Тарихта медицина саласына үлес қосқан мұсылман ғұламалары аз болмаған. Мәселен, Әбу Бәкір ар-Рази, Ибн ән-Нәфис, Абдуррахман әд-Дахуәр, Абдуллатыф әл-Бағдади солардың бірнешеуі ғана. Әйтседе, солардың арасында «мұсылман Андулусиясынан» шыққан (қазіргі Испания мен Португалия жерлері), өзінің жүргізген тәжірибелері арқылы медицина саласының дамуына үлкен үлесін қосқан және қазіргі хирургияның атасы саналатын - Әбулқасым әз-Зәһрәуидің (м. 936-1013 ж.) шоқтығы биік. Әлем оны «Albucasis» деген атпен таниды.
Әбулқасым әз-Зәһрәуи кім?
Әбулқасым Халаф ибн Аббас әз-Зәһрәуи - миләди жыл санауы бойынша 936 жылы, «мұсылман Испаниясы» деп те аталатын «Андулусия» жеріндегі (қазіргі Испания мен Португалия) «Зәһра» қаласында дүниеге келді. (Зәһра қаласын Умеят халифаларының бірі Абдуррахман ән-Насыр тұрғызған). Зәһра қаласы Кордова қаласына жақын болды. Ол заманда Кордова қаласы ілім ошағы-тын. Кордова қаласында 50 аурухана, 70 кітапхана болған. Солардың арасында «Халифа кітапханасы» деген үлкен кітапхана да бар еді, ол кітапханада әртүрлі ғылым саласына қатысты жазылған 400 мың кітап қамтылған тұғын.
Мұсылман арабтарының басқарып тұрған шағында Кордова қаласы ілім ошағы болды. Европаның түкпір-түкпірінен студенттер келіп оқыды. Ол заманда Кордова университеті білім жөнінен, өзімен замандас Бағдат университеттерінен қалыспайтын. Міне сол қалада әз-Зәһрәуи медицина саласын оқып, меңгеріп, ақырында Андулусия халифасы әл-Мустансыйр Билләһ Абдуррахман ән-Насырдың жеке дәрігері қызметіне тағайындалады. Халифа Әл-Мустансыйр Билләһ өзінің білім сүйгіштігімен танымал болды. Оның заманында әдебиет саласынан бастап, діни және дүниелік түрлі ғылым салалары дамыды. Көптеген ғалымдар жетілді. Соның бірі – әз-Зәһрәуи еді.
Әз-Зәһрәуи медицина ғылымындағы мәртебесінің биіктігіне қарамастан, өте кішіпейіл әрі қарапайым еді. Ол күнінің жарымын ақысыз адам қарауға арнайтын. Содан кейін халық оған «пақырлардың дәрігері» деген лақап ат тақты.
Әз-Зәһрәуидің халифаға жақын болуы медицина ғылымында тереңдеуге кедергі келтірмеді. Ол бүкіл ынта-жігерін медицина ғылымына арнап, хурургия саласының дамуына үлкен еңбек сіңірді. Өзінен кейінгі шәкірттеріне оңай болсын деген мақсатпен, ереже-қағидаттар қамтылған кітаптар жазды. Соның ішінде «әт-Тасриф» атты 30 томнан тұратын медицина ғылымы мен хирургия саласына арнап жазған энциклопедиясын айта кету керек. Ғалым бұл энциклопедияны жазуға 50 жылын арнаған. Бұл кітап - ғалымның медицина жолындағы 50 жылдық тәжірибесін ішіне қамтыған. «әт-Тасриф» кітабында әртүрлі аурулар мен жарақаттарды, оларды емдеу жолдарын әрі хирургиялық тәсілдерін кең түрде түсіндіріп өткен.
Әз-Зәһрәуидің медицина саласына қосқан үлесі
Әз-Зәһрәуи айтатын: «Медицина мамандығы кең салалы. Медицина маманы алдымен анатомия ғылымын жақсы меңгеруі тиіс!» - дейтін. Осы сөзі әз-Зәһрәуидің пәлсафасын айқындай түседі. Оның ойынша, медицина саласында үздік болғысы келген маман – анатомиялық зерттеу әдісіне шебер болуы тиіс.
