Ұстаздар қауымының баланы оқыту барысында назар аударатын 5 қағидасы
Ұстаздар қауымының баланы оқыту барысында назар аударатын 5 қағидасы
3 жыл бұрын 9085
Мамбетбаева. А. Ж.

Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне,
шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, 
ол – нағыз ұстаз.  

Л.Н.Толстой

Адам ойының өзгерісі ең алдымен сөздерді дұрыс таңдаудан басталады. Оқу-ағарту саласында бұл алғашқы орында тұруы тиіс мәселе. Мұғалімдер оқушыларды оқыту барысында айтатын әр сөздеріне мән берулері керек. АҚШ елінің «Education Week» атты алдыңғы қатарлы журналдарының бірінде, мұғалімдердің оқу үрдісінде қолданулары керек сөздер мен қолданбаулары керек қауіпті сөздерді жазып жариялаған. «Ұмытпаңыздар! Оқыту ісінде бір сөз - көп нәрсені өзгертеді» деп бастаған әлгі журналда мұғалімдер назар аударуы тиіс мынадай жайттарға тоқтаған.

ОҚУШЫЛАРДЫ БАҒАЛАУ. Көптеген мұғалімдер сыныпта оқушыны бағалау кезінде «балл қою», «балл беру» сөздерін қолданады. Бұл сөздер көбіне оқушыларға ұнай бермейді. Оқушының алған бағасын сыныпта жария етіп айту қаншалықты дұрыс? Жоғары балл алған оқушы мен төмен балл алып қалған оқушылардың ортасында психологияға әсер ететін есептесулер туындауы ықтимал. Сондай-ақ, бағаны журналға қояр кезде «Қанша алдың?», «Саған қанша қойдым бүгін?» деген сияқты сұрақтарды жария етіп сұраудан алшақ болу керек. Бағалауды жасырын сандар арқылы, тек бала өзі ғана білетіндей тәсілмен жүзеге асыру орынды болмақ. Мысалы: әр балаға алдын-ала жеке сан тағайындап, сабақ соңында бағаны әр оқушының санының қасына жазып қоюға  болады. Оқушы сабақ біткен кезде өзінің саны бойынша ілініп тұрған қағаздан бағасын көріп отырады.  Жалпы, бағадан бұрын оқушының не үйренгенін, қандай жетістіктерге қол жеткізгенін алдыңғы кезекке қойған жөн. Сол себепті, «Қанша алдың?» дегеннен гөрі, «Не үйрендіңдер, бүгінгі сабақтан не түйдік?» деген сұрақтарды қолданған абзал. 

ОҚУШЫНЫҢ ҚАТЕСІН ӘШКЕРЕЛЕУ. Оқушылар дұрыс жауап бермеген кезде немесе сабақ барысында қате пікір білдіргенде: «Қате айтып тұрсың», «Сенікі дұрыс емес» деген секілді керітартпа сөздерден тартынған дұрыс. Әр оқушыны тұлға деп қабылдасақ, ол тұлғаның әр пікірі құнды екенін есімізден шығармауға тиіспіз.  Оның орнына «Мәселеге басқа қырынан қарасақ», «Сенің нұсқаң да жақсы», «Басқаша тағы қалай айтуға болады?» деген сынды баланың ойлануына,  өзінің қатесін түзетуіне мүмкіндік беретін  сұрақтарды қою ұтымды болмақ. Бұндай жетелеуші сұрақтар оқушының көңіл-күйін түсірмей, керісінше, білдірген пікірін одан әрі дамытуына себебін тигізері анық.

«ПРОБЛЕМА» сөзі. Сабақта оқушылардың қандай да бір шешімін таппаған мәселелері кездескен кезде ынталарын жоғалта бастайтындығы байқалады. Осы тұрғыда, кездескен қиындықтарға «проблема» ретінде қарағаннан гөрі, оны бір сынақ немесе өзін тексеріп көруге берілген мүмкіндік ретінде есептеу керек екендігін ұқтыру аса маңызды нәрсе. Осы проблема арқылы бала ізденіске ден қойып, білуге ұмтылатынын сездіру ұтымды болмақ.

