Алаш ғалымы Халел Досмұхамедұлы
Алаш ғалымы Халел Досмұхамедұлы
7 жыл бұрын 10983
Айгүл ІСІМАҚОВА

 ХХ ғасыр басындағы көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Алаш ғалымы профессор Халел Досмұхамедұлы (1883-1939) 1930 жылдары Қазақ жерінде орын алған зорлықтың құрбаны болып репрессияға кінәсіз ұшыраған. Ғылыми мұрасына совет кезінде тиым салынып, онымен біз тек 1988 жылдың соңында таныса алдық.

Х.Досмұхамедұлы жеті жыл қуғында болып, «халық жауы» деп айыпталып, 50 жасында халық комиссариатының (НКВД) әскери трибунасының үкімімен атылған. Совет өкіметі соншама соңына түсіп, ғылыми еңбектеріне қатал тыйым салған Алаш зиялысы қандай ғалым болды екен деген сауал бүгін біз үшін қажет. Х.Досмұхамедұлы - латын, араб, парсы, түрік, орыс неміс және француз тілдерін меңгерген ғалым. Сондықтан ол тілтанушы, тарихшы, этнограф, аудармашы, әдебиеттанушы болған.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялылары қазақ қоғамы ғылымнан кенжелеп бара жатқанын мойындап осы істі түзетудің басында болуды азаматтық парыз санаған. Саяси тұлға Х.Досмұхамедұлының биология, зоология, медицина салаларына нақты үлес қосқаны да бізді таңғалдырмайды. Алаш ғалымдары мемлекеттікті лауазым үшін емес, керісінше елге қызмет ету деп қазаққа қажетті істердің басында болған. Х.Досмұхамедұлы – «Табиғат тану», «Адамның тән тірлігі», «Жануарлар», «Оқушылардың саулығын сақтау» және сол кездегі қажетті ғылыми еңбек ретінде Ю.Вагнердің «Дене бітімі мен оның жұмысы туралы әңгімелері», «Өсімдіктердің жаратылысы мен тіршілігі туралы әңгімелерін» қазақ тіліне дер кезінде аударуы да осы ірі ғылыми мақсаттан туындайды. Бұл аударма сол кездегі А.Байтұрсынұлы мен Шонанұлының «Оқу құралына» енгізілген.

Әдебиетші Х.Досмұхамедұлының бұл саладағы еңбектері де сүбелі және әдебиеттануға қосылған құнды үлес. Олар: «Аламан» − қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер жинағы; «Исатай-Махамбет» жырларының алғашқы басылымы; «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен»; «Алаш» не сөз?» Бұхарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана; Самарқан қаласындағы Тіллә-қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі, «Диуани-лұғат ат-түрк», «Кенесарының соңғы күндері» атты ғылыми еңбектері. Осы тұста ғалымның «Құтадғу білік», «Жамиғат ат-тауарих», «Кодекс Куманикус», «Китабал-нисаб», «Саясатнаме», «Китап ал-идраки», «Гүлстан» сияқты әдеби-тарихи жәдігерлерге арналған зерттеу еңбектердегі құнды пікірлердің жөні ерекше.

Қазақ-қырғыз комиссиясының төрағасы Х.Досмұхамедұлының ұсынысымен Мағжан Жұмабай, Мұхаммеджан Тынышбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Әбубәкір Диваев, Мұхтар Әуезов педагогика, тарих, психология, есеп, әдебиет пәндерінен тұңғыш оқулықтарын жазғаны белгілі. Сонымен қатар «35 ұлт пен ұлыстың тілін білген ғұлама ғалым Е.Д.Поливановтың «Грамматика казахского языка», «Казахско-найманский говор», «Казахский язык среди языков мира» деген еңбектерінің дүниеге келуіне Х.Досмұхамедұлының тікелей әсері еткені сөзсіз» [1. 67].

Алаштың ардақты тұлғасы Х.Досмұхамедұлының ғылыми мұрасын таныту біздің бүгінгі міндетіміз. Осы ниетпен ғалымның 1998 жылы жарық көрген «Таңдамалы» еңбектерін бүгінгі кезең талаптары тұлғасынан саралап шығуды жөн деп санаймын. Кітаптың атауы «Қазақ тарихы, әдебиеті мен тілі, медицина, биология, табиғаттану салаларына қатысты зерттеу мақалалары және оқулықтарынан үзінділер» деп нақтыланған.

Х.Досмұхамедұлы 1883 жылы сәуірдің соңғы күндері қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсоған мекенінде дүниеге келген. 1938 жылы 26 шілдеде Ресейдің Воронеж қаласында үй-ішімен айдауда жүрген жерінен тұтқындалады. Одан Мәскеуге, кейін Алматыға әкелінеді: «1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен атуға бұйырылады», ал 19 тамызда «түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды». Досмұхамедұлын танушылар ғалымның бар болғаны 56 жыл ғұмыр кешкен өмір жолын 4 кезеңге бөліп қарастырған:

1. Тұлғалану жылдары (1916 жылға дейін);

2. Ат үстінде өткен күрес жылдары (1916-1920);

3. Ғылыми-шығармашылық һәм қоғамдық педагогикалық қызметі (1921-1928);

4. Қуғын-сүргінге ұшыраған азапты жылдары (1929-1939).

Халел он балалы отбасының жетінші баласы, екінші ұлы. Алғаш білімін ауылдағы молдадан хат таныған, жергілікті орыс-қазақ мектебін бітірген [1. 68]. Арғы аталары Исатай- Махамбеттің тілеулесі Байнақ би. Ағасы Дәулетүмбет алғашқы ресейлік білім алған азамат. Соның ақылымен 1894 жылы Халел он бір жасында Орал қаласындағы әскери реалды училищеге оқуға түседі. Оны 1902 жылы үздік бітіріп, 1903 жылы Петербордағы Императорлық әскери-медициналық академияға латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түседі.

Студент кездері (1903-1909) қоғамдағы тарихи оқиғалар кезіне сай келеді. «Үздік дәрежелі емші» атағымен академияны бітірген Х.Досмұхамедұлы офицерлік міндетін өтеуге Пермьге, кейін 2-Түркістан, Орал қаласына жіберіледі. Ғалым осы жылдары Орал қалалық ауруханасында мамандандырудан өтеді. 1912-1915 жылдардағы оба (чума) эпидемиясы кезінде іс басында болады. Ғалымның Алашорда қозғалысына белсенді қатысқан тұлға ретіндегі арнайы зерттеулер бар – К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Д.А.Аманжолова, Р.Әлмұқанова еңбектерінде Алаштың батыстық ұйымын Халел мен Жаһанша Досмұхамедұлы қалай басқарғаны жөнінде нақты деректер бар.

«Алаш» партиясы ресми құрылған, «Алашорда» мемлкекетінің негізгі қаланған Орынборда 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен екінші съезіне Халел мен Жаһанша арнайы шақырылған. Б.Құлманұлы, Ғ.Бөкейханұлы, Ә.Қараш, Әзімхан Кенесариндармен бірге төралқаның төрағасы ретінде
қатысқан. Осы съезде Алаш мемлекетінің органы – ұлт кеңесі құрамына Оралдан Халел Досмұхамедұлы мен Жаһанша Досмұхамедұлы сайланса, Кеңес төрағасы яғни Қазақ елінің тұңғыш Елбасы болып Ә.Бөкейханұлы сайланған. 1920 жылы 5 наурызда арнайы қаулымен Алашорда өкіметі ресми таратылды, оның белсенді басшылары халықтан алыстатыла бастады. Жаһаншаһ пен Халел Мәскеуге жіберілді. 1920 жылдың жазында Х.Досмұхамедұлы Ташкенттегі Түркістан Автономиялы Республикасының орталығына келеді. Осында Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, М.Жұмабай, М.Әуезов, Ж.Аймауытұлы, М.Тынышбаев, Қ.Кемеңгерұлы бас қосқан.

