Тақуалықтың он белгісі!
Тақуалықтың он белгісі!
3 жыл бұрын 3859

Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди (рахимаһуллаһ) былай деген:

«Бір кісідегі тақуалықтың белгісі – мына он нәрсені өзіне парыз деп алуы. Олар:

1) Ғайбаттан тілін сақтау. Алла Тағала Құранда: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар» - деген. («Хүжүрат» сүресі, 12 аят).

2) Біреуге қатысты жаман ой ойлаудан аулақ болу (су-и занн). Алла Тағала Құранда: «Көп күмәнді ойдан аулақ тұрыңдар. Шынында кейбір ойлар күнә» - дейді. («Хүжүрат» сүресі, 12 аят). Сондай-ақ, Пайғамбарымыз да (с.а.у.) өзінің бір сөзінде былай деген: «(Жаман) Ойлардан ұзақ тұрыңдар. Шынында (жаман) ойлар - сөз тұрғысынан ең өтірігі».

3) Біреуді келеке-мазақ қылудан ұзақ тұру. Құранда: «Бір қауым, екінші қауымды келек етіп, келемеждемесін» - делінеді. («Хужурат», 11).

4) Бөтен әйелдерге қараудан көзін тыю. Құранда: «Мүміндерге айт! (Бөтен әйелдерді көргенде) Көздерін төмен түсірсін...» - делінеді.  («Нұр» сүресі, 30 аят).

5)  Шыншыл болу, өтірік айтпау. Құранда: «Егер сөйлеген болсаңдар, әділін айтыңдар!» («Әнғам», 152).

6) Өзіне таңданбас үшін, нығметтің өзінен емес, Алладан екенін білу. Құранда: «...Керісінше сендерді иманға бастаған Алла сендерге міндетсінсе болады, егер шыншыл болсаңдар» - делінеді. («Хужурат» сүресі, 17).

7) Мал-дүниесін ақиқат жолында жұмсау, жалғандық жолында жұмсамау. (Жақсылыққа жұмсау, жамандыққа жұмсамау). Құранда: «Олар сондай, қашан дүние жұмсаса ысырапқа бармайды және тым сараңдық та жасамайды» - делінеді. («Фұрқан» сүресі, 67 аят).

8) Атақ-абырой мен мансапты көксемеу. Құранда: «Біз ол ақырет жұртшылығын - жер бетінде жоғарылауды және бұзғыншылық жасауды қаламайтындарға арнадық» - делінеді. («Қасас» сүресі, 83).

9) Бес уақыт намазды қаза қылмай уақтылы оқу. Құранда: «Намаздарға берік болыңдар, әсіресе орта намазға. Аллаға бой ұсынған түрде тұрыңдар!» - делінеді. («Бақара» сүресі, 238 аят).  

10) Сүннет пен жамағат жолынан айырылмай сол жолмен түзу жүру. Құранда: «Күдіксіз, Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, әйтпесе сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла өсиет қылды. Бәлкім сақтанарсыңдар!» - делінген.  («Әнғам» сүресі, 153 аят).

Табиғин Қатадан жеткен бір ақпаратта Абдулла ибн Мутарриф былай деген екен:

«Екі кісіні кездестіресің. Оның бірі көп ораза ұстайды, көп намаз оқиды, көп садақа береді. Екіншісінің ол сияқты көп намазы, оразасы, берген садақасы жоқ, бірақ сауап тұрғысынан одан артық». Сонда қасындағылар: «Ол қалай?» - дегенде, ибн Мутарриф: «Өйткені екіншісінің тақуалығы, біріншісінен мықтырақ» деген екен.  

Фузәйл ибн Аяз айтқан екен:

«Бес нәрсе бақыттың белгісі:

  • жүрегіндегі яқин (яқин иман),
  • дініндегі тақуалық,
  • дүниеге берілмеу,
  • екі көзіндегі ұят,
  • денесіндегі хүшуъ.

Бақытсыздықтың белгілері:

  • Жүректің қаттылығы.
  • Ашкөздік.
  • Ұяттың аздығы.
  • Дүниеге деген құштарлық.
  • Дүниге берілу[1].

[1] Әбу Ләйс Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».

0 пікір