Әли әл-Муртада
Әли әл-Муртада
9 жыл бұрын 3334
Алау Әділбаев

Негізгі аты - Әли ибн Әбу Тәліп ибн Әбдүл-Мүттәліп ибн Хишам ибн Әбди Манап ибн Құсайи ибн Киләб ибн Мүррә ибн Кағб Лүей әл-Құрайыши әл-Хашими. Ол - хижрадан жиырма жыл бұрын дүниеге келген, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ағасы Әбу Тәліптің шаңырағындағы кенже ұл. Хазіреті Әли төрт ұл мен тоғыз қыздың әкесі. Бұлардың арасындағы Пайғамбарымыздың "олар менің дүниеде иіскеп сүйген екі райханым" деген ұлдары Хасан мен Хұсейн, қыздары Зейнеп пен Үммүгүлсім Алла Елшісінің (с.а.у.) қызы Фатима анамыздың құрсағынан шыққан. Фатима анамыздың көзі тірісінде ол екінші рет үйленбеген.

Мүминдердің әміршісі, Жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) күйеу баласы, Алланың арыстаны, ғылым қаласының қақпасы ретінде танылған төртінші халифаның ғұмыры дастанға толы. Оның шыншылдығы, батырлығы, Расулаллаға (с.а.у.) жақындығы, тақуалығы мен парасаттылығы кейінгі ұрпаққа өнеге. Бойындағы өшпес иманы мен мұқалмас жігері жағынан да сахабалардың арасында орны ерекше. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ғұмыр кешкен уақытындағы маңызды соғыстарға қатысып, сайыпқыран батырлықтың үлгісін көрсетті. Пайғамбарымыз жанындай жақсы көрді. Ол (с.а.у.) дүние салғаннан кейін де хазіреті Әли бүкіл  ғұмырын Исламды жаю және сақтау жолында жұмсап, кейінгі ұрпаққа қызыға қарап, тамсана тыңдар тарих қалдырды.

"Алланың арыстаны" Әли (р.а.) көп балалы отбасында дүниеге көзін ашты. Әкесі Әбу Тәліптің олардың барлығын бірдей асырап-сақтауға жағдайы келмегендіктен, ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бақытқа толы, нұрлы отбасында өсті.

Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.) жанындай жақсы көрген көкесі Әбу Тәліпке көмектесу үшін басқа ағайын бауырларымен кеңесті. Олар тілектерін көкесіне білдіріп, балаларының кейбіреулерін өздерінің қарауына беруді ұсынды. Әбу Тәліп:

- Балаларымның арасынан қалағандарыңды алыңдар, бірақ Ақилді өзіме қалдырыңдар,- деп, олардың тілектерін қабыл етті.

Әлиге (р.а.) тағдыр тамаша сыйын тарту етіп, оны Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз қарауына алды. Ол кезде Әлидің әлі бес жасар бала кезі. Бұл - баланың нағыз тәрбиеленуге ыңғайлы, қалай бағыт берсең солай жүріп, жақсылыққа, ізгілікке тән нәрселерді бойына суды құмдай сіңірер таза шағы. Тап осындай кезеңде Пайғамбардың нұрлы шаңырағында тәрбиеленуі оны қараңғылық дәуірінің жаман індеттерін бойына жұқтырудан аман алып қалды. Мағынасыз пұттарға табынбай, өмірін тура жолдан жаңылыспай өткізуге себепкер болды. Бұл ол үшін көктен тілегені жерден табылған үлкен бақыт еді.

Тарихшылардың берген мәліметтеріне қарағанда, баһадүр Әли тоғыз немесе он жасында мұсылман болған. Исламды қабылдауы төмендегі оқиғаға байланысты: Бір күні Әли Пайғамбарымыз (с.а.у.) және Хадиша анамыздың (р.а.) намаз оқығандарын көріп, таңырқай қарап, "бұл не өзі?" деп сұрайды. Ардақты Елші (с.а.у.): "Бұл - Алланың пайғамбарлар арқылы жіберген діні. Сені еш ортағы жоқ бір Аллаға иман келтіруге, Лат пен Ұзза пұттарына бас имеуге шақырамын",- деп, оны Исламды қабылдауға үндеді.

- Бұл жайлы мен әлі ешнәрсе естіген емеспін, мұны жақсы білмеймін. Әкеммен ақылдаспай тұрып ешнәрсе дей алмаймын,- деп, Әли ойлануға мұрсат сұрайды. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол кезде дінді ашық түрде жариялауды бастамағандықтан, мұны басқалардың естігенін қаламай:

- Ей, Әли, мұсылман болмасаң да мұны жасырын ұста. Ешкімге айтпа,- дейді.

Түні бойы кірпік айқастырмай шыққан оның жүрегі Исламға жылынып, ертесі күні таң атысымен Пайғамбарымызға (с.а.у.) барып:

- Кеше мені нені қабылдауға шақырған едіңіз?- дейді Әли толқып...

