Ы. Алтынсариннің қыздар мектебін ашуының сыры неде?
Ы. Алтынсариннің қыздар мектебін ашуының сыры неде?
9 жыл бұрын 22496
Данияр Сүлейменов

Қазақ жұртының маңдайына біткен жарық жұлдызы, ағартушы, педагог, этнограф, жазушы, Ыбырай Алтынсаринді білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә (шын есімі – Ибраһим, (1841 – 1889жж.). Ы. Алтынсариннің өмірі баршамызға өнегеге толы. Ол кісі өзін жетілдіріп қана қоймай, басқалардың да тұлға болып қалыптасуына орасан зор үлес қосып, қазақ жастарының келешекте білімді де білікті азамат болып жетілуі үшін білім ордаларының негізін қалады. Ы. Алтынсариннің тікелей араласуымен 1864 жылы Торғай қаласында өзі көптен арман еткен мектептің ашылу салтанаты өтті. Н.И. Ильминскийге жолдаған хатында: «Осы жылы январьдің 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп  ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Бұл балаларда менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды... Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын. Күлсеңіз күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда да болып қоям. Сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын. Менің үнемі ұмтылған тілегім, қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады» деп жазады.

Мұнымен шектеліп қана қоймай, 1879 – 1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Тройцк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық аса зор еңбектерінің бірі – 1887 жылы Ырғыз аймағында қыздар мектебінің ашылуын ұйымдастыруы.

Бүгінгі ой желісімізді де осы тақырыптың төңірегінде өрбітпекпіз. Қыздар мектебінің ашылу сыры неде, мәселенің негізі қайда жатыр?

Ы. Алтынсарин шығармашылығын алып қарасаңыз, халық – ағарту идеясына негізделген. Әсіресе қазақ жастарын оқуға, білім алуға, тәрбиеге көңіл бөліп, халқына адал қызмет ететін дұрыс азамат болып қалыптасуға үндейді. Шығармашылығының тағы бір ерекшелігі, астарында имандылық пен шариғи қайнар көздердің жатқандығы. Ол әрине: Құран мен сүннет. Мысалға:  

Бір Аллаға сыйынып,
Кел балалар оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық,

– деп басталатын, бала күнімізден жаттап өскен өлеңнің негізі Құранда жатқандығын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.  Ал Құранның ең алғашқы түскен  аяты: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!»  деп басталады.[1]  Оған қоса ағартушының 1884 жылы Қазан қаласында араб әрпімен, 1894 жылы Орынбор қаласында орыс  таңбасымен,  Ислам дінінің негізгі қағидаларын баяндайтын «Шариғатул – ислам» атты кітабы жарық көреді. Дін үйрену, дін үйрету күлкіге айнала бастаған заманда (күлсеңіз күле беріңіз – Н.И. Ильминскийге жазған хатында) шариғаттан сөз қозғап, мұндай көлемді кітап жазып шығару Ыбырай атамыздың дінге деген, Ислам шариғатына, жалпы имандылыққа деген құрметін көрсетеді.

Ағартушының қыздар мектебін ашудағы даналығына көзімді жеткізе түскен нәрсе, күнделікті өмір көріністері. Бүгінгі таңда шыны керек, қыз балаға деген құрмет азайып бара жатыр. Қыздарымыз жарнаманың құрбаны болды. Біреу тышқақ лағын жарнамаласа да, қасына жалаңаш қыздың суретін қою сәнге айналды (Оның ол жерге не қатысы бар десеңізші). Қарындастың қабағына қаяу түсірмеген жұрт едік қой? Бұл күнде нәзік жандылардың жанын жаралап жүрген жайымыз бар. Ер-азаматтың ұсақталып, қыздарымыздың тәрбиесінің кенжелеп бара жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. «Қарындастың ашуы қатты болады» дейтін жұрт едік қой?  Бұл күнде, темекінің түтінін будақтатып, сыраны сорпа ішкендей рахаттана сіміріп тұрған әпке-қарындастарымызды көргенде, іштегі намыс отының тұтанбайтындығына не дейміз?  Қынжыласың әрине. Өзімді де жетісіп тұрмын деуден аулақпын, бірақ кейде «Айналайындар-ау! Сендерден қандай ана шығар екен?» деген қылт етпе ойлардың да жылт ете қалатыны бар. Сәбиге ақ сүт берген омыраудың да ашық қалып, айналасына ойран салып жүргені бұл күнде. Отбасының берекесіздігі, тастанды балалар, клубтар мен көше көбелектері, зинақорлық, маскүнемдік пен нашақорлық, бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Ал бұған шектеу қоятын бір ғана нәрсе – имандылық, шариғи заңдылықтарымыз, бір сөзбен айтқанда – дін! Осы тұрғыдан алғанда,   Ыбырайдай аталарымыз, болашақты болжап білмесе де,  алған білімінің нәтижесінде, сол кезеңнің жағдайына қорытынды жасай отыра, өмір ағысының қалай қарай ойысып бара жатқандығын білген-ау сірә. Қыз балалар мектебін ашуының бір сыры, ондағы мақсат та, шариғи, заманауи білікті, білімді, қоғам ұйытқысы болатын, халқына қызмет ететін азаматтарды өсіре алатын болашақ аналар тәрбиесін ертерек қолға алу болса керек.

