Пайғамбарға (с.а.у.) арнау
Пайғамбарға (с.а.у.) арнау
10 жыл бұрын 5076
Данияр Жігітбек

Бір саған жаным құрбан, Пайғамбарым,
Үмметім деп қиналды-ау қайран жаның...
Отқа қарай ұмтылған көбелектей,
Алдамшы мына өмірде сайрандадым,
Ісімнің артын бағып, ойланбадым.

Қайтер ем қағып тұрсаң есігімді,
Не дер ең өміріме осы күнгі?!
Қарадым немқұрайлы сүннетіңе,
Болса да үмметіңе ісің үлгі...
Жүректе сақтадым ба есіміңді?!

Ерекше жаның ашып үмметіңе,
Тырыстың жүректерді нұрлы етуге...
Аллаһым мына әлемді жаратыпты
Тек қана бір өзіңнің құрметіңе,
Мейірім қып жіберіп жер бетіне!

Қуандың, түссе біреу тура жолға,
Қуардың, ісімізде күнә барда.
Аспан қалай жарылып кетпеді екен,
Нәбиім, сен дұға қып, жылағанда,
Бізге Алладан кешірім сұрағанда?!

Нұрыңсыз аспан бұлттан ашылар ма?!
Өзіңді сағындық қой, жасырам ба...
Арамызға күлімдеп, кіріп келсең,
Көз жасын тыя алмаспын, бас ұрам да.
Не істей алдым сен үшін, расул Алла?!

Жүрек тазалығы

Жүрек деген жұдырықтай жұмыр етті
Тап-таза ұстаймын деп күнім өтті...
Өзге емес, жүрекке алғаш түседі екен
Назары Жаратқанның Құдіретті!

Түбіне жүрегімнің бойлап терең,
Мініме көз жүгіртіп, ойлап келем.
Лайлайтын тұнығымды дүнияуи ой
Болса екен, О, Жаратқан, аулақ менен!

Жүректен аяулы жер бар ма адамда,
Иләһи тазалығын қорғағанда?!
Денең де бұзылады, кеудеңдегі,
Бір кесек жүрек таза болмағанда!

Жүрек деген жұдырықтай жұмыр етті
Сан дерттен емдеймін деп күнім өтті...
Тап-таза қалпыменен бара алам ба
Алдына Жаратқанның Құдіретті?!

Өмірімнің қай сәтте үзілерін ойласам...
Өмірімнің қай сәтте үзілерін
Ойласам, бозарады жүз-іреңім.
 

Әйтеуір бір татамыз өлім дәмін

Әйтеуір бір татамыз өлім дәмін,
Мәңгі араламаймыз өмір бағын.

Мұншалық болар ма еді ажал жақын,
Ертеңге үміт үлкен ғой адамда тым.

Үні жоқ өлім бізге болды сабақ, 
Елестеттім: мүмкін бұл соңғы сағат:
Өткінші екен бұл өмір, жалған екен,
Қызығына алданып қалған екем...

Әмірлерін Алланың ұмытыппын,
Жанымды бос үмітпен жылытыппын.
Жүз жыл ғұмыр жасардай жоспар құрдым,
Қабірге бармайтындай асқақ жүрдім.

Өмірге өлу үшін келген екем,
Қара жердің астына мен де кетем.

''Тек ізгі іс жасайм, Аллам, қайтара гөр''
Деп пенде, өлім келсе, айта берер. 

Қорқамын мен де сондай күй кешем деп,
Сұраймын Тозағыңда күймесем деп. 

Аллаһым, кешіре гөр күнәмді көп,
Айта алман ісім саған ұнамды деп...
Келмей тұрған кезінде жан алқымға,
Қабыл етші жасаған дұғамды тек!

1 пікір