Халел Досмұхамедұлының қазақ мәдениеті, тарихы, әдебиетіне қатысты еңбектеріне келсек, ең біріншісі – Махамбеттің ақындық мұрасын ғылыми айналымға енгізгені. Сонымен қатар Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз шешен, Ығылман жырау, Қарасай-Қази, Қыз Жібек, Кенесары-Наурызбай, Абай, Мағжан, Бернияз шығармалары туралы алғашқы әдеби мәтіндер мен ғылыми деректер де Х.Досмұхамедұлы еңбектерінде сақталғаны анық. Ғалым халық ауыз әдебиетін жинаумен ғана шектелмей «Қазақ әдебиеті тарихы» атты зерттеу жазған. Оның ғылыми еңбектері мен мақалаларының ескірмейтін сыры да бар. Ғалым не жазса да тіл, тарих пен әдебиетті қатар ұстап отырған. Саяси баяндамалары, пікірталастары әдебиет мысалдарымен түйінделгенімен құнарлы. 1930 жылы Ф.И.Голощекин «тазалауының» бірінші толқынына А.Байтұрсынұлы, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптар ілінсе, екінші толқыны Х.Досмұхамедұлын ала кетті.

«Тарих» атты тарауға келесі зерттеулер кіргізілген: «Қазақ батырлары»: «Исатай-Махамбет», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат»; «Исатай кім?» «Баймағамбет кім»; «Легенда о постройке медресе Когельташ в Бухаре», «Родословная Жалантус батыра строителя медресе Тилля – Қары и Шир-Дор в Самарканде»; «Жалаңтөс батыр»; «26-шы мизам. Ойыл»; «Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан»; «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама». «Түзетушіден («Кенесары-Наурызбай)» атты мақалада тарихи жырдың мәтін нұсқаларының жариялануы, Нысамбай өлеңінің ақиқат екені айтылады.

«Қазақ батырлары: Исатай-Махамбет» атты еңбек ұлт-азаттық қозғалыстың батыстағы жағдайы қалай іске асқаны туралы мәлімдейді. Исатай-Махамбет қозғалысы қалай туды, оған қандай тарихи деректер себеп болды деген сауалға толық жауап берілген, тіпті бұл қозғалыс туралы Ордадағы архивте 27 том іс бар екені келтірілген. «Тайманұлы Исатайдың жатақтарын қозғалысы турасында қысқаша мағлұмататты зерттеуде тарихи деректермен қатар тарихи өлеңдер берілген: Жанұзақ жыраудың Жәңгір ханға айтқаны (Бөкей заманындағы қазақтың қонысы туралы [1. 37-38].

Х.Досмұхаммедұлы тарихи деректі көркем сөзбен түйіндеп отырады: қазақтың жерін патша үкіметі тартып алғандығы туралы Сығайұлы Өтепәлі төреге Боран жыраудың айтқаны; Байтоқ жыраудың Жәңгір ханды жоқтағаны; Ерубайдың Жәңгірге айтқаны; Нияз баласы Бекжан, Бекжан баласы Бөле, Махамбеттің Баймағамбетке айтқаны, Шернияз шешеннің Исатай туралы айтқаны т.с. Тарихшы Х.Досмұхаммедұлы сөздерін былай деп түйіндеп отырады: «Боранның осы сөздерінен қазақтың Жәңгір заманында қандай күйде болғандығы анық аңғарылып тұр» [1. 40]. Яғни ғалым әдеби мәтінді тарихи деректі нақтылау үшін келтірген. «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақтың қозғалысының ең күштілері – Сырымдікі, Жатайдікі, Кенесарыныкі. Үш қозғалыстың бас мақсаты – қазақты орыстың жәңгірлік құшағынан құтқару», – дейді Х.Досмұхамедұлы [1. 51]. Кенесары хан мен кіші жүз арасындағы арақатынасты көрсету үшін Х.Досмұхаммедұлы Добросмысловке сілтеме беріп, 1843 жылы жазылған Кенесарының әмірін келтіреді [1. 52]. Кенесары-Махамбетке қатысты да нақты тарихи дерек туралы күні бүгінге дейін біздің тарихшылар үндемеуде [1. 52]. «Исатайдың көпке шашқан ұраны Махамбет батырдың Баймағамбет Сұлтанға айтқаны сөзінен ап-анық көріліп тұр» – дей келе Х.Досмұхамедұлы ұзақ үзінді келтірілген. Соңында былай делінген: «Қара қазақ баласына теңдік алып беру, міне, Исатайдың ұраны. Исатайдың ұраны өткен ғасырдағы саясат партияларының программаларымен салыстыруға да келеді. Жұрттың Исатайға еруінің себебі осы» [1. 54] Исатай мен Махамбеттің жеке кісілік, ерлік қасиеттері де жыр жолдарымен түйінделіп берілген. Әдебиетшінің «Шернияз шешеннің Исатай туралы айтқан сөздерінен аз да болса, үлгі келтірелік (Жансүгірұлы Ілиястың Жетісудағы Талдықорған елінде Омарбек деген ақыннан жазып алған сөзінен алынды» деп нақты түсініктеме беріп кетуі де басылымның ғылыми деңгейін көтеріп тұр.

Х.Досмұхамедұлы Махамбет, Исатай, Баймағамбет туралы нақты тарихи мағлұматтар берген. Бұл деректер ғылыми айналымдағы тұңғыш енгізілгендер болып саналады. Жалаңтөс батыр кім, қандай тұлға, қандай істердің басында болған туралы да алғаш тарихи деректерді Х.Досмұхаммедұлы берген. «Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан» атты еңбектен бүгінгі бізге келесі сөздер алынды: 1. «Білім алудың жолы көп, жолдың ішінде ең төтесі – жақсы мектеп, білімді мұғалім, мұнан қалса, ел ішінде көпке түсінікті болып жазылған білім кітаптары, сондықтан мектеп түзеу – біздің бірінші жұмысымыз... Ауруын жасырған жазылмайды. Мектеп пен мұғалімдеріміздің нашар екендігін анық айтып, анық түсіну керек. Нашарға жәрдем беріп, жоқты бар қылу − бәріміздің міндетіміз». 2. Біздің жұрт сөз айтпай, сөз тыңдамай отыра алмайды. Бұрынғы заманда жұрттың айтатыны тыңдайтыны өзінің атасөздері еді. Ертегі, жұмбақ, өлең, толғау, терме, жыр, тақпақ, айтыс, жылау, жоқтау, түрлі тарихи әңгімелерді бұрынғы уақытта екі кісінің бірі сөйлейтін еді. Елдің салты, тіршіліктің қалпы өзгерген сайын сөз айтушылардың саны азайып, сапасы кеміді. Сондықтан «Сапаны» шығарғанда біздің ұстайтын жолымыз мынау:

1. Ең негізінен бастап әр пәндерден түсінікті қылып жалпы білім беру;

2. Қазақ тарихымен, салты, әдетімен, тұрған жерімен таныстыру. «Жеті атасын білмеген мұртұд» деген мақал бар»;

3. Қазақ жұртының тілімен, әдебиетімен жақсы таныстыру. Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Тілімізді бұзбай ұстарту шарттарын қарастыру, жұрт әдебиетінен, көркем әдебиеттен үлгілер көрсетіп, өрнекті түрлерімен таныстыру;

4. Білім таратып, елдің қолын мәдениетке жеткізетін – мектеп, сондықтан мектептің тарихы, түрлері, түзелісі, оқуы, оқыту реттері, мұғалімдерінің, шәкірттердің күй-жайы туралы, оқу құралдары, кітаптары туралы баяндама беріп тұру;

5. Адамның табиғаттағы бір мінезі – ойын-сауық қылып, қызықтар көру. Ойнамайтын адам жоқ. Күлмеген адам адам емес. Ойын-сауықтың пайдалысы да, зияндысы да көп. Салтымызға, тұрмысымызға қарай түзелген елімізге көп ойындар бар. Бұларды менсінбей, ұмытып барамыз. Бұл жарамайды. Біздің кейбір ойындарымызға Еуропа таңданарлық. «Сананың» бір міндеті өз еліміздегі ойындармен, бөтен елдердегі ойындармен оқушыларын таныстыру;

6. Бұл дүниеде адам баласы таңданатын іс қылып өткен ірі адамдар бар. Бұл адамдардың аттары атадан балаға ұмытылмай келе жатыр. Түрлі данышпандар, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар, билер, тағы басқалары көп өткен. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қәдірлеу – елдіктің белгісі. Сондықтан ең алдымен өз жұртымызда болған, сонан соң шет елдерде болған ірі адамдармен таныстыру;

7. «Мәдениет мейрамы» бөлімінде елдің мәдениеті туралы істелінген істі, үлгілі мектеп, медреселердің күй-жәйін, мәдениет-білім ұйымдарының тіршілігін, үкіметтің мәдениет туарлы бұйрық, жарлықтарын жазып тұру;

8. «Жаңа кітаптар туралы сын беруін тұрмақшымыз» [1. 81-82].