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Алланан басқа тәңірдің жоқ екендігіне, құлшылыққа Оның ғана лайық екендігіне куәлік ет. Лат пен Ұзза пұттарынан бас тарт. Аллаға ешқандай серік қоспа! - дейді[1]. Сол сәттен бастап Әли (р.а.) Исламды қабылдады. Ол Хадиша анамыздан кейін Исламды алғаш қабылдаған адам бақытын иеленді. Ес біліп етек жапқалы Пайғамбарымыздың тәрбиесінде өскен Әлидің (р.а.) пәк көкірегі өзге түгіл өзіне пайдасы жоқ пұттарға табынудан аман қалды.

Бала кезінен мұсылмандықты қабылдаған жау жүрек Әли өмірінің соңына дейін Ислам жолында табандылық пен шынайылық, Аллаға деген иманының беріктігі мен Расулаллаға деген сүйіспеншілігінің асқан үлгісін көрсетті.

Бұған көптеген оқиғаны айтуға болады. Алайда оқиғаның маңыздылығына байланысты оның һижрет етуін баяндай кетейік. Ол Пайғамбарымыз (с.а.у.) һижрет еткен түні, Алла Елшісін өлтіруге бел буған тас жүрек мүшріктерді жаңылту үшін басына төніп тұрған қатерге қарамастан, Оның (с.а.у.) төсегіне кіріп жатудан қаймықпады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хазіреті Әлиді қалдыру себебі, Меккедегі кейбір адамдардың аманаттарын қайтарып беру болатын. Бұл - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қаншалықты сенімді әрі пайғамбарлық ісінде қаншалықты шынайы болғандығының айғағы. Жаулары Оны (с.а.у.) өлтірудің қамын жасап шарқ ұрса, Ол өміріне төнген қатерге қарамастан аманатты иелеріне беруді ойлайды.

Хазіреті Әли һижрет еткен кезінде 23 жаста болатын. Бұл адамның келешек өміріне жоспарлар құрып, өз ғұмырының қызықты әрі мағыналы өтуі үшін қадам жасайтын бұла шағы. Өмірдің осындай тәтті кезінде мұндай қатерлі іске бел буу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Арыстан жүрек Әли мұны үлкен қуанышпен қабылдап, Алла Расулы үшін жанын беруге әрдайым дайын екенін көрсетті.

Ол үш күн бойы Меккеде қалып, аманат иелеріне аманаттарын таратып бергеннен кейін ғана анасы Фатима, Алла Расулының кенже қызы, көзінің нұры - Фатима және бірнеше кісімен бірге Мәдинаға қарай бет алды. Күндіз жасырынып, түнде жол жүріп Мәдинаға таяу маңдағы Құбаға жетті. Сол жерде Алла Расулымен қауышты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әлиді қасына шақыртты. Ұзақ жол жүруден аяғы қажалып, жара болды. Аяғындағы жаралары еркін жүруіне мүмкіндік бермегендіктен  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі Әлидің қасына келді. Аяғындағы асқынған жараларды көргенде, мейірімділік Пайғамбары көз жасына ие бола алмады. Шипалы түкірігін оның жарасына жағып, дұға етті. Әлидің аяғындағы ауыр жаралар бірден пышақ кесті жазылып шыға келді.

Хазіреті Әлидің аты аталғанда ең алдымен көз алдымызға оның алып тұлғасы, ержүрек жауынгерлік сипаты келеді. Тәбук шайқасынан басқа Ислам үшін жасалған бүкіл шайқастарда ол аңызға айналарлық ерлік танытты.  Тәбук соғысына Алла Елшісінің арнайы бұйрығы бойынша қатыспады.

Әли тәрізді қас батырға Ислам жолында жасалған соғысқа қатыспау өте ауыр тиді. Іші қазандай қайнап, намыс тұла бойын өртеп:

- Ей, Алланың Елшісі, мені бала-шаға мен қатын-қалаштың арасында қалдырып кетесіз бе?- деп сезімін ақтарған Әлиге Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Харунның Мұсаға өкілдік еткеніндей, сен де маған өкілдік еткің келмей ме? Өкінішке орай, менен кейін пайғамбар келмейді,- дегеннен кейін ғана көңілі сабасына түсіп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) орнына өкіл болып, Мәдинада қалуға көнді[2].

Ислам тарихы тұрғысынан ең алғашқы және аса маңызды шайқас - Бәдір шайқасы. Бұл шайқаста мұсылмандар сан жағынан аз  әрі соғыс тәжірибесі тұрғысынан да мүшріктерден әлсіз еді. Мұны мүшріктер жақсы білгендіктен, мүмкіндікті уыстан шығармай осы шайқаста мұсылмандарды бесікте тұншықтыру үшін жандарын салды. Бірақ, Алланың құдіретімен иман толы жүректер мүшріктердің мысын басты. Бұл шайқаста әлемдерге рақым етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алланан ат төбеліндей ғана Ислам жамағатын жер бетінен жоймауды, жеңіліске ұшыраса, Алланың есімін әлемге жар салар ешкімнің қалмасын айтып тілек тіледі. Алла та оның тілегін қабыл етіп, бұл аз ғана жамағатты аман алып қалды.

