Әзіреті Омардың айтқан пікіріне орай түскен аяттар
Әзіреті Омардың айтқан пікіріне орай түскен аяттар
4 жыл бұрын 4465

Әзіреті Омардың бойында Алла берген ақ пен қараны ажырата білу ерекшелігі бар. Оның осы ерекшелігін ескере отырып Алла Елшісі оған «Фаруқ» яғни дұрыс пен бұрыстың ара жігін айырушы деген есім береді. 

Оның ақылдылығы жайында ұлы Абдулла былай деген: «Егер Әзіреті Омар бір нәрсе үшін «менің ойымша былай болғаны дұрыс» дейтін болса, ол нәрсе міндетті түрде соның ойлағанына сай келетін»[1].

Әзірет Омардың айтқан сөздеріне сай бірнеше аят түскендігі деректерде айтылады. Бір деректерде он бес аят, басқа бір деректерде 21 аят түскен деседі. Дегенмен, қанша аят түскені жайында Омар Фаруқтың өз ауызынан естиік. Ол (р.а.) бір сөзінде былай дейді:

«Мен үш жерде Ұлық Раббымның аятына тура келдім. Бірінде Алла Елшісіне: «Мына Ибраһимнің орны. Соны намаз оқитын жер етсек болар еді», – дегенмін. Осыған сай мына аят түсті «Мақаму Ибраһимді намаз оқитын жер етіңдер»[2].

Екіншісінде «Уа Расулулла! Саған жақсы да, жаман да келеді. Мүминдердің аналарына үйде шымылдық тартып қоюды (хижаб) бұйырсаң екен», – деп өтініш білдірдім. Осы өтінішіме сай Алла тағала мына аятты түсірді: «Пайғамбардың (с.а.у) жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, перде артынан сұраңдар!..»[3].

(Үшіншісі[4],) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кейбір әйелдері дау шығарғандығы маған жетті. Мен оларға барып: «Сендер Оған (с.а.у) бойұсынасыңдар, (бойұсынбайды екенсіңдер) Алла сендердің орындарыңа сендерден де хайырлы әйелдер береді», – дегенімде Алла тағала мына аятты түсірді: «(Ей пайғамбардың жұбайлары!) Егер ол сендерді талақ етсе, Раббысы оған өздеріңнен жақсырақ мұсылман, мүмін, бойұсынушы, тәубе етіп, құлшылық етуші, ораза ұстаушы, тұл не еркек көрмеген әйелдерді ауыстырып беруі мүмкін» (Тахрим сүресі, 5-аят).[5]


[1] Бухари, Манақиб 35.
[2] Бақара сүресі – 125 аят.
[3] Ахзаб – 53 аят.
[4] Пайғамбарымыздың әйелдерінің арасында дау туғанда
[5] Сахих Бухари, «Бәбу: уәттәхәзу мин мақами Ибраһима Мусалла», №4213-хадис.

0 пікір