Х.Досмұхаммедұлының «Сана» журналы алдына қойған шарттары бүгінгі бізге де қажетті екені айқын аңғарылады. «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама» атты мақалада Қазақ білім комиссиясының 1921 жылғы есебі қарастырылған. Ғалым 1922 жылдың аяғына дейін келесі азаматтар оқулық жазып бермекке уәде бергенін анықтайды: С.Хожанов арифметика І бөлім, Қ.Жәленов арифметика ІІ бөлім, А.Таныбаев педагогиканы; П.Ғалымжанов арифметика; Х.Досмұхаммедұлы жануарлар жайынан; С.Оспанов қазақ-қырғыз тіліндегі сөздерді түзуді.

Сонымен қатар өткен жылғы мәжілістер туралы айтылған: проф. Фалов А.Байтұрсынұлының «Тіл – құралы» туралы баяндамасы, проф. Поливанов – «Түрік грамматикасын қалай түзеу керек?» деген баяндамасы, т.с. [1. 87]. Комиссияның қолдауымен келесі кітаптар баспаға жіберілгені нақтыланған: А.Байтұрсынұлы «Әліппе»; А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» 1, 2-бөлімдері, А.Байтұрсынұлы «Баяншы», М.Дулатұлы «Есеп құрал» 1,2-бөлімдері, Тоқтыбаев «Жағрафиа сөзі», «Түркістан»; Басығарин, Х.Досмұхаммедұлы, П.Ғалымжанов. Ә.Диваев материалдарынан батырлар: Қара қыпшақ Қобылады, Нәрікоғлы Шора, Бекет батыр, Қамбар батыр, Шора батыр, Мырза Едіге батыр, Алпамыс батыр. Осы тізімде Абайдың таңдамалы өлеңдері жуырда басылып шыққан деген мәлімет бар.

«Түзетушіден («Кенесары-Наурызбай»)» атты мақала 1923 жылы 15 наурызда жазылған. Кенесары-Наурызбай соғысы туралы Нысанбай жыраудың шығарған өлеңі бүтін қазақ арасына жайылуы» сөз етілген. Осыған байланысты Алаш әдебиетшісі бұл өлең «дұрысталып тасқа басылып шықпаған соң Нысанбайдың өлеңі өзгертіліп, түрлі айтылып жүргені жөн емес екенін мәселе ретінде көтереді. Ғалым білім комиссиясы
алдына нақты мәселелер қояды:

1) Нысанбай ақынның шығарған сөзінің дұрыс нұсқасын шығару;

2) Ел арасындағы «сыңар езу сөйленіп жүрген сөздердің әсерін жою;

3) Мектептерде оқылатын ана тілі үшін тарихи поэманың жақсы үлгісін беру».

Бұл тарихи жырдың «1837 жылы Әбубәкір Диваевқа Жүсіпбек Басықараұлы бергені, оның өзі Ораз деген ақыннан жаздырып алған» деген мәлімет берілген. Тарихи жырдың стилі туралы Х.Досмұхамедұлы былай деген: «Нысанбайдың сөзінің артықшылығы ең әуелі тіл жағынан. Нысанбайдың тілі – нағыз үлгі боларлық қазақ тілі». Мәтіннің шынайылығы: «Нысанбайдың өзі соғыста болып, көзімен көргенін жазып отыр». Сонымен қатар ғалым басылымның ғылыми болуын көздейді: «Кенесары-Наурызбайдың» ішінде ұшырайтын адамның, жердің аттарына, түсініксіз сөздерге шолу берілді. Абылайхан, Қасым, Кенесары туралы қысқаша тарихи баяндама берілді». Бұл тұста әдебиеттанушы өзі пайдаланған дерек көздерін де атап көрсетеді: «Комментарий жазғанда Шәкірімнің тарихын, Ахмет төре Кенесарыұлының Смирновке «Кенесары мен Сыдық төре туралы» жазып берген сөздерін, орыс тілінде Түркістан туралы әсіресе, Жетісу туралы жазылған көп кітаптарды пайдаландық. Бұл – бір. Екінші – Қоңырқожа Қожықұлынан, Мұхамеджан Тынышпайұлынан, Жаңқараш немересі Сатарқұл Диқанбайұлынан, Ишағали Арабайұлынан, Кенесары немересі Әзімхан Ахметұлынан, т.б. алынған мағлұматтарды пайдаландық» [1. 90].

Х.Досмұхаммедұлының «Таңдамалы» кітабынің «Әдебиет» атты бөлімі «Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат» деген зерттеумен басталады. Қазақ әдебиеттануында алдыңғы әдеби ақпарат жәдігерлер сияқты бұл да Мұрат Мөңкеұлы туралы тұңғыш ғылыми ақпарат.

Осы зерттеуде ақынның ата-тегі, туған, қайтыс болған кезі бірінші рет анықталған. Оның 63 жасында қайтыс болғаны дәлелденген (1843-1906). Ең бастысы, Мұрат өлеңді мал табу үшін жұмсамағаны, ескі тарих сөздерін, шежірені жақсы білгені айтылады. Сондықтан ол еліндегі Есет бидің ақылын көп алған дей келе оның Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Асан Қайғы, Қазтуған туралы шығарған өлеңдерін» әдебиетші ерекше атап өтеді. Мысалы: «Қарасай, Қази туралы Мұрат екі күндей айтатын еді деп ақсақалдардан естігенім бар. Мұрат сөздерінің көбі осы күні жойылған. Біздің басып отырған «Қарасай-Қазиымыз» ұзақ сөзден қалған бір жұрнақ» [1. 93]. Тарихшы ретінде Х.Досмұхамедұлы Мұрат сөздеріндегі жерлердің аттарына ерекше мән береді: «Осы аттардың бірқатары осы күнде Еділ, Жайық алаптарында ұшырайды. Бұл жерлерде қазақ қай мезгілде жүрген? Боқсақты, Теңгелік, Өгізтау, Бесекші, Бадашы, Қараша, тағы талайлар қай жер? Кубанда қазақ қай уақытта жүрген? Асан Қайғы, Қазтуған, Айсаның ұлы Әнет, Қараныңұлы Сидақ, Жаңбыршының ұлы Телағыс, басқа да айтылған бөтен батырлар кім? Бұлар қай уақытта болған? Ноғайлы кім? Қазақтың ноғайлыға не жақындығы бар?» деген сауалдарды ғалым анығынан қойған. Мұрат ақын сөзінің ғылыми құндылығы да айқын аңғартылған: «Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды». Ақын мұрасына келесі баға берілген: «Мұрат бір жағынан, өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан, халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын». Себебі: «Қазақ елі елдігінен айырылып, «ыштатқа» көшіп, нағыз болдырып тұрған кезде Мұрат өмір сүрді. Мұраттың заманы – бостандық үшін, «егескен ердің бәрі жер тіреген» заман. Патша үкіметінің қазаққа құрған саясатының гүрлеп тұрған заманы, қазақтың бұрынғы тұрмысы өзгере бастаған, қазақтың бұрынғы кең қоныстан, сүйкімді әдеттен, еркін салттан айырыла бастаған заманы. Елдің өзінен шыққан, қанымен қаны, жанымен жаны бір дерлік ақын елдің мұңын айтпай қалай тұрсын?» [1. 94].