Ерте уақыттарда әскерлер шайқасқа кіріспестен бұрын екі жақтың қас батырларының жекпе-жекке шығу салты  кең тараған. Осы салт бойынша, мүшріктер араларынан Ұтба, Шәйбә және Ұтбаның ұлы Уәлид тәрізді жауынгерлерін ортаға шығарды. Бұларға қарсы шықпақшы болған ансардан үш кісіге олар: "біз Мәдинаның малшыларымен шайқаспаймыз, бізге өзімізге лайық адам шығарыңдар", - деп тәкаппарланды. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алланың арыстаны Хамза, хазіреті Ұбайда және баһадүр Әлидің шығуын бұйырды. Жаужүрек Әли қарсысына шыққан азулы дұшпан Уәлидті әп-сәтте сілейтіп, хазіреті Хамзаға көмектесті. Арыстандай айбарлы Хамза мен Ұбайда жарақаттанып қалса да, қарсыластарын жер жастандырады. Бұл жекпе-жек мұсылмандардың көңілдерін көтеріп, оларды жеңіске жетеледі.

Кезектегі Ұхұт шайқасында арыстан жүрек Әлидің көрсеткен ерлігі Бәдірдегі ұрыста көрсеткен ерлігінен бір мысқал да кем емес. Бұл шайқаста мүшріктер әлемдерге рақым етіп жіберілген Сүйікті Елшіні (с.а.у.) өлтіріп, Оның әкелген дінін жою үшін бар күшін салды. Әрине, жүрегі иманға толы, шейіттікті көксеген Әли, Хамза (р.а.) шейіт болған бұл шайқаста, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) екі елі айрылмай оны қорғап, өз денесін Оған (с.а.у.) қалқан етті.     

Хайбар шайқасында да Әли батырлығымен көзге түсті. Хайбар - Мәдинадан қуғындалған яһудилердің стратегиялық маңызы бар мекені. Яһудилер сол жерде бірігіп, мұсылмандарға қарсы күш жинауға тырысты. Бұған жол бермеу үшін Алла Расулы (с.а.у.) оларға қарсы қол жинап, Хайбарды қоршауға алады. Хайбар алынбай қоршау ұзаққа созылғанда Алла Расулы:

- Ертең туды Алла пен Оның Расулы жақсы көрген, ол да Алла пен Елшісін жақсы көретін араларыңдағы біреуге беремін. Алла оның көмегімен жеңіске жеткізеді, - деді.

Бұл сөз сахабаның арасында үлкен толқу тудырды. Бұл ардақты адамның кім болатындығын көбісі білуге құштар болып, түні бойы көз ілмеді. Әрине, Алла Расулының (с.а.у.)  сүйіншілеген бұл адамның орнында болу әркімнің арман-тілегі ғой. Олар үшін Алла пен Расулы ризашылығына ие болу бүкіл салтанатты аяқтарының астына жайып салғаннан да қымбат болатын. Таңның атысын бәрі шыдамсыздана күтті. Көптен күткен сәт те келіп жетті. Алла Расулы туды алып келуді әмір етті. Ту әкелінген кезде Ол (с.а.у.) Әлидің қайда екенін сұрады. Сахабалар оның көзінің ауырып жатқандығынан хабар берді. Пайғамбарымыз Әлидің келуін әмір етті. Пайғамбарлар мырзасы (с.а.у.) Әлидің көздерін сипап дұға еткенде, Алла шипа беріп, көздері дерттен айықты. Алла Елшісі оған туды табыстап:

- Алла саған жеңіс нәсіп еткенге дейін тоқтамай ұрыс сал,- деді[3].      

Бас айналдырар бақытқа ие болған Әли Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ақ туын Хайбар қорғанына апарып тікті. Осы сәтте яһудилердің батыры Мәхраб әскерлерімен сыртқа шығып, мұсылмандарды жекпе-жекке шақырды. Бұған қарсы хазіреті Әли шығып, оның басын кеудесінен қалпақтай ұшырды. Мұны көріп қуанған Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Қуаныңдар! Хайбардың алынуы жеңілдеді,- деді.

Әскерлер қорғанға қарай лап қойды. Қалқанын қолынан түсіріп алған Әли қорғанның темір есіктерінің бірін жұлып алып, оны қалқан етті. Қақтығыс біткен соң Әли есікті жерге тастады. Бірақ бұл есікті сегіз адам жабылып көтере алмады[4].

