Сырқат та сынақ
Сырқат та сынақ
9 жыл бұрын 7672
Қанат Тілеубектегі

Бұл дүниеде сыры толық ашылмаған, жай көзге көріне бермейтін перделі, хикметті жаратылыстар өте көп. Солардың бірі  - ауру, дерт. Адам не үшін ауырады, аурудың астарында не жатыр, бүкіл адам баласы туылғаннан қайтыс болғанға дейін басы ауырмай, балтыры сыздамай өтсе не болады? Сырқаттың адам жанына пайдасы көп пе, зияны ма? Міне, осы секілді сұрақтар көпшілікті мазаласа керек.

Әрине, бүгінде көп адам ауырғанды жақсы нәрсе деп айта қоймас.  Жаны қиналып, дерт үстінде жатқан кісіні: «Шыдай тұр, бұл Алланың сынағы» деген сөзбен жұбату да қиын. Ал дініміз исламның қағидаларына мұқият зер салсақ, ауырғанның зиянынан пайдасы көбірек екенін аңғарамыз. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінің бірінде былай дейді: «Мұсылманның басына түскен бір ауру, ауыртпашылық, дерт, сырқат, қайғы-мұң, тіпті кішкене бір қиыншылығы үшін Алла оның күнәларынан бір бөлігін міндетті түрде кешіреді, жасырады». Күнәсының кешірілуіне кім мұқтаж емес? Шын мұсылмандардың қай-қайсысы болса, Алла Тағаладан кемшілік, қателік, күнәларының кешірілгенін тілейтіні мәлім. Сондықтан Жаратушы иеміз бір құлына ауру-дерт жіберсе, оған жақсылық қалағаны. Тағы бір сөзінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Бір құл ауырып қалғанда, Алла оған екі періште жібереді: «Көріңдер, көңіліп сұрап келгендерге не дейді екен?» деп тапсырады. Егер ол құл жағдайын сұрай келендерге Аллаға шүкіршілігін айтса, періштелер оны дереу Алла Тағалаға жеткізеді. Сонда Алла Тағала былай дейді: «Егер құлымның жанын алсам, оны міндетті түрде жұмағыма кіргіземін. Ал шипамды беріп, айықтыратын болсам, онда етінің орнына жаңа бір ет, қанының орнына жаңа бір қан беремін. Оған қоса барлық күнәларын кешіріп, жарылқаймын».

Көрдіңіз бе, денемізді дерт шалғанда, ақиқат әлемінде осындай жағдайлар өтіп жатады. Ал енді біз жайсызданып қалсақ, біреу біздің жағдайымызды сұрай келсе, оған не дейміз? Аллаға шүкір дейміз бе? Барлық сөз бір ауыздан шығады. Аузымызбен Аллаға наразылық білдіріп, тағдырымызға налып, мың түрлі шағым сөздер айтуымыз да мүмкін. Аллаға шүкірлік білдіруіміз де ықтимал. Шүкіршіліктің арғы жағында не тұрғанын Расулалла (с.а.у.) хадисінде білдірді.

Дүниеде ешбір нәрсе бостан-босқа, себепсіз, кездейсоқ жаратылмайды. Барлық нәрсенің астарында белгілі сыры, хикметі болады. Бұл дүние – ұлы емтихан алаңы, ертеңгі ақирет жұртының егіндігі. Емтихан алаңы болған соң, Алла әркімге әр түрлі сынақ жібереді. Біреуге байлық, біреуге кедейлік беріп сынайды. Біреуге темірдей денсаулық, енді біреуге ауру беріп сыннан өткізеді. Осындай кезде құлдарының не істейтінін Жасаған Иеміз сыннан өткізеді. Сол сындардан сүрінбей өту – басты мақсатымыз болмақ.

Негізінде, аурудың астарында түсінген жанға мол ғибрат бар. Алла Тағала қасиетті Құранда Әййуб, Йунус секілді пайғамбарлардың басынан өткен оқиғаларды бекер баян етпеген. Мұсылмандар одан дәріс алуға тиіс. Мысалы, қайсы қиындық болса да кісіні сабырға үйретеді. Ал сабыр көркем мінездің де, ғылымның да, ізгі істердің де ту басы саналады.

Сондай-ақ ауырған адам Алланы көбірек еске алады. Тіпті өмірінде бір рет Жаратушысын ойланбаған жандар жаны ауырғанда, «Алла! Алла!» деп қалуы ғажап емес. Онысы арқылы көп сауапқа ие болады. Ауру-сырқаттың бұдан басқа да біз білетін және білмейтін сырлары өте көп. Аллаға және ақиретке иман келтірген құлдар соны жақсы ұғынуға тырысады. Алайда ауру сынақ екен деп ешбір шара жасамай, қол қусырып отыру да шариғатта жөн саналмайды.  Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) көптеген хадистерінде ауырғандарды емделуге шақырады. Ерте ғасырлардан бері мұсылмандардың ерекше көңіл бөлген салаларының бірі медицина болып келген. Аурудың барлық түрі Алладан болғаны секілді емнің де бәрі Алладан. Сондықтан дерті  бар адам оның дауасын іздеуі қажет. Кезінде әйгілі Әнет абыз адам баласы жас күнінде қадірін білмейтін үш қадірсізді атаған кезде солардың қатарына денсаулықты да жатқызған болатын. Жастықта қадірін білмей, есейгенде өкінбес үшін денсаулықты барынша қадірлеуге тиіспіз. Аллаға құлшылықты да дені сау адам дұрысырақ жасайды, көбірек жасайды.

Жаны қиналған адам ауырған кезде тағы не істейді? Айша анамыздың айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оң қолымен ауырған ағзасын сипап, былай деп дұға ететін: «Уа, Раббымыз! Басыма түскен қиыншылығымды кетіре гөр! Шипа бер! Шипа беруші Өзіңсің. Өзіңнен өзге шипа беруші жоқ. Аурудың барлық сырқаттарын жазатын шипа бер!» (Арабша оқылуы: «Аллаһуммә Раббәна! Әзһибиль баъсә. Ишфи, әнтәш-Шаафий. Лә шифәан иллә шифаукә, шифаән лә йуғаадиру сәқаман»)

Сөз соңында тілеріміз, шипа беруші Алла еліміздегі ауру-сырқауға ұшыраған барша отандастарымызға шипа берсін! Сынақтардан сүрінбей өтуді нәсіп етсін!

0 пікір