 Әдебиетші патша саясатынан жалпы орыс халқын бөліп алады: «Мұраттың өлеңдерінде ұшырайтын орыс туралы айтылған кейбір сөздерді бүтін орыс халқына жору керек емес, бұндай сөздерді кешегі өткен патша үкіметінің залымдарына арналған деп түсіну керек» [1. 94]. «Шернияз шешен (ел әдебиетінен)» атты зерттеуде ақынның руы, ата тегі, шығармалары туралы әдеби танулық мол ғылыми ақпарат берілген. Шернияздың Исатай мен Махамбет замандасы екені анықталады. Х.Досмұхамедұлы Шернияздың Баймағамбет сұлтанға Исатай туралы айтқаны сөздерін тұңғыш рет келтіріп, бұл мәтіннің талдауын да берген. Әдебиетші бұл зерттеуде Махамбеттің жұмбақ жауабын келтіре отырып, осы сөздерден Шернияздың Махамбеттен не кіші, не замандасы болғанын дәлелдеп береді. Шернияздың Баймағамбет сұлтанға қарашы болғанын өлеңдерінен дәлелдеп қана қоймай, бұл әдет баяғыдан келе жатқанын еске салады: Әз Жәнібек ханның Жиреншесі, Абылай ханның Орынбайы, Кенесарының Нысанбайы іспеттес.

Әдебиетші Х.Досмұхаммедұлы Шернияз мәтіндері тарихи жағдайларға байланысты туылғанын нақты талдау арқылы дәлелдеген. Ғалым ақын мұрасын баяндаумен шектелмеген: «Шернияздың әзілқойлығы, біреудің мінін табуға, не көзге мақтай қоюға шеберлігі, қысылған жерде сөз тапқырлығы, күлдірлігі сөзге ұсталығы таңданарлық нәрсе» [1. 102]. Бұл Шернияз өлеңдерінің стильдік сипаты екенін ескерсек, бүгінгі әдебиеттануда мұндай талдаулар жоқтың қасы. Х.Досмұхамедұлы бұл тұста мазмұндау, тақырыпты ғана айқындаудан аулақ. Әдебиетші ақын сөзінің ұшқырлығының сырын ашып берген: «Көкей молда Жарылғасты да, Шерниязды да молда еді дейді. Балмырза жырау бір сөзінде: «Айдын көлге жабылған, Құлаш едім ордалы. Асатаяқ алысқан, Ауыл едім молдалы» − дейді. Шернияздың шариғатқа жетік екендігі сөзінен байқалатын еді»[1. 102]. Әдебиетші талдаудың жөнін де көрсеткен: «Шернияздың патшаға айтқаны, жаңдаралға айтқаны деген, жазылғанына қырық-елу жылдай болғанмен де екі сөзі бар. Патшаға арнаған сөзінде мынадай сөйлемдер бар (керек жерлері алынды): «Қатадан қалы ермес Қақан өзге, Айтамын әуел бастан Құдайым бір, Алланы айтсам кетеді көңілден кір. Мағрыб машырыққа қаты еткен, Дерқаһі қабыл болғай бұ ымрада. Үмітсіз әр кез йатмас ер мұрада, Таулар тағат қыла алмас қысматыңда, Патшаһ болмай өткен жоқ еш затыңда. Шыбын жан көкіректе есен болса, Ұлұғ, кішік баршамыз қызматыңда». Жандаралға Шернияз былай дейді: «Дұшпандар тітірейді айбатыңнан, Дүнияда келмес іс аз құдыратыңнан. Сөз мұқтасар қылар деп өтінемін, Ұлұғлы ғаламатлу қазір атыңнан». Орысқа сөйлесе қазақтың өз сөздерін бұзып сөйлейтін әдеті бар ғой. Шернияз да түсініктірек болу үшін орыстың ұлықтарына «Текелеудің» Абылқайыр ханға кеңсе үшін сыйлап кеткен «мұсылман тілімен» сөйлеген. Шернияздың тұқымының бәрі де желді, арқалы болды. Бәрі шетінен өлең айтатын болды. Бірақ жалғыз Балмырза дегеннен басқасының бәрі де ауыл арасындағы той-топырда сөйлеуден, қыз өлеңнен аса алмады». Бұл сөйлемде әдебиетшінің қынжылып тұрғаны аңғарылады. «Дұрыстаушылардан» мақаласында Х.Досмұхамедұлы Абай кітабының бірінші баспасы туралы сөз еткен. Баспадан кеткен кемшіліктер ғана емес, ең бастысы, қазақ емлесін қолдануды ұсынған. Ғылыми түсініктер жат сөздерге берілген, тіпті әр өлең аяғындағы сандар сол өлең жазылған мезгіл екені де ескерілген. Бұл мағлұмат 1922 жылы 25.ІV. берілген. Яғни сол кезде қазақ әдебиетшілері ғылыми басылымға қойылған шарттарды толығымен ұстанған. Х.Досмұхамедұлының «Аламан» зерттеуі 26 қараша 1924 жылы Ташкентте жарияланған. Әдебиетші әдебиеттің қоғамдағы орнын осы ретте анықтап берген. «Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді. Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы [1. 107]. Әдебиетші «ауыз әдебиетінің көбі – ХІХ ғасырдың мирасы. Арғы әдебиеттен қалған жұрнақ аз», – дейді. Әдебиеттен нені аңғаруға болады? Осыған орай Х.Досмұхамедұлы былай деген: «Осы әдебиетті тексеріп отырсақ, қазақтың өткендегі құлқы, мінезі, заманындағы күйініші, сүйініші, арасында болған түрлі әлеумет қимылдары анық сезіледі. Заманымыздағы түрлі қимылдардың, жаман-жақсы мінездердің құр өз-өзінен пайда болмай, өткен заманмен тамырласып жатқаны байқалады». «Аламан» сөзін кітаптың атына қою себебін де әдебиетші осы тұста түсіндіріп өтеді: «Бұрынғы әдебиетпен танысқанда, қазақтың бойына біткен мінездің бірнеше түрі орасан адырайтып тұр. Қазақ арасында болып өткен бірнеше әлеумет қимылдар да көрініп тұр. Ел әдебиетімен танысқанда осындай бадырайып көрінгеннің бірі – аламандық». Аламандық деген не, оны не үшін білу керек? Оған былай делінген: «Көптің пайдасын ойлай тұрса да, бүтін жұрттың қамын жей тұрса да, өзінің мен-мендігін, көп үшін құрбан қыла алмайтын, өз дегенін күшпен орындайтын; өз басын артыққа санап, сөзін сөйлеп соңына ермегендерді, қарсы тұрғандарды түсінбегендігінен, ақылсыздығынан қылды деп білетін, көңіліне жақпаса өзі қойған бастығының бұйрығына, өзі қалаған тәртіптің жолына бас ұрмайтын; Отан сезімі, мемлекет сезімі кем, менмендік сезімі өте күшті құлықты аламандық дейміз». Яғни «Аламан деп тәртіпке, жолға, низамға көнбейтін, өз дегені болмаса, басқаны елемейтін топты айтады». Алаш ғалымы Х.Досмұхамедұлы былай дейді: «Өткен ғасырларда қазақтың әлеумет қимылдарының көбінде-ақ аламандық бар. Шет елмен жауласса да, ру ара таласса да, хандарына, билеріне көнбесе де, қазақтың ісінің көбінен-ақ аламандық исі шығып тұр, – дейді. Сондықтан әдебиетші осы сөздің «бұл кітапта қойылған себебін анықтай түседі: «Осы «Аламан» деген кітапшада аламандықты көрсететін ел әдебиетінен бірнеше үлгі боларлық сөздерді тіздік». Әдебиетші мысал ретінде 400 түрікмен аламан болып келіп адайдың Байбоз-Жанбоз деген аулын шапқанын келтіреді. Сонда байдың ел арасындағы зорлығы үшін басқа адай жәрдем бермеген екен. Шабылған ауылдың 40 жігіті түрікменмен оңаша соғысын, жауға кеткен жесір мен малды айырып қалады. Бұл ерлікті мақтап, Нұрым ақын сөз айтады. Адайдың аламандығы осы өлеңнен анық көрініп тұр». Осы тұста әдебиетші Х.Досмұхамедұлының: «Ауыл арасы, кемпір назын өкпе қылып ағайыны шабылып жатқанда көп адай көре тұра жәрдем бермейді», – деп наланады. Себебі Х.Досмұхамедұлы үшін: «Отан бірлігі, Отан намысы, Отан сақтау сезімдерінің қазақта аз екені осыдан анық». Нұрымның аталған өлеңін талдаған әдебиетші осыны басты шарт етіп қояды: «Ақын бола тұра Нұрым да көптің бірі, қырық жігіттің қайратын мақтайды да, көп адамды масқаралық іс еткені туралы бірауыз сөз айтпайды. Аламандық сүйекке сіңген көптің мінезі, ешкім таңданбайды. Нұрым да бұған таңданбайды, бір ауыз сөз болса да мұндай қылықтың кемшілік екенін білдірмейді». Бұл Х.Досмұхамедұлының қазақ әдебиетіне қойған басты міндеті. Яғни қазақтың кемшілігі де әдебиет тақырыбы болуы тиіс.