Жалаңтөс батыр Әлидің көрсеткен ерен ерліктері мен бірнеше күнге созылған қоршаудың нәтижесінде Хайбар алынды.

Ислам тарихындағы аса маңызды шайқастардың бірі - Хәндак шайқасы. Өйткені құрайыштар бұл шайқастан кейін өрескел зұлымдыққа толы шабуылдарын тоқтатуға мәжбүр болды. Мәдинадан шығып Мекке мүшріктеріне қосылған яһудилердің де арандатуымен тұтанған бұл шайқаста мүшріктер үлкен қол жинап, мұсылмандарды жер бетінен жоюды мақсат тұтты. Салман Фарисидің ұсынысы бойынша мұсылмандар қаланы қоршай ор қазып, өздерінен үш есе көп болған мүшріктерге қарсы шайқасты. Бұл шайқаста да жаужүрек Әли үлкен ерлік көрсетті. Ол мүшріктердің сапындағы арабтардың арасында "мың адамға бедел" деп танылған Амр ибн Әбдууыдпен жекпе-жекке шықты. Исламның азулы дұшпаны Әбдууыд орды қарғып өтіп:

- Маған қарсы кім шығады? Сендердің сенімдерің бойынша шейіт болғанның баратын жәннаты қайда? Неге менің қарсыма біреуді шығармайсыңдар?- деп мысқылдап, менменсіп айқайлап, атын ойнақтатты. Бұған қарсы Әли шыдамай:

- Мен шығайын, ей, Алланың Елшісі, - дегенде Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Оның Амр екенін білмейсің бе?- деді. Хазіреті Әли Аллаға және өзіне  деген шексіз сеніммен:

- Амр болса, болсын,- деп оған қарсы шығып, өзіне қатты сенген өркөкірек мүшріктің жанын жәһаннамға жіберді.

Сонымен қатар Ардақты Елші (с.а.у.) Әлиге Зүлфиқар қылышын сыйлады. Әли өмірінің соңына дейін осы қылышты жанынан бір елі тастамады.

Қорыта айтқанда,  Алла Расулы оған риза еді. Науқастанған кезінде оған сүйеніп мешітке барды, қайтыс болған кезінде де жерлеу істерінің бәрімен тікелей Әли (р.а.) айналысты.

 Алла Расулы (с.а.у.) бақиға аттанғаннан кейін мұсылмандар хазіреті Әбу Бәкірді халифа етіп сайлағанда, оған алғаш қол беріп, серт еткендердің бірі де - Әли болатын. Бірақ бұл кезде әкесінің қайтыс болғанына қатты қайғырған, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанындай жақсы көрген қызы хазіреті Фатиманың науқастануына байланысты Әли сыртқа көп шыға алмады. Қия баса алмайтыны соншалықты, тек қана жамағатпен намаз оқуға мешітке келіп, намаздан кейін бірден жан жарының қамын жасау үшін үйіне кететін. Бұл жағдай Фатима анамыз қайтыс болғанға дейін алты ай жалғасты. Осындай жағдайда жүрсе де, хазіреті Әбу Бәкір кей кездері оны қасына шақырып алып, кейбір мәселелердің шешімінде онымен кеңесіп тұрды. Ол ұдайы Әбу Бәкірге қолдау көрсететін. Әсіресе, діннен қайтадан бас тартқан мүртедтердің, зекет бергісі келмегендердің және Мәдинаға шабуыл жасағандардың шығарған бүліктері кезінде үнемі Әбу Бәкірді қолдап, қасынан табылды. Қайтыс болар алдында Әбу Бәкір Сыддық та оған риза еді.

Әбу Бәкір Сыддық орнына Омарды (р.а.) халифа етіп тастағысы келген кезде, "Омардан басқасын қаламаймыз!" деп, алғаш қолдаған Әли болатын. Ол әділет үлгісі Омарға да үнемі қолдау көрсетіп жанынан табылатын. Оның қадысы (билік айтушы, төреші) болып тағайындалды. Хазіреті Омар болса оны "Хасанның әкесі арамызда ең жақсы үкім беруші" деп, оның байсалдылығы мен парасаттылығын жоғары бағалайтын. Омардың басты кеңесшісі болды. Омар Мәдинадан басқа жаққа барарда үнемі Әлиді уәкіл етіп, орнына қалдырып кететін. Хазіреті Әли қызы Үммүгүлсімді Омар Фаруққа үйлендіру арқылы онымен жақын туыс болды. Әділ халифа Омар жараланып, қайтыс болмастан бұрын орнына халифа етіп тағайындауды ұсынған алты кісінің бірі Әли болатын. Тура шешім қабылдаудағы ұстамдылығы, Алланың үкімдерін орын-дауда ешкімнің сөзіне, өсектеріне еш құлақ аспауы тұрғысынан ол хазіреті Омарға қатты ұқсайтын.

