Аты аңызға айналған Тілеуқұл ишан
Аты аңызға айналған Тілеуқұл ишан
7 жыл бұрын 4874
Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Қазақ халқы өз тарихының қай кезеңінде болмасын ең бір қиын-қыстау замандар мен тығырыққа тірелген күндерде атақты хандары мен сұлтандарын, қара қылды қақ жарып, әділ билік айтатын билерін, қан майдандарда қол бастайтын батырларын, елді ұйытып, рухани жағынан тәлім-тәрбие беретін рухани көсемдер – сопы, әулие, ишандарды шығарып отырған. Кейбір осындай тұлғалар бүкілхалықтық деңгейге көтеріліп, олардың іс-әрекеттері мен қызметтері ел есінде ұмытылмастай сақталып қалса, кейбір тұлғалардың қоғамдық қызметтері аймақтық деңгейде болып, олар сол өңірлердегі халықтың жадында жатталып қалады. Осындай аймақтық деңгейдегі тұлғалардың біріне, біз сөз еткелі отырған – Тілеуқұл ишан жатады.

Тілеуқұл ишанның ғұмыры қазақ әдебиетінде «зар заман» деген атаумен, қазақ тарихында Ресейдің Қазақстанды отарлауының және кеңестік жүйенің орнығуы, күшеюі деген атаумен белгілі болған ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы 30 жылдығы арасында өтеді. Ал қоғамдық қызметі Сырдың төменгі ағысы бойы, Арал теңізінің солтүстік-шығыс, солтүстік және солтүстік-батыс өңірлері мен Ақтөбе, Шалқар аумақтарында қоныс тепкен Кіші жүздің алты ата Әлім, оның ішінде Қаракесек тайпасының рулары арасында жүреді. Ишанның өмір жолы мен қоғамдық қызметтерін сөз етпес бұрын, алдыменен, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы жоғарыда аталған аймақтардың жалпы жағдайына қысқаша болса да тоқталып өтелік. Сонда ғана біз, «зар заман» дәуірі мен отарлық езгінің күшеюіне қарсы тұра алатын, елді шашыратпай ұйыта білетін, отарлаудың бір бөлігі болып саналған шоқындыру саясатына рухани бірлік пен имандылықты тосқауыл етіп, ту еткен тұлғалардың тарих мінберіне көтерілуінің заңдылығын көре аламыз.

Міне, осындай қазақ жұрты үшін тығырыққа тірелген, қиын-қыстау кезеңде Сыр бойы мен Арал маңындағы жергілікті халықтың бірлігін сақтап, шоқындыруға қарсы әрекет – имандылықты күшейтуге Жүрсін ұлы Тілеуқұл ишан өз үлесін қосады.

Ишанның шығу-тегіне келсек, ол былайша тармақталады. Кіші жүздегі алты ата Әлім деп аталатын тайпалар бірлестігіндегі алты тайпаның бірі – Қаракесек тайпасы Есіл және Тобыл (Қазантебер) атты екі қанатқа бөлінетіндігі белгілі. Осы Есіл өз ішінде Үңгіт және Жолай атты екі тайпалық бөлімге жіктеледі де, Үңгіттен – Естек, Табаншы және Жақау атты үш тайпалық бөлімше бөлініп шығады. Тілеуқұл ишан осы Жақау тайпалық бөлімшесінен таралады. Реті келгенде айта кетелік, ел аузындағы тарихи аңыз-әңгімелерде Жақауды батыр, Қарақыпшақ Қобыланды батырдың туған жиені деп айтады. Тіпті, кейбір шежірелер Жақау батырды – «хан Жақау» деп те жазады. Қазақ батырларының кейбіреулері шежірешілер мен аңыз-әңгімелерде «хан» деген лауазыммен беріліп жататынын талай рет кездестіргенбіз. Қазіргі кезде сол батырлар туралы жұмыс жазған ағайындар негізгі кейіпкерлерінің ерлік істерін баяндай келе, қызды-қыздымен оларды хан болған деп жазып та, айтып та жібереді. Оны оқыған, не тыңдаған адамның ойы сан жаққа шашырап кететінін айтпасақ та білуге болады. Ресми қазақтың ханы болып тұрып, батырлар қалай хан тағын иеленген? — деген заңды сұрақ кімді де болса мазалайтыны анық. Сол себепті де «хан Жақау» деп кездесетін сөздерге қатысты түсіндірме бере кетелік. Бұрынғы замандарда да, қазіргі күндерде де ерлік жасаған адамдардың мемлекет басшысы тарапынан марапатталатыны белгілі. Қазіргі кездегі марапаттаудың түрлері белгілі, ал Қазақ хандығы дәуірінде оның қандай түрлері болған десек, оған біз, ханнан шапан кию, қару алу, олжаның көп бөлігін немесе қалағанын алу сияқты түрлерін жатқызамыз. Ал шайқастың шешуші тұстарында үлкен ерлік жасап, шайқастың жеңіспен аяқталуына еңбек сіңірген қолбасшы-батырлар хан тарапынан арнайы марапатталып отырған. Сондай арнайы марапаттың ең құрметтісіне – ханның ерлік жасаған қолбасшы-батырды бір сәтке таққа сыйлап отырғызуы жатады. Мұндай сый-марапатқа екінің бірі ие бола бермеген, сол себепті де таққа отыру құрметіне ие болған батырларды кейіннен хан болған деп ұрпақтары мақтан етіп отыратын болған. Тілеуқұл ишанның арғы атасы Жақау батыр да ерліктері үшін таққа отыру құрметіне ие болып, «хан Жақау» атанып кеткен.