Әдебиетші екінші мысал ретінде адай Қалнияз ақынның түрікменнің аламанымен жауласып өлген Қармысты сөз еткен шығармасын талдайды. Қармыстың ер жүректігін айта келе Х.Досмұхамедұлы оның аламан батыр екендігін дәлелдеп береді: «Бір ауылды түрікменнің аламаны шапты
деген хабарды ести сала, Қармыс он жігіт болып көп жауды қуа жөнеледі. Соғысып өледі. Алды-артын жимай, елге хабар айтпай, жаудың қуатын салмақтамай, «ерлігіне сыйынып» жалғыз барып, екі жүз елу түрікменмен соғысу аламандықтан шыққан менмендік емей немене?» [1. 108]. Аламандық жалғыз адайдың мінезі емес деп әдебиетші Х.Досмұхамедұлы елдегі беріштен шыққан Айса, Есентемір Досжан дегендердің істерін мысал ғып көрсетеді. Басты мін ретінде келесі кемшілікті алға тартады: «Әлеумет міндеті туралы бір ой жоқ. Айла жасап, шеберлік қылып өкіметтің тұтқынынан босау керек те, бұрынғы қылықты қыла беру керек. Міне қазақтың психологиясы. Мұны аламандық демей, не дейміз?» [1. 108].

Елбасының бүгінгі тапсырмасын сол жағынан яғни тек өзі қара басы үшін айналдырып келе жатқан шенеуніктердің де сол баяғы аламандықты қолдап келе жатқан іс екені осы орайда еріксіз еске түседі. Х.Досмұхаммедұлы тура Абайша өз әдебиетінің алдына нақты Отаншылдық міндетін осылай жан-жақты дәлелдеп, қажет екенін баяғыда мойындатып кеткен екен. Ғалымның әдебиеттанулық талдаулары сондай анық: «Әлім мен
байұлының айтысқаны деген сөзде ру менмендігі анық байқалады. Екі ру бірнеше жыл жауласып келеді. Ақырында татуласады. Татуласып болып тарқарда екі рудың екі ақыны бір-бір ауыз өлең айтады». Осы өлеңді талдаған Алаш әдебиетшісі оған неге көңілі толмағанын айтады: «Бітімнің
соңынан қандай өлең айтуға лайық? Әрине, татуластықты, ағайындықты, бітімді, бірлікті мақтап отыруға лайық еді. Бірақ жиылған көпте бітім туралы бірауыз сөз айтар ниет жоқ. Әр қайсысы өз руын мақтап, екінші руға тіл тигізе бастайды. Ақындардың сөзі қайта жауласуға жол бастап тұр».
Әдебиетші Құлбарақ батыр туралы өлең жолдарын талдайды: «Адай дағдарында Құлбарақ батыр ағайынымен адайдың ары үшін соғысып өлді деп мақтайды». Ал іс жүзінде бұл тарихи деректі Алаш ғалымы басқаша айғақтайды: «Құлбарақтың батырлығында шек жоқ. Батыр-ақ. Құлбарақтың он адаммен 4000 жауға шабуы – алды-артын ойламағандық. Менмендік, өзінен басқа адамды кісіге санамағандық. Құлбарақтың батырлығында аламандық көрініп тұр» [1. 109], – деп түйіндейді өз пікірін елдің бірігуін, Отан үшін күресуді алға тартқан Алаш тұлғасы. Ол туралы ғалым ашық айтқан: «Отан бірлігі, Отан сүю сезімі, әлеуметшілік міндеті секілді бүтін мемлекетке керек сезімдерді менмендік, бәсекелестік, ерегіс секілді аламандықтың жеңгенін ел арасынан жиналған ескі сөздер анықтап көрсетіп тұр». Әдебиетші бұл кемшілік тек ХІХ ғасырға тән емес екендігін де айғақтап береді. Осы ретте ғалым «Ноғайлы заманы деп сөйлейтін жырларды тексеріп (Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қобыланды туралы) бұл сөздерден де аламандық иісі аңқып тұр», – деп шыншыл талдаудың үлгісін көрсетеді. Әдебиетке мұндай елдік, отандық сезім тұрғысынан талап қою біз күні бүгін айырылып қалған әдебиеттанулық шарт.

Әдебиетші мысал ретінде «Жиембет батырдың ашуы» деген жырды талқылайды. Және бүгінгі бізге үміт боларлық талдау нұсқасын ұсынады. Х.Досмұхамедұлы Есім хан мен Жиембет қыз үшін араз болғанын айта келе келесі ойын алға тартады: «Есім хан заманында қазақ пен қалмақ өнемейін жауласып жүрді. Хан ел ұстаған батырға мұқтаж. Осындай уақытта Жиембеттің ханды қорқытуы, Жолымбеттің қызды тартып алуы аламандық емей немене? Сыйлық қылып хан батырдың ашуын баспаса, Жиембеттің қалмақпен қатар ханды шабатыны шексіз» [1. 109]. Бұл мысал да Отансүйгіштік сезімнің тапталғанын дәлелдейді. Ал осы аламандық қазақта қайдан пайда болды деген сауал көтерген әдебиетші оған былай дейді: «Қазақтың көшпелі салты, рулық қалпы, жөнделмеген мемлекет құрылысы аламандықтың тууына, айнала жаугершілік аламандықтың
үдеуіне себеп болса керек» [1. 110] Тарихи дәлелді екенін күнәсіз. Осының бәрін Алаш әдебиетшісі кемшілік ретінде көрсеткен, сондықтан аламандықтан құтылуымызды меңзейді, себебі: «Аламандық бар жерде нағыз әлеуметшілік тұра алмайды. Шын әлеуметшілік орнаған жерде аламандық та бола алмайды. Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуға мүмкін емес». Осы жолды кімдер бастау керек деген сауалға былай делінген: «Қазақ әлеуметшілігінің өткенін жөндеп түсініп, әзіргі қалпын анық көріп, кемісін болжай білу – көп қазаққа көз болған, мәдениет жолына көшбасшы болған «молдаға оқып тәрбие алған, ордаға кіріп жол көрген» оқыған зиялыларымыздың міндеті» [1. 110]. Бірақ осы зиялылардың ішінде аламандық бар ма, соны да тексеру қажет деп санайды Х.Досмұхамедұлы. Қазақтың ұлт болып бірігуін, рушылдықтан арылуын, оны кемшілік ретінде айғақтаған Алаш әдебиетшісі осы жағдайда әдебиетке ерекше жүк артады: «Ел әдебиетімен таныспайынша өткеннің көбін де, бардың жарымын да тану қиын». Бұл бүгінгі өз әдебиетіне менсінбей қарайтын шенеуніктерге айтылғандай. «Казахская народная литература» Краткий очерк (Доклад, прочитанный в кабинете казахского языка при Казахском высшем Педагогическом Институте). Еңбек Әбубәкір Ахметжанұлы Диваевқа арналғаны. Алғысөзде орыс тілінде қазақ әдебиеті, халық әдебиеті туралы аз жазылғаны айтылған.