Әз-Зәһрәуиден бұрынғы дәрігерлер хирургиялық операцияларды өздері атқармайтын. Олар мұндай маңызды істі күңдеріне немесе құлдарына тапсыратын. Ал әз-Зәһрәуи ол үрдісті түбегейлі өзгертіп, мұндай жауапты істі өзі атқаратын болған. Осылайша 50 жылдан астам уақыт операциялар жүргізіп, хирургия саласында үлкен тәжірибе жинайды. Әрбір хирургиялық операция жасаған сайын, оны егжей-тегжейлі баяндап, кітапқа түсіріп отырды. Осылай, ол «әт-Тасриф» атты үлкен медициналық энциклопедия жарыққа шығарды. Бұл кітапта тек түсінідіріп қана қоймаған, онымен қоса түрлі ағзалардың суреті салынып, адам сүйектерінің бейнелері де берілген.
Әз-Зәһрәуи өзінің еңбектерінде хурургиялық аспаптардың суретін салып, олардың қолдану тәсілдерін түсіндіріп жазып қалдырған алғашқы ғалым. «әт-Тасриф» атты еңбегінің өзінде ота жасау жолдары мен отада қолданатын аспаптардың бейнесі салынған 200 астам түсіндірмелі бейне-суреттер қамтылған.
Әз-Зәһрәуи тек шебер хирург қана емес, ол әмбебап дәрігер де еді. Өйткені, ол өзінің энциклопедиясында құлақ, тамақ және көз ауруларына үлкен бір бөлім арнаған. Тағы бір бөлімінде тіс пен тіс етінің (қызыл иек, десна) ауруларын түсіндірген. Басқа бір бөлімін әйел затына тән сырқаттар мен босануға арнайды. Және толық бір тарауды сынықтардың еміне арнаған.
Әз-Зәһрәуи:
1) Гемофолия деп аталатын қан ауруын алғаш рет анықтаған ғалым.
2) Артерияны жібек жіппен байлау әдісін алғаш қолданған.
3) Ота кезінде бір жіп және екі инені қолдану арқылы «кері тігіс» тәсілін алғаш енгізген.
4) Жарақатта «сегізбұрышты тігіс» тәсілін алғаш жолға қойған.
5) Және де денеде қатты тыртық қалдырмас үшін жарақатты тігу кезінде малдың ішегін алғаш қолданған.
6) Әйелдердің қуық тастарын қынап арқылы алып тастауды бірінші болып жасаған.
7) Жатыр мойнын кеңейту үшін қолданатын арнайы хирургиялық аспаптар мен жабдықтар ойлап тауып, қолданған.
8) Алғаш рет ана жатырында шетінеген шақалақты алу жолын түсіндірген.
9) Әлемге алғаш рет «Жатырдан тыс жүктілік» жағдайын танытқан. Бұл ұрықтың жатырдан тыс жерде өсуіне қатысты еді.
10) Т.б.
Әз-Зәһрәуи ойлап тапқан хирургиялық аспаптар
Бұнымен қатар Әз-Зәһрәуи жүздеген хирургиялық құралдарды ойлап тапқан ғалым. Олардың көпшілігі әлі күнге шейін қолданылады. Мысалы:
1) Ауыз қуысының операциясы кезінде ауызды ашық ұстайтын роботтандырған ауыз ашқыш жасап шығарған.
2) Ол сонымен қатар шприцті ойлап тауып, қазір «дренаж» деп аталатын медициналық дренаждық құралдарды қолдану идеясын алғаш айтқан ғалым. (Дренаж - ол хирургиялық процедурада немесе абсцесс кезінде сұйықтықтың жиналуын болдырмау үшін қолданылады).