Шежірелерде Жақаудың бірнеше әйелі болып, олардан тоғыз ұл туылған делінеді. Олар: Тінібек, Жақсылық, Аман, Түмен, Ноғай, Шоңай, Қасаболат, Малайсары және Шой атты аталар. Осы тоғыз ата Жақау тайпалық бөлімшесіне жататын сегіз руға түпата болып саналады. Тілеуқұл ишан Малайсары руынан өсіп-өнеді.

Малайсары руы өз ішінде Қойсары, Пішай, Қалматай және Қаражан (Абақан) болып төрт рулық бөлімге жіктеледі. Қалматай бөлімінен Наурызбай, Қарабас, Нұр, Сәмен, Бәсім, Шолан және Байкісі атты бөлімшелер таралып шығатынын жергілікті жерлердегі шежірешілердің бәрі бір ауыздан мақұлдайды. Қарабас бөлімшесінен Ақпан, Жиенбет және Күнбарақ атты үш ру әулеті бой көтереді де, Күнбарақтан – Келімбет және Игілік атты екі әулет тармағы қанат жаяды. Келімбеттен Өтеген және Жүрсін, ал Жүрсіннен Тілеуқұл ишан жалғыз өседі. Ишанның әкесі Жүрсін өз заманының білімдар ғұламасы болған. Оның денесі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Кәукей елді мекені жанындағы қорымда жерленген. Қазіргі кезде жергілікті тұрғындар оның қабіріне түнеп, зиярат етіп жатады.

Тілеуқұл ишан 1854 жылы Қазалы ауданы, Кәукей ауылында дүниеге келген. Оның нағашысы атақты Қожаназар ишан, Жанназар ишан екен. Қожаназар ишанның есімі Арал, Шалқар, Қазалы, Тереңөзек жақтағы тұрғындарға жақсы мәлім. Ол өз кезінде Шөмекей тайпасынан шыққан Шалқар ишанның ұрпағы Маймақ ишанмен замандас болған. Қазіргі күндерде Қазалы қаласындағы мешіт Қожаназар ишанның есімімен аталады. Шежіре бойынша Қожаназар ишан да Жақау тайпалық бөлімшесіндегі Тінібек руынан таралады. Тінібектен – Тілес, одан Атан, одан Тоған, одан Орақ, одан Артықбай, ал Артықбайдан Қожаназар ишан дүниеге келген. Осы жерде Тілеуқұл ишанның нағашысы Қожаназар ишан жөнінде ел арасында тараған көптеген әңгіме-аңыздардың бір-екеуін К.Р. Райымбаевтың кітабындағы материалдарға сүйене отырып, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

«Қожаназар мешітте мұсылманша оқып жүргенінде өте талантты болып, оқуға ерекше алғырлығымен көзге түседі, қатар балаларынан озық оқиды. Ауыл мешітінен оқып, біраз білім алғаннан кейін әкесі Бұхарада оқитын балалар тобына қосып жібереді. Ол сондағы діни жоғарғы оқу орнында 6-7 жыл терең білім алып үлкен діни ғұлама болып елге оралады.

Қожаназар елге келген соң өз ауылында Сырдария өзенінің жағасынан үлкен етіп қыш кірпіштен мешіт үйін салдырады. Көлемді жерді қоршап оған тал, терек, қайың, алма, өрік тағы басқа жеміс-жидек отырғызып көгертеді.