Сондықтан бұл еңбек орыс тілінде арнайы жазылғаны да сөз етіледі. Басты мақсат қазақ халық әдебиетінің жүйесін анықтау, оның үлгілері мен түпнұсқаларын айқындап беру екені де осы тұста айтылған. «Содержание народной литературы» атты ІІ-тарауда қазақ әдебиетінің негізі халық әдебиеті екені, ал шығармалары саны мен мазмұны жағынан өте бай екені айқындалған. Себебі әдебиетші Х.Досмұхамедұлының айтуы бойынша,
қазақтың бұл дүниеге келген кезі мен өлім арасындағы өмір оқиғалары өлеңмен өтетіні белгілі. Осыған дәлел ретінде Ғалым шілдехана мен бесік жырын келтірген (қазақша мен орысша нұсқасы қатар берілген, орысша Ә.Диваев аудармасы). Нәрестенің еститін бірінші дауысы ол ана тіліндегі ананың бесік жыры. Қазақтың жастық кезі махаббаттық өлеңдерімен байланысты делінген. Осы ретте әдебиетші Х.Досмұхаммедұлы балаларға арналған халық әдебиетін арнайы зерттеу қажет екенін ескерткен. Ғашықтық әдебиет деп бөліп қарастырған салаға махаббат туралы өлеңдер кіргізілген. Осының ішінен үйлену салт-дәстүрлік өлеңдерді бөліп қарастырған. Үйлену ғұрыптық өлеңдерін: жар-жар, той бастар, беташар деп бөліп топтастырған. Әрқайсысының өз реті, орнындалатын орны, кезі анықталып берілген. Бұл топтан әдебиетші қоштасу өлеңдерін (прощальные песни), кездесу-көріскендегі (песни при свидании), сәлем беру, сәлемдеме (песни-поклоны), жоқтау, сықтау (оплакивание и причитания) (похоронные песни), өлеңдерін бөліп жүйелеп берген.

Жоқтаудың мағынасы кең болатындығын аңғартып, мысал ретінде Нысамбай ақынның Кенесары Қасымұлы үлгілі ретінде жоқтағанын келтірген: «Кенекем менің кеткен соң, Заманым қалды тарылып. Салтанатты хандардан, Жетім қалдым айырылып. Екі бірдей қанатым Топшысынан сынды
қайырылып Балдағы алтын ақ берен, Тасқа тиді майырылып. Кемшілік түсті басыма Көрінгеннен қаймығып» [1. 117]. Мақтау (восхвалительные песни-оды) өлеңін арнайы қарастырған. Мақтау мен жоқтаудан кейін жұбату, көңіл айту (утешающие песни) өлеңдері арнайы жүйеленіп, үлгілі түрлерімен айғақталған.

Алаш әдебиетшісі қазақ әдебиетіндегі сынау, мысқылдау, қалжың өлеңдерін арнайы топқа жатқызған (сатира, ирония, эпиграмма). Әрқайсысының ерекшелігі анықталып берілген, мысал ретінде Атагөз бидің Қаратай ханға айтқаны (XVIII ғ.) талданған. Бұл жанрлардан әзіл (шутка) бөліп алынған: «Среди народной литературы встречается особый вид, служащий для увеселения собравшихся и смеха. Это кульки сөз – комическая литература» [1. 119]. М.Бахтиннің теориясындағы бұл әдеби категория осында тұңғыш анықталған.

Әдебиетші бата мен алғысты (благославление и пожелание счастья) – ауыз әдебиетінің ең көп қолданылатын түрі ретінде атаған. Бұған қарама-қарсы – қарғыс (проклятие) сөз етілген. Мысал ретінде Мұрат Мөңкеұлының Қалмықтың оны Сібірге айдаған ханға айтқан қарғыс өлеңі келтірілген.
Болжау өлең (предсказывательные песни) жеке қарастырылған. Мысалы ретінде Асан Қайғы өлеңі, ол туралы аңыз дәлел ретінде пайдаланылған.
Би сөздері (замечательные приговоры судей) тапқырлығымен, нақтылығымен ерекшеленген. Бұдан «нравоучительная поэзия» деп бөлініп алынған түрдің жанрлық, тақырыптық, ғибраттық мәні анықталған: «в нравоучительных песнях, как на ладошке, видем весь институт казахской нравственности и добродетели. В них указывается, какими качествами должна обладать добродетельная жена, послушный сын, воспитанная дочь, невестка, богач, батыр, бедняк и.т.д. В них воспеваются хорошие, благородные качества, как щедрость, милосердие, бережливость и др. И даются предостережения не совершать дурные, злые и вредные дела, вроде прелюбодеяния, воровства, лжи, мести, жестокости, скупости, негостеприимства и др.».

Зар заман мен толғауды бөліп алған (скорбная поэзия) әдебиетші бұл түрдің мазмұнын, жанрлық ерекшелігін орысша айқындап берген [1. 123]. Бұған қарама-қарсы (агитационная литература против царского и кокандского правительства и произвола их чиновников) – қыздырушы сөз» дейді. Мысалға 1869 жылы орыстардың «Степное положение» енген кездегі өлеңдері келтірілген. Халық әдебиетінің ерекше түрі ретінде биографиялық және автобиографиялық әдебиет те қарастырылған. Автобиографиялық әдебиетке Әбубәкір ақын мен Ығылманның үлгілері көрсетілген. 

Халық әдебиетінің ерекше түрі – «предсмертные песни» (завещательные песни) де анықталған. Бұл адамның өлім алдындағы Аллаға жалбарынуы делінген. Бұны А.Байтұрсынұлы мінәжат деп атайды. Әдебиетші тағы бір саланы атаған: «Лечебная и народная литература очень богата и разнообразна». Осы ретте бақсы қатар қарастырылған: «Лечебная литература состоит из песен, заговоров, шептаний, и проч. Бақсы, вызывающего духов (жын шақыру) во время игры на инструменте, лизания каленого железа, пляски и различных, манипуляций над собой и больным; очищений (аластау), кружения (көшіру), қағу (выбивание)»[1. 125]. Дәлел үшін Х.Досмұхамедұлы А.Диваевтың «Бәдік» өлеңдерінен сілтеме берген. Емдеу әдебиетіне ғалым кітап ашу, тұмар тағуды жатқызады: «Тумары: различные выписки из Корана, молитвы, просьбы к богу и святым, которые зашимаются в мешочек и носятся на шее или пришиваются к одежде (обыкновенно к спинке). В связи, видимо, с баксыйской литературой, стоят так наз. переговоры с душами умерших (өлікпен сөйлесу)» [1. 125].

Бақсылық дәстүрлі әдебиет ретінде өлікпен сөйлесу аталған (переговоры с душами умершых) және нақты мысалдар берілген. Түс жору (снотолкование) ерекше жанр ретінде анықталған. Бұл жанр сонау Фараон түсін жорыған Жүсіп Пайғамбардан басталатыны айтылған. Мысал ретінде «Қыз Жібек» пен «Қозы-Көрпеш» тегі түс жору сараланған. «Демонологические рассказы» деп Х.Досмұхамедұлы бақсы, албасты, қара, пері, жын, аруақ, жалмауыз-кемпір, жезтырнақ т.б. туралы әңгімелерді айтқан. Бұл жай олар туралы жанр ғана емес, олардан адам қалай сақтану қажеттігі айтылған.