Осман Зун-нурәйн халифа болып тағайындалғанда, оған бірден қол беріп мойынсұнды. Осман да үнемі онымен кеңесетін. Хазіреті Османның үйін бүлікшілер қоршауға алған кезде өзінің ұлдарын халифаның күзетіне қойып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жанын салды[5].

Хайдар Әли (р.а.) батырлығымен қоса ықыластылы-ғымен де ерекшеленетін. Не істесе де Алланың ризалығы үшін істейтін. Пендешілік араласқан істен бірден бас тартатын. Ол таңдай қақтыратындай өте тақуа адам болатын. Тақуалыққа байланысты ол, "Тақуаға өте абай болыңдар және оны амалдарыңыздың қабыл етілуі үшін дәнекер етіңдер. Тақуамен жасалған ешбір амал аз болып есептелмейді. Қабыл болған амалдың аздығы бола ма?" дейтін[6].

Күндердің бір күнінде оның ұлдары Хасан мен Хұсейн науқастанып қалады. Хазіреті Әли мен Фатима анамыз ұлдары аурудан айығып кетсе, Алла ризалығы үшін үш күн ораза ұстайтындықтарына сөз береді. Алла Тағала шипа беріп денсаулықтары түзелген соң олар уәделерін орындау үшін ауыз бекітеді. Күн көкжиекке батып, ауыз ашар уақыт та болады. Бірақ ауыз ашарға аз ғана нанын есік аузына келген жетімге жегізеді. Өздері сумен ауыз ашады. Екінші және үшінші күндері де дәл осы жағдай қайталанады, екінші күні бір пақыр, келесі күні бір тұтқын үйлеріне келеді. Жейтін азықтарын соларға садақа етеді. Үш күн бойы нәр татпаған олар нәрестелерін алып, Пайғамбарымызға (с.а.у.) барады. Түрлерінің бозарып, бойларында дәрмендерінің қалмағанын көрген Пайғамбарымыз не болғанын сұрады. Олар бастарынан өткенді баяндап болғаннан кейін істің мән-жайына қаныққан Пайғамбарымызға Жәбрейіл келіп, "Инсан" сүресіндегі 5-10 аяттарын уахи етеді: "...Ол Алланың құлдары нәзірлерін орындап, апаты көкжиекті тегіс қаптайтын қиямет күнінен қорқады. Тамақты жаны қалап тұрса да, міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді. Олар: "шын мәнінде біз сендерді Алланың ризашылығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлем де алғыс та тілемейміз. Расында біз ұнжырғасы түсіп, томсыраяр күні Раббымыздан қорқамыз".

Пайғамбарымыз бұл уахиді оларға жеткізген кезде, үш күн бойы тартқан аштықтың тауқыметін сол сәтте-ақ ұмытып кетті[7].

Хазіреті Әли сахабалардың арасындағы аса білімділерінің бірі еді. Жастайынан Исламды қабылдап, алғаш мұсылман болған адамның бірі ретінде Пайғамбарымыздың ұдайы қасында жүруі Оның (с.а.у.) кәусар бұлағынан қана сусындауына мүмкіндік жасады. Пайғамбарымыз оның ілімінің жоғарылығын: "Мен - ілімнің қаласымын, Әли - оның қақпасы. Ілім үйренгісі келгендер сол есіктен енсін"- деп білдірді [8].

Әли (р.а.) уахиді хатқа түсіруші әрі жатқа білушілерден болатын. Алла Расулы дүние салған соң алты ай ішінде оның Құранды түсу кезегіне қарай жинастырғандығы білім адамдарына мәлім.  Ол - Құран ілімдерін жақсы меңгерген-дердің бірі. Бұл жайлы оның өзі былай дейді:

- Менен сұраңыздар. УАллаи менен сұраған сұрақтарыңыздың бәріне жауап беремін. Менен Алланың кітабы жайында сұраңыздар. УАллаи, оның күндіз бе, түнде ме, тауда ма, қырда ма, түскенін мен білмейтін ешбір аят жоқ[9].

Сонымен қатар оның Құран аяттарына жасаған жорамалдары, риуаят еткен хадистері мен хадистерді түсіндірулері, бұларды қорытып шығарған үкімдері, тәпсир, хадис және фиқһ кітаптарында кездеседі. Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.) және басқа да көптеген сахабалардың хазіреті Әлидің іліміне берген әділ бағалары жеткілікті. Мұнан басқа бізге дейін келіп жеткен Әлидің өз аузынан шыққандығына күмән тудырмайтын ақиқаттардың терең мәнділігі мен ғибраттығы осыған бұлтартпас дәлел бола алады.

Оның айналасындағы адамдарға берген кеңестері де өте мәнді әрі ақыл нұрына толы. Осындай өсиеттердің бірі баласы хазіреті Хасанға айтқан мына сөздері:

"Ей, балам! Ең үлкен байлық - ақыл. Ең үлкен кедейлік те - ақымақтық. Ең үлкен жалғыздық - тәкаппарлық. Ең ізгі қасиет - жақсы мінез". 