Сырдарияның екі бетіндегі балалардың барлығы осы Қожаназар мешітіне келіп оқып мұсылманша дәйекті түрде білім алып, ауылдарына барып молда болып, мешіт ұстап, бала оқытады. Ол кісі нағыз халық қамқоршысына айналған.

1905 жыл шамасында Қожаназар ишанға орта жүзден Бәрібай деген байлығы мол кісі келіп: "Менің жеті атамнан бері қарай, өлгендерімізді жерлегеннен соң, көрбақ жеп құрта берді. Содан құтылу үшін Сіздің елге көшіп келіп, Сіздің маңайыңызда болуға рұқсат етіңіз. Сіздің сауабыңыз тиер. Сол бәледен құтылар ма екенмін?" дейді. Ишанның рұқсатымен Бөрібай көшіп келгесін Сырдарияның жиегіндегі Қожаназар ишан мешітінен бір шақырымдай жерден қыш кірпіштен үлкен үй-жай салдырады. Ол әлі бұзылған жоқ. Бөрібай өлгесін сол үй тамға жайғастырады, екі-үш күн өткенде, Қожаназар ишан мешітте намаз оқып отырғанда оң қолын оң жағына сілтей қалады. Намаз біткесін молдалар не болды деп сұрағанда «Келді әлгі пәле Бөрібайға» депті. Үй тамға келгендер көрбақтың бел ортасына дейін қазып кірген жерінде екі бөлініп қалғанын көреді. Қожаназардың бейіті де сол үй тамнан 100 метрдей жерге салынған. Қожаназар көріп келді, әруақты адам болған. Жынданған, талма ауруларды, басқа да түрлі ауру екенін, неше адам, не ойлап келе жатқандарын біліп отырған. Келгендерді емдеп сауықтырады.  Қожаназар ишанның Меккеден алған шатырхаты бар.

Қожаназар Бұхарадағы діні жоғары оқуды бітірген құрметті, өте сыйлы адам болған. Тірісінде Меккеге үш рет қажылыққа барған. 1. 1874 жылы, 2. 1910 жылы, 3-рет 1916 жылы барған. Мекке жолындағы соңғы сапарынан қайтып келе жатырғанда 1916 жылы қарақшылар мауыздап кеткен үстінде жолаушы кірекештер тауып алған, жүйрік тұлпарына қызыққан қарақшы атын мініп кеткен екен. Жолаушы кірекештер Қожаназардың мойнын байлап, қанын тиып жолға алып жүреді. Қожаназар ишан оларға: "Қарақшы ұзамаса керек еді", — деген екен. Айтқанындай бір төбеден асса қарақшы өліп жатыр, жүйрік ат ертоқымы, артындағы кітап салған қоржыны да түп-түгел жайылып жүр екен. Кірекештер Қожаназар ишанға құрмет етіп, танымаса да әулие адам депті.

Ол 1897 жылы Жаңақазалы қыстағындағы қазіргі Қожаназар ишан мешітін салдырады. Бұл мешіт күні бүгінде аудан орталығындағы бірден бір мұсылман мешіті болып тұр. Қазір мұнда балалар мұсылманша оқып, араб тілінде дәріс алуда. Кеңестік дәуірдің қылшылдаған кезінде Қожаназар ишан мешітін жаптыру жөнінде тапсырма беріледі. Бірақ сол кездері Қазалы ауданының түлегі, Қожаназар ишанның інісінің баласы Рысалы сол кездегі азамат соғысы батырларының бірі өте беделді ел ағасы еді. Мешіттің діни насихат таратпай мұсылмандық рәсімдерді ғана орындауына болатындығына жоғарғы басшылардан Москвадан рұқсат алады».

Жалпы, Қожаназар ишанның өмірі мен қоғамдық қызметі, діни көзқарастары арнайы түрде зерттеуді қажет етеді. Болашақта ондай зерттеу жұмыстары жүргізіледі деген ойдамыз.

Ал Жанназар ишанға келсек, ол 1878-1974 жж. өмір сүрген, Арал, Қазалы, Шалқар, Ақтөбе өңірлеріне белгілі ірі рухани тұлға. Жанназар ишан 1904 жылы Арал ауданына қарасты Қамбаш бекетінде салынған мешітке имам болып көп жылдар қызмет еткен. 1943-60 жж. аралығында Ақтөбе қаласындағы орталық мешітте бас имам болған. Үлкен ағасы Қожаназар ишан секілді, Жанназар ишан да әулиелік, көріпкелдік қасиеттерге ие болып, әртүрлі ауру-сырқауларды, айықпас дертке шалдыққан жандарды, тіпті, бала көтере алмай немесе баласы тұрмай жүрген әйелдерді емдеген. Тілеуқұл ишанның туған нағашылары міне, осындай бүкіл елге танымал тұлғалар болған.

