Жұрт «Ең ұлық Имам» деп атаған Имам Ағзам Әбу Ханифа – миләди жыл санауы бойынша 7-8 ғасырларда өмір сүрген діни қайраткер, бірегей тұлға. Дұшпаны да, досы да мойындаған өз заманының ең үздік дін ғұламасы.
Имам Ағзам жайында жылы лебізін білдірмеген, оның ғылымы мен көркем әдебіне, сондай-ақ, діндарлығы мен тақуалығына таңданбаған ғұламалар кемде-кем. Мүйізі қарағайдай хадис майталмандары, фиқһ саласының жілігін шаққан фақиһтер және жалпы атақты дін ғалымдары Имам Ағзамға лайықты бағасын берген. Оның бәрін мұнда келтіру әрине мүмкін емес. Соның кейбірін бере кетелік.
Фузейл ибн Аяз былай деген:
«Әбу Ханифа – дінді терең түсінген фақиһтығымен танымал, тақуалығымен әйгілі, бай-бақуатты, айналасындағылардың бәріне өте көркем, күні-түні ғылым үйретуден шаршамайтын, түні құлшылықпен өтетін, көбіне үндемейтін, аз сөзді ер еді. Әбу Ханифа ақиқатты көрсетуде шебер тұғын. Сұлтаннан мал-дүние алудан қашатын. Әлдебір діни мәселеде сахих хадис келтірілсе, хадисті таңдайтын. Сахих Хадис сахабадан жетсе де, тәбиғиннен жетсе де (яғни, мүрсәл болса да) қабыл ететін. Сахих Хадис келмесе, қиясқа жүгінетін. Ол қияс (қисын) дәлелін ең мықты қолданған ғалым болған»[1].
Бір күні Имам Әбу Юсуф халифа Харун Рашидтің қабылдауында болады. Харун Рашид Имам Әбу Юсуфқа: «Әбу Ханифаның әдебі мен мінезін айтып берші!» дейді. Сонда Имам Әбу Юсуф (рахимаһуллаһ) ұстазын былай деп сипаттап беріпті: «Аллаға ант етейін, Әбу Ханифа - Алланың тыйған харамдарынан қатты сақтанатын, дүние иелерінен (бай-бағлан, мансап иелері) ұзақ жүретін, көп сөйлемейтін, әрдайым ойға шомып жүретін кісі тұғын. Ол көп сөйлетін мылжын болмаған. Егер одан біреу бір мәселе жайында сұраса, жауабын білсе жауап беретін. Уа, мұсылмандардың әміршісі, мен оны өзіне және дініне берік адам ретінде таныдым. Ол өзінен басқа ешкіммен шаруасы жоқ еді. Ешкім жайында жаман нәрсе айтпайтын. Кім жайында айтса да тек жақсы жағын айтатын» - деп сөзін аяқтапты. Мұны естіп тұрған Харун Рашид: «Ондай мінез – салиқалы кісілердің мінезі!» депті[2].
Абдурраззақ пен Язид ибн Һарун:
«Әбу Ханифадан асқан жұмсақ адамды көрмедім».
Оның жұмсақтығы мен момындығын көрсетері бір оқиғаны Язид ибн Кәмит былай әңгімелейді:
«Естуім бойынша, бір күні әлдебіреу Әбу Ханифаға тіл тигізіп оған қарсы тәкәппарлықпен: «Ей, Кәпір! Ей, Зындық» - деп аузына келгенін сапырады. Сонда Әбу Ханифа ол адамға қарап: «Алла сені кешірсін! Менің сен айтқандай бірі емес екенімді Алла жақсы біледі» - деп қана жауап қайырыпты.
Шәриктің былай дегендігі риуаят етіледі:
«Әбу Ханифа - көп сөйлемейтін, үнемі ойланып жүретін, өте ақылды, адамдармен әңгіме-дүкен құрып отырмайтын кісі еді».
Бәшәр ибн Яхя былай дейді:
«Абдулла ибн Мүбәрактың айтқанын естігенім бар еді. Ол айтқан: «Ғылым мәжілісінде Әбу Ханифадан асқан байсалды, одан жұмсақ әрі сабырлы ешкімді көрмедім»[3].
Қайс ибн Рабиъ былай деген:
«Әбу Ханифа өте діндар, тақуа және өзінің жолдастарына (бауырларына) өте жомарт еді».
Әбу Ханифа саудамен айналысатын. Саудасынан түскен табыстан хадисші ғұламалардың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, олардың ішіп-жемі мен киім-кешегін және жалпы қажеттіліктерін өтеп беретін де, қалған ақшаны қолдарына ұстатып жатып: «Мына ақшаны өздеріңіздің қажет дүниелеріңізге жұмсаңыздар және Алладан басқа ешкімге мақтау айтпаңыздар. Мен өз мал-дүниемнен ештеңе беріп жатқаным жоқ. Сіздерге деп Алла Тағаланың маған бергені. Соны Ол (яғни, Алла) менің қолым арқылы сіздерге жеткізуде» - дейтін болған, міндетсінбей[4].
Имам Шәфиғидан мынадай сөз жеткен:
«Имам Мәлик ибн Әнәстан: «Әбу Ханифаны көрдіңіз бе?» - деп сұрағанда, Ол (р.а.): «Иә, көрдім. Егер ол саған мына бір тіректің алтыннан жасалғанын айтса, онысын дәлелдеп беретін бірі еді. Сондай бірін көрдім» деп жауап берді[5].
Замандастарының бірі Язид былай деген:
«Әбу Ханифадан асқан тақуа және одан асқан зерек бірін көрмедім!».
Әбу Бәкір ибн Ъайәш былай деген:
«Нұғман ибн Сәбит – заманындағы фиқһ саласының ең білгірі еді».
Али ибн Солих ибн Яхя былай деген:
«Әбу Ханифаның дүние салуымен, Ирак жерінің мүфтиі мен фақиһи кетті».
Хурайби есімді бір ғалым барлық мұсылмандардың Оған қарыздар екендігін меңзеп:
«Бүкіл мұсылман жұртшылығына әр намаздарында Әбу Ханифаға дұға жасап тұрулары уәжіп» - деген екен.
Имам Ағзам Әбу Ханифа Хижри жыл санауы бойынша 150 жылы (миләди 767 жыл, 14 маусым), Ережеп айында бақилық болды. Қабірі - Бағдат қаласында орналасқан. Қазіргі таңда ұлы имамның қабірі орналасқан аудан Имам Ағзамның атымен байланыстыра - «Ағзамия шағын ауданы» деп аталады.
Қайтыс болуынан екі ғасыр өтіп, Һижри жыл санауы бойынша 375 жылы (миләди 1065 жыл) қабірінің жанынан мешіт тұрғызылады. Кейін һижри 459 жылы (миләди 1066 жыл) селжүк мемлекетінің уәзірі Әбу Саид әл-Харизмидің мұрындық етуімен, ғалымның қабіріне кесене салынып, күмбез тұрғызылады. Сонымен қатар уәзірдің бастамасымен кесененің жанынан үлкен медресе салынып, медресеге «Әбу Ханифа фиқһының медресесі» деген атау беріледі, ол – ең ескі медреселерден. Қазіргі таңда ол медресе «Имам Ағзам куллиясы (факультеті)» деген атпен белгілі.
[1] «Тәриху Бәғдад». 12/340.
[2] «Мәнәқибуль Имам Әби Ханифа уә Сахибәйһ».
[3] «Мәнәқибуль Имам Әби Ханифа уә Сахибәйһ».
[4] «Тәриху Бәғдәт».
[5] «Мәнәқибуль Имам Әби Ханифа уә Сахибәйһ».