ТІЛІҢДІ СЕГІЗ НӘРСЕДЕН САҚТА
ТІЛІҢДІ СЕГІЗ НӘРСЕДЕН САҚТА
4 жыл бұрын 22367
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Тіліңді сегіз нәрседен сақта. Олар:

1. Өтірік айту. Әзілдеген кезіңде де, салмақты кезіңде де өтірік айтудан сақтан. Әзілдеп болса да тіліңді өтірікке бұрма, өйткені, ол салмақты кезіңде өтірік айтуға алып келуі мүмкін. Өтірік – үлкен күнәлардың анасы. Өтірік айтсаң, шыншылдығың және сөзіңдегі сенімділік жоғалады. Жұрттың көзіне сүйкімсіз боласың. Айналаң сені төмен көретін болады.  

Өзіңдегі өтіріктің сүйкімсіз нәрсе екенін білгің келсе, өзгенің өтірігіне қара және одан туындаған сендегі жиренішке, оған деген жек көрушілікке, оны сүйкімсіз адам ретінде есептеуіңе назар сал. Өзіңдегі айыптардың бәріне осылай істе. Өйткені, сен өзіңдегі айыптарды көрмейсің, керісінше өзгенің айыбын көресің. Сондықтан да, өзгеден нені әбес көрсең, өзгенің де сенен ол нәрсені солайша әбес көретіндігін біл. Өтірікші сипатының сенде болуына ризалық танытпа.

2. Уәдені бұзу. Кейін орындай алмайтын нәрсеге уәде берме. Сенің адамдарға деген жақсылығың сөзбен емес, іспен болуы тиіс. Егер де, уәде беруге мәжбүр болсаң уәдеңе барынша берік бол, тек зәру жағдайға тап болып, уәдеңді орындауға шамаң жетпей жатса, ол басқа.

Уәдеде тұрмау – екі жүзділіктің белгілерінен және әдептің жамандығынан. Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Үш нәрсе кімде табылса, ол мұнафиқ, мейлі ораза ұстап, намаз оқыса да.(Ол үш нәрсе мыналар):  Бір нәрсе айтса өтірік айтады. Уәде берсе, уәдесінде тұрмайды. Аманат алса, аманатына қиянат жасайды»...

3. Ғайбаттау. Ғайбат айтудан тіліңді сақтап жүр. Өйткені ғайбат – Исламда отыз зинашы әйелдің күнәсінан да ауыр. Осылай деп риуаттарда айтылған. Ғайбаттың мағынасы: әлдекім жайында ол естіген кезде ұнатпайтын нәрсесін (сыртынан) айтуың. Осылай біреу хақында рас нәрсені айтып тұрсаң да сен - залым ғайбатшы боласың.

Саған ғайбаттан жирендіруші ретінде Алла Тағаланың мына қасиетті аяты жетіп асады. Алла былай деген: «Кейбірің кейбіріңді ғайбаттамасын. Сендердің біреулерің өзінің қайтыс болған бауырының етін жегенді жақсы көре ме? Әлбетте ол нәрсені жаман көресіңдер». («Хужурат» сүресі, 12 аят). Алла осы аятта сені өлген адамның етін жеушіге ұқсатып тұр. Сені ғайбаттан тоқтату үшін бұдан артық не айту керек!...

4. Біреудің сөзінен қате іздеу, адамдармен таласып, тартысу. Талас-тартыста - қарсыдағы адамға зиян тигізу, оны надандықпен айыптау және оған мін тағу бар. Керісінше, өзіңді мақтау, өзіңді зерекпін, білімдімін деп санап, өзгеден өзіңді ерек көрушілік бар...

Сен әлдебір тентекпен сөз таластырсаң, ол сенің көңіліңе тимей қоймайды. Ал, бір жұмсақ, жақсы адаммен сөз таластырсаң, ол да сені жақтырмайтын болады. Шынында, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім өзінікі дұрыс болмай тұрып, талас-тартысты қойса, Алла Тағала ол үшін пейіштің аумағында (төменгі жағында) бір үй тұрғызады. Ал кімде-кім өзінікі дұрыс бола тұра талас-тартысты қойса, Алла Тағала оған пейіштің төрінде бір үй тұрғызады».