Енді Тілеуқұл ишанға қайта оралалық. Оның әкесі Жүрсін де, нағашысы Қожаназар ишан да әрі текті, әрі білімді, әрі иманды адамдар болғандықтан Тілеуқұл ишан да жас кезінен тектілік, имандылық жолын таңдайды. Ишанның дін жолына түсуі мен діни білімдер алуына Қожаназар ишан көп ықпал жасаған секілді. Қай жылдары екені белгісіз, ишан діни білімді Бұқара қаласындағы медреселердің бірінде алады. Терең біліміне сай ишан атанып, туған өлкесіне 1880 жылдарға таман оралады да, жергілікті халық арасында имандылықты, әділдік пен турашылдықты уағыздап, тәлім-тәрбие жүргізе бастайды. Бұған дейін айтып өткеніміздей, ХІХ ғ. соңғы ширегі және одан кейінгі ХХ ғасырдың басы Ресейдің қазақ жерінде рухани отарлауды әбден күшейткен кезі болатын. Оған қарсы қарулы көтерілістердің неге алып келгені белгілі. Рухани отарлауға қарсы қоятын, оған тосқауыл бола алатын бірден-бір әрекетке Тілеуқұл ишан халықтың бірлігі пен ынтымағын, руханилығы пен имандылығын, тіпті отырықшылық өмірге көшуді жатқызады. Туып-өскен ағайындарының басқа дінге еніп кетпеуі үшін, мұсылманшылық пен қазақшылықтан айырылмауы үшін ол бар күш-жігері мен алған білімін жұмсайды.

Ишанның ел арасында жүргізген қоғамдық қызметін бір-бірімен тығыз байланысты үш салаға, үш бағытқа бөліп қарауға болады. Бірінші бағыт – діни тәрбие, білім беру және оны ұйымдастыру; екінші бағыт – отырықшы өмірге елді машықтау; үшінші бағыт – ғылыммен айналысып, халықты әр түрлі ауру-сырқаулардан емдеу әдістері мен тәсілдеріне сипаттама беру, оларды қолдану және әртүрлі өсімдік түрлерінен дәрі-дәрмек жасау болған.

Бірінші бағыттағы қызметіне тоқталсақ, Тілеуқұл ишан оқуын бітіріп келген соң, елдегі жағдайды көре келе, әуелі Сырдың төменгі ағысы бойындағы тұрғындар арасында мешіт ашып, елді имандылыққа, руханилыққа тәрбиелей бастайды. Оның бұл өңірдегі қызметі бірнеше жылдарға созылады. ХІХ ғ. соңында Малайсары руына қарасты рулық бөлімдер мен бөлімшелер Сыр бойынан Шұбарға қарай көшіп, қоныстанады. Ел қоныстанып болғаннан кейін, ХХ ғ. басында Арал теңізінің солтүстік-батыс жағындағы Малайсары руының Қойсары, Пішай, Қалматай және Қаражан рулық бөлімдері қоныс тепкен Үшкөл, Сарбасат, Ақеспе деген елді-мекендерге арнап мешіт салудан бастайды. Мешітке қажетті құрылыс материалдарын өзі таңдап, реттеп, шалғайдағы алыс жерге жеткізуді қадағалайды, ұйымдастырады. Мешіттің өзін бұлақ көзіне жақын салдырып, іргесі мен жанына әртүрлі ағаштар егіп, көгалдандырады. Сөйтіп, мешітті тек діни орталық қана емес, сол маңайдағы тұрғындар үшін тазалықтың, білімнің, руханилықтың, ағартушылықтың, әдемілік пен көркемдіктің үлгісіне айналдырады, мешіт жанынан жас балаларға діни сауат ашу үшін оқу жұмысын жолға қояды.