Келесі бөлініп алынған жанр легенды – жер мен көк, жұлдыздар, т.б. туралы әңгімелер. Мысал ретінде үркер, жетіқарақшы, т.б. туралы аңыз баяндалған. Бұлардан әдебиетші «поверье» мен «предание» деп бөліп алған жанрлар бар: «Поверье – «о происхождении различных животных, растений и других предметов. Проверья имеют происхождение от шаманизма, ислама и бывают смешанные». «Предания относятся к разным историческим личностям, отдельным постройкам, городам, развалинам и проч, к отдельным родам, коленам и целому племени или отдельным событиям» [1. 126]. Мысал ретінде қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақтардың шығу тегі, Шыңғыс хан, Жошы, Жәнібек хан, Жиренше, Асан Қайғы туралы ауыз әдебиеті мәтіндері келтірілген. Әр рудың преданиесі – шежіре – родословная – деп анықталып, қазақтың 7-10 атасына дейін білуі шарт екені ескерілген.

Әдебиетші Х.Досмұхамедұлы Героический эпос и исторические песни деп батырлар эпосын атаған (Қобыланды, Алпамыс, Едіге, Орақ-Мамай, Қарасай-Қазы, Ер Тарғын). Тарихи жыр – ұлт-азаттық қозғалыс кезінде туған жырлар деп айтылған (ресей империализмі мен жоңғарларға қарсы). Бұл ретте Кенесары, Исатай, Бекет туралы жырлар ерекше аталған: «Исторические же песни описывают деяния определенных исторических лиц, хотя и с большими прикрасами, главным образом, в период борьбы казахов за свою независимость с русским империализмом и джунгарами. Примерами могут служит песни о Кенесары, Исатае, Бекете и.др. Многие былины и исторические песни являются настоящими эпопеями» [1. 126]. «Бытовые поэмы» деп Қозы Көрпеш, Қыз-Жібек, Айман-Шолпан қарастырылған. Бұлардың жанрлық, тақырыптық айырмашылықтары да айқындалған.

«Айтыс – состязание импровизациями» деп бөліп алынған: «Соперничество отдельных лиц, родов среди казахов выражалось очень часто в виде состязания словами (в стихах) – айтыс» [1. 127]. Айтыс туралы жан-жақты ғылыми талдау берген әдебиетші келесі компаративистикалық байламға келген: «всенародное состязание в импровизациях встречается, кроме казахов, только у древних греков и арабов. Эта форма народной поэзии, к сожалению, в последнее время падает и начинает заменяться айтысами в письменном виде». Х.Досмұхамедұлы жанр ретінде атағандар: ертегі, мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштар. Жаңылтпашты «комедиялық- комическое» әдебиетіне жатқызған. Бұл түрге «небылицы» кіргізілген. Әдебиетші жануарлар эпосын қарастырған; Осы тұста 12 жыл санауына қатысты мүшел түсінігін анықтайды. Дербес жанр ретінде «приметы» – ырым алынған: «Соблюдение некоторых ырымов является признаком хорошего тона и необходимым правилом приличия. Ырымы сопровождаются произношением известных выражений, пожеланий и пр, обычно в стихотворной форме» [1. 128].

Х.Досмұхаммедұлы бұлардан кейін діни жанрды бөліп алған: «Переходным видом от казахской чисто народной литературы к следующему отделу – духовной религиозной литературе является особый вид поэзии, называемый жарамазан. Жарамазан поется странствующими лицами, обыкновенно во время поста. Эти песни имеют характер полурелигиозный. Певцы (Жарамазанши) в своих песнях, ссылаясь на требования шариата, выпрашивает себе милостыни и подарки». Бұдан кейін әдебиеттанушы ерекше діни әдебиетті бөліп: «литература религиозного характера описывает основы ислама, требования и правила шариата, ужасы ада, услады рая и другие картины загробной жизни. Жизнеописание Магомета, его ближайщих сподвижников в этой литературе занимает значительное место. Особенно много поэтических сказаний о халифе Али и его сыновьях – Хасане и Хусаине. Имеется обширные поэмы, описывающие загробную жизнь, например, Жумақ – Тамуқ поэта Мулдагалия» [1. 129]. Бұл әдебиеттің әсері ретінде пайда болған араб-парсыдан келген мәтіндердің әсері айқындалған (Шах Наме, 1001 түн). Алаш әдебиетшісі келесі тұжырым жасаған: «Весь быт и условия жизни казаха можно изучить на его народной литературе».

Х.Досмұхамедұлы даланың кеңдігі, қазақ жерінің құмы, өзені, тауы, тоғайы, – бәрі әдебиетінде өлеңмен бейнеленген дейді. Көшпелі өмірдің кезі, тіпті ұлттық киім атаулары да әдебиетте жырланғанын еске салады. Ұлттық өмір мен табиғат, қоршаған орта, көшпелі өмірдің заттық әлемі – жан-жануар, әр шөпке дейін бәрі қазақ әдебиетінде суреттелгенін алға тартады. Осының бәрі ұлттық әдебиеттің мазмұнын құрайды деп танытады ғалым.

Алаш әдебиетшісі қазақ тілінің сұлулығын В.В.Радловқа сілтеме жасай отырып дәлелдеген: «Правильность, точность, ясность и благоразумие слога, картинность выражений и музыкальность речи замечательны в казахской народной литературе» [1. 130]. Х.Досмұхамедұлының осы тұжырымы теориялық мәнін күні бүгін жоғалтқан емес: «Казахский язык имеет ударение в словах на определенном месте (на конце) – поэтому казахская поэзия имеет силлабическое стихосложение, основанное на равном количестве слогов в каждом стихе» [1. 131].

Осы зерттеуінде Х.Досмұхамедұлы тұңғыш рет ғылыми айналымға Жиренше (XV ғ.), Сыпыра жырау мен Шалгез (ХVІ ғ.) есімдерімен қатар бір топ қазақ ақындарының тізімі берілген. Олар: Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қадырбай, Мұрат, Матай, Қуан, Өтебай, Байтоқ, Марабай, Иманбай, Бабас, Жылқышы, Абат, Жылқықайдар, Қозыбек, Жұмырбай, Қашқынбай, Базар, Есенбақ, Жиенқұл, Ораз, Шернияз, Бақы, Жанақ, Нысанбай, Нарманбет, Майлықожа, Мәделіқожа, Ешнияз, Бұдабай, Ермамбет, Ығылман, Құлымбет, Шегебай, Ақтиям, Молдағали, Балмырза, Сүйімбай, Досхожа, Өмірзақ, Жамбыл, Боқтабай, Әбубәкір, Біржан сал, Ақан сері, Жүсіпбек, Бұқар, Орынбай, Ақмолда, Қарпық, Сейдахмет, Қабан, Күдері, Бөлтірік, Елеусіз, Нұржан, Тоқжан, Қанапия, Өске, Бейбіт, Серәлі, Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шөже, Садық, Әзіл-Кеш, Оңғар, Шораяқтың Омары [1. 131-132]. Әдеби жанрды сақтаушы әрі дамытушылар ретінде қазақтың билері де аталды: Төле би, Досбол би, Бала би, Атагөз би, Есет би, Ескелді би, Байдалы би, Қазыбек би. Еңбек соңында берілген «Классификация казахской народной литературы» кестесінің ғылыми құндылығы ерекше. Мұндай жүйе сол кезде «Әдебиет танытқышта» ғана келтірілгенін ескергеніміз жөн.