Әли әл-Муртада - бойына жақсылық атаулыны жия білген Ислам тарихындағы атаулы тұлғалардың бірі. Қайсарлық, батырлық, ілімді және жомарттығымен бірге өте кішіпейіл еді. Базардан сатып алған заттарды айналасындағылардың өтінішіне қарамастан, өзі тасып, адасқандарға жол сілтеп, әлсіз, дәрменсіз жандардың жоғын жоқтап, қиналғанда қастарынан табылатын. "Үш нәрсе кішіпейілділіктің негізін құрайды: кездескен кезде бірінші болып сәлем беру, үлкен жиналыстарда төрде шоқиып отырмау, рияшылдық пен жасандылықты жаны сүймеу" деген нақылдар Әлидің (р.а.) сөздері.

Ол өте шыншыл да адал, көз алдап, көңіл арбаған дүниеге, керегінен артыққа қызықпайтын асыл тұлға еді. Бір күні қарны шұрқырап ашқан ол,  құдықтан тартқан бір қауға судың ақысына бір құрма алуға әлдебір яһудимен келісті. Құрмаға қарнын тойдырып алған соң салып-ұрып Алла Расулының мешітіне барады.

Оның қолының ашықтығын жақсы білетіндер олжа бөліскенде, "бұл олжада хазіреті Әли мен бала-шағасының да ақылары бар. Оның өзіне берер болсақ, үлесін қолына тие сала басқаларға таратып жібереді. Ол үшін біз сақтап қояйық", - деп Әлиге тиесілі олжаны өзіне бермей сақтап қояды. Бірнеше күн өткеннен кейін бұл жағдайды оған айтып жеткізген кезде, ол ашуланып Қанбарға: "Менің үйімді үлкен өртке салғың келді ме? Бұл мұсылмандардың олжасы. Кімде-кім оны керекті жерге жұмсамаса, өкінішке ұшырайды"- деп ескерткен.

Әли (р.а.) ақыл-ойы және парасатымен ерекшеленді. Кеңес жиналыстарының белді мүшелерінен еді. Омар ибн Хаттаб пен Осман ибн Аффанның халифалықтары кезеңінде оның кеңестері мен тигізген пайдалары орасан зор. Міне, сондықтан да хазіреті Омар "Әли болмағанда Омар құрдымға кетер еді" депті.

Әлидің тәуекелшілігі де ерекше. Халифалығы тұсында шыққан бүлік кезеңінде оған қастандық жасалынуы мүмкін деп қорғауға келген адамдарға: "Сендер мені жердегілерден қорғағыларың келе ме, әлде көктегіден бе?",- деп сауал тастайды. Олар "жердегілерден", - деп жауап қатқанда, "Көктен қарар шықпайынша, жер бетінде еш нәрсе болмайды. Жазмыш орындалғанға дейін әркімді екі періште қорғайды. Жазмыш орындалар сәтте оны тағдырымен жеке қалдырады. Әли де Алла тарапынан мықты қалқанмен қорғалуда. Ажал келгенде қалқан алынады. Жазмышына риза болмаған адам иманның дәмін тата алмайды" деп, Аллаға және жазмышқа деген иман беріктігінің сырын айтады.

Хайдар-у Кәррәр Әли Ислам үмбетінің бірлігіне аса мән беретін. Бір күні сүннет, бидғат, бірлік, бөлінушілік жайлы сұраған Ибн Кәууәға: "Сүннет - Мұхаммедтің (с.а.у.) жолы. Бидғат - ол сүннеттен айырушы нәрселер. Жамағат - аз болса да, дұрыс адамдардың бірігуі, бөлінушілік - көп те болса, дұрыс болмаған адамдардың бірігуі", - деп жауап береді.

Ол қара қылды қақ жарар әділеттілігімен де тарихта терең із қалдырды. Бірде хазіреті Әлиге Исфаханнан олжа келді. Бұл олжаны ол жетіге бөліп, үйінде қалған бір таба нанды да сол айырылған сыбағалардың үстіне теңдей етіп қойып, қолбасшыларына таратып берді[10].

Жақсылыққа жаны құмар Хайдар Әли басқаларға қол ұшын беріп, олардың қажеттілігін қамтамасыз етуден ләззат алып, әр ісін қабақ шытпай аса сүйіспеншілікпен атқаратын еді. "Менің көмегіммен қажеттілігінің өтелетіндігіне сеніп маған келген адамдарға көмектесуден асқан нығмет жоқ. Бір мұсылманның қажетін өтеу - мен үшін жер бетінің бар қазынасынан қымбат" деген де хазіреті Әли болатын.