Көз көрген адамдардың айтуы бойынша мешіттің орналасқан жері былайша суреттеледі: «Мешітті жерасты суының мол қоры бар жардың баурайына орналастыруында да білімділік қасиет жатыр. Сол арадан бұлақ көзін аштырып, құдық қаздырып, сексеуілмен шегендеп, жиегін таспен көмкеріпті. Маңына саялы ағаштар отырғызып, намазхандар саялар бақ жасаған». Ысмағұл есімді татар жігітін Қазан жақтан шақыртып, балаларды оқытуға жұмылдырады. Оңдабай Оралбайұлының «Тілеуқұл ишан» атты қолжазбасында әкесі Оралбай Досжанұлының ишан мешітінде бала кезінде қалай оқығандығы баяндалады. Онда былай деп айтылған: «1910 жылдары 8 жасар кезімде Тілеуқұл ишан мешітінде оқып, сауат аштым. Өкініштісі – 1929 жылы «қызыл саясаттың» қаулысымен сол мешітті бұзып, «Қазақстан» колхозына кеңсе салуға ұйғарылды». Жастайынан ишанның тәлім-тәрбиесін алған көптеген жас балалар есейе келе, дін жолына түспесе де, кешегі «кемелденген социализм» дәуірінде, бүкіл саясат дінді жамандап, дінсіз «коммунизм» құрылысын құруға үгіт-насихат жұмыстарын барлық ақпарат құралдары арқылы жүргізіп жатқанда, кешегі Тілеуқұл ишанның шәкірттері, кейінгі әр ауылдың ақсақал қариялары ауыздарынан «Алла», «пайғамбар», «біссмилла», «жаратқан ием» деген сөздерді бір тастаған емес. Елдің бірлігі мен тұтастығын сол ақсақалдар қалай сақтауды ишаннан үйренеді, тек үйреніп қалмай, оны жүзеге де асырып отырады. Ел ішінде мынадай бір әңгімені естігенбіз. Кешегі 1941-45 жылдардағы соғыс кезінде жасы әскер қатарына жетпеген 14-16 жасар балаларды «еңбек армиясына» алып, зауыт-фабрикаларда тегін жұмыс істеткенін қазір біреу білсе, біреу білмейді. Сол жастардың кейбіреуі соғыстан кейін өзге ұлттан әйелдер алып, елге қайтпай қалып қояды. Тіпті соғыстан кейін де әскер қатарына шақырылған жастардың да кейбірі елге қайтпай Ресей, Украина, Белоруссия жерлерінде үйлі-баранды қалып қойса керек. Міне, осы кездерде Тілеуқұл ишаннан тәлім-тәрбие алған ақсақалдар елдің, халықтың бірлігін сақтап қалу үшін, ата-баба жолын одан әрі жалғастыру үшін сол кездің қиындықтарына қарамастан, шетте қалып қойған жас жігіттерді арттарынан іздеп барып, елге алып келеді. Осының өзі-ақ Тілеуқұл ишанның жастарға егіп кеткен тәрбиесінің бір нәтижесі деуге болады. Ишанның осы бағыттағы жұмысының өзі ұшан-теңіз. Оның өзін жеке бір тақырып ретінде арнайы қарастыруға болады дейміз.

Тілеуқұл ишанның жергілікті жерде жүргізген қоғамдық жұмысының екінші бағытына – отырықшылдық пен егіншілік жұмыстарына елді баулуы жатады. Ол «Жиделісай» деген сайды бөгеп, «Домалақ көлге» су толтырады да, егін егуді ұйымдастырады. Соның арқасында жергілікті халық қауын-қарбызға және астық өнімдеріне қарық болып қалады. Бұрын саудагерлерге жәутеңдеп қарайтын ишанның ағайын-туыстары егіншіліктің пайдасын көріп, өздері де онымен айналыса бастайды. Кезінде ишан жасатқан бөгеттің орны әлі күнге дейін бар, сақтаулы. Теңіздің солтүстік-батыс жағында қоныстанған Қаракесек рулары бірте-бірте отырықшылыққа бет бұра бастайды.