Классификация казахской народной литературы

1. Эпос (жыр): а) героический, б) исторический, в) животный. Сказки (ертек);

2. Пословицы и поговорки (мақал и мәтел) Загадки (жұмбақ);

3. Приметовые поговорки (ырым сөз)

4. Скороговорки (жаңылтпаш);

5. Поверия;

6. Легенды;

7. Двенадцатилетнее летоисчисление (Рассказы о временах года, месяцах и днях недели и их происх. и значение);

8. Демонологические рассказы. Баба яга (Жалмауз-Кемпир), Жезтырнақ (медные когти). Албасты. Марту. Кара. Обр. Убе. Жин (жинны). Пери;

9. Космогонические рассказы (о небесных светилах, громе, молнии, падающих звездах. Полярная звезда. Малая и Большая медведицы. Плеяда. Радуга и проч.);

10. Сны и их толкования (түс жору);

11. Игры и разные поговорки, припевы и рассказы при них (ойын);

12. Предания;

13. Родословная (шежире): а) отдельных лиц, б) племен, в) родов, г) колен д) ханов;

14. Бытовые поэмы (Қыз Жібек, Қозы Көрпеш и Баян, Айман-Шолпан и проч.);

15. Состязательная литература (айтыс): а) состязания родовые, б) состязания племенные, в) состязания жигитов и девиц, г) состязания загадками, д) состязания письмами;

16. Хвалебные песни (мақтау): а) восхваление одного лица, б) целого рода или колена, в) родины или отдельной местности, г) какого-либо события, предмета, животного и проч;

17. Оплакивающие песни (жоктау): а) умершего или ссыльного, б) родины, в) молодости, г) возлюбленного и проч;

18. Причитания (жылау-сыктау);

19. Соболезновательные песни (соболезнование и утешение, жубату);

20. Сатира, ирония и эпиграммы (жамандау, мысқыл, келеке, кекесин-келемеш, шагу);

21. Бийлик соз (замечательные и остроумные решения биев, их поговорки, ответы и наставления);

22. Благословение и благопожелание (бата, алғыс);

23. Проклятие (қарғыс);

24. Развлекательные (комические) песни и рассказы (күлкі, көңіл-ашу сөзі);

25. Шутки (әзіл);

26. Нравоучительные песни (үгіт өлең);

27. Скорбные песни (зар заман, толғау);

28. Агитационная литература против царского и кокандского правительств и произвола чиновников (қыздырушы, намыстандырушы өлең);

29. Предсказывательные песни (болжау өлең);

30. Предсмертные песни (завещательные песни перед смертью или во время болезней – өсиет өлең);

31. Биографии и автобиографии;

32. Колыбельные песни (бесік-жыры);

33. Свадебные песни: а) жар-жар, б) той-бастар, в) беташар;

34. Любовные песни (жігіт өлең);

35. Прощальные песни (қоштасу өлең);

36. Песни при свиданиях (көрісу өлең);

37. Песни-письма (сәлем өлең);

38. Переговоры с духами умерших (әруақпен сөйлесу);

39. Лечебные песни: а) песни баксы (жын шақыру), б) заклинание (оқу), в) заговоры (арбау), г) изгнание беса (көшіру), д) выбивание (қағу), е) үшкіру, дем салу  (спрыскивание), ж) молитвословие при садаке, худаи, назире, з) тыб (кітап ашу), и) бойтумар (слова талисмана), к) слова и причитание при предсказывании по кумалакам (камешкам и лопаткам);

40. Небылицы (өтірік өлең);

41. Жарамазан (вроде колядования);

42. Нецензурные песни (боғауыз өлең);

43. Религиозная литература;

44. Литература из арабско-персидской жизни (қисса).

Зерттеу соңында «образцы казахской литературы» деген тізім берілген. Аталған тізімдегі басылымдар совет әдебиеттануының қазақ әдебиеті тек совет кезінде қалыптасты дегенін және басқа көп үстірт пікірін жоққа шығарады. Сондықтан да бұл еңбек қазақ әдебиеті туралы орыс тіліндегі тұңғыш зерттеу ғана емес, қазақ сөз өнерінің жанрлық түрлері мен мазмұнын айғақтап берген ғылыми зерттеу. Бұл жанрлардың теориялық мазмұны А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» зерттелген. Екі ғалым әдебиетті қазақша таныту ісін осылай бөліп алған. Әдебиеттанушы, тілтанушы Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты зерттеуінің жөні ерекше. Ғалымның басты түсініктері: «Мәдениеттің негізі – білім. Білім тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады» [1. 139]. Зерттеуде түрік тілінің ғылыми заңдылықтары айқындалып, қазақ тіліндегі сингармонизм заңы сөз етілген. А.Байтұрсынұлының «Тіл – құралына» сілтеме жасаған Х.Досмұхамедұлы нақты сингармонизм заңдылығын түсіндіруге кіріседі. Оны былай түсіндіреді: «Бір сөздің ішіндегі дыбыстардың бәрінің бірдей дауыспен (не жуан, не жіңішке) ұйқасып айтылуын білім тілінде «сингармонизм» дейді. Сингармонизм деген сөз, қазақша айтқанда үндестік, ұйқастық деген мағынада. Сингармонизм түрік тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті. Осы күндерде қазақ-қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түрікті сақтаған елдердің тілдерінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр» [1. 139]. Осы қағиданы ғалым көлемді зерттеу шеңберінде жан-жақты дәлелдейді.

Бұл дәлелдеу түбірі ортақ түркі тілдеріне ғана сүйенбеген, әр әріпке қатысты нақты мысалдар келтіру арқылы ғалым жалғау, жұрнақ, жіктеу, қосымшаларына дейін қарастырған. Мысалдар көркем сөзбен берілген, мысалы М.Жұмабай өлеңдерін бастырғанда басқарған Бернияз Күлеевтің «Бастырушыдан» деген сөзі қолданылған. Ғалым жат сөзді қолданушылардың екі түрлісін бөліп қарастырған: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алуымыз керек», – деп санайды. «Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адам денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады» [1. 148], – деп санайды Алаш ғалымы Х.Досмұхамедұлы.

Ғалым сингармонизм заңына келмейтін сөздер бар екенін ескертеді: «Арабтың Махмуд деген сөзін қазақ Мәмбет, Мұхамбет, Махамбет, Мағамбет деп өзгертеді. Мәмбет сингармонизмге толық көнеді. Мұхамбет сингармонизмге шамалау көнеді. Мағамбет сингармонизмге қарсы» [1. 149]. Қос сөздер деген не? Олар біріккенде қалай жазылады? Оған былай делінген: «Мұнан жазудың тағы бір қағидасы туып отыр: Қос сөздер сызықша арқылы жазылуы керек (қызыл-жар, көк-жар, әулиа-ата, Ешкі-өлер, оқ-жылан, Бай-тұрсын, Сәрсенбай, Кенесары тағы талайлар. Қос сөзден сингармонизм заңымен бірігіп, бір сөз болып туған сөздер бірге жазылуы керек (Тәшкент, Шімкент, Жауғашар, Жарқанат, тағы талайлар)» [1. 145].

Зерттеудегі жалпы түрік, нақты қазақ тілін роман, герман, иславиан, француз, италиан, португалия, испания, романия, т.б. тілдері контексінде зерттеу өзінің ғылымилығымен құнды. Латын сөзінен алынған мысалдар мен әр тілдегі дыбыстардың қайталануы таңғалдырады. Осындай теориялық деңгейі мен шеңбері кең ғылыми зерттеу нақты тұжырыммен түйінделген: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі зор хата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» [1. 154]. Ғалымның «Диуан лұғат ат-түрік», «1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының съезінде сөйлеген сөздерінен», «Қазақ тіліне латын хәрфін алу мәселесі», «Жат сөздер туралы», «Қазақстан білім ордасы қабылдаған пән сөздері», т.б. еңбектері күні-бүгін ғылыми құндылығын жоймаған. Осыншама білім иесі, ғұлама ғалым совет кезінде аман қалса қазақ тілі мен әдебиеттануының деңгейі қандай болар еді? – деген сауалмен бұл зерттеуді тәмәмдайық. Х.Досмұхамедұлының осы мақалада аталған ғылыми көзқарастарын әрі қарай зерттеп, жалғастыратын қауымның еншісіне де осы сауалды қалдырайық.

Алаштың ардақтысы, профессор Халел Досмұхаммедұлына қазақ елі, оның ата-баба тарихы, тілі, асыл сөзі, ғылымы, бізге аманат етіп қалдырған мұрасы үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у) шапағаты болғай дейміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Кекілбайұлы Ә. Есімі мен еселі еңбегі халқымызға қайтып оралған қайран Халел // Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. Алғы сөз. – Алматы: Ана тілі, 1998.

0 пікір