Жүрегі иман нұрымен нұрланған, алып тұлға Әлидің (р.а.) халифа болып тағайындалуы Ислам тарихының ең күрмеуі көп күрделі кезеңіне сәйкес келді. Хазіреті Осман шейіт етілгеннен кейін Ислам үмбеті басшысыз қалып қойды. Жан-жақтан анталаған бүлікшілер өздерінің ыңғайына бағындырып, ырқына көндіріп өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін тез арада халифаның тағайындалуын талап етті. Халифалықты мойнына алуға ешкім тәуекел жасай алмады.

Осы кезде Мәдина халқы бүліктің ұлғайып кетпеуі, мұсылмандардың арасындағы бірліктің сақталып қалуы үшін халифалыққа ең лайық деп хазіреті Әлиді таңдады. Өйткені, ол әрі шура мәжілісінің мүшесі, әрі Пайғамбарымыздың немере інісі, Исламды алғаш қабылдаған және Ислам дінінің жайылуына теңдессіз үлес қосқан, ұрыстарда шыбын жанын аямай шайқасқандардың бірі болатын. Бұған қоса оның дариядай терең білімі, ақылы мен кең парасаты, өте құнды фиқһ білімін меңгеруі бұл орынға оны ең лайық деп табуға негіз болды. Мәдина халқы жиналып оған халифа болуды ұсынған кезде, ол:

"Сендерді басқаруға құмартып тұрғаным жоқ. Мен үшін басшылықтан кеңесші болған артық. Мен үнемі өздеріңмен біргемін, кімді тағайындасаңдар да мен соған разымын",- деп өзінің ойын білдірді.

Бұл кезде бүлікшілер тез арада халифаның сайлануын, егер сайланбаса Әли және Зүбәйр іспетті сахабаларды өлтіретіндіктерін айтып қысым жасады. Сахабаларға қоса бүкіл халық жиналып, хазіреті Әлиге жағдайдың қиындай түскенін алға тартып, оны халифа етіп тағайындайтындықтарын айтты. Әли:

"Менен аулақ, басқа біреуді таңдаңдар. Неге десеңдер, сондай қорқынышты, сондай дүлейлі бір жағдайдамыз. Мұның қилы жақтары мен түрлі астары бар. Бұған ешбір жүрек шыдай алмайды, ешбір ақыл-ой да тосқауыл бола алмайды", - деп, Ислам үмбетінің басына келетін қатерді алдын ала сезіп жаны құлазыды. Оны тоқтатудың өте қиынға соғатындығын баса айтқан-ды.

Ақыр соңында, Ислам үмбетінің бірлігі үшін бұл қиын міндетті нар Әли өз мойнына алады. Бар ерік-жігерін бүлікті тұншықтырып, бірлікті тірілтуге жанын салып, ақылы мен батырлығын және тәжірибесін қолданып бақты. Оның халифалығы кезінде Ислам тарихында кейінгі ұрпақтың әрқашанда қайғымен еске алатын ішкі (Жәмәл, Сыффин) шайқастарын бастан өткізді. Әрине, бұл шайқаста екі жақтың да өздерінің дұрыс деп тапқан ұстанымы бар еді. Ол екі қарсы топтың да мақсаты - Ислам бірлігін сақтап қалу. Сондықтан да бұл иджтиһадтарына (үкім) байланысты оларды еш кінәләуға біздің құқымыз жоқ.

Халифа Әлиге қарсы шайқасқандардың мақсаттары: Осман Зун-нурәйнді шейіт еткен бүлікшілерді тез арада тауып жазаламайынша, оған бағынбайтындықтарын білдіруі болды. Хазіреті Әли мұны істеудің мүмкін еместігін, орталық Ислам билігінің әлі де әлсіз, керісінше, бүлікшілердің ықпалының күшті болып тұрғандығын айтып, бұл істі уақыт оздырып қана шешуге болатынын көлденең тартып, оларды бағынуға шақырған еді. Бұл арада шым-шытырыққа толы оқиғалардың баяндалуын тарихи кітаптардың еншісіне қалдырып, егжей-тегжейіне тоқталып жатпай-ақ, сахабалардың Исламды өмірлеріне жол бастаушы етіп алып, ғұмырларын сол үшін жұмсап жазған дастандарын оқуға тырысқанды жөн көрдік.

Оның басқарудағы тәсілі, халық пен басшы арасындағы байланыс, бұларды жүзеге асырудағы негізгі ұстанымдар мен әділдік туралы түсінігі осы күнгі адамдар үшін маңызын жоймаған хазіреті Әлидің Мысырға тағайындаған әкімі Мәлікке айтқан өсиеттерінен қысқаша үзінді бере кетейік:

"Ей, Мәлік! Сені өзіңнен бұрын әділдіктің де, зұлымдықтың да өктемдік құрған жеріне жібердім, сен өзіңнен бұрынғы басшылардың істерін қалай қадағалаған болсаң, халық та сенің жағдайыңды солай қадағалайды. Олар жайлы сен не десең, халық та сен жайлы соны айтады. Кімнің жақсы әрі әділ екендігін Алла құлдарының сөздері арқылы білдіреді. Сондықтан да ең жақсы жан азығың - дұрыс және әділ істерің болсын...