Ишанның қоғамдық жұмыстарының келесі бір бағытына – оның ғылыми ағартушылық қызметі жатады. Ишанның бүкіл жинаған кітаптары мен қолжазба еңбектері 1937-1939 жылы ол ұсталып кеткенде мешіт ішіндегі саханаға салынады. Қ.Ысмағұлұлы ол жөнінде «Басына төнген қауіпті ерте сезген қасиет иесі бар байлығына балаған дүниесі: араб, парсы, түрік тілдерінде жазылған игілігін көрген кітаптарын бір жерге жиып, қаластырып үстіне сахана іспетті үй тұрғызып «арулап» жерлесе керек. Кітап үстін бастыра өріп, сыртын топан маймен иін қандыра сылаған екен. Уақыт қысымына сыр бермей әлі тұр». Тілеуқұл ишанның туған шөбересі, 1951 жылы туылған Қыдырбай Үмбетәлиевтың айтуына қарағанда, сахнада кітаптар өте көп болған. Ишан араб, парсы түрік, шағатай тілдерін жетік білгендіктен, осы тілдерде жазылған діни, сопылық, оқулық, танымдық сипаттағы әдебиеттерді жинастырған екен. Тілеуқұл ишанның тағы бір қырына оның жергілікті халық арасында көп тараған әртүрлі ауруларды өсімдіктер мен шөптердің қайнатпасы арқылы емдеу, әрбір шөп пен өсімдіктің емдік қасиеті туралы, аурулардың түрлері, оларға сипаттама және т.с.с. халықтық немесе дәстүрлі медицина жөнінде жазған еңбектері жатады. Ишанның шөбересі Қыдырбай аға бабасының қолжазба еңбектері туралы атасы Үмбетәлі мақсымнан естігенін айтады. Ишанның тағы да қандай сала бойынша, қандай тақырыптарға арнап еңбектер жазғанын нақты дөп басып айта алмаймыз. Тек оны білу үшін Тілеуқұл ишан кітапханасындағы кітаптар мен қолжазбаларды арнайы деректанулық тұрғыда талдау қажет.

Біздің ойымызша, Тілеуқұл ишан кітапханасындағы кітаптар мынадай тематикалардан тұрған: 1) діни-сопылық әдебиеттер; 2) діни-танымдық әдебиеттер; 3) діни-оқулықтар; 4) мұсылмандықтың негіздері мен шарттары жөнінде жалпы әдебиеттер; 5) ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасыр басында Қазан, Уфа, Ташкент қалаларында жарық көрген қиссалар, дастан-жырлар; 6) Тілеуқұл ишанның өзі жазған қолжазба еңбектері. Біз мұндай тұжырымға Қыдырбай Үмбетәлиевтің әңгімесінен кейін келіп отырмыз.

Ишанның кітапханасындағы қолжазбалар мен кітаптарды жинастырып, бүкіл халықтың рухани игілігіне айналдырар уақыт әбден жеткен секілді.
Арал ауданы Ақеспе ауылы тұрғындарының әңгімелерінде ишанның саханасындағы кітаптар туралы жартылай шындық, жартылай мифтік сипатта көптеген әңгімелер бар. Соның бірі мынадай: Арал теңізінің қайтуына байланысты «Возрождение» аралындағы құпия полигонға қажетті материалдарды теңіз жолымен жеткізу мүмкін болмай қалғандықтан, әскерилер құрғақтағы жолмен жеткізуді ойластырады. 30-40 әскери машиналарға тиелген жүктер, жанар май және т.б. заттар Арал-Ақеспе бағытымен жүріп, Тілеуқұл ишанның мешітінің жанынан өтеді екен. Командирлерінің қатаң ескертулеріне қарамастан, Мәскеулік бір орыс солдаты мешіттің ішінде көне кітаптар бар деген әңгімені біреулерден естіп, ары-бері қатынап жүргенде ретін тауып, әлде бір қызығушылықпен немесе теріс оймен сахананың шетін бұзады да, екі кітапты ұрлап кетеді. Кейіннен еліне оралған соң диагнозы белгісіз бір ауруға шалдығыпты. Шешесінің апармаған жері, көрсетпеген дәрігері, қолданбаған емі қалмапты. Орыс жігітінің түсіне мешіт кіре беріпті. Шешесіне болған жайды айтып бергеннен кейін, ол екі кітапты Арал қаласына алып келеді де, сұрастырып жүріп, Тілеуқұл ишанның шөбересі Қыдырбайдың қолына кешірім сұрай отыра тапсырған екен. Содан кейін ғана барып, мәскеулік орыс жігіті белгісіз ауруынан айығып кетіпті. Қыдырбай Үмбетәлиевтің әйелі Балқияш апаймен осы әңгіме төңірегінде сұрастырғанымызда, ол бұл әңгіменің шындыққа сай келетінін жасырмады. Ал әкеліп берген екі кітаптың мән-жайы жөнінде, «оның біреуі менде, оны мен ешкімге бермей, ешкімге ұстатпай, бабамыздың көзі ретінде қастерлеп ұстап отырмын», – деп жауап берді Балқияш апай. Ол бізге сол қастерлеп отырған кітаптың бірнеше беттерінің көшірмесін тапсырды.

Тілеуқұл ишанның мұралары мен еңбектерін зерттеуді қазірден бастап қолға алу керек. Әсіресе, оның халықтық немесе дәстүрлі ем және өсімдіктерден дәрі-дәрмек жасау туралы жазған қолжазба жұмыстарының дәл қазіргі күнде маңызы өте жоғары.

