрт мені өтірікші деген уақытта ол маған сенді. Жұрт маған қиындық тудырғанда, ол мені демеді. Жабырқаған көңілімді жұбататын» дегені бар. Хазірет Хадиша тірі кезінде Пайғамбарымыз басқа ешкіммен үйленбеген. Оның туыстарын көре қалса болды, дереу орнынан ұшып түрегеліп, күтіп алып, жанына отырғызатын. Уысына дүниелік зат түсе қалса болды, оларды да ұмытпай, дереу сыйлық жіберіп, ұмытпағандығын, сыйлайтынын сездіретін.
Пайғамбарымыз сол және басқа да таңдаулы әйелдер жайлы былай деген: «Мына төрт әйелдің артықшылығына әлемдегі өзге әйел атаулы жете алмайды. Имранқызы Мәриям, (Мұсаға) сенген Перғауынның әйелі Әсия, Хуайлидқызы Хадиша және Мұхаммедқызы Фатима».
Пайғамбарымызға уахи келгеннен кейінгі кез. Мүшрік арабтардың Расулаллаға өштестігі жаман еді. Хазірет Хадиша Расулалланы (с.а.у.) сырттай үнемі қорғап, көңілі іздеп тұратын. Пайғамбарымыз сыртта болған кезінде іздеп сыртқа шықты. Осы мезет Жәбірейіл періште адам бейнесінде хазірет Хадишаға көрінді. Хазірет Хадиша одан Пайғамбарымызды сұрағысы келді, бірақ мүмкін пиғылы теріс кісілердің бірі болып жүрмесін деген күдікпен сұрамай, үйіне қайтты. Пайғамбарымызды үйде көргенде, оқиғаны айтты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Өзің көріп, мені сұрағың келген кісінің анығында кім екенін білесің бе? Ол Жәбірейіл періште болатын. Саған сәлем айтты. Мынаны да айтуымды қалады: жұмақта сен үшін інжуден жасалған бір ғимарат әзірленген екен. Әрине, ол жақта бұндай мұң-қайғы, ауыртпалықтар мен қиындықтар болмайтыны анық».
1) Taбақат-ы ибн-и Сағыд, 8 т. Б. 14, 52
2) әл-Исаба, 4 т. Б. 281
3) әл-Истиаб, 4 т. Б. 279
4) Mауахиб-и ладунния. 1 т. Б. 36, 214
5) Асхаб-ы кирам, Б. 229
6) әл-Aғлам, 2 т. Б. 302
7) әд-Дуррул-мансур. Б. 180
8) Tарихул-хамис. 1 т. Б. 301
9) Tолық илмихал Саадат-и абадия. Б. 1008