Мұсылман жұртының әрбір игі бастамасы шариғаттан нәр алады. Ыбырай атамыздың да қыздар тәрбиесіне көңіл бөлуде, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігмен сәлемі болсын) айтқан мына хадисін негізге алғандығын көреміз. Ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын): «Егер мұсылманның екі қызы болып, оларды жақсы мінез – құлықпен тәрбиелеп өсірсе, ол екі қызы оның жәннатқа кіруіне себепкер болады»[2] дейді. Алла елшісінің үмбетіне өсиет етіп қалдырған сөзінің астарында жеке тұлға мен қоғам түзулігінің сыры жатыр. Олай дейтініміз, бүгінгі қыз бала ертеңгі – ана! Ал ертеңгі ана келешек өскелең ұрпақ тәрбиешісі, қоғам ұйтқысы! Ешкім аспаннан аяғы салбырап жерге түсе салған жоқ, хан да, қара да, батыр да, ақын да, данышпаның да анадан туған. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді халық даналығы. Араб халқында: «Анаға – мектеп, медресе», - деп айтылады. Өйткені әрбір жеке тұлғаның фундаментальді тәрбиесі аналардың ықпалымен жүзеге асады. Осының бәрін ескере отырып, «Қыз өссе елдің көркі» дейтін қазекем, қыз баланың ар-ұяты мен тәрбиесіне қатты мән беріп, бүкіл ауыл болып қызға қырық үйден тыйым салатын болған. Қыз қадамының шалыс басылып кетпеуін қатты қадағалауда ұстаған. Шариғат принциптерін күнделікті тұрмыс – тіршілігіне сіңдіре білген қазақ халқы «есті қыз етегін жауып жүрер», «бірінші байлық денсаулық, екінші байлық ақ – жаулық» деп, бүгінгі таңда ескерусіз қалған, қыз баланың қасиетін арттырып, көркіне көрік сыйлар күрделі де нәзік тұсты, екі-ақ ауыз сөзге сыйдырып жіберген. Шариғатымыз  қыз бала тәрбиесіне қатты қарап, кейбір шектеулер қоятыны рас, алайда оның аржағында қыз баланың жарқын болашағымен, қоғам дұрыстығы тәрізді ұлы мақсаттар жатқандағы белгілі. Дін дұшпандары мұсылман үмбетін Құранды мүлдем  түсіне алмайтын, Құранмен амал етпейтін деңгейге жеткізу үшін барын салса, ер мен елдің еңсесі – қыздарымыздың да жаулығына жармасып, тұнығын лайлауға тырысуда. Өйткені қыз баланың тәрбиесіне қатысты орын алған олқылықтар, қоғамға кері әсерін тигізбей қоймасы анық. «Бір ұлттың түбіне жету үшін, оның ұрпағының тәрбиесін қолға алу керек» деген сөздің бұл күндері іс жүзінде орын алып отырғаны жасырын емес.

«Менің үнемі ұмтылған тілегім, қалай да пайдалы адам болып шығу еді» деген Ы. Алтынсариннің қыздар мектебін ашу жолындағы қадамы, жоғарыда айтқанымыздай, қыздарымыздың иманын сақтау мен ел тағдырының келешегі сынды ұлы мақсаттарға негізделген. Ол кісілердің сөз жүзінде, қағаз беттеріне түскен өсиеттерін айтпағанда, ізгілік жолындағы іс – әрекеттері мен амалдарының  өзінде, ұрпаққа үлгі болар, мол ғибрат жатқандығына бүгінде көзіміз әбден жетті. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп, Құнанбайдың Абайы жырлағандай, осындай асыл азаматтарымыздың ғибратты өмірлерін оқып отырып, тамсанып қана қоймай, жасаған игі амалдарын бүгінгі қоғам талабына сай іс жүзінде атқаруға тырыспақ керек. «Алдыңғы буын артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаны қайсы!» демекші, кейінгіге сөзімізбен де, ісімізбен де тәлім берер тәлімгер бола алуымызды  Алла нәсіп етсін!

Еліміздің көркі, шаңырағымыздың шаттығы, өскелең ұрпақтың ұстазы, тозақ отының тосқауылы, бүгінгі қарагөз әпке-қарындастарымыз бен ертеңгі аяулы ана болар қыздарымызды имандылық жолында тәрбиелеп, аялай білейік ағайын!

1. Ғалақ сүресі, 1-аят.
2. «Иман нұры – жеке тұлғаның әдептілік қағидалары» «41- Қызға дұрыс тәрбие берудің мәселесі. 56 бет»   Өнер баспасы. Алматы 2007.
3. Ы.Алтынсарин «Таңдамалы шығармалары» А. Ғылым 1994.
4. Ы.Алтынсарин «Өнер – білім бар жұрттар» А. Жалын 1991.
5. «Қазақ әдебиетінің тарихы» Алматы 2006 ж. 4 – том.
6. М.Әлімбаев «Халық ғажап тәлімгер» А.Рауан 1994.

2 пікір
  • Жақында ағаммен Ыбырай атамызды сөз қылғанда, ғұмырының сөоңғы кездерінде хрестиан дінін қабылдаған дейді, ол қаншалықты шындық?
    9 жыл бұрын