3) Мықты жіпке байланған губка арқылы өңештің ішкі жағынан ауру денелерді шығару әдісін алғаш сипаттаған.
4) Ол бірінші болып полиптерді немесе қатерлі ісіктің өсінділерін алу үшін «медициналық ілмек» қолданды.
5) Ол сондай-ақ француз дәрігері Амброз Барреттен (16 ғасыр) бірнеше ғасыр бұрын қан кетуді тоқтату үшін артерияны байлау әдісін бірінші болып қолданған болатын (бірақ европада бұл әдісті Барреттеге тән етеді). Осы әдісті әз-Зәһрәуи кітабында былай баяндаған: «Біліп қой! Егер артериядан қан кетсе, әсіресе артерия үлкен болса, аққан қанды тоқтатудың төрт-ақ жолы бар: 1) Күйдіріп тоқтату; 2) егер ампутация жасалмаған болса, ампутация жасау; 3) Немесе тығыз қылып жіппен байлау (арабшасындағы түпнұсқада «қалың қылып байлау» сөзі қолданылған); 4) Немесе қанды тоқтататын арнайы дәрілерді қою».
6) Обыр ауруының бастапқы кезінде шеңбер тәріздес үтікпен күйдіруді (немесе үтіктеуді) кеңес еткен.
7) Оның заманындағы батыстық европада көз ауруына шалдыққан адамды өлгенге дейін изоляцияда ұстап жатқанда, мұсылман Кордовасында әз-Зәһрәуи көздің қасаң қабығына (роговица) өте нәзік, әрі сәтті оталар жүргізіп жататын.
Европалық ғалымдардың әз-Зәһрәуи жайында айтқандары
Әз-Зәһрәуи өзінің саласының хас маманы тұғын. Оның жазған еңбектері ғасырлар бойы оқылып, европалық біраз ғалымға жолшырақ қызметін атқарды. Әз-Зәһрәуи медицина саласында құнды пікірлерге ие адам еді. Одан бұрын ешкім ойлап таппаған хирургиялық аспаптарды бірінші болып ойлап тапқан адам. Оның еңбегін 12 ғасырда Жерард Кременский латын тіліне аударды. Сол жылдан бастап, ол аударма 17 ғасырға дейін батыстық европаның медицина факультеттерінде іргелі-негізді еңбек ретінде оқытылып келді.
Орта ғасырдың атақты француз хирургы Ги де Шолияк (1298-1368) өзінің «Үлкен хирургия» атты еңбегінде әз-Зәһрәуидің кеңестерін көптеп келтірген, әрі оның сөздерін 200-ден астам жерде дәйексөз етіп берген.
Әз-Зәһрәуидің «әт-Тасриф» атты медициналық энциклопедиясы европа жерінде бірінші рет 1471 жылы Италияда тәржімәләнып басылып, оның артынша өзге де батыс елдерінде 20 мәртеден астам басылды.
Ориенталист Джек Ресслер өзінің «Араб мәдениеті» атты кітабында әз-Зәһрәуидің медицинадағы жетістіктерінің мұсылман Испаниямен ғана шектелмегенін, өйткені ол кезде Кордова қаласына хирургиялық ота жасату үшін барлық Христиан әлемінен баратындығын айтқан.
Сондай-ақ, батыстық тарихшы Джорд Сартон да әз-Зәһрәуиді «Ислам мәдениетінің ең ұлы хирургы» деп сипаттаған[1].
Ұлықтығы сол, оның заманында батыстық европа көз ауруына шалдыққан адамды өлгенге дейін изоляцияда ұстап жатқанда, мұсылман Кордовасында әз-Зәһрәуи көздің қасаң қабығына (роговица) өте нәзік, әрі сәтті оталар жүргізіп жатқан болатын. Алла алдынан жарылқасын!
Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!
[1] Әсмә Рамадан: «Әууәлу Жәррахи филь Аләм» («Әлемдегі алғашқы хирург»), атты мақаласынан аударылды. Араб тілінде. (Arabicpost ne)