Сені шайтан былай деп алдамасын: «(таласып) ақиқатты айт, ақиқатты айтудан тоқтама!» - деп. Шынында, шайтан аңқау адамдарға әдепті түрде ізгілікті ұсына отырып, оларды жай-жай жамандыққа итермелейді. Сондықтан (таласып, тартысып) шайтанның мазағына қалма. Ақиқатты сенен қабыл еткісі келетін адамдармен бөліскен жақсы. Бұл – насихатпен болатын нәрсе, талас-тартыспен емес...

5. Өзіңді ақтап отыру (өзіңді мақтау). Құран Кәрімде Алла Тағала былай деген: «Өздеріңді өздерің ақтамаңдар. Ол (Алла), кімнің тақуа екенін жақсы біледі».  («Нәжм» сүресі, 32 аят). Кейбір дана адамдарға:  «Жаман шындық қайсы?» – деп сұралды. Олар: «Адамның өз-өзін мақтап отыруы» - деп жауап берді. Ондай нәрсені әдеттенуден сақтан. Біліп қой! Ол нәрсе адамдардың назарында қадіріңді түсіреді. Ал Алла Тағаланың ашуын тудырады.

Егер, өз-өзіңді мақтауың өзгенің қасында сенің қадіріңді арттырмайтындығын білгің келсе, өзінің беделімен, мал-дүниесімен және артықшылығымен мақтанып отыратын замандастарыңа қара. Олардан жүрегің қалай жиреніп, ондай қылығын іштей қалай ауырсынып тұрсаң, біліп қой, олар да, сені өзіңді мақтап, ақтай бастағаныңда іштей жүректерімен жақтырмай, сені айыптап тұрады. Кейін олардан ұзап кетсең, олар іштегі саған деген теріс ойларын сыртқа шығарып, тілге алады.

6. Қарғыс айту (және боқтау). Алла Тағаланың жаратқан бір жаратылысын лағынеттеп, оған қарғыс айтудан сақтан. Мейлі, ол хайуан болсын, мейлі жейтін азық болсын, мейлі адамның өзі болсын. Сондай-ақ, ешқашан қыбла иесіне қатысты мүшрік деп, немесе кәпір деп, не болмаса мұнафиқ деп кесіп айтпа. Сөзсіз, құпия нәрселерден хабардар болған, ол – Алла. Алла мен пенделері арасына кірме. Біліп қой! Қиямет күні сенен былай сұралмайды: Неге пәленшеге қарғыс айтпадың? Неге үндемей қалдың? – деп сенен о дүниеде сұралмайды. Тіпті өмірің бойынша Ібіліс шайтанға лағынет айтпасаң да, оның атын тіліңе алмасаң да, қиямет күні ол жайында сұралмайсың, сен ол жайында жауапқа тартылмайсың. Ал егер Алланың жаратқандарының бірін (мысалы, адамды, хайуанды т.б.) лағынеттеп, қарғыс жаудырсаң, сенен ол нәрсенің жауабы алынады.

Алла Тағала жаратқан ешбір нәрсені жамандама. Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәмсіз асты ешқашан жамандамаған. Қашан бір нәрсеге тәбеті тартса жейтін, ал тәбеті тартпаса жемей қоя салатын.

7. Теріс бата. (Біреуге жамандық тілеп Аллаға дұға ету).  Алла Тағаланың жаратқан жаратылыстарының біріне теріс бата жасап, оған жамандық тілеуден тіліңді сақта, тіпті, саған зұлымдық еткен болса да. Оның ісінің бәрі - Аллаға қалған. (Аллаға тапсыр).

8. Адамдармен көп әзілдесуден, оларды келеке-мазақ қылудан сақтан.

«Бидәятуль Һидәя» атты кітабынан.
Ықшамдап аударып, дайындаған: А. Қасым.

0 пікір