«СЫН» сөзі. Баламен жұмыс жасау барысында сыни сөздер көбіне «кінәлау» немесе «сынау» деп қабылданады. Оқушылар өздеріне қарасты сыни пікірлерді естігенде оны дұрыс қабылдай бермейді. Сондықтан да мұғалімдер «сын», «мін» деген сөздердің орнына, «кері байланыс», немесе «пікір алмасу» сөзін таңдаған дұрыс.

«ІСТЕЙ АЛМАЙСЫҢ». Бұл сөз жай өмірде теріс нәтиже тудыратыны сияқты, ағарту ісінде де қауіпті сөз. Кей мұғалімдер оқушылардың шамасы келмейді деп ойлаған тапсырмалар кездескен кезде, байқамай, «істей алмайсың» деп айтып қоятын кездері болады. Оның орнына «байқап көру», «істеуге тырысу» деген сияқты сөздерді оқушының шамасы келмейтін тапсырма болса да қолдану керек. Сәйкесінше, оқушылар ынтасын жолғалтпайды және ең жоқ дегенде тырысып көреді. 

Осы тұрғыда, мұғалімдердің ата-аналармен сөйлесудегі өз мәдениеті бар. Оны әрбір қолында дипломы бар мұғалім білсе керек. Мәселен, АҚШ елінде жарық көретін «Reader’s Digest» журналында мұғалімнің ата-анамен қарым-қатынас жасағанда «қолданбау керек» сөздерді былай тізбектейді.

«Мамандығым өзіме ұнамайды» деген сөз. Мұғалімнің бұндай сөзді қолдануы өзіне деген сенімділікті жоғалтуына алып келеді. Ата-ана өзіне сенімсіз мұғалімге сенім артпайтыны анық. 

«Бір бала емес, көп баламен жұмыс жасаймын». Мұғалімдердің толық сыныппен жұмыс істейтіні белгілі. «Сіздің ғана балаңыз емес, одан бөлек көптеген балалармен жұмыс жасап жатырмын» деген сөздерді айтудан тартынған жөн. Оның орнына «сыныптағы, топтағы әр балаға жеке мән беруге тырысамын, әрқайсынысының үндеріне құлақ асамын» деген сынды сөздермен ата-аналардың жүректеріне сенім ұялату өте маңызды болып саналады. Ата-аналар да балаларын сенімді, білікті маманға тапсырғандарына көз жеткізулері керек.

«Мұғалім – менмін». Мұғалімнің ісіне араласпауды білдіру мақсатында «Шаруаңыз болмасын», «Мұғалімнің ісіне араласпаңыз» деген сынды дөрекі сөздер ата-ананың ызасына тиетіні анық. Керісінше, «Мен мұғалім ретінде осылай ойлаймын», «Былай ойластырсақ қалай болады?» деп кәсіби шеберлікті ұстанған ұтымды болмақ. Мұндай сөздерді тікелей немесе жанама түрде болса да айтпаған дұрыс. Мұндай сөздер ата-аналар мен мұғалімнің арасын ашады.

«Адам болмайды. Үміт жоқ». Мұндай сөзді айтудан сақтанған дұрыс. Бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты, әр оқушының өз деңгейі бар. Демек, әр оқушыға әртүрлі тәсіл қолданған жөн. Әлдебір оқушының үлгерімі өте нашар болуы мүмкін, бірақ оның ата-анасының баласына қатысты «үміт жоқ» деген сөзді естігісі келетіні күмәнді екені даусыз.

Қорыта айтқанда, ұстаз деген ұлы есімнің қашан да жоғары тұруы әр ұстаздың жеке мәдениеттілігіне, парасаттылығына, кәсіби шеберлігіне әкеліп сүйенері анық. Ендеше, шәкірт тәрбиелеу барысында өзіміздің кәсібилігіміз бен білімділігімізді алға ұстауды ұрпақ алдындағы борышымыз деп білейік!

1 пікір