Жүрегіңде халыққа деген мейірім отын жақ, сүйіспеншілік пен жақсылықты өзіңе нышан ет. Оларға қатыгез болма.  Өйткені олар мына екі топтан тұрады: бірі - діндес бауырың, екіншісі - жаратылыс тұрғысынан сенімен теңдес...

Тура биде туған жоқтығын әсте ұмытпа! Бұлай етпесең, зұлымдық жасаған боласың. Алланың нығметтерін жоқ етіп, азабының келуіне себеп болғанның арасында зұлымдықтан асқан нәрсе жоқ. Еш шүбәсіз, Алла -зұлымдыққа ұшыратылғандардың жанайқайын естуші әрі залымдарды да қадағалап тұрушы...

Кеңесшілеріңнің арасында жақын тұтарың, ащы шындықты бүкпесіз айтатындар болсын. Шыншыл әрі Алланан қорқатын адамдар сырласың болсын. Саған қол соғып қолпаштап, жасамаған нәрселеріңді жасады деп мақтап, көңіліңді масайратуына жол берме. Өйткені, мақтаудың көбі адамды өркөкіректікке жетелейді. Абайла, адамдардың жаманы мен жақсысын тең ұстама. Өйткені, мұндай теңдік жақсыларды ізгіліктен суытып, жамандардың да жаман пиғылдарға құмарлығын арттырады.

Мемлекет қызметкерлерін таңдаған кезде тек қана түрлеріне қарап, олар жайлы жақсы деп ойлау жеткілікті емес. Өйткені, адамдар жасандылықпен көзге жақсы көріну үшін қызмет етіп, басшылардың сеніміне кіріп алуға тырысады. Алайда онда шынайы ниет жоқ. Сондықтан да сенен бұрын халықтың арасында жақсы деп танылғандарды таңда.

Әр түрлі жағдайға душар болған шарасыздардан, кедей-кепшік пен шама-шарқы қалмаған адамдарға келгенде Алланан қорық! Олардың арасында жағдайын айтушылар да, айтпаушылар да болады. Бұлардың бәрінің құқығын қорғау - міндетің. Лауазымыңның жоғары болуы олардың саған мұқтаждықтарын білдіруге кедергі болуынан абай бол! Ұлы Жаратушының құзырына шығарылғанда "шамамның жеткенінше жасадым" дерліктей қызмет ет.         

Мен Алла Расулының: "Әлсіздің ақысын күштіден оңай алып бере алмаған кез келген халық ешқашан да күшті бола алмайды" дегенін бірнеше жерде естідім.

Бүгінгі істі ертеңге қалдырма! Өйткені, әр күннің өзіне тән ісі бар.

Басшының арнайы жақын адамдары болады. Бұлардың істерінде зұлымдық пен ынсапсыздық кездесуі мүмкін. Сен олардың зияндығын бұған жол ашатын себептерінің тамырына балта шабу арқылы жой. Айналаңдағыларға, жақындарың мен туыстарыңа арнайы ілтипат жасаушы болма. Олардың ешқайсысы сені пайдаланып айналасындағыларды қиын жағдайға қалдырарлықтай дәрежеде байлық жинауға әуестенбесін. Мұның саған ешбір пайдасы жоқ, әрі оның бұл дүниедегі де, о дүниедегі де обалы - сенің мойныңда.    

Бір іске уақытынан бұрын кіріспе, уақыты келгенде жалқауланба. Ақиқатына көзің жетпеген істерде табан тіреп қасарыспа, айқындалғанда салғырттық танытпа. Әр істі орнымен жаса...

Бойыңды ашу-ыза кернегенде қолың мен аузыңа ие бол. Бұлардың залалынан қорғану үшін еркіңді жеңгенге дейін ашудың кернеуін теже".

Оның халифалығы төрт жыл тоғыз айға созылды. Хижра жыл санағының қырқыншы жылы, Рамазан айының он жетісінде, жұманың таңында, таң намазын оқуға шыққан хазіреті Әлиді харижит Абдуррахман ибн Мүлжәм улы қылышымен басынан жарақаттады. Соның салдарынан, алпыс үш жасында Әли де өтті дүниеден. Ислам үмбеті арыстан жүректі, даналық дариясы Әлисіз қалды... (Саңлақ сахабалар кітабынан)

[1] Кандыхләуй, 1, 66 .
[2] Муслим, Фадаилу-с- сахаба:31.
[3] Муслим, Фадаилу-с- сахаба:33-34.
[4] Табақат, 2:110-112; Инсануль ґуйюн, 2: 737.
[5] М. Шакир, 353-354.
[6] Сахабилер ансиклопедиси, т.1, 81-82.

0 пікір