Ал енді ишанның өмір жолына келсек, ол Сыр бойы мен Арал өңірінде кеңестік билік орнағанға дейін теңіздің солтүстік-батыс бөлігінде Қаракесек тайпасының Қойсары, Пішай, Қалматай және Қаражан рулық бөлімдері арасында діни-ағартушылық, бала оқыту, жұртты руханилыққа, ынтымаққа, бірлікке тәрбиелеу, екіншілікке елді тарту секілді жұмыстармен айналысады. Кеңестік билік орнығып, күшейе бастаған кезде «Кіші Қазан» саясатының Қазақстанда жүргізілгені белгілі. Бұл саясаттың бір саласына кеңес өкіметінің ықпалын ауылдық жерлерде күшейту жатты. Ол үшін кеңестік билік ауылдық жерлердегі ірі байлар мен орташа шаруаларды жоюды, дін басылары мен молдаларды құртуды көздейді. Міне, осы саясатты жүзеге асыру барысында Тілеуқұл ишанның өміріндегі қуғынға ұшырау жылдары басталады. Тек ишанның өзі ғана емес, оның ұрпақтары да үкіметтің қуғынына ұшырайды.

Ишан ұрпақтарының әңгімелеріне қарағанда, ол ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдары ішінде екі рет сотталады. Алғаш рет 1928-1929 жылдары қамауға алынады. Бірақ қалай екені белгісіз, 1930-шы жылдардың ортасында түрмеден босанып шығып, Ақеспе, Сарбасат, Үшкөл елді-мекендеріндегі ағайындар арасында жасырынуға мәжбүр болады. 1929 жылы дүниеге келіп, қазіргі кезде 80 жасқа толып отырған Ақтөбе қаласының тұрғыны, одақтық дәрежедегі зейнеткер, белгілі заңгер Қалу Дәрібайұлы Жарылқасынов Тілеуқұл ишанды алғаш рет қалай көргені және екінші рет қалай ұсталғаны туралы былайша әңгімелейді. «Мен ол кезде 7-8 жасар ойын баласы едім. Үйіміз Сарыбасат деген жерде болатын. Әке-шешеміздің аузынан Тілеуқұл ишан туралы көп әңгімелерді естігенбіз. Бір күні ауылға ишанның өзі келді. Сол кездегі ишанның жасын айта алмаймын, есімде қалғаны ақ сақалы кеудесіне дейін түскен, сырт киімі – аппақ ұзын шапан болатын. Біз ойын балалары бәріміз ишанға барып сәлем бердік. Тілеуқұл ишанның жүзі өте жылы, мейірімді адам болатын. Бәріміздің шашымыздан сипап, арқамыздан қағып, ризашылығын білдірді. Ишанды Сарыбасаттағы әр үй қонаққа шақырды. Сол кезде үйлердің орналасуы қазіргідей емес, бір-бірінен алшақ болатын. Біз ишан бір үйден шығып, екінші үйге жеткенге дейін оның ақ шапанының етегінен ұстап, еріп жүретінбіз. Ишанның ағайын-туыстары арасында жүргені туралы хабар ауданға жетіп, бір күні ауданнан екі-үш қызыл жағалылар келіп, ишанды бір ағайынының үйінде қонақта отырған жерінде тұтқындайды. Ишанмен қоштасуға бүкіл ауыл адамдары келіп, әрқайсысы жеке-жеке қоштасады. Кейіннен ишан түрмеден ғайып болып кетіпті деген әңгімені үлкендер айтып жүрді». Ал қазалылық журналист Қ.Ысмағұлұлы ишан өмірінің соңғы сәттері туралы әркімдерден естігендерін жинақтай келе, былай деп жазады: «Тілеуқұл ишан туралы аңыз-әңгіме ел ішінде көп. Солардың бірі – 1937 жылғы қанды қылыш жендеттік кезінде бірнеше рет қамауда отырып, сыртқа не НКВД басшыларына кіріп, сөйлесіп отырған жерінен көрген қарт большевик Сәдіров Нағашыбай мен кеңестік атқару комитетінде жауапты қызмет атқарған ауданға белгілі атақты азаматтардың әңгімелері менің ойымда қалыпты. Бірақ, әсіре қызыл белсенділер түрткілеп, ақыры балықшы болып жасырынып жүрген жерінен тұтқындап келе жатады.

