Бисмилләһир рахманир рахим
Бүгінгі күн тәртібінде - Түркия елінде болған жер сілкінісі тұр. Мыңдаған адам опат болып, мыңдаған адам жарақат алған бұл төтенше жағдай қазір бүкіл әлем жұртшылығының аузында. Соған кейбір адамдар бұл Құдайдың ашуы ма? Құдайдың жіберген жазасы ма? Құдай неге Құран өртегендерді жазаламай, Құран өртегенге қарсы шыққан Түркияны жазалады? – деп жатыр.
Біріншіден – Түркияда болған қайғылы жағдай Құдайдың қаһары емес, табиғи апат. Жер сілкінісі, вулкан атқылау т.б. бұлар ара-сыра болып тұратын табиғи төтенше жағдайлар. Табиғи апаттар ел таңдамайды. Сондықтан да, оның бәрін Құдайдың жазасымен байланыстыра берген дұрыс емес. Егер шынымен Құдайдың қаһары келсе, 4-5 мың адам емес, жүз мыңдаған адам, тіпті бір ел түбегейлі жоқ болып кетуі ықтимал еді. Алла сақтасын!Ал Түркияда болған жағдай - жер қыртысындағы тектоникалық плиталардың соқтығысуының нәтижесінде туындаған табиғи апат. Солтүстікке қарай жылжыған жер қыртысындағы Араб тектоникалық плитасы Анадолы плитасына соқтығысқан. Соның салдарынан алапат жер сілкінісі орын алды. Бұл аймақта мұндай жер сілкінісі осыдан тура 200 жыл бұрын, 1822 жылдың 13 тамызында тіркелген екен. Содан міне арадан 2 ғасыр өтіп қайталанып отыр. Демек, жердің сілкініп тұруы, табиғи жайт.
Ол жер сілкінісінен Құдайдың жазасын емес, қайта Құдайдың ол аймаққа көрсеткен рахымы байқалады. Айталық, жер сілкінісі "Пазарлык" деген елді-мекенде екі мәрте болған. Алғашқы жер сілкінісінен соң көп адамдар үйлерінен шығып үлгергендіктен, арадан тоғыз сағат өтіп, екінші жер сілкінісі қайталанған кезде құлаған үйлердің көбінде адамдар болмаған. Бұл да болса, Алла Тағаланың ол аймақтағы пенделеріне көрсеткен жеңілдігі болса керек.
Екіншіден – Алла Тағала Құран Кәрімде жер сілкінісі секілді түрлі қиындықтардың мүмін-мұсылмандардың да басына келуі мүмкін екендігін ескерткен. Және де мұндай қиындықтар мүміндер үшін сынақ болып саналатындығын еске салады. Мысалы, «Ахзаб» сүресінің, 11 аятында былай делінеді:
هُنَالِكَ ابْتُلِيَ الْمُؤْمِنُونَ وَزُلْزِلُوا زِلْزَالًا شَدِيدًا
«Міне сол арада мүміндер сыналып, қатты теңселіспен теңселген еді»[1]. Осы аяттағы «қатты теңселіспен теңселген еді» деген сөздің тұпнұсқасында «зілзала» сөзі қолдана отырып, ондай қиындықтар мүміндер үшін сынақ ретінде болып тұратындығын білдірген.
Басқа бір аятта ашаршылық, ауру-сырқау, жер сілкінісі сияқты жағдайлар мүміндердің басына да келуі мүмкін екендігін былай деп ескертеді:
أَمْ حَسِبْتُمْ أَن تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ وَلَمَّا يَأْتِكُم مَّثَلُ الَّذِينَ خَلَوْا مِن قَبْلِكُم ۖ مَّسَّتْهُمُ الْبَأْسَاءُ وَالضَّرَّاءُ وَزُلْزِلُوا حَتَّىٰ يَقُولَ الرَّسُولُ وَالَّذِينَ آمَنُوا مَعَهُ مَتَىٰ نَصْرُ اللَّهِ ۗ أَلَا إِنَّ نَصْرَ اللَّهِ قَرِيبٌ
«Бұрынғы өткендердің басына келген қиындықтар сендерге келмей жаннатқа кіремін деп ойладыңдар ма? Оларға ашаршылық, ауыру-сырқау келді және олар (қиындық көріп) теңселді. Сонда Пайғамбар мен мүміндер: «Қашан Алланың жәрдемі болады?» десті. Біліп қойыңдар! Алланың жәрдемі жақын»[2].
Демек, жер сілкінісі секілді апатты жағдайлар дінге, ұлтқа қарамайды екен. Бұлар сынақ ретінде мұсылмандардың да басына келеді. Сондықтан да, Түркияда болған жағдайды Алланың жазасы деп түсінгеннен гөрі, Алланың сынағы деп түсінген дұрысырақ болмақ.
Үшіншіден – Құран өртеген адамды неге жазаламайды? - дегендер бар. Бұл сұраққа да Құранда Жаратушы Иеміз өзі жауап берген. Құдай Тағала бұған былай деп жауап береді:
وَلَوْ يُؤَاخِذُ اللَّهُ النَّاسَ بِظُلْمِهِم مَّا تَرَكَ عَلَيْهَا مِن دَابَّةٍ وَلَٰكِن يُؤَخِّرُهُمْ إِلَىٰ أَجَلٍ مُّسَمًّى ۖ فَإِذَا جَاءَ أَجَلُهُمْ لَا يَسْتَأْخِرُونَ سَاعَةً ۖ وَلَا يَسْتَقْدِمُونَ
«Егер Алла Тағала адамдарды зұлымдықтары себепті жазалай беретін болса, жер бетінде тірі жан қалмас еді. Бірақ Ол оларды белгілі бір мерзімге дейін кешіктіреді. Уақыттары келгенде, олар оны бір сәтке кешіктіре де, бір сәтке ертелей де алмайды»[3].
Яғни, Құдай Тағала егер адамның күнәсі үшін жазалайтын болса, жер бетінде тірі адам қалмас еді, өйткені күнәсіз адам кемде-кем.
Ендеше, Алла Тағала Құран өртеген адамды жазаламаған болса, күші келмегеннен емес, белгілі мерзімге дейін мұрсат бергендігінен. Құдай Тағала асықпайды. Ол да Құдайдың жаратқан пендесі болғандықтан, қателігін түсініп, тәубе етсе, осылайша өзін тозақтан құтқарса екен дейді. Бұл да болса Ұлы Алланың пенделеріне көрсеткен мейірімінің көрінісі. Бірақ өкінішке орай Құдайдың берген бұл мүмкіншілігін дер кезінде түсініп, ақыр соңында тәубе етіп өмірден өтіп жататындар тым аз. Алла Тағала тауфиқ берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
[1] «Ахзаб» сүресі, 11 аят.
[2] «Бақара» сүресі, 214 аят.
[3] «Нәхл» сүресі, 61 аят.