«Ағарған таңға. Құрбан айының алғашқы он кешіне серт».
«Фәжр» сүресі, 1-2 аят.
Иә, ой жүгіртіп қарасақ Алла Тағаланың пенделеріне берген сыйында шек жоқ. Әрбір берген ризығына сансыздап қарыздармыз. Шүкіршілікті қанша жаудырсақ та берген бір ризығының өзін ақысын өтей алмаймыз. Мәселен «Аллаға шүкір» - деп тілімізбен сол сөзді айта алғанымыз үшін тағы сол айта алғанымызға шүкіршілік ету қажет болып қалады. Сондықтан қаншама шүкіршілік етсек те аздық етеді. Бұл бір тілдің ақысы, ал сол сөзді айтардағы деміміздің, шүкіршілік ету керектігін білдірген түйсік-ойымыздың айта берсек т.б. көптеген ризықтарды еске алып көріңіз. Бүткіл дене мүшелерімізді, күнделікті Алланың беріп жатқан ризықтарына шүкіршілігіміз қаншалықты? Ой жүгіртіп көрейікші. Расында сансыз нығметтер. Құранда Алла Тағала «Нахл» сүресінің 18-аятында: «Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» - делінген. Олай болса осындай сансыз нығметтерді сый етіп берген Аллаға шүкіршілігіміз шексіз болғай.
Жоғарыдағы айтылғандай нығметтердің барлығы Алланың пендесіне берген ризығы. Енді сондай ризықтарының ұлығы Өзінің сүйіншілеген Жұмағы, Қияметте мұсылмандар үшін Мейірімі, Өз дидары, пайғамбарымыздың (с.а.у.) үмметтеріне шапағаты. Ал, осыларға лайық болу үшін қаншама құлшылықтар жасап, күндіз-түні сәждеден бас алмай жатуымыз керекте еді. Бірақ Ұлық Алла Тағала әрбір бала шағамыз үшін нәпақа табамыздеп еткен әрбір еңбегімізді, білім іздеуімізді құлшықтан артық сауап жазып, қала берді 5 уақыт намаздарымыздан бөлек Рамазан айы секілді түрлі қсиетті айлар мен белгілі бір күн-түнердегі құлшылықтың сауаптарын бірнешелеп еселеп арттырып қойды. Бұлардың барлығы құл сүйгіш Алла Тағаланың пендесіне берген үлкен сыйы.
Сондай сауаптары ерекше болған қасиетті күн-айлардың бірі Зилхиджа (Құрбан) айының әуелгі 10 күні. Алла Тағаланың кейбір күндерді өзге күндерден артығырақ, абзал етіп қоюы, пенделеріне сол күндері көптеп сауапқа кенелуі үшін берген сыйы.
Біз пенделер мына бір алып дүниеде келесі бір ғажайып әлемге сапаршегіп жүрген, жолаушылар тәріздіміз. Жолаушы сапарға шыққанда әрбір жолға керегін алып, қажетін дайындаса межеген жерге жақсы жетіп алары сөзсіз. Сол сияқты біздер де Қияментке көптеген салихалы амалдар жасап, жақсылықтарымызды көбейтіп, құлшылығымызды арттырсақ Алла сүйіншілеген Жұмаққа жақсы жетеріміз ақиқат. Міне, сондай сауаптарды молынан алып, белшемізден батуға мүмкіншілік беретін күндердің бірі болған бұл он күнді Алла тағала арнайы Құранда серт беріп: «Ағарған таңға. Құрбан айының алғашқы он кешіне серт», - деп атап өткен. Бұл күндері арнайы құлшылық-ғибадаттар бар оған сәл кейінірек тоқталып өтеміз. Ал, қазір осы күндердің артықшылыққтарынына тоқтала кетейік.
Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис шарифтерінде бұл жайлы бірнеше дәлелдер бар:
Құранда «Фәжр» сүресінің 1-2 аятында: «Ағарған таңға. Және он кешке серт» - делінген. Тәпсірші ғалым Ибн Касир, Ибн Аббас, Ибн Зубайр және Мухахидтер (р.а.) Құранда айтылған осы он күн Зилхиджа айының он күнін айтып отыр деген. Алла Тағаланың осы күндерге ант ішуі бұл күндердің маңызды да өзге күндерден артықшылығы бар екендігіне меңзейді.
Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте, Алла елшісі (с.а.у.): «Басқа күндердегі амал осы он күн сияқты абзал емес» - деді. Сахабалар: «Тіпті жихадтан да ма?» - деп сұрағанда: «Жихадтан да, бірақ бір кісі жанын және мал-мүлкін сарп етіп жихадқа шығып, дүниесіде өзі де қайтпайса бұдан басқа»[1] - деген. Яғни дүниесі мен өзі шығып, өзіде шахид болған кісі болса ол басқа.
Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Ешбір күндегі салих амал Алла құзырында осы он күн сияқты ұлық әрі сүйкімді емес. Бұл күндері тахлилді (Лә иләһа иллаллаһ-ты), тәкбірді (Аллаһу әкбар-ды) және тахмидті (Әлхамдулилләһ-ты) көбейтіңдер» - деген.
Ибн Хажар (р.а) былай дейді: «Бұл он күннің артықшылығының себебі: Бұл күндерде намаз, ораза, қажылық, арафат күні және садақалар таратылатын ұлы ғибадаттар топтасқан. Басқа күндерде мұндай ғибадаттар топтаспайды» - деген.
Міне, осы сияқты көптеген қасиеті бар ерекше сауабы мол күндерде ғафлетте қалмай, сансыз сауаптарынан сусындап қалуға тырысайық. Алдын ала қай күні, қай кезде қандай амал жасайтынымызды жоспарлап алсақ тіпті тиімді болмақ.
Ал, енді бұл күндері істеуі абзал болған амалдарға тоқталып өтсек:
Парыз намаздарды мешіттерде жамағатпен оқуға асығу;
Ораза ұстау[2];
Арафа күні арнайы ораза ұстау[3];
Тәкбір, тахлил және тахмид айту[4];
Алла Тағаланы көбірек еске алу[5];
Тәубе қылу;
Күнәлі-жаман істерден ұзақ болу;
Жақсылықтар жасау және садақалар беру;
Тахажуд намаздарына тұру;
Мінез-құлықты жақсарту;
Туған-туыс, көрші-қоландармен қарым қатынастарды жақсарту;
Құрбан шалу;
Мүмкіндігінше осы күндері Құран хатым ету, тіпті Құранды қайталау;
Жастарға осы күндері бұл күндердің артықшылықтарын үйретіп, жақсылыққа баулу;
Міне, жалпы осы сияқты кез-келген жақсылықтарға ұмтылу, барынша осындай қасиетті сауабы мол күндері сауапты көп іздегеніміз абзал болмақ.
Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте, Алла елшісі (с.а.у.): «Мүміндердің ең иманы кәмілі мінез-құлықтарының жақсылары[6]» - деген.
Айша (р.а) анамыз жеткізген хадисте, Алла елшісі (с.а.у.): «Арафа күнінен басқа Алла Тағала пенделерін тозақтан көп құтқаратын күн жоқ[7]» - деген.
Олай болса құрметті бауырлар, бұл күндердің айта берсек қасиеті мен артықшылығын тілмен айтып жеткізу қиын. Дегенмен кішкене болса да біраз артықшылықтарын білдік, ендеше осыған амал жасап, жақсылықтарымызды арттыруға, күнәларымыдың кешірілуіне, тозақтан құтқарылуымызға көптеп Аллаға шүкіршіліктер айтып, Алланың біз пенделеріне берген осындай сыйларында құлшылығымықды арттырайық.
Алла Тағала баршамызға өз Жұмағын нәсіп етіп, шалған Құрбандарымызды, Қажылықтарыңызды қабыл етсін! Әмин!
[1] Бұхари
[2] Умму Салама (р.а) және Хафса (р.а): «Пайғамбар (с.а.у.) Зилхиджаның тоғыз күнінде және Ашура күні ораза ұстайтын еді» - деп жеткізген. Ал, Термизиде келген хадисте: Әбу Һурайра (р.а) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.у.) Алла үшін Зилхиджаның он күнінде ғибадат қылудан артығырақ күн жоқ. Оның бір күндік оразасы бір жылдық оразаға тең. Ал, бір күнін бос өткізіп алу, Қадір түнін бос өткізіп алғанмен тең» - деген.
[3] Әбу Қатададан жеткен хадисте, Алла елшісі (с.а.у.) «Арафа күні ұсталған ораза өткен жыл мен алдағы жылдың күнәларына кафарат болатынына Алладан үміт етемін» - деген.
[4] Имам Бұхари былай дейді: «Ибн Омарлар мен Әбу Һурайралар осы күндері базарға шығар тәкбір айтатын еді. Оларға еріп өзгелерде тәкбірлер айтатын».
[5] Әбу Муса риуаят етеді, Алла елшісі (с.а.у.): «Раббысын зікір қылушы мен Раббысын еске алмайтындардың айырмашылығы, тірі мен өлік сияқты деген».
[6] Әбу Дауд және Тирмизи.
[7] Мүслим