Туған ел, өскен жерімен, ұлы теңізбен іштей күңіреніп қоштасып келе жатып: "Балалар етімнің кірін алып, елмен, жермен, теңізіммен соңғы рет қоштасайын. Енді айналып көрем бе, жоқ па?.. Мойнымда өтелмеген қарыз-парызым бар еді. Кешу сұрайын анамнан. Рұқсат етіңіздер, соңғы сөзім, ырзаласпақ ниетім бар", – депті.

Олар да адам баласы ғой, рұхсат етіпті. Шешініп, түз киімімен суға түсіп, әрлі-бері жүзіп, шайынып, сүңгіп кетіпті. Содан ізім-қайым жоқ. Тек бір қоңыр үйрек Мұғалжар тауын бетке алып ұшып кете барыпты. Әулие Маңқыстау жақта үйленіп, танымайтын жат өлкеде паналап, тіршілік етіпті деген аңыз бар. Орал түрмесінде атылыпты деген қауесетті де айтады. Осындай әңгімені күні кешеге дейін айтушылар үрейлене отырып, тамсана таңдай қағып, сыбырлап қана айтушы еді».

Ишан туралы мұндай әңгімелердің көп болуына, біріншіден, оның нақты атылған күні, жерленген жері туралы ресми құжаттың болмауы жатса, екіншіден, жергілікті халықтың Тілеуқұл ишанды өлді деп айтуға қимауы жатса керек. М.Қуанышбаевтың шежіресінде ишан «82 жасында ұсталып кеткен», – деп айтылады. Одан әрі ол ишанның ұрпақтарын былайша өрбітіп, таратады: «Тілеуқұлдан – Үмбетәлі, Жүсіп, Суханберді, Әбубәкір, Мұханбеткәрім. Үмбетәліден – Аймұханбет, одан Қыдырбай. Қыдырбайдан – Замира, Гүлмира, Бауыржан, Болатбек, Батырбек. Болатбектен – Ринат, Батырбектен – Рамазан. Жүсіптен Мұханбетқали, одан Ұзақ, Айдарбек. Суханбердіден – Қайрулла, Абылай, Серік. Мұханбеткәрімнен Шайхислам».


Тілеуқұл ишанның бес ұлымен бірге Бибарша атты қызы болған. Көрген адамдардың айтуы бойынша, Тілеуқұл ишанға қызы өте ұқсаған екен. Кейіннен осы Бибарша атты қызының бірнеше суреттеріне қарап отырып, суретшілер Тілеуқұл ишанның портретін салған. Біз, осы жерде ишанның сол портретін ұсынамыз. Ишанның Бибарша атты қызынан Ұлмекен, Збира, Дәмен атты қыздар мен Қамбар атты ұл тарайды. Олар ары қарай көп өсіп-өнген (Тілеуқұл ишанның шөбере келіні Балқияш апайдың ауызша мәліметі).

Қазіргі кезеңде Арал ауданы Сексеуіл поселкесінде үлкен мешіт салынып, оған Тілеуқұл ишан есімі берілді. Мешіттің жанында жас балаларды діни сауаттылыққа, имандылыққа тәрбиелейтін сабақтар жүргізіледі. Осылайша, ХІХ ғасырдың соңында Тілеуқұл ишан салған жол қайта жанданады.
Тілеуқұл ишанның бес ұлы да жан-жаққа тарап кетсе де, жергілікті тұрғындар оларды «мақсым» атаған. Оның мағынасы әкелері ишанның жолын ұстап, дінбасы болу дегенді білдірсе керек.

Кешегі кеңестік билік тұсында Тілеуқұл ишанның үлкен ұлы Үмбетәлі – Мақсым ата атанып Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақеспе ауылында тұрады. Ол әкесінің жолын жалғастырып, жергілікті тұрғындарды мейлінше имандылыққа, рухани тазалыққа тәрбиелейді. Қазіргі күнде Мақсым атаның үйін ақеспеліктер мешітке айналдырған. Бұрынғы көшіп кеткендер әр жылдарда мешітке келіп, қонып, аруақтарға, о дүниелік болған ата-бабаларына, туыстарына дұға оқып, құран бағыштап жатады. Бұл дегеніміз – Тілеуқұл ишан ісінің дұрыстығын, оңдығын, халық үшін өте қажеттігін көрсетеді. Қазіргі жаһандану дәуірінде елдің, халықтың бірлігі мен тірлігін, тұтастығы мен ынтымағын, осындай рухани, имандылыққа бағытталған тәлім-тәрбие ғана сақтай алады дейміз.

 

0 пікір