Иоганн Вольфганг фон Гёте — адамзат тарихындағы ең заңғар ақындардың бірі ретінде мойындалған тұлға. Оның «Фауст» трагедиясы әлемдік классиканың алтын қорынан ойып тұрып орын алған. Алайда, неміс классигінің шығармашылығында Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.у.) арналған арнайы өлең бар екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Гёте алғашқыда «Магомет» деп аталатын тұтас бір драма жазуды жоспарлаған болатын. Алайда, бұл ойы толық іске аспады, дегенмен сол үлкен туындының бізге жеткен құнды бөлігі — «Мұхаммед жырлары» (Mahomets Gesang) деп аталады.
Ұлы ақынның өмір сүрген дәуірде герман жеріне Қасиетті Құранның алғашқы аудармалары жете бастаған еді. Сондай-ақ, сол кезде неміс тіліне мұсылман ойшылдары мен әдебиетшілерінің еңбектері де аударылды. Әсіресе, парсы ақыны Хафиз Ширазидің шығармашылығы Гётенің ислам әлемін терең зерттеуіне және атақты «Батыс-Шығыс диваны» атты өлеңдер циклін жазуына зор ықпал етті.
Тағы бір қызық дерек: Гётенің бойында түркі қаны бар деседі. Оның арғы атасы — крестшілердің қолына тұтқынға түсіп, кейін христиан дінін қабылдап, Орталық Еуропаға қоныс аударған Садық Сәлім Сұлтан есімді осман офицері болған деседі.
Рухани бұлақ бейнесі
«Мұхаммед жырлары»(Mahomets Gesang) атты өлеңінде Гёте Алланың Елшісін (с.а.у.) тау бұлағына теңейді. Ол бұлақ өз жолында кездескеннің бәрін соңына ертіп, асқақ мұратқа — ұлы мақсатқа қарай жетелейді (өлеңнен үзінді):
(Durch die Gipfelgänge
Jagt er bunten Kieseln nach,
Und mit frühem Führertritt
Reißt er seine Bruderquellen
Mit sich fort).
Тар соқпақпен төмен қарай ағылды,
Түрлі-түсті тастарды ұрып арыны.
Қол бастаған жас көсемдей айбынды,
Бауырласқан бар ағысты соңынан,
Шақырады ол.
Бұл бұлақ аққан жердің бәрінде табиғат қайта түлеп, тіршілік жанданады. Өйткені мөлдір кәусар айналасындағы өсімдіктің бәріне нәр береді.
(Drunten in dem Tal
Unter seinem Fußtritt werden Blumen,
Und die Wiese
Lebt von seinem Hauch).
Қай жерден ол жеңіл басып өтсе егер,
Гүл жайнайды, құлпырады бақшалар.
Ол дем берген кең жазықтар, белестер,
Тіріледі, тынысы ашып, шаттыққа.
Ақын таудағы өзге кішігірім бұлақтардың да осы бастауға қосылуға асығатынын жырлайды. Гёте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұлылығын аспанды иығында тіреп тұрған Атлант (Атлас) бейнесімен де шендестіреді.
(Cedernhäuser trägt der Atlas
Auf den Riesenschultern; sausend
Wehen über seinem Haupte
Tausend Flaggen durch die Lüfte,
Zeugen seiner Herrlichkeit).
Алып иық Атлас (Атлант) сынды тіреп тұр,
Аспан асты балқарағай үйлерді.
Мың бір жалау басында оның желбіреп,
Ұлылығын паш етеді әлемге.
Бұл шығармада Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) — ортақ мақсатқа ұмтылған жалпы адамзаттық бауырмалдықтың символы, кемеңгер тұлға ретінде суреттеледі. (Атлас немесе Атлант (көне грекше: Ἄτлас, ілік септігінде Ἄτλαντος) — ежелгі грек мифологиясындағы аспан күмбезін иығымен тіреп тұрған қауқарлы титан).
Жеңісті жорық
Енді ол — асқақ рухты ұлы дария,
Күміс көбік шашады жағасына.
Қалалар мен қыстақтар жол бойында,
Бас иеді осынау ағысына,
Таңырқап оның салтанат-айбынына.
Гёте бұл өлең арқылы Ислам дінінің бастапқыда аз ғана адамнан басталып, кейін бүкіл әлемге жайылған ұлы күшке айналуын өте шебер меңзеген